Секция жұмысының мазмұны. Секция мұғалімнің және дене тәрбиесі кеңесі мен мұғалімдердің басшылығымен өз бетінше жұмыс істейтін оқушылардың қоғамдық ұжымы болып табылады. Секцияның барлық ұйымдастыру және ішкі жұмыстарын мұғалімнің басшылық етуімен негізінен оқушылар күшімен шешілетіндей етіп ұйымдастыру керек. Секцияның бюросы төмендегідей жұмыстарды жүргізеді: секциялардағы топтар мен командалардың жүйелі сабақтарын кесте бойынша дәл уақытында өтуін бақылай отырып және сабақ кезінде қажетті тәртіп пен реттілік сақталатындай етіп ұйымдастырады. Секция ұжым кеңесінің және мұғалімнің басшылығымен секция мүшелерін жарыстарға тиянақты түрде даярлауды қамтамасыз ете отырып, мектепішілік және мектептен тыс жарыстарға топтар мен командалардын қатысуын ұйымдастырады; оқушылардың, секция мүшелерінің спортқа деген қызығушылығын, жауапкершілік, жолдастық сезімдерін және мектеп дене тәрбиесі ұжымына деген мақтаныш сезімін қалыптастыра отырып, олармен тәрбие жұмыстарын жүргізеді.
Секция спорттың сол түрімен айналысатын оқушыларды Президент сынамаларының нормативтерін тапсыруға дайындайды, Президент сынамаларын тапсыру барысының есебін жүргізеді және бұл жұмысты барлық жағынан қолдап, насихаттайды. Секция жаттығушылардың спорттағы жетістіктерін есепке алып отырады және осы есепті әрбір оқушыға жеткізеді. Ол үшін спорттың сол түрі бойынша секцияның және мектептің рекордтары кестеге түсіріліп, көрнекі орынға ілінеді. Секция мектеп дирекциясы және дене тәрбиесі кеңесі өткізетін көпшіліктік шараларға қатысады, оқушылар өз өнерлерін көрсетуді, ашық сабақтарды, секциядағы спорт түрі бойынша барлық оқушыларға арналған тиісті жұмыстарды ұйымдастырады. Секция спорттың сол түрінен Президенттік сынамаларды тапсыру және оған дайындалуға білдірген оқушылардан арнайы топтар ұйымдастырады. Бұл топқа қатысқысы келген оқушылардың барлығы да қабылданып, оларға сабақ өткізетін қоғамдық нұсқаушыларды белгілеп, бөледі. Дәл осылай етіп жеңіл атлетика секциясы секіру, лақтыру және жүгіруден Президенттік сынамаларды тапсыруға тілек білдірген топтар ұйымдастырылады. Мұндай топтарды тікелей сыныптар бойынша ұйымдастырған тіпті қолайлы.