Бір топ христианның мұсылмандықты қабылдауы Бойкот туралы шешімнің күшін жоюы пайғамбарға, оның асхабына
жеңілдік әкелді... Жүздеріне күлкі үйіріліп, терең тыныстаған мұсылмандар
еркін тірліктен өз сыбағаларын алып жатты.
Исламды үйренсем деген құштар көңілдер шартараптан Меккеге
ағылды. Бір кездері Хабашстанға ауа көшкен мұсылмандармен тұз-дәмдес
болған бір топ христиан көкейлеріндегі көп ойдың анық-қанығына жетпек
ниетпен пайғамбармен жүздесуге Меккеге арнайы келеді.
Пәк пейілдеріне орай, оларды Қағба маңында пайғамбардың өзі қарсы
алады. Христиандар сан сауалға жауап алып, көңілдері тоғайып, марқайып
қалады.
Пайғамбарымыз оларды да Аллаһтың бірлігіне иман келтіруге
шақырады. Құран оқылып, бата жасалады. Аллаһ сөзінің әсерлілігіне ынты-
шынтысымен ден қойған христиандар ақиқат алдында тізе бүгіп, Исламды
мойындайды.
Мұны естіген құрайыш мүшріктерінде тағат қалмады. Пұтқа
табынушыларға тосқауыл бола алмай жатқанда, христиандардың алты
айшылық жерден іздеп келіп, мұсылмандықты қабылдауы олар үшін азапты
жеңіліс.
Әбу Жәһил бастаған бір топ мүшрік хабашстандық қонақтарды ала
көздерімен атып, былапыт сөздермен қағытып:
"Аллаһтан табыңдар, бәледен бастарың арылмағырлар. Сендерді
Мұхаммедтің не істеп, не қойғанын зерттеуге жіберді. Көптің сенімін
ақтамай, даттадыңдар. Өз сенімдеріңді таптадыңдар. Мұхаммедпен (с.а.у.)
ауыз жаласып, сиқырына алдандыңдар. Ақымақтықтарыңа жол болсын",-
деді.
Ислами сенімнің саясында жан ләззатына бөленген жаңа мұсылмандар:
"Сендердің бізге көрсеткен надандықтарыңды біз сендерге жасай
алмаймыз", - деумен шектелді.
"Қасас" сүресінің 51-55-аяттарында осылар хақында баяндалады.