Икемділікті дамытудың амалдары мен әдістері
Икемділікті дамытудың негізгі амалы – созылу, керілу жаттығулары. Ол жаттығулар мынандай түрлерде орындалады: қарпайым созылу, серіппелі созылу, сермеу, дене қалпын ұстау, сыртқы көмектің әсерімен созылу т.с.с. Икемділік жаттығуларын бой қыздырудан кейін сабақтың барлық бөлімдеріне кіргізуге болады. Икемділік жаттығуларын орындағанда нақтылы міндет қою қажет, мәселен белгілі затты алу немесе бір затқа дене мүшелерін тигізу т.с.с. Мысалы, алға-төмен еңкею, омыртқа жүйесін созу жаттығуын орындаудың басында қолдың ұшын жерге тигізу, алақанды тигізу, шынтақты тигізу кезекпенен, бар мүмкіншілікпен әрекеті, созыла орындалады. Созылу жаттығуларын амплитуда орындау шегіне жеткізе, яғни буындарда жеңіл ауырту сезімдерін сезінгенше орындау қажет. Созылу жаттығулары тізбегінен кейін босаңсыту жаттығулары орындалады.
Буындардың жылжымалылығын арттыру үшін күнделікті жаттығулар жасау керек. Икемділік жаттығулары арасындағы 2-3 апта үзіліс оның дамуына кері әсері туғызады. Икемділікті дамытудың негізгі жолы – қайталау әдісі. Жаттығуларды рет-ретімен мойын, қол буындарына, кеуденің омыртқа белдеулеріне, аяқ буындарына арнап орындау қажет. Икемділік жаттығуларын қайталау мөлшері әр түрлі. Бел-жамбас буынының иілу және жазылу жаттығуларындағы амплитуданың қозғалу шегі 7-10 жастағы оқушыларда 20-30 рет, 11-14 жастағыларда 30-40 рет, 15 жастағыларда 45 рет қайталағаннан кейін жетіледі. Одан әрі қарай амплитуда қозғалысы азаяды, жаттығуды тоқтатқан дұрыс.
Жас ерекшеліктеріне байланысты икемділікті дамыту
Икемділікті дамытқанда жас ерекшеліктері үлкен рөл атқарады. Бастауыш сынып оқушыларының буын жылжымалылығын дамыту жоғары сынып оқушыларына қарағанда оңай. Сондықтан да бастауыш сыныптарда оны дамытып, жоғары сыныптарда сол дамыған деңгейде сақтап қалу міндеті тұрады.
15-20 жастан кейін жас ерекшеліктеріне байланысты қозғалыс амплитудасы азаяды. Енжар икемділіктің көбеюі 9-10 жаста, белсенді 10-14 жаста байқалады. 15-17 жас – икемділікті жетілдірудің ең соңғы межесі. Қыз балалардың буындарындағы қозғалмалық ер балаларға қарағанда 20-30 % көп, сондықтан жүктемені оларға көбірек беруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |