Д. Х. Кушмурзина К. Б. Шинбулатова


Бастауыш сыныптарда көркем шығармалардың ерекшеліктері



бет36/81
Дата28.10.2022
өлшемі361,51 Kb.
#155435
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   81
Байланысты:
Кушмурзина Д.Х. Әдебиеттік оқу әдістемесі

1. Бастауыш сыныптарда көркем шығармалардың ерекшеліктері.
Жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбие берудің сапасын түбегейлі жақсартуды іске асыруда мұғалімдерге зор жауапкершілік жүктелген. Мұның өзі оқытудың тиімді әдіс, тәсілдерін талмай іздестіруден, сабақ сапасын жаңа деңгейге көтеруден көрінеді. Жас ұрпақтың рухани дүниесі мен ой-қиялын бірінші болып білім жарығымен нұрландыратын адам – бастауыш сынып мұғалімі. Кішкентай шәкірттер бірінші мұғалімнің көмегімен оқудың, жазудың, ойлаудың дағдыларын игере бастайды. Сөйтіп олардың дамуына кең мүмкіндіктер ашылады.
Мектепте өтілген көптеген пәндердің ішінде оқушыларға терең білім, жан-жақты тәрбие берерде әдебиеттің алар орны өлшеусіз. Әдебиет адамды рухани биіктетеді, жан сұлулығына тәрбиелейді, ізгілікке, адамгершілікке баулиды. Адамды асыл армандарға бастайды. Онда адамзаттың ілгері жарық сәулеге, жақсы өмірге ұмтылған ұшқын қиялы, сол жолдағы күрес-тартысты, ел басынан кешірген қилы-қилы оқиғалар, халқымыздың елдік қасиеті, бүгінгі жазира өмірі бейнеленген көркем әдебиетте адамдар тағдыры бар тіршілік болмысымен көрінеді. Оқырман алдынан талай тағдырлар өтіп жатады. Олардың әрқайсысы өзіндік тіршілігімен, қайталанбас мінезімен, өкініш-опығымен, қуаныш-қызығымен, арпалыс-тартысымен көрінген. Көркем әдебиет ойын сөздің күші арқылы жеткізеді де, оқушыларға өзінше әсер етеді. Балаларды адамгершіліке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуде көркем шығарманың маңызы зор. Балалардың ой-санасын дамытуға, мінез-құлқын қалыптастыруға, дүниетанымын кеңейтуге көркем әдебиет шығармаларындағы кейіпкерлердің өмірі мен іс-әрекеттері үлкен әсер етеді. Әсірссе, бастауыш сыныптың оқушылары өздерінің жас шамасына қарай суретті кітапшаларды, ертегі, аңыз-әңгімелерді, батырлар туралы шығармаларды сүйіп оқиды. Ондағы басты кейіпкерлердің іс-әрекетіне еліктейді, тәтті қиялдарға беріледі, өзінше қорытынды жасауға тырысады.
Бұл сыныптағы оқушылар көбінесе оқу техникасына жаттығады. Әріптен сөз, сөзден сөйлем құрап оқи бастасымен-ақ, оқушыларда өзін қоршаған орта, жаратылыс, табиғаттың сырларын, көпті білуге деген ынта, көркем шығарманы оқу, мұғалім әңгімесін зейін қоя тыңдау, білмегенін сұрап алу белсенділігі басым болады. Мәселен, бастауыш сынып оқушыларында танымдық мақала, іс-қағаздардың жеке түрлері, өлең, әңгіме, ертегі, мысал өлең, мақалдар мен мәтелдер берілген. Осы тұста көркем шығарма, оның түрлері мен жанры туралы мәлімет беруді міндеттеу дұрыс болмас еді.
Олар туралы алғашқы ұғым беруді бастауыш сынып бағдарламасы талап етеді. Бастауыш сыныптан бастап оқушыларға әдебиеттік білім беру, әдебиеттің білімдік, өмір танығыштық қасиетін, оның тарихы мен бүгінгінің байланысын таныту әдебиет сабағының басты нысанына айналды.
Оқушыларға әдебиеттен білім берудің алғашқы сатысында мұғалімді ойландырарлық мәселелер баршылық, мәселен, 11 жасар бала ұғымына көркем шығарманы қай тұрғыда танытқан жөн, әдеби шығарманы оқудан, онымен жалпы таныстықтан талдаудың қандай айырмашылығы бар: көркем шығарманы талдау, әдеби теориялық ұғымды қалыптастыру қажеттілігінің сыры неде, әдеби білім мен шеберлік дағдыларының арасындағы қарым-қатынасты байланысты ұғындырудың тиімді жолы қайсы деген сұрақтар өзінен-өзі туындайды.
Әдебиеттік оқу сабағының негізгі материалы – көркем шығарма. Көркем шығарманы талдау принципінде орта буын мен жоғары буында ұқсастық бар. Бірақ әр сынып оқушыларының жас ерекшелігіне және іскерлік, шеберлік дағдыларының сапасына қарай талдаудың әр буында өзіндік салмағы бар.
Енді оқушыларға әдеби білім берудің сол кезеңдерін, онда қалыптастырылатын іскерлік пен шеберлік дағдыларын байқап көрейік.
Сөзбен жұмыс істеу – сөзіндік қорын молайту – тіл көркемдігін, сөз өнерін меңгеру деген сөз. Ал сөз өнері – әдебиет.
Көркем шығарманы оқу, талдау барысында оқушы жазушының әр сөзін таңдап, талғап қолданатындығында көзі жетеді, ана тілінің көп қырлылығын меңгертеді.
Неғұрлым осындай жұмысқа тереңдеп барған сайын оқушылардың көркем әдебиетке деген ынтасы артады.
Бастауыш мектептегі оқу сабағы аса маңызды рөл атқарады. Бастауыш сыныпта ана тілінде қоғам және ондағы адамдар туралы, сүйікті отанымыздың мейлінше бай, көркем де сұлу табиғаты, сондай-ақ жануарлар дүниесі туралы деректерді оқып, үйренеді, өмірге қажетті сан алуан машықтарды меңгереді.
Соның нәтижесінде оқушылардың келешекте жоғары сыныптарда жақсы оқуға, белгілі бір мамандыққа деген құмарлығы артады.
Әдебиеттік оқу сабағы арқылы оқушының рухани дүниесі байиды, жай білім беріп қана қоймайды, ол өмірдің ең қымбаттысы, ең асылы – жақсылық пен ізгіліктің ұрығын себеді. Бұл пәннің әр сабағын – адам бойындағы асқақ арман, берік сенім, әсемдік пен сұлулыққа құштарлық тәрізді ең мөлдір сенімдер мен кісілік қасиеттер туралы сырласу сабағы десе де жарасады.
Қазақтың көрнекті қайраткері, ірі тіл маманы Ахмет Байтұрсынов: «Кішілік болмас үшін әр ұлт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін өзге тілді оқыта бастайды», - деген еді.
Бастауыш сынып оқушылары көптеген әдебиет жанрларымен көбінесе әдебиеттік оқу сабақтарында таныса алады. Сондықтан заман талабына сай әрбір сабақ беру әдісін жетілдіру арқылы сабақтың сапасы мен тәрбиелік маңызын арттыру бағытында мұғалімге шығармашылық ізденісті қажет етеді.
Жас буынды төл мәдениет мәйегі мен тәрбиелеу барысында бастауыш мектеп мұғалімдерінің мүмкіндігі де, міндеттілігі де жоғары.Ендігі қажеттілік – тынымсыз шығармашылық ізденіс. Шығармашылықпен жұмыс жасауға талаптанған мұғалімге мектеп бағдарламасындағы әдебиет пәнінің әрбір тақырыбын, әрбір көркем мәтінді ұлттық тәрбиемен өзектестіре оқытуға жол ашық. Сол себепті мәтін аясында көркем образдарды талдап тану арқылы оқушының өмірлік көзқарасын қалыптастыруға, дүниетанымын дамытуға ықпал ететін әдебиеттік оқу сабақтарында халықтық мұраларды оқыту барысында білімділік, дамытушылық мақсаттарға қоса, тәрбиелік сипатына баса назар аударылған абзал.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   81




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет