Ботагөз Қожабекова



Дата26.06.2018
өлшемі29,33 Kb.
#44223
Ботагөз Қожабекова, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мұражайының директоры, гуманитарлық ғылымдар магистрі.
Манаш мұрасы

Өскелең ұрпақ үшін елінің өткенін ғана емес, әр дәуірде өмір сүрген тарихи қайраткерлерін танып-білу аса маңызды. Бабалар даналығын үйреніп, ұлы қасиеттерін ұғынып, асыл істерінен өнеге алып өскен әрбір ұлт өрені елдік салт-дәстүрін, ерлік даңқын қастерлеп, құрметтейді. Отанының патриоты, саналы күрескер азаматы болып тәрбиеленеді.

1998 жылы университетімізге келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңіріміздегі іргелі оқу орны жайлы: “Мұнда жақсы дәрісханалар, зертханалар, жатақханалар бар. Ғылыми жұмыстар жүргізіледі. Көпұлтты ұжым, дайындығы мықты оқытушы-профессорлар құрамы бар. Осындай университет Қазақстанның солтүстік аймағы үшін мамандар даярлап жатқанына қуаныштымын”, – деген болатын. Өскелең ұрпаққа терең білім беріп, жан-жақты мамандар даярлайтын оқу орны оқу-тәрбие саласындағы жаңашылдығымен, шығармашылығымен де кеңінен танымал. Білім ордасы қабырғасындағы жәдігерлер мұражайдың екі бірдей қабатына орналастырылып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге үлес қосуда.

Мұнда жоспар бойынша тәрбие сағаттары мен көрмелер ұйымдастырылады. Мұражай қызметкерлері “Туған жер” және “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” бағыты бойынша жастарға өңіріміз туралы толық және терең мәлімет беріп, қалыптасу және даму тарихымен, өңірдің археологиялық ескерткіштерімен, қасиетті орындарымен таныстыруда – “Өлкетану”, “Солтүстік Қазақстан тарихы” экскурсияларының маңызы айрықша. “Университеттің 80 жылдық даму жолы” тақтасы жасалып, “Манаштану мәселелері” көрмесі ұйымдастырылып, “Университеттің 80 жылдығы тарихына саяхат” тақырыбы аясында кездесулер мен “Ашық есік күндері” өтті. Былтыр Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай мұражайда “Қарттарым – асыл қазынам” атты шара, ал Манаш Қозыбаевтың туғанына 86 жыл толуына орай “Сөнбейді Манаш жұлдызы” әдеби кеші ұйымдастырылды.

Мұражайда дәріс, археология және этнология залдары бар. Университет тарихынан көрініс беретін “Мұғалімдер институты”, “Педагогикалық және политехникалық институт” залдары да жұмыс істейді. Студенттерге арналған дәріс залында университеттің Қазақстан мен шетелдегі абыройының биіктігін көрсететін марапаттар мен фотобейне материалдар сақтаулы. Университет өміріне қатысты деректерді атап айтсақ, оның 80 жылдық тарихы, академик Манаш Қозыбаевтың өмірі мен шығармашылығы, естеліктер, археологиялық жұмыстар жөніндегі, сонымен бірге “Тұңғыш Президент” сияқты бірқатар әдістемелік фильмдерді осы жерден тамашалауға болады.

Мұражай экспозициясы университеттің 1937 жылдан бүгінгі күнге дейінгі даму тарихын қамтиды. Университеттің оқытушылары ғалым Манаш Қозыбаевтың ғылыми мұрасын насихаттау мақсатында 2003 жылы “Манаштану” атты арнайы оқу курсын әзірлеген болатын. Олар мұражай қызметкерлерімен бірлесе отырып, академиктің өмірі мен шығармашылығына арналған залға экскурсия жасап, “Линия судьбы” бейнефильмін көрсетіп, “дөңгелек үстелдер” ұйымдастырды. 2004 жылдан бері университет қабырғасында “Қозыбаев оқуларын” өткізу дәстүрге айналды.

2015 жылы білім ордамызда Манаш Қозыбаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Ибраева жетекшілік ететін ғылыми-зерттеу орталығында ғұлама ғалымның өмірі мен қызметін, мол ғылыми қазынасын, тұжырымдарын зерделеу, насихаттау мақсатындағы жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Отан тарихының өзекті мәселелері шеңберінде іргелі ғылыми зерттеулер жүргізіп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының және жалпыұлттық құндылықтар аясында өңір тарихын зерделеуді де міндет тұтты.

Мұражайдағы археология және этнология залында тарих факультетінің археологиялық және этнологиялық-этнографиялық экспедиция зерттеулерінің материалдары жинақталған. “Тарихи-археологиялық зерттеулер” айдарымен әзірленген материалдар 40 жылдық тарихы бар облыстық археологиялық экспедицияның 1977 жылдан бергі негізгі зерттеу нысандары мен әлемдік және отандық археология ғылымының дамуына университет ғалымдарының қосқан үлесін паш етеді.

Ал этнографиялық бөлімде ұлттардың қалыптасуы мен әртүрлі ұлыстардың рухани және материалдық мәдениетін сипаттайтын элементтер көрсетілген. Қырық жылдық тарихы бар археологиялық экспедиция шетелдердің ірі ғылыми және оқу орталықтарының көне тарих саласындағы мамандарына жақсы белгілі. Себебі, бірнеше жыл бойы АҚШ, Ұлыбритания, Германия мен Ресейдің және басқа да елдердің жетекші ғалымдарымен бірлесе отырып, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Тарих және құқық факультетінің студенттері бұл ғылыми зерттеулер мен археологиялық тәжірибелерге қатысады. Мұражай қорына түскен жаңа жәдігерлер осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесі болып табылады.

Мұражайымыздың бүгінде ғылым, мәдениет және білім орталығына айналғаны сөзсіз. Өткен тарихты насихаттап келе жатқан мұражай – қазіргі заманғы білім беру жүйесінің инновациялық жетістіктерін іске асырудың бір буыны болып табылады.


// Солтүстік Қазақстан. - 2018. - 6 ақпан

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет