Циклоалкандар — құрамындағы көміртек атомдары өзара дара байланыстар арқылы байланысқан, жалпы формуласы СnН2n болатын циклді қаныққан көмірсутектер.
Жалпы формуладағы n ≥ 3. Циклоалкандағы көміртек атомдары алкандардағы сияқты sp3 гибридтелген күйде болады.
Циклоалкандарды циклопарафиндер немесе нафтендер деп те атайды. Жалпы формуласынан циклоалкандар құрамының сәйкес алкандардан айырмашылығы — олардың молекуласында сутектің екі атомы кем болатынын байқауға болады. Ең қарапайым циклоалкан үш мүшелі сақинасы бар циклопропан С3Н6. Келесі мүшелері: циклобутан С4Н8 және циклопентан С5Н10, циклогександар С6Н12, т.б.