Ноқат (Нут, Cіces arіetіnyt). Шаруашылық маңызы және таралуы. Ноқат біржылдық дәнді бұршақ тұқымдастарына жататын өсімдік. Ноқат азық-түліктік және мал азықтық дақыл ретінде өсіріледі. Көбінесе оның тұқымын алу үшін өсіреді. Оның дәнінде 19% белок, 4-7% май, 48-56% азотсыз экстрактивті зат болады, оны құрама жем ретінде мал азығыныа пайдаланады. Ноқаттың ашық түсті сорттары азық-түлікке, ал қоңыр тұқымдары- мал азығына пайдаланылады. Ноқаттың көк балаусасын мал (қойдан басқасы) онша жемейді, өйткені оның өсімдіктерінің құрамында қымыздық және алма қышқылдары болады. Ноқаттың 100 кг дәнінде 115,3 а.ө. және 16,5 кг қорытылатын протеин, 100 кг пішенінде - 57,2 а.ө. және 9,8 кг қорытылатын протеин болады.
Ноқаттың ұсақ тұқымды түрлерінің отаны кіші Азия, ірі дәнді түрлерінің отаны жерорта теңізі маңайы болып есептеледі. Осы жерлерде ноқатты ерте заманнан өсіріп келген. Дүние жүзінде ноқат 10 млн. гектарға себіледі де оның 8 млн. гектардайы Азия елдерінде себіледі. Ноқаттың аздаған көлемі балқан түбегіндегі елдерде, Францияның оңтүстігінде, Испанияда, Мексикада себіледі. Және де ноқат ерте заманнан Орта Азияда, Сырт Кавказда себіліп тамаққа, мал азығына пайдаланылып келген (3-сурет). Ноқат Қазақстанда көптен бері аздап өсіріліп келеді. Оны Ақмола облысының жергілікті тұрғындары өздерінің бақшаларында өсіре бастаған (Ю.Кравченко, 1935). Ноқат құрғақшылық аймақтарда басқа дәнді бұршақ тұқымдастарына қарағанда жақсы өсіп жоғары өнім береді. Оның дәнінің өнімі әр гектардан 11-35 ц дейін жетеді.