Қоғамдық-экономикалық өмірді қайта құру.
ХХ ғасырдың. 80-жылдарының орта
шенінде кеңестік қоғамда түбегейлі өзгеріс қажеттігі айқын еді.1985 жылы наурыз айында
КОКП Орталық Комитетінің пленумында Бас хатшы болып М.С. Горбачев сайланды. Ол сол
жылдың сәуір айында өзінің «қайта құру» бағытын айқындайды. Оның алғашқы төрт
жылында (1985-1989 жж.) жеделдету тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған бірқатар
нәтижесіз бастамалар басталды. Жеделдетудің басты қадамы ретінде өндірістік құрылымды,
құрал-жабдықтарды, техникалық жүйелерді жаңарту идеясы ұсынылды. Бұл идеяны
ұсынушылар – академик-экономист А.Г. Аганбегян және т.б. тұтыну жабдықтарын сатып
алуға бөлінетін валютаны азайтып, үнемделген қаржыны сырттан машина жасау өнімін
сатып алуға жұмсауды ұсынды.
Жеделдету тұжырымдамасы өзінің жарамсыздығын ауыл шаруашылығында да көрсетті.
Бұл салада оның жүзеге асырылмауының басты себебі меншікке байланысты болды.
Арендалық әдістерді енгізу еңбеккерлердің қаржы мен еңбек нәтижелерін иемдену, табылған
табысты бөлу принципін өзгертпеді.
Маскүнемдікпен және тәртіпсіздікпен күрес қайта құрудың алғашқы жылында еңбек
өнімділігін шамалы ғана арттыруға қол жеткізді. Оның есесіне маскүнемдікпен күрес
мемлекеттік бюджетті азайтып, тұтыну саласындағы жағдайды шиеленістіріп жіберді.
Халықаралық аренада кеңестік басшылық өз беделін өсіру мақсатында 1985 жылы
ядролық сынақты біржақты тоқтатты. Келесі бір оң қадам 1979 ж. желтоқсанда басталған
ауған жанжалын тоқтату болып табылады. Кеңестер Одағы 1988 жылы өз әскерін
Ауғаныстаннан шығара бастап, оны 1989 жылы ақпанда аяқтады. Ауғаныстандағы соғыс
елге жыл сайын 5 млрд. сом шығын әкеліп отырған болатын. Бұл соғыс Қазақстанға соқпай
өткен жоқ. Республикадан оған 21979 адам қатысып, оның 780-дейі қаза тауып, 393-і мүгедек
болып, 22-сі хабарсыз кетті. Бұл шаралар Кеңестер Одағының әлемде беделін біршама өсірді.
Кеңес-Қытай қатынасы жақсарды. Бірақта, КСРО әлі де болса бұрынғысынша орасан мол
армия мен әскери-өнеркәсіп комплексін ұстап отырды. 1987 жылдан бастап ядролық
сынақты қайтадан бастады.
«Қайта құру» тұжырымдамасы ұлт мәселесін де одан әрі шиеленістіре түсті.
Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық,
рушылдық, жершілдік сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл
жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген
ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың
мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін
шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен
жүретін болды. Оларды іріктеуде тек туыстық, жерлестік, бастыққа берілгендік жағдайлар
маңызды рөл атқарды. Бұл Коммунистік партияның, соның ішінде Қазақстан
Компартиясының да барлық деңгейінде көрініс тапты. Көптеген басшы партия
қызметкерлері мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Осыдан келіп, аса маңызды
мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды
жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтеруге тырысты.
150
ХХ ғ. 80 жылдары Қазақстанда ұлттық табыс кісі басына шаққанда Одақтық деңгейден
12% кейін қалды. Сондай-ақ республикада үй құрылысы, мектеп, балалар бақшасы және
басқа да мәдени-әлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болған жоқ. Мысалы, 80-
жылдары Одақ бойынша 10 мың адамға жыл сайын 75 пәтер салынса, Қазақстанда тек – 69,
Одақта әрбір 10 мың адамға 404 дәрігерден келсе, мұнда тек 352 дәрігерден келді. 1987
жылы мектеп жасына дейінгі баланы балалар мекемелерімен қамту 53% ғана болды.
Экологиялық жағдай төтенше түрде күйзеліске түсті. Табиғи ресурстарды пайдаланудағы
ведомствалық мүдде қоршаған ортаны қорғау шараларының жүзеге асуына кедергі жасады.
Соның нәтижесінде көптеген территория, су мен ауа бассейндері ластанды. Қазақстанның
бірқатар аймақтары экологиялық зардап шегіуші аудандарға айналды. Әсіресе, Қызылорда,
Ақтөбе, Семей облыстарында экологиялық өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал аймағында
көптеген аурулар тарап, балалар өлімі өсті.
Міне, осымен байланысты 1986 жылғы ақпан айында болып өткен Қазақстан
Компартиясы ХVІ съезінде жасаған баяндамасында, ол кезде республика Министрлер
Кеңесінің төрағасы болып істеген Н.Ә. Назарбаев және съезде шығып сөйлеген басқа да
делегаттар мұндай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі және
маңызды мәселелерді партия комитеттерінің уақтылы шешпейтінін айтты.
Қазақстанның жоғарғы билік органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу жалғаса
түсті. Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық
Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты орнынан алған кезде айрықша көзге түсті.
Пленум мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының
1-ші хатшысы Д.А. Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г.В. Колбин
сайланды. Мұның өзі қайта құру мен демократиядан үлкен үміт күтіп отырған республика
халқының, соның ішінде қазақ жастарының наразылығын туғызды. Пленум өткеннен кейін
екінші күні Орталық партия комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің пленум шешімімен
келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар, оқушылар, т.б. жиналды.
Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында «Әр халықтың өз ұлттық көсемі болу
керек» деген ұран бар еді. Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен де
мүмкін екендігі айтылды. Алаңда болып жатқан жағдай, республика басшыларының, соның
ішінде Г.В. Колбиннің ойында қазақ жастарының арасында елдегі социалистік құрылысқа
қарсы астыртын әрекет, ұлтшыл ұйым бар деген пайымдау мен арам пиғылды туғызды. Бірақ
ондай ұйымның бар-жоқтығы кейін қанша тексерсе де анықталмады. Алаңда жиналған
халық пен милиция және әскерлер арасында қақтығысулар болды. Ереуілге қатысушылар
таспен, таяқпен қаруланып жазалаушыларға қарсылық көрсетті. Мұздай суға тоғыту үшін
алаңға әкелінген бірнеше өрт сөндіргіш машиналарды жастар өртеп жіберді. Қақтығысудың
барысында Е. Сыпатаев және С. Савицкий деген азаматтар қаза тапты. Үкімет органдары
алаңға шығушыларға қарсы күш қолдана бастады. Алматыға басқа жерлерден арнайы әскери
бөлімдер әкелінді.
1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық Комитеті «Қазақ республикалық партия
ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жұмысы
туралы» арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы
ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды.
Мәселені Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан арнайы құрылған Мұхтар Шаханов бастаған
комиссия тексерді.
Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы бас көтеруінің түрі ұлттық болғанымен
мазмұны ұлтшылдық емес еді. Бұл ереуіл саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді,
мемлекеттік құрылысты құлатуға шақырған жоқты. Бірақ республиканың және орталықтың
партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік пиғылдағы ұлтшыл
жастар тобының бүлігі деп бағаланды.
Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу
орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 комсомол мүшесіне, 210 партия
мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер
151
министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам
жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.
Алматыдағы желтоқсан оқиғасынан кейін Г.В. Колбиннің саясатының қатаң және
валюнтаристік бағытына жол берілді. Басшылық жүйесінде үлкен кадрлық тазалау жүзеге
асырылды, мәдениет пен баспасөзге бақылау күшейді, жоғарғы оқу орындарына студенттер
Қазақстандағы ұлттардың алатын проценттік үлесіне сай қабылдана бастады.
Осылайша «қайта құрудың» алғашқы кезеңінің нәтижелері экономиканы және
қоғамдық-саяси өмірді жоғарыдан жүзеге асырылған жеңіл-желпі шаралармен реформалау
мүмкін еместігін айдан-айқын көрсетті. 1988 жылдан бастап Коммунистік партия тарапына
сындар айтылып, жаңа қоғамдық ұйымдар құрыла бастады. 1987 жылы тамызда тұңғыш
тәуелсіз ұйым - әлеуметтік-экологиялық «инициатива» бірлестігі құрылып, ол өзінің алдына
соғысқа қарсы тұру, экологияны, бейбітшілікті қорғау, қоғамды демократияландыру
мақсатын қойды. Жұмысшы қозғалысы қатарында Қарағанды көмір бассейнінің шахтерлары
ерекше роль атқарды. 1989 жылы Жаңаөзендегі оқиға әлеуметтік-экономикалық саладағы
көкейтесті мәселелерді көтерді.
Біздің қоғамымызда демократиялық қатынастардың одан әрі тереңдеп өрістеуі
кеңестердің қызметінен айқын көріне бастады. «Барлық өкімет Кеңестерге берілсін!» деген
ұран жанданды. Бұл мәселені бастапқы кезде кеңестерге партия басшылығын күшейту
арқылы шешу үшін күш салынды, бірақ одан ештеме шықпады. Өйткені, компартияның
қызметінде елеулі кемшіліктер мен тоқыраушылық орын алды. Алайда, осыған қарамастан,
1987 жылғы шілде айында алғаш рет Қазақстанда жергілікті кеңестерге халық депутаттарын
сайлау округтер бойынша көп мандатты негізде іске асырылды. Республиканың 19
ауданында көп мандатты округтік сайлау барысында депутаттыққа кандидат болып 2270
адам ұсынылды. Оның 1701-і депутат болып сайланып, қалғандары резерв ретінде
қалдырылды. 185 ауылдық және селолық кеңестерге 6291 депутат сайланды, ал 1928 адам
резервке кіргізілді. Жаңа сайлау жүйесі бойынша Шығыс Қазақстан облысы еңбеккерлері
арасында КСРО Ғылым Академиясы әлеуметтану институтының зерттеуі жүргізілді.
Сайлаушылардың басым көпшілігі бұл жаңа тәртіпті мақұлдады. Өйткені, көптеген еңбек
ұжымдары депутаттыққа кандидат етіп өздерінің қалаулыларын ұсынуға қолдары жетті, ал
кандидаттар бұқара халықпен кездесу барысында өздерінің бағдарламаларын анықтауға,
онымен еңбекшілерді жан-жақты таныстыруға мүмкіндік алды.
1988
жылғы
шілде-тамыз
айларында
өткен
Бүкілодақтық
ХІХ
партия
конференциясында Кеңес қоғамының саяси жүйесіне реформа жүргізу қажеттігі атап
көрсетілді. Онда ең басты мәселе – халық депутаттары Кеңестерінің толыққанды өкіметін
барлық жерлерде қайтадан қалпына келтіру көзделді. Конференцияның шешімдеріне сәйкес
қысқа уақыт ішінде ең жоғарғы мемлекет органдарын қайта құру жоспарланды. Ол 1988
жылғы 1 желтоқсанда қабылданған «КСРО Конституциясына қосымша өзгерістер енгізу
туралы» және «КСРО халық депутаттарын сайлау» жөніндегі заңдарда өзінің шынайы
көрінісін тапты.
1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 30-40-жылдары
және 50-жылдардың бас кезінде сотталған және жазаға ұшыраған халқымыздың даңқты
өкілдерінің есімі халқына қайтарылды. Әсіресе Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет
Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып Дулатовтың
шығармашылық мұраларының ақталуы жұртшылық арасында зор қолдауға ие болды.
Сөйтіп, қазақ халқының аталған бес арысы 1988 жылы ресми ақталды.
«Қайта құрудың» екінші кезеңі 1989 ж. көктемдегі сайлауға байланысты басталды.
Демократиялық үдерістердің даму барысында көрнекті рөл атқарған 1989 ж. наурыз айында
өткен КСРО халық депутаттарының І съезі болды. Осы съезде Г.В. Колбин одақтық халық
бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып, Мәскеуге кетті. Оның орнына осы
жылғы шілдеде Н.Ә. Назарбаев сайланды.
Саяси өмірде болған өзгерістер ұлттық сананың оянуын туғызды. Мұның айқын
көріністерінің бірі ядролық қаруға қарсы халықтық қозғалыс болды. 1989 ж. ақпандағы
152
республика жұртшылығының жиынында тұңғыш «Невада-Семей» қозғалысының бастамасы
салынды. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын О. Сүлейменов басқарды. Бұл қозғалыс бүкіл
Қазақстан халқы тарапынан қолдау тауып, осы жылдың 6 тамызында Семей облысы Қарауыл
ауылында өткен жиында КСРО мен АҚШ-тың халықтары мен Президенттеріне ядролық
сынауға бірлесіп мораторий жариялау қажеттігі жөнінде үндеу қабылдады. Одақтық үкімет
Семей полигонындағы жарылысты азайтуға мәжбүр болып, 1989 ж. полигонда жоспарланған
18 жарылыстың 11-ін тоқтатты. «Невада-Семей» қозғалысының бастамасы бойынша 1990 ж.
мамырда Алматыда «Дүние жүзінің сайлаушылары ядролық қаруға қарсы» деген
халықаралық конгресс өтті.
Елдегі жүріп жатқан саяси реформаның екінші кезеңі – республикаларды, өлкелерді,
облыстарды, қалаларды, аудандар мен округтерді басқарудың жаңа жүйесін құру еді. Ондағы
мақсат – бұқара халық өкілдері органдарының рөлін тек орталықта ғана емес, сондай-ақ
жергілікті жерлерде де көтеру болатын. 1990 жылғы жергілікті кеңестер сайлауының
қорытындысы бойынша Қазақстанда 9 қалалық және аудандық Кеңестерге кандидаттар
бөлек-бөлек сайланды.
Жаңа тәртіпке сәйкес 1990 жылғы наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне сайлау
ұйымшылдықпен өтті. Онда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-ші хатшысы
Н.Ә. Назарбаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осыдан көп
кешікпей-ақ орталықтағы сияқты біздің республикамызда да президенттік қызмет енгізілді.
Сөйтіп, 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Н.Ә. Назарбаевты республиканың
тұңғыш президенті етіп сайлады. Республика Жоғарғы кеңесі 1986 ж. 17-18 желтоқсанда
Алматыда болған оқиғаға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөнінде арнайы
комиссия құрды.
Қоғамды демократияландыруда халық депутаттары Кеңесінің заң шығару қызметі
маңызды рөл атқарды. Бұл салада он екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі (1990
ж. сәуір) жетекші орын алды. 1990-1991 жж. қабылданған республика заңдарында әрбір
адамның бостандықтары мен адамгершілік қасиеттерін көрсетуіне қажетті жағдайларды
қамтамасыз етуге зор көңіл бөлінді. Республика парламентінің қазақ тіліне мемлекеттік тіл
дәрежесін берген «Қазақ КСР-нің тіл туралы заңын» 1989 ж. қыркүйекте қабылдауы маңызы
зор оқиға болды.
Елде жүзеге асырылып жатқан демократиялық өзгерістер жаңа партиялардың
құрылуына жағдай жасалды. 1990 жылы Қазақстан социал-демократиялық партиясы
құрылды. Бұл партияның алдына қойған басты мақсаты – республикалық парламент
сайлауына қатынасып, оның құрамына өздерінің өкілдерін депутат етіп өткізу еді. 1990
жылы Қазақстанда «Азат» азаматтық қозғалысы қалыптасты. Одан басқа республикада
«Алаш», «Желтоқсан», т.б. саяси қозғалыстар пайда болды.
Қорыта келгенде, ХХ ғасырдың 70-80 жылдары қоғамдық-саяси өмірдегі және
әлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар одан әрі өсіп, қоғамдағы
қайшылықтар мейлінше шиеленісті.
Бақылау сұрақтары:
1.
«Тоқырау» кезеңі қай жылдары болды?
2.
ХХ ғ. 30-40-жылдары және 50-жылдардың бас кезінде репрессияға ұшыраған
қазақ зиялыларының есімі қай жылы қайтарылды?
3.
Н.Ә. Назарбаев президент болып қашан сайланды?
4.
1980 ж.аяғындағы Қазақстандағы жұмысшылардың қандай қозғалыстары
болды?
Достарыңызбен бөлісу: |