Сақ тайпаларының мифологиялық бейнелерінің бірі – жылқы болып есептелінген. Бас киімде бір-біріне қараған екі жылқы бейнесі кездеседі. Ол кәдімгі мініс жануары, әлем аймақтарының бірінен-біріне өтудің көлік құралы, тәңірдің бұйрығын сақтап жеткізуші, дүниені жалғастырушы буын. Сонымен қатар жылқы адамдар әлемі мен аспан әлемі арасындағы дәнекер болған және ол өзінің иесіне өлімнен кейінгі сапардан соңғы мақсатына жетуіне көмектеседі деген.
Сақ жауынгерінің бас киімінің дәл ортасында таңғажайып қанатты тұлпар орналасқан. Жылқы – сыннан өткен дос, жолдас, соғыс қаруы, ата-бабалар дүниесімен қарым-қатынас құралы ретінде көрінеді. Сонымен қатар салтанатты рәсімдік, тәңірлік және аластаушы жануар қызметін атқарған.
Құстардың бейнелері негізінен көк аспанның нышаны болып есептеледі. Құс бейнелері нақтылықты, дәлме-дәл мергендікті, жылдамдық пен тегеурінділікті де білдіреді. Мұндай бейнелер жүйріктік пен ұшқырлық болсын деген тілектен туындаған. Құстың ерекшелігі, олар бір жағынан-құс, яғни аспан аясының нышаны, ал екінші жағынан, бұл құстардың табиғаты, яғни биологиялық ерекшеліктері оларды Ғарыштың төменгі өрісімен байланыстырады және аспанда тек Құдай ғана мекендейді, ал оған құс қана ұшып жете алады деген ұғымдар қалыптасқан. Сондай-ақ, құс көсемнің билік нышаны да болып есептелген.
Таудағы барыс – бұл образ жоғарғы әлем – аспанды білдіреді. Жалпы алғанда жоғарғы дүние мен адамдар әлемін байланыстырушы-«әлемдік тау» деген мағына береді. Жауынгер идеалын кейіптейтін барыс бейнесі ер жүректіліктің, тәкаппарлықтың, еркіндіктің және патшалық тұқымның нышаны санатында есептелген. Осыған қарап еліміздің болашаққа ұмтылысын білдіретін барыс образы мемлекетіміздің елдік рәміздерінен лайықты орын алып отыр.
Бас киімнің артқы жағындағы табиғат көрінісін тау тәріздес әшекей бейнелеп тұр.Ежелгі кезде адамдар әлемді тауға ұқсатты, сондай-ақ Құдайлар мекені деп те есептеген. Ол адамды жаугершілікте, аң аулауға шыққанда сақтап жүреді деп сенген. Ал алтынды қасиетті металл ретінде күн шуағына теңеді және бұл бағалы металл хан билігін меңзеген.
«Тауешкі» бейнесіндегі әшекей де кездеседі. Ол ірі де мықты мүйізі бар тұяқты жануар ретінде жаратылыстың ортаңғы аймағымен байланысты болған. Оны өмір бәйтерегімен, әлем өзегімен байланыстырады. «Тауешкі» жердегі рухты «көктегі жайылымға», яғни жоғарғы әлемге апарады деген наным қалыптасқан. Тау ешкісі «таза» құрбандық жануары, Құдайлар және жоғарғы әлемнің жануары ретінде қабылданған.
Мойнында домалақ жүзік сияқты үш оратылған алтын алқа, екі ұшында жолбарыстың бас пішіні бейнеленген. Бұйымның материалы мен көркі оның көшпелі ақсүйек өкілдерінің сән-салтанаттық киімінің ең маңызды элементтерінің бірі екендігін көрсетіп тұр.
Үстінде үшбұрышты алтын жапсырмалармен тағылған қысқа қамзол, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тағалармен өрнектелген. Бұл жапсырмалардағы басты идея – көк аспан идеясы, яғни күн нышаны мен кульминациясы. Пластиналардың киімге тігуге арналған тесіктері бар. Бұл киімді ұсақ, жұқа шытыралармен безендіру, күнделікті тұрмыста киюге арналмаған. Мұндай ұсақ бұйымдар жерлеу ғұрпына арнайы дайындалған. Ежелгі халықтардың ұғымы бойынша алтын мәңгі өмірді, қуаттылықты білдірген. Бір жағынан, алтын белгілі бір топтың өкілін білдірсе, екіншіден, бағалы металл ретінде күн Құдайы ұғымдарымен байланысты болды және осылайша жерленген адамды мәңгілік өмірге жетеледі.
Қысқа қамзол - құрастырмалы ауыр белбеумен буылған. Белбеуге аңға ұқсас бейнелер, сонымен қатар 16 тоға бұғы бейнесінде жапсырылған. Белдікті безендірген шығыршық және алтын белдік бас. Оған барыс бейнесі және иіріліп жатқан қасқырды бейнелеген. Қасқыр мен барыс басқа әлемді бейнелейтін және жендеттік жасайтын жыртқыш болып есептеледі. Сондықтан да жауынгер идеалын кейіптейтін қасқыр образы ер жүректіліктің, тәкаппарлықтың, еркіндіктің және патша тұқымының нышаны ретінде саналған. Шексіз даланың жауынгерлері өздері қасқырға «еліктей» отырып, олардың сарбазға қажетті қасиеттерін «бойына жұқтырып», өздерін «қасқыр», «барыс» түрінде сезінетін болған.
Бұғы мүйізінің үлкендігі сонша, тұтасымен арқасын жауып тұр және аяқтарын бүгіп жатыр. Бұғы ертеде тотемдік аң болып есептелді, яғни оған табынған. Ол мифологиялық, дүниетанымдық, діни және сақ тарихымен тығыз байланысты. Бұғының мүйіздері тым ұзын әрі салалы, арқасына қарай жайылған, сирақтары бауырына бүгілген. Ширыққан серпінді қалпы дәл берілген. Бұлшық еттері жиырылып тұрғандай әсер қалдырады.
Белдіктің оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында алтын пластинкалар бұғы және жылқы бейнесінде жапсырылған қынға салынған темір ақинақ.
Жылқы және қару-жарақ, бұл екеуі далалық көшпелі образынан айрылмас алғашқы діни құндылыққа ие болған дәнекерші деген ұғым, яғни батырлық негізімен байланысты және патшаға мәңгілік өмір бере алатын қасиеттерге ие болатын жануар.
Оң жақ қолында екі алтын жүзігі бар. Оның бірінің бетінде тәж киіп қырынан қараған адам бейнесі, ал екіншісінде айналы қалқаншасы бар. Айналы қалқанша биліктің белгісін білдіреді. Жүзік адам жанымен жалғасып және жер әлеміндегі болып жатқанның бәрін ғарышқа жеткізіп тұрады деген ұғым болған, сондай-ақ жерге бағыт бағдар беруші болып есептелген. Саф алтыннан тұратын бұл жүзік асқан шеберлікпен, үлкен талғампаздықпен жасалған.
Мөр жүзікте мамандардың айтуынша, ежелгі көшпенді тайпалар мен кейбір жергілікті халықтардың құдайларының бірі - Митра бейнеленген. Бұл «мөр» рөлін атқарған деген жорамал да бар.
Аяғында өкшесі жоқ ұзын қонышты етік. Сақтардың мифологиясы, олардың қоғамдағы дәрежесі, көшпенділердің идеологиясы олардың киген киімдерінен айқын көрінген. Киім үлгісі, жерлеу рәсімі Алтын адамның Жетісу жерін мекендеген көрнекті елбасы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді. Бұл олжа сақтар мәдениетін, олардың мифологиясын, өнерін, жазуын, әлеуметтік құрылысын зерттеуге мүмкіндік береді. Сақ жауынгерінің киімі өте күрделі де үйлесімді композиция.
Барлығы қорғандағы бейіт ішінде металдан, балшықтан жасалған 31 түтік және күміс қасық пен ағаш ожау да бар екен. Ыдыстар мынадай тәртіп бойынша орналастырылған: қабірдің оңтүстік қабырғасында ағаш түтікшелер, ал батыс жағында балшық және металл түтікшелер, құмыралар.
Жазу мәдениетінің сол кезде жоғары дамығандығын, күміс тостағандағы жазу дәлелдейді. 26 таңбадан тұратын, Қазақстан жерінен табылған ең көне жазу. Бірнеше оқылу нұсқалары бар.
1. Ғалым, тіл маманы Алтай Аманжоловтың оқуы бойынша: «Аға, саған (бұл) ошақ! Жат адам тізеңді бүк! Ұрпағымызда ас-су мол болғай!
Қазақтың шаңырағына бөтен адам келгенде еңкейіп кіріп, сәлем беріп, асығыс болған жағдайдың өзінде тізе бүгіп отырып кетеді. Ол шаңыраққа деген құрмет. Осы үрдіс сыры да Алтын адамның қасынан табылған күміс тостағандағы жазудан басталған болу керек. Күміс тостағандағы жазу ғалымдармен әлі зерттелу үстінде.
Бұл ескерткіштер осы арадағы өмір сүрген тайпалардың мәдениет дәрежесінің, әлеуметтік-экономикалық даму сатысының, бірдей өмір сүру сипатының этникалық және қан жағынан туыстық, жақындық белгілерін дәлелдейді.
3. «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы
1970 жылы 22 сәуір! Бұл күн қазақ мәдениеті тарихында алтын әріптермен жазылды.Өйткені дәл осы күні Есік қорғанынан ең алғаш алтын адам табылды.Алтын адамды алғаш тапқан ғалым Кемел Ақышевтің аты да қазақ археологиясы ғылымында алтын әріптермен жазылары анық.
Қазақ археологиясы ғылымының дүниежүзілік мәні бар үлкен жетістігі –«Алтын адам» б.д.д ІҮ ғ. жәдігеріне жатады.Жаны таза,пиғылы пәк, жұлдызы жанған өршіл халықтың ешкімге ұқсамайтын дара болмысы сіңірген бедер – елтаңбамыздағы қанатты қос пырақ осы алғаш алтын адамның алтын тәжінен алынған.
Ал,екінші «Алтын адам» 1999 жылы Атырау өңіріндегі Аралтөбе қорғанынан табылды.Б.д.д. ІІІ ғ. жәдігері деп шамаланған бұл «Алтын адам» ғалымдардың айтуынша сарматтардың көсемі .Оған дәлел, көсемнің өзімен бірге жерленген болат семсер. Аралтөбеден осы «Алтын адамды» тапқан белгілі археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Зейнолла Самашев.
2003 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы Шілікті жазығындағы көне қорғандардың бірінен тағы бір «Алтын адам» қазылып алынды.Бұл жәдігерді тапқан археологиялық экспидицияның жетекшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаевтың айтуынша, «Үшінші алдтын адам» б.д.д. VІІІ ғ. Аяғы мен VІІ ғ. Басында өмір сүргшен сақ патшасы. Патша киімдеріне тағылған жапсырмалардың бәрі сом алтыннан құйылған әшекейлер. Олардың ең үлкені – арқар мүсіні. Тағы бір таң қаларлық жәдігер – бес жұлдыз бейнелі түйме. Міне, Қазақстан жерінен қазып алынған «алтын адамдар» саны үшке жетті.
Ал төртінші «Алтын адам» 2006 жылы Атырау облысынан табылды. Ғалым Марат Қасенов бастаған студенттерден құралған археологиялық экспедицияның бұл олжасы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологиялық-этнографиялық орталығына қойылды.
Шұрайлы да, көрікті Жетісудың көркем де келісті бір бөлігі Есік аумағы. Әдетте, «Есік» дегенде біздің көз алдымызға төбесі көк тіреген таулар, Алатаудың көз моншағындай мөлдіреп жатқан Есік көлі мен Жасылкөл, сұлулығы көз суыратын Түрген шатқалы, жартасты жарып, таудан тулай аққан сарқырамалар келері сөзсіз. Әрине, сонымен қатар Есіктің ғана емес, байтақ Қазақ елінің атын әлемге әйгілеген, Отандық қана емес, әлемдік тарихқа жаңалық әкелген сақ ханзадасы – «Алтын адам» да ойға оралады. Жалпы, Жетісу өлкесі, соның ішінде Есік аумағы бүгінгі таңда Қазақстанда жаңа қарқын ала бастаған туризм саласының болашақ үлкен бір бұтақтарының бірі. Бұл маң тек табиғи туризмді ғана емес, сонымен қатар тарихи-мәдени туризмді де дамытуға аса қолайлы аймақ. Көрікті мекенде көненің көзіндей болып бізге жеткен әйгілі сақ қорғандары, тарихын тасқа қашап жазған бабаларымыздың сөзіндей болып аманат қалған тас бетіндегі суреттер, түп-тұқиянымыздың келелі кеңесі мен кемеңгер шешімдері өткен қала-жұрттары мен еңселі ордаларының орындары сынды қадіріне жете білсек қаншама ұрпаққа мақтаныш болар тарихи нысандар да көптеп саналады.Сол мұраларымызды жан-жақты зерттеп, зерделеп, көпшілікке таныстыру, оларды көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат ету, рухани байлығымыздың қадіріне жете білу үшін Елбасының қолдауымен қолға алынған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы аясында 2010 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы құрылды. Ежелгі сақтардың астанасы орналасқан жерден құрылған бұл мұражайдың атқаратын істері өте ауқымды. Орайы келгенде, бір жағы – тарихқа тағзым, екінші жағынан – құлақтанбаған халыққа белгілі болсын деген ниетпен ата мұрамыздың ғылыми, мәдени һәм танымдық зерттелу кезеңдері мен оны мәдени туризм мақсатында пайдалану жолындағы атқарылған жұмыстарды саты-сатысымен айта кеткен жөн болатын шығар.
Бірінші танымдық кезеңді (1937- 48 ж.ж.) шартты түрде «Есік обалары» деп атауға болатын сияқты. Алатаудың баурайындағы кең алқапта, негізінен Есік өзенінің батыс жағалауында тізбектеле қоныс тепкен, былайғы жұртқа жәй төбелер болып табылатын Есік обаларына белгілі ғалым А.Н. Бернштамның жетекшілігімен ҚазКСР ҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты ұйымдастырған Жетісу археологиялық экспедициясы зерттеу жүргізді.
Екінші «Есік қорымдары» (1969-85 ж.ж.) сатысы. Бұл кез әйгілі «Алтын адам» табылған, 1969-1970 жж. К. Ақышевтің жетекшілігімен жүргізілген «Жаңа құрылыс» археологиялық экспедициясының даңқты жылдары болып табылады. Бұл кезеңде Есік обаларының бұрын айтылып жүргендей Есік өзенінің батыс жағалауында ғана емес, шығыс жағалауында да бар екеніне көз жетті. Енді олардың ұзындығы бұрынғы 3 шақырымнан, 10 шақырымға, ені – 1,5 шақырымнан 3,5 шақырымға өсті. Аталмыш аумақтағы анықталған обалар саны 300-ге дейін жетті. Ал хронологиялық шегі туралы бұрынғы б.д. ХІ ғ. деген пікір б.д.д. Х-ІХ ғ.ғ. дейін шегерілді. Бұл кезеңде К.Ақышев, Ф.П. Григорьев, Б.Нұрмұханбетов сынды ғалымдардың еңбектері зор болды.
Үшінші саты (1985-2009 ж.ж.) – «Есік-Рахат археологиялық кешені» кезі. 1985-2009 ж.ж. аралығында Ә. Марғұлан атындағы Археология институты тарапынан ескерткіштердің тізімін жасау бойынша және «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы аясындағы археологиялық экспедиция жұмыстары жүргізілді. Бұл экспедицияның жетекшісі – К.М. Байпақов, отряд бастығы – С.Ахатов және Б. Нұрмұханбетовтар болды. Сонымен қатар, жетекшісі – Е. Омаров, отряд бастығы – Б. Нұрмұханбетов болып табылатын «Қайнар» университетінің археологиялық экспедициясын да айта кету керек. Бұл кезеңде археологиялық ландшафттың тағы да бір тарихи жаңа қыры ашылды. Жоғарыдағы жұмыстар нәтижесінде Есік қорымдарының оңтүстік жағында, тау етегінде ежелгі елді мекендер мен қала-жұрттардың орны табылды. «Рахат, Өрікті қала-жұрттары» аталатын, сақ патшаларының ордасы болған бұл ескерткіштер бабаларымыздың отырықшы мәдениетін айғақтайтын құнды жәдігерліктер болып табылады. Осы кезеңде, 1992 жылдың тамыз айында, белгілі археолог – Бекен Нұрмұханбетов ақсақалдың айтуынша, Елбасымыздың өзі осы өңірге келген сапарында, Есік аумағын «Сақтардың астанасы» деп бағалаған екен. Елбасымыздың сол бағасы бүгінде өз маңызын арттыра түспесе, кеміген емес.
Осы игілікті істердің сәтті жалғасы ретіндегі төртінші сатыны «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының құрылуы деп атасақ болатын шығар. Бұл сатының бұрынғы ғылыми мәнділігімен қоса, енді ата мұраларымызды музейлік, мәдени және туризмдік мақсатта пайдалану бағытына түскендігімен ерекшеленеді. Еліміздің ұлттық символдарының бірі болып табылатын осынау баға жетпес бірегей тарихи-мәдени мұраларын сақтап қалу үшін Елбасының қолдауымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында 2010 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы құрылды. Ордалы жұрттың орнындағы ұлы мұраларды сақтау мен насихаттау, келер ұрпаққа жеткізу сынды аманат арқалаған мұражай 2011 жылдың 10 маусымында ресми ашылып, осы салтанат аясында М.С. Әшімбаевтың төрағалық етуімен, елімізге белгілі ғалымдар мен бірқатар елағаларының қатысуымен, «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті.
“Мәдени мұра” бағдарламасы шеңберінде Есік қорық-мұражайын ашуға байланысты былтыр күзде Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, “Мәдени мұра” бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы келіп, Алтын адам табылған өңірде отырыс өткізіп, жер жағдайын өз көзімен көріп қайтқанын біліп, шынымды айтсам, аса қатты қуандым. Бұл мәселе, меніңше, әлдеқашан көтерілуі керек еді. “Мәдени мұра” бағдарламасына байланысты Президент Н.Ә.Назарбаев: “Тарихи ескерткіштерді жаңғырту жұмысы ерекше ыждаһаттылықты талап етеді. Бұл – құрылыс емес, ғылыми жұмыс… Ол жұмыстардың біткеннен кейінгі тағдыры қандай болмақ? Отырар сияқты ашық аспан астында ашық-шашық тастап кетеміз бе?”, – деп, қынжыла ескерткен болатын.
Президенттің бұл сөзінен, жасыратыны жоқ, бұған дейін жүргізілген археологиялық жұмыстарға көңілі толмайтыны айқын аңғарылады. Алайда Елбасының сол ескертпесін қатаң басшылыққа алған-алмағанымыз әлі белгісіз. Академик Досмұхамед Кішібеков: “1969 жылы Алматы облысының Есік қаласына жақын жерден бұдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген “Алтын адам” табылды. Бұл, әлем ғалымдарының пікірінше, Египеттегі Тутанхамоннан кейінгі екінші үлкен ғылыми жетістікке жататын жаңалық еді”, – дейді (“ЕҚ”. 31.10.07). Бірақ, өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін сол “екінші үлкен ғылыми жаңалыққа” лайық ұлттық шара жасай алған жоқ едік. Енді, міне, “Мәдени мұраның” шарапаты бұған да тиіп, ол шара екі жыл көлемінде жүзеге асатын болып жатса және газет: “Бұл істе әрбір ұсақ-түйекке дейін мән берілуі тиіс”, – деп, қамқор болып жатса, қалай қуанбассың!
Бірақ, соның жақсы бітуін де осы бастан жан-жақты ойластырған жөн. Ол үшін ең әуелі, меніңше, Президент айтқандай, мұның “құрылыс емес, ғылыми жұмыс” екенін есте ұстау қажет. Сондықтан, қорық-мұражайды салу жұмысымен қабат оның ғылыми-зерттеу жағын да тереңдетуге тиіспіз. Сонда ғана әлемдік мәні бар тарихи мұражайымызды өзгелерге лайықты дәрежеде танытып, өз деңгейінде дәріптей аламыз. Сол іске азды-көпті көмегі тие ме деген ниетпен бірер пікір айтпақпыз.
Президент “Мәдени мұраға” қатысты Отырарды мысалға келтірсе, мен Бесшатырды мысалға келтірмекпін. Алтын адам Іленің бір жағалауынан табылса, Бесшатыр келесі жағында жатыр. Қазір ғалымдар екеуін де сақ дәуірінің ескерткіші дейді. Бесшатырда ғалым К.Ақышевтың айтуынша, 26 шаршы километр жерді алып жатқан 31 оба бар. Соның он сегізін 1957-1961 жыл аралығында ғалым Кемал Ақышев қазып, зерттеген. “Бесшатыр қабірі өз заманында ағаштан салынған күрделі құрылыстардың бірінен саналған. Ол үш бөлімнен тұрады: дәліз, ауызғы бөлме, қабір”, – дей келіп ( “Ертедегі ескерткіштер елесі”. Алматы, 1976. 31-бет)., “Бесшатыр ескерткіші Іле аңғарын мекендеген сак-тиграхаудалар тобына жататын тайпалардың қасиетті герросы болғандығына (патшалары мен көсемдерін жерлейтін арнайы орын – Б.Н.) ешқандай дау жоқ”, – деп тұжырымдайды (Сонда, 38-бет). Алайда, ол обаларда зерттейтін қазір ешқандай кейіп те, зат та жоқ, тек ашық-шашық жатқан тастар мен топырақ қана қалған. К.Ақышев айтқан 6-обаның түбіндегі “жалпы жиынтығы 55 метр” жер асты жолын қазір ешкім көрсете де, түсіндіре де алмайды, өйткені ол арада обаның өңкиген сыртқы үйіндісінен өзге ештеңе де қалмаған. Ал студент кезінде сол Бесшатыр обаларын қазуға қатысқан, кейін Есік маңынан Алтын адамды тапқан Бекен Нұрмұханбетовтің диплом жұмысында сол 6-обаның ішкі жағын көрсететін фотосуреттер сақталған.
Ал енді өзі көрмеген, білмеген адам обаның ішкі құрылысын дәл осындай етіп қазір қалпына келтіре ала ма? Келтірген күнде де, көне бөренелерді қайдан табады? К.Ақышев бұл обаларды б.д.д.VІІ-V ғасырдан ертеректе салынған деп ұйғарады (Сонда, 43-бет). “Сақтардың тастан, топырақтан тұрғызылған кішігірім обаларының Іле аңғарындағы толып жатқан үйсіндердің обаларынан айырмашылығы жоқ”, – деп тұжырымдайды.
Осы тұжырым адамды терең ойға қалдырады. Біріншіден, бұл екі тайпаның обаларында неге айырмашылық болмайды? Оның себебі не? Екіншіден, сонда бұл обалардың қайсысы сақтікі, қайсысы үйсіндікі екенін қалай, қандай ғылыми жолмен ажыратамыз?
Біріншіден, Қытайдың “Тарихи жазбалары” мен “Ханнамада” сақтар аз айтылады да, күндер мен үйсіндер жайы біраз баяндалады. “Ханнаманың” соңғы аудармасында: “Үйсін елі ұлы күнбидің ордасы Чекүк ( бұған дейін “Шығу”, “Чигу” деп оқитын – Б.Н.) қаласында… Шығысы Ғұнмен, солтүстік батысы Қаңлы, батысы Дад-уан (бұған дейін “Даван”, “Дауан” деп оқитын, қазіргі Перғана – Б.Н.), оңтүстігі қала-мемлекеттермен іргелес. Бұл, тегінде, сақтардың ата қонысы еді, кейін ұлы нүкістер (бұрын “ұлы йуежы”, “ұлы йозы”, “ұлы йүзі” деп оқитын – Б.Н.) сақтарды талқандап, олардың ханын қуып жіберді. Сақтардың ханы оңтүстікке кетіп, Болор тауларынан әрі асып кеткен соң, бұл жерге ұлы нүкістер орын теуіп алды. Кейін кезек айналып, Үйсіннің күнбиі ұлы нүкістерді талқандады. Ұлы нүкістер батыстағы Бактрия еліне қарай жосып, Бактрия ханын бажағына айналдырды. Сонымен, Үйсін күнбиі ол жерлерді қайта басып қалды. Үйсіндердің арасында сақтар мен ұлы нүкістердің нәсілі болатындығының себебі, міне, осы”, – делініпті (“Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері”. “Ханнама. Батыс өңір” (2) тарауы. “Өнер” баспасы, 2006. 158-бет).
Осында тағы былай делінген: “Сақтар бытыраңқы қоныстанды да, бөлшектеніп, бірнеше мемлекет болып кетті” (сонда, 152, 153-бет).
Бұл оқиғалардың орын алып отырған уақыты – біздің дәуірімізге дейінгі заман. Демек, б.д.д. екінші ғасырдан бері бұл араны үйсіндер, ал оған дейін сақтар мен йүзілер, яғни нүкістер мекендеген.
Енді одан әрі тереңдеп көрелік. Қазақтың алты Арыстан тұратын халық екенін екінің бірі біледі десек, қателеспейміз. Тек, өкініштісі, сол Арыстың не қылған Арыс екенін екінің бірі біле бермейді. Білгісі келген кісіге ол соншалық қиын да емес. Себебі, кез келген шежіреші шалдан сұрасаң, Ақарыстан анау, Жанарыстан бәленше, Бекарыстан түгенше тарайды деп заулата жөнеледі. Ал оның дұрысы Ақ Арыс, Жан Арыс, Бек Арыс екеніне соны ата-бабасынан бері айтып келе жатқан шалдардың өзі де, оны естіген біз де мән бермей қайталап келеміз. Өйткені, қазақта ежелгі тарих та, деректі тарих та жоқ, бәрі аңыз деп, аузымызды қу шөппен сүртіп үйреніп кеткеміз. Және солай деп үйреткендер де молшылық. Ал енді Арыс жөнінде тарихи деректер не дейді?
Тарихи деректер Арыстың шын мәнінде тарихи тұлға екенін толық және еш күмән қалдырмай дәлелдейді. Тек “сақ” дегенді еуропалықтардың “скиф” дейтінін, ал кей ғалымның сақ пен скифті екі басқа тайпа деп санайтынын санада ұстаған жөн.
Түркі халықтарының түпкі тарихы жазылып қалған Қытайдан басқа тағы бір ел – Грекия. Олар негізінен сақ-скифтер туралы аса мол тарихи дерек қалдырған. Ондағы алдымен жүгінетініміз – “тарихтың атасы” деп әлем таныған Геродот. Ол былай дейді: “Скифтер де басқа халықтар тәрізді жатжерлік салт-дәстүрді қабылдамауға тырысады әрі олар өзге халықтардан гөрі эллиндер дәстүрінен барынша қашқақтайды. Бұл Анахарсис пен Скил тағдырынан анық байқалады. Анахарсис көптеген елді аралап, өзінің керемет ақылдылығымен көзге түсті. Қайтар жолда ол Геллеспонт арқылы жүзіп келе жатып, Кизикке тоқтайды. Нақ осы күні кизиктіктер Құдай-Ананың құрметіне салтанатты мереке өткізіп жатқан болатын. Анахарсис әйел құдайға, егер ол үйіне аман-есен жетсе, оның құрметіне кизиктіктерден көрген діни жоралардың бәрін жасап құрбандық беретіндігін және салтанатты мереке өткізетіндігін айтып ант береді. Скифияға келген соң Анахарсис құпия түрде Гилеяға барып (бұл жер Ахиллес ат ойнату алаңында орналасқан, әрқилы ағаш түрлеріне бай қалың орманды мекен), өзі Кизикте көрген діни жора салтанатын түгел жасайды… Мұны көріп қойған бір скиф дереу Савлий патшаға жеткізді. Осы жерге келіп, Анахарсистің не істеп жүргенін көзімен көрген патша оны садақпен атып өлтірді… Анахарсис скиф патшасы Иданфирстің немере ағасы, Гнурдың ұлы, Ликтің немересі, Спаргапифтің шөбересі болған. Егерде Анахарсис шынында осы патшаның әулетінен шыққан болса, оны туған ағасының өлтіргендігін бәрі біліп қойсын. Өйткені, Иданфирс Савлийдің ұлы, ал Анахарсисті Савлий өлтірген (“Қазақ тарихынан”. Геродот. Алматы, 2004. 108-бет).
“Скиф немесе жат жердегі дос” атты шығармасында Лукиан былай дейді: “Скифиядан Афиныға эллин мәдениетін аңсап келген алғашқы адам Анахарсис емес, одан бұрын келген Токсарид ақылды әрі әдемілікті ұнататын, ең жақсы мінез-құлық пен әдеп-ғұрыпты үйренуге құштар жан болатын. Өз отанында Токсарид киіз қалпақты “мұрақтылар” атты патша руынан емес, қарапайым халықтан, яғни екі өгізі мен киіз үйі ғана бар адамдар қатарынан шыққан. Бұл Токсарид аяғында Скифияға қайтып орала алмай, Афиныда өлді” (“Қазақ тарихынан”. Лукиан “Таңдамалы” кітабынан. Алматы, 2004. 133-бет). Лукиан одан ары былай дейді: “Жат жерге келген әрі өзі варвар Анахарсис, әрине, алғашқы кезде ештеңеге түсінбегендіктен,.. не істерін білмеді: …өз тілін түсінетін ешкімді кездестіре алмай, енді тек Афиныны бір көріп шығып, кемеге қайта мініп, Боспорға кері жүзіп кетуге, одан әрі онша алыс емес Скифиясына, үйіне оралуға нық шешім қабылдаған болатын. Осындай жағдайда жүрген Анахарсис кенет қаланың “құмырашылар” бөлігінде, нақ бір қолтығынан демеуге келген құдайдай, осы Токсаридке тап келеді. Токсаридті ең алдымен өзінің отандық пішіміндегі киім елең еткізді; содан кейін әрине, ол Анахарсистің өзін таныды, өйткені ол текті әулеттен шыққан және атағы жер жарған скиф болатын” (сонда, 134-бет). “Токсарид Анахарсиске скифше былай деп тіл қатты:
– Жаңылмасам, сен Даукет ұлы Анахарсис боларсың?..
– Ал сен, бейтаныс жан, мені қайдан білесің?
– Мен де сол өңірден шыққанмын, – деп жауап берді ол, – менің атым Токсарид. Алайда сен танитындай текті тұқымнан емеспін.
– Неге білмеймін, мен Токсарид туралы естігенмін, – деді Анахарсис… – Ендеше, біліп қой, – деді Анахарсис, – мен сені ұстаз тұтып, сенің Грекияға деген құштарлығыңнан от алып, оны көруге құмарттым” (сонда, 135-бет).
Ал Диоген Лаэртский “Атақты философтардың өмірі, ілімдері мен нақыл сөздері туралы” кітабының “Анахарсис” деген тарауында былай депті: “Анахарсис – скиф, Гнурдың ұлы және скиф патшасы Кадуидің бауыры, анасы жағынан эллин, сондықтан екі тілді біледі. Ол скифтер мен эллиндердің қарапайым тұрмыстағы және соғыс кезіндегі салты туралы 800 жол өлең жазған. Жат жерді кезген Анахарсис скифтерге оралды, туғандарын эллинше өмір сүруге үйретпек боп,.. алайда дегеніне жете алмай, қауырсын жебеден ажал тауып, өзі өлсе де, сөзі қалды мәңгілік” (сонда,168-бет). “Кеме табанындағы тақтай қалыңдығы төрт-ақ елі екенін естігенде, ол: “Кемедегілер мен өлімнің арасы төрт-ақ елі”, – депті… Тірілер мен өлілердің қайсысы көп деген сұраққа ол: “Теңізде жүзіп жүргендерді қай жағына қосамыз?” – деп, қарсы сұрақпен жауап қайтарыпты” (сонда, 169-бет).
Достарыңызбен бөлісу: |