Даулетхан Нагила Тарих пәнінің мүғалімі



бет3/3
Дата21.01.2017
өлшемі422,14 Kb.
#7522
1   2   3

Геродот б.д.д. 484 жылы, яғни Анахарсистен кейін бір жарым ғасырдан соң дүниеге келген, ал Лукиан біздің дәуіріміздің ІІ ғасырында, Диоген ғылымға VІІ ғасырда ғана белгілі болған адам, сондықтан олардың да жазуында азды-көпті ауытқулар болуы заңды. Мәселен, Геродот пен Диоген Анахарсисті Гнурдың ұлы десе, Лукиан Даукет ұлы дейді. Алайда, гректердің Анахарсисті соншама заман бойы бірінен кейін бірі жазып, айтып, үлгі етіп құрметтеп келгеніне таң қаласың.

Геродот айтып отырған Геллеспонт қазіргі Дарданел бұғазы, Кизик сол теңіз жағасындағы қала, ал Гилея дегені қазіргі Полесие, Днестрдің бойы болса, онда Геродот өмір сүрген біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда скифтер Қара теңіз бойында өмір сүріп жатқан болып шығады. Олай болса, олар бұл араға одан да ертеректе, б.д.д. V ғасырдан бұрынырақ келуі де мүмкін.Сонда сақтар б.д.д. V ғасырдан бұрын Қара теңіз бойын да, Жетісуды да бірдей мекендеп келген бе? Қытай жылнамалары сақтардың бір кезде шығыстан батысқа және оңтүстік-батысқа қарай жылжығанын жазады да, сол жылжудың дәл қай кезден қай кезге дейін жүзеге асқанын анықтап айтпайды. Ал мына грек оқымыстыларының жазғаны сол олқылықтың орнын толтырып тұр ғой. Ендеше, Жетісудағы б.д.д. V ғасырға жататын обаны сақ көсемінің обасы деу күмәнді емес пе?

Енді осы сақтар мен Анахарсис туралы өзіміздің қазақ шежіресінен де пікір қаузап көрелік. Алдымен Қазыбек бек Тауасарұлының атасы Матай жазып кеткен Ата шежіреге жүгінейік.

“Арыстың өз аты Анарыс болған деседі. Шешесі еркелетіп Арыс атап кетіпті. Ол ілімді Еуропа елдерінде алып, көп ғұмырын өткізіп, өз еліне келгенде, он екі-ақ жыл тұрыпты. Ол артына пәлсафа қалдырған. Жазба Майқы заманына дейін келген екен. Сол замандағы бір жер сілкіністе ол топырақ астында қалған. Арыс ақын да, ахун да адам болған. Еуропада көрген өнегесінің жақсы жақтарын өздерінің патшалығына кіргізуге ұмтылған. Ол өзінің туған ағасымен осы жөнінде келісе алмай мерт болған… Оның көп өлеңі сақталған екен, ол да жер сілкінгенде құрыған. Арыс Еуропаны өз туысқаны Тоқсары диуанамен бірге аралаған. Патшаның қандай болуы керектігін айтамын деп, туысқанына жақпаған” ( “Түп-тұқианнан өзіме шейін”. Алматы, 1993. 36-бет).

Осы салыстырулардың өзінен де гректердің Анахарсис деп отырғаны біздің Арыс бабамыз екені аңғарылады. Дегенмен, анықтай түсу үшін тағы бір қосымша дерек келтіргеннің артықтығы болмас. 2004 жылы “Аруна” баспасы бір топ автор жазған “Древний Казахстан” атты кітап шығарды, оның сараптамашысы – тарихшы, академик Болат Көмеков. Сонда: “Сақтар – қазақ халқының бабасы”, – деп және Анахарсистің өмір сүрген уақыты б.д.д. 620-555 жыл деп көрсеткен (30-31-бет). “Анахарсис (Анарыс)” деген тарауда: “Анахарсис, Анарыс-сакский ученый. Жил в V11-1V вв.н.э. В истории известен как “Скиф Анахарсис”, – деп көрсеткен (сонда, 46-47-бет). Осыдан кейін Геродот жазып кеткен Анахарсистің Қазыбек бек айтып отырған Арыс-Анарыс бабамыз екеніне қайтіп күмәндануға болады? Ал бұдан кейін сақтардың қазаққа баба тайпа екенін қалай мойындамассың? Тарих дегеннің өзі осындай-осындай дәлелдердің басын біріктіргеннен барып құралмай ма?

Ата шежіре бойынша Жұманнан Арыс, Арыстан Ақ, Пан, Жан, Бол, Бек, Бал деген алты ұл туып, содан алты арыс қазақ тараған. “Алғаш аталған екі ұл жылқы кезегіне кетіп, Тәңір тауының түбінде мұздап дүние салыпты. Ақ алтаудың үлкені екен. Одан бала қалыпты. Пан үйленбеген, одан тұяқ болмапты. Жетісуда қаңтардан кейінгі айды қазақтар ақпан немесе екі ағайынды дейді. Ағайынды Ақ пен Пан өлген ай, әйтпесе, ағайынды екі жігіт өлген ай екі ағайынды атанған”, – дейді (“Түп-тұқианнан өзіме шейін”. Алматы, 1993. 36, 37-бет). Ал қазір бүкіл қазақ “екі ағайынды” дегенді ұмытып, бұл айды ақпан деп атап жүргеміз жоқ па?

Сонда Анахарсис деп жүргеніміз өзіміздің Арыс бабамыз болса, ол біздің шамалауымызша, б.д.д. 612 жылы Тәңір таудың түбінде туып, 547 жылы Днестрдің бойында өлген болса, онда сақтар б.д.д. VІІ ғасырға дейін Жетісу жерін мекендеп, б.д.д. VІ ғасырда Қара теңіз бойына ауған болып шықпай ма?

Оның үстіне Жетісуда тек сақ обалары ғана сақталғандай сөйлейміз, ал бұл араны он ғасырға жуық мекен еткен Үйсін мемлекетінен де бір белгілер қалуы тиіс емес пе? Қарап отырсақ, ғалым Әбдеш Төлеубаевтан өзге Үйсін обасын нақты зерттеген ешкім жоқ, барлық ғалым тек сақ обаларын ғана зерттеп келген болып шығады. Сөйте тұра сақ пен үйсіннің адам жерлеу әдісі ұқсас деген тұжырым жасай салады. Әрине, үйсін сақтың ұрпағы болса, екеуінің әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі неге ұқсас болмасын?! Қазір жасы 80-нен асып отырған қарт ұстаз, бірнеше кітап жазған сауатты, Кеген өңіріндегі Жалаулы деген жерде туып-өскен Әділхан Зықаев деген ағамыз: “Біздің жас күнімізде осы қорған деп жүргендеріңді үлкен кісілер “Үйсін оба” немесе “Үйсін төбе” деуші еді”, – дейді. Осындай атадан балаға жалғасып келе жатқан сөзді елемей-ескермей, “үйсін обалардың ішінде жатқандар – сақтар” деуіміз қалай болады?

Сөз орайы келіп тұрған соң, айта кетейік, біздің кейбіріміз: “Ғұн дегенді қазақ тарихшылары шығарып алып жүр, ондай халық жоқ, оның өз аты сиуңну”, – деп, ал әр елдің тарихшылары бірі “хун”, екіншісі “ғұн” немесе “гун”, үшіншісі “һұн” деп әрқайсысы әртүрлі атап жүрген халық та сақтың ұрпағы, оның дұрыс аты “құн” болуы мүмкін екенін де осы арада ескерте кеткеніміз жөн сияқты. Себебі, біріншіден, алғашқы дыбысы “ғ”-дан басталатын ежелгі атау сөз қазақ тілінде жоқ десе де болады, ал “ғашық”, “ғайбат”, “ғарыш”, “ғалам” секілді сөздер араб тілінің ықпалымен бертінде пайда болған, сондықтан бұл тайпаның өз аты “ғұн” емес, “құн” болу керек, себебі “қ” дыбысы ежелден айтылып келе жатқан ата дыбысымыз. Екіншіден, жоғарыда айтылған Ата шежіре: “Жан деген кісіден Ар, Құн деген екі бала болыпты… Қазіргі Арғын деп жүргеніміз – осы екі ұлы адамның алты баласынан тараған ұрпақ. Олардың бірігіп Арғын аталуы Алтайға ауған заманнан қалған”, – дейді”. (“Түп-тұқианнан өзіме шейін”,1993. 46-бет).

Үшіншіден, “Арқұн” сөзін “Арғын” деп үндестік заңына сәйкес өзгертіп айту – ұлттық дағдымызға тән құбылыс.

Төртіншіден, 1253-1255 жыл аралығында Моңғолияға келіп қайтқан Г.Рубрук: “Бұл жерде аргон деп аталатын халық бар, ол екі рудан тұрады: аргон тендук руынан және Мухаммедке табынатын, өзгелерден гөрі көрікті және ақылдырақ, көбіне саудамен айналысатын тендуктерден”, – дейді ( “Қазақ тарихынан”, Алматы, 2004. “Шығыс елдеріне саяхат”, 1993. 85-бет). Рубрук ол аймақтың атын Сендук (Тендук) деп көрсетеді. Ал ол атау Мәшһүр шежіресіндегі Сүйіндік, Бегендік, Шегендік дейтін аталарды еріксіз еске түсіреді.

Бесіншіден, қытай тарихында үйсінге көмектескен гүн тайпасын Ата шежіре аргын деп атайды. Осыларды ескерсек, арғындар құн тайпасының тікелей ұрпағы екеніне күмән қалмайды. Алтыншыдан, Ата шежіренің таратуы бойынша, Құн да, Арғын (Арқұн) да Арыс бабамыздың Жан деген баласынан тараған, яғни Жан Арыс тұқымы болып табылады. “Ежелгі Үйсін елі” кітабында Шадыман Ахметұлының: “Ат үстінде садақ тартуды ғұндар сақтардан үйреніпті”, – деп дәлелдейді бірсыпыра ғалымдар”, – деген пікірі де бұл ойымызды дәлелдей түседі (4-бет). Соғыс өнерін ағайын ағайыннан үйренбегенде, кімнен үйренеді? Жетіншіден, б.д.д. 530 жылы Кир патшаны жеңген сақ-массагет Томирис парсылармен Аракс өзенінің бойында соғысады. Өзеннің аты Арыстан тараған Ар мен Ақтың үрпағы мекендеген соң солай аталған болар деп ойлауға да қақымыз бар емес пе? Сегізіншіден, Геродот: “…скифы называют амазонок “эоропата”, что по-эллински означает мужеубийцы; “эор” ведь значит муж, а “пата” убивать”, – дейді (“История”.Ленинград, 1972.219-бет). “Эор” дегеніміз екі жарым мың жылдан кейін де әлі “ер” аталып, күйеу дегенді білдіреді, ал “пата” сөзі “опат” дегенді еске түсіреді. Ал оны арабтан енген сөз деп жүрміз. 2,5 мың жыл бұрын арабтар сақ тіліне қалай әсер етеді? Әлде Мұрат Аджи айтып жүргендей, о баста түріктерден араб тіліне, одан өзімізге қайта енген сөз бе? Әлде “қарасы батты”, “күні батты” дегендегі “батты” сөзінің арғы төркіні “пата” дегенге ұқсас айтылды ма екен? Қалай болғанда да, б.д.д. V ғасырда сақтар әйелдің күйеуін “ер” десе, қазақтар бүгін де “ер” дейді. Өстіп о заманда да, бұ заманда да бір тілде сөйлеген елді бір-бірінен бөлек ел деуге қайтіп тарихшылардың аузы барады?

Осыншама сәйкесіп тұрған деректерді көзге ілмеу тарихқа мән бермеумен бірдей емес пе? Ал егер көзге ілсек, Арыс-Анахарсистің сақ екеніне, ал біздің тікелей сақтың ұрпағы екенімізге қандай күмән қалады?

Сонымен, сақ, құн, үйсін – үшеуі де бір тұқымнан тараған ұрпақ болса, әрине, олардың әдет-ғұрпы да, салт-дәстүрі де, оның ішінде өлікті жерлеу рәсімі де бірдей болуы заңды. Ендеше, Есік обасынан табылған Алтын адамды сақ деп кесіп айта алмаймыз. Бұл күмәнімізді күрделендіре түсетін тағы мынандай жағдайлар бар.

Ашылғанына көп бола қоймаған қорық-мұражайға келіп, көне тарихтың құпияларына қанығып, сырына бойлаймын деушілерді ең алдымен кіре беріс дәліздің қабырғасына бекітілген «Қазақстан аумағындағы сақ-скиф дәуірінің ескерткіштері» атты электронды карта қарсы алады. Онда қазақ жеріндегі сол дәуірге тән 155 археологиялық нысандардың орындары көрсетіліп, тізімдері берілген. Келушілер аталмыш картамен танысып болған соң, 145 жәдігерліктері бар екі бірдей экспозициялық зал есігі ашылады. Оның біріншісі – сақтар тарихы мен тұрмыс-тіршілігіне арналған «Сақтардың тарихы мен мәдениеті» залы. Бұл залда келушілер жаңа ғана өздері біраз мағлұмат алып шыққан электронды карта мәліметтерінің заттай деректерімен таныса алады. Осында қазақ жерінің түрлі түкпірлерінен, атап айтсақ: Шұбарат пен Молалы қорымдарынан (б.д.д. V-IV ғ.ғ), Шілікті (б.д.д. VІІ ғ), Берел (б.д.д. V-IV ғ.ғ), Бесшатыр (б.д.д. V-IV ғ.ғ) қорғандарынан және т.б. зерттеу орындарынан табылған жәдігерліктердің түпнұсқалары мен көшірмелері және белгілі қалпына келтіруші – Қ. Алтынбековтің орындауындағы әйгілі «Алтын адамның» көшірмесі қойылған. Ал, келесі зал «Алтын адам» мен оны тауып, ғылыми айналымға қосқан ғалымдарға арналған. Бұл залда «Алтын адаммен» бірге табылған заттар, сақ ханзадасы табылған обаның сызбасы мен жобасы, әйгілі ғалым – К.Ақышев пен «Алтын адамға» алғаш қолы тиген – Б.Нұрмұханбетов туралы мәліметтер бар. Сонымен қоса қорық-мұражай жәдігерліктері туралы жан-жақты мәлімет беретін сенсорлы киоскілер қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсетеді.

Мұражай жәдігерліктерімен танысамын деушілер тек қана осы екі залмен шектеліп қалмайды. Қорық-мұражайдың басты жәдігерліктері – сақ обалары және сақ патшалары мен ақсүйектерінің байырқалы ордаларының орны – Рахат пен Өрікті қала-жұрттары. Қорық-мұражайға келуші туристердің осы аспан астындағы жәдігерліктерге деген қызығушылығы толастаған емес. Олардың қатарында ең белсенді қызығушылық танытатындары – ертеңгі ел азаматтары, бүгінгі өскелең ұрпақ – мектеп оқушылары. Қорық-мұражай қызметкерлері келушілерге түрлі тақырыптағы экскурсиялық қызмет көрсетіп қана қоймай, киелі жердің кепиетін ұқтырып, болашақ жобалармен таныстырады. Әсіресе, мектеп оқушыларына, бұл орындар кезінде әлемге атын шығарған даңқты бабаларымыздың сан ғасырлар қойнауынан бүгінгі ұрпақтарына жетіп отырған аманаты екені, ал аманатқа қиянат жасап, қасиетті жерде қасиетсіз іске жол беріп, қорғандар маңайын ластап, таптап жүруге болмайтыны, аманатқа адал болу керектігі баса айтылады.

Жұмысын жаңа бастаған қорық-мұражай Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет комитеті тарапынан қолдау тапқан 2011-2013 жж. арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы «Жетісу сақтары және мәдениеті» атты қолданбалы зерттеу жобасы аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Бұл жоба аясында сақтар дәуіріндегі және қазақ тарихының б.д.д. VІІІ – ІІІ ғ.ғ. тарихи ескерткіштеріне бай Жетісу және Есік аумағындағы сақтар заманының археологиялық ескеркіштерінің орналасуының негізгі жоспарын жасау, зерттеу, оларды қазақ даласындағы басқа да осындай археологиялық ескерткіштермен салыстыру, Жетісу сақтары мәдениеті туралы жазылған жаңа және бұрыннан ғылыми айналымда жүрген еңбектерді баспаға әзірлеу сияқты мақсатты іске асыруды көздеп отыр. Осы зерттеу нәтижесінде Жетісу сақтарының мәдениеті туралы жаңа мәліметтер ғылыми айналымға түседі, кітап-альбомды дайындауға қажетті ғылыми құжатқа дайындық жасалады, Патша қорғандарының жасалған тарихы айқындалады, табылған материалдарды мұражайлық-экспозициялық қолдануға дайындық жасалады, Жетісу сақтарының мәдениеті туралы көлемі – 40 баспа табақтық ғылыми еңбекті баспаға тапсырылады деп күтілуде. Жоба жетекшісі – қорық-мұражай директоры, тарих ғылымдарының кандидаты – Гүлмира Райылқызы Мұхтарова, отряд бастығы - әлденеше ондаған жылдар бойы Есік қаласы маңындағы қорғандарды сақтап, болашақ ұрпаққа тапсыру жолында ерен еңбек атқарып жүрген, белгілі археолог – Бекен Нұрмұханбетов.

Қорық-мұражай сонымен қатар түрлі ғылыми-танымдық көрмелер мен іс-шараларды да өткізіп келеді. Ағымдағы жылдың 1-ші маусымында балалар мерекесіне орай Есік қаласындағы мектеп оқушыларына арнап «Балалық шақ ғаламшары» атты мерекелік іс-шара өткізілсе, мұражай қызметкерлері ұйымдастырған «Тарихи жад баспалдақтары», «Археологиялық сараптама» ЖШС-гі ұйымдастырған «Жетісу сақтары көсемдерінің қорымы», ҚР БҒМ Ә. Марғұлан атындағы Археологиялық институты директор орынбасары – Арман Бейсеновтің Орталық Қазақстаннан табылған сақтар дәуірінің жаңа ескерткіштері жайлы «Талды обасы-2. 2010 жылдың жаңалықтары» және «MUSEUMстан» халықаралық жобасы шеңберінде, дамушы елдермен байланыс орнатушы Нидерландия Гуманитарлық Институтының (HIVOS), Дешті-и-Арт заманауи мәдениет Орталығының қолдауымен, шағын гранттар шеңберінде ұйымдастырылған «Музей ЕСІКті ашады» атты ауқымды жоба аясында «ЕСІК» плэнер-көрмесі болып өтті.

Әрине, жоғарыда біз қысқаша атап өткен жайттар келешек үлкен істерге бастар босаға болып табылары сөзсіз. Болашақта бұл жер Қазақстан туризмінің үлкен бір саласына айналады деген үміттеміз. Себебі, қандай да да болмасын ұлттың ұлылығын білдіретін белгі – оның тереңге кеткен тарихы мен мәдениеті, сол рухани байлықты, сан ғасырдан жеткен мұраны бүгінгі ұрпақтың ардақтай, алқай алуы болса керек. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы сол аманат жүгін арқалап, баға жетпес рухани құндылықтарымызды бүгінге таныстырып қана қоймай, оны болашаққа да жеткізуді мақсат етеді. Ал, аманат жүгі қашан да ауыр.

Қорытынды

Қорыта келгенде, «Мәдени мұра» шеңберінде қолға алынып, жүзеге асып жатқан игі шаралар ел көлемінде, әрине аз емес. Кезінде ескерусіз қалған сол тарихи орындарды жөндеп, өңдеп мұражайға айналдыру тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана жүзеге асырыла бастады. Бұл тарихымызды түгендеу, жоғалғанымызды табу, барды қайта жанғырту.

Оның ең бастысы, Есік обасынан табылған «Алтын адам» екенінде сөз жоқ. Енді сол жерге салынатын мұражай елді ағылып келетін мәдени орнына айналу үшін ол ұлттық дәстүрге негізделуі қажет. «Алтын адамды» дүние жүзі біледі. Сондықтан да оған салынған сарайда өзіне сай болғаны жөн дер едік. Тарихи орынды көрем деп келген адамдар рухани азық алып қайтатындай болуы керек. Осы күнге дейін бірде бір археологиялық ескерткіштер шындап қолға алынып, туристік көрмеге айналмағаны өкінішті-ақ. Бірақ соңғы жылдары іш жүзінде асып жатқан маңызды жұмыстар бұл салалар ерекше көңіл аударыла бастағанын көрсетеді. Біз адамзат тарихының әр дәуіріне қатысты археологиялық және сәулеттік ескерткіштерге өте баймыз. Әрине, бұл мақтауға тұрады. Соларды дүние жүзіне көрсетудің реті енді келді. Бұл мәселе «Мәдени мұра» аясында өз шешімін тауып жатыр. Ұлттық археологиялық ескерткіштерімізді қорғауда қазір жаңа көзқарас қалыптасып келе жатқаны байқау қиын емес. Ендігі жерде мемлекеттік көзқарас күшейіп келеді. Ең алдымен идеологиялық көзқарас емес, халықтық көзқарас жақсара түсті. Біз сөз етіп отырған «Мәдени мұраның» негізгі өздеген мақсаты да міне осы. Оны дұрыстап жүзеге асыру керек. Ата – бабамыздан жалғасып келе жатқан мәдени мұра бұл әлі оқылмай жатқан кітап. Оларды сөйлету керек, олардың сырын ашу қажет. Бұл тұрғыдан алғанда мұражайлардың орны бөлек. Олар тарихымыздың алтын қоймасы, өткеніміздің шежіресі, елдігіміздің белгісі, ертеңіміздің айнасы.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х

2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8

3. К.А. Акишев «Курган Иссык, Искусство саков Казахстана». Москва, Искусство, 1978

4.Акишев А. К. «Костюм „Золотого Человека“ и проблема катафрактария».

5.Акишев К. А., Акишев А. К. «Происхождение и семантика иссыкского головного убора». — («Археологические исследования в Казахстане». Алма-Ата, 1979. деген кітабінда.)

6.http://www.museumofgold.kz/



7.http://bankreferatov.kz/ Авторы: Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы.

8.http://gazeta-ko.clan.su/ Авторы: Зейінжамал Досжанова

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет