Шаруашылық маңызы. Вейрих тараны жоғары өнімді, өсуіне ерекше жағдайларды көп қажет етпейтін сүрлемдік өсімдік. Сүрлемдік массасын жаздың басында қалыптастыратын шаруашылыққа ыңғайлы мал азықтық өсімдікке жатады. Оны екінші рет күзге таман оруға болады. Ол көпжылдық өсімдік те бір жерде 10 жылға дейін өсіп өнімін төмендетпейді.
Көк балаусасын көбінесе шошқаға, қой-ешкілерге және аздап құстарға береді. Ірі қараға көк балаусасын ұсақтап басқа мал азықтарына араластырып береді. Вейрих таранының көк балаусасында протеиннің мөлшері (14-16%) жоғары, витаминдер, күл элементтері көптеп кездеседі де, клетчатка біршама аз болады (22-26%). 100 кг көк балаусасының қоректілігі 11-16 азықтық өлшемге және 2,4 қорытылатын протеинге тең. Құрамында қанттың мөлшерінің жеткілікті (7,4-9,0%) болуына байланысты ол жақсы сүрленеді. Бірақта, сапалы сүрлем оны аю балдырғанымен, жүгерімен, немесе күнбағыспен қосып сүрлемге салғанда алынады. Сүрлемнің құрамы мынадай көрсеткіштерден тұрады: су-82,4%, протеин-3,0, белок-2,7, май-0,4, клетчатка-3,4, күл-1,5 және азотсыз экстраактивті зат- 9,3%. 100 кг сүрлемінде 15,7 азоттық өлшем және 2,0 кг қорытылатын протеин бар. Бір азықтық өлшемге 128 г қорытылатын протеин келеді. Белогінде көптеген ауыстырылмайтын және жартылай ауыстыруға болатын аминқышқылдарының мөлшері белоктің үштен бірінен жартысына дейінгі бөлігін құрайды. Көк балаусасының құрамында лизин, аргинин және триптофан, аскорбин қышқылы, каротин көптеп кездеседі. 1 кг көк балаусасында 10-15 мг каротин, 140-280 мг С витамині, 2-2,8 мг рутин болады. Вейрих таранының гүлденген кезінде құрамында темір, марганец, цинк, кобальт және иод біршама көп кездеседі.
Вейрих таранының тұқымымен өсірілген егістігін екінші жылдан бастап сүрлем салуға пайдаланады. Ал көшеттермен отырғызылған егістігін сол жылы күзде пайдалана бастайды. Бірақта көшетпен отырғызылған егістігі де екінші жылдан бастап жоғары өнім бере бастайды. Вейрих таранын жылына бір рет қана шабу тиімді, өйткені оны екі рет орған кезде келесі жылы өнімі төмендеп кетуі мүмкін. Зерттелген аймақтарында Вейрих таранының көк балаусасының өнімі гектарына 150 центнерден 725 ц дейін болды. Тұқымының өнімі гектарына 3,0-5,0 ц дейін жетті, орташа өнімі-1,0-2,0 ц/га аралығында.
Достарыңызбен бөлісу: |