"Әрине, ол Құранды түсіріп, таратуды саған парыз қылған Аллаһ сені қайтадан қауышар мекеніңе (Меккеге) оралтады." (Қасас сүресі, 85-
аят)
Дұшпанның қолына түсіп қалмау үшін Мәдинаға көпшілік жүретін
жолдан гөрі тасалау жолға түскенді дұрыс деп біліп, жолаушылар оңтүстікке
қарай Қызыл теңіз жағалауындағы Тихама елді мекеніне дейін барып, сосын
солтүстікке бұрылды. Теңізден қашықтап, шөлді бетке алып аяңдай берді.
Сейсенбі күні түске дейін түйеден түспей жол жүрді. Екінші күні түс
әлетінде жолай кішкене тыныстап алмақ болып тоқтайды.
Пайғамбарымыз көз шырымын алуға жатады. Хазіреті Әбу Бәкір болса,
аяулы досын күзетіп, айналасын қырағы көзбен шолып отырады. Әлден
уақытта ұзақта қой жайып жүрген шопанға көзі түседі. Асығыс орнынан
тұрып, қойшыға барып, жөн сұрасып, бір ішім сүт сұрап әкеледі. Онысын
қоярда-қоймай пайғамбарымызға ішкізеді.