Дене тәрбиесі пәні мұғалімдеріне арналған әдістемелік ұсыныстар


ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ЖӘНЕ СПОРТ ІЛІМІНІҢ ЖАЛПЫ НЕГІЗДЕРІ



бет19/130
Дата21.11.2023
өлшемі1,61 Mb.
#192484
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   130
Байланысты:
Смсамааассс

ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ЖӘНЕ СПОРТ ІЛІМІНІҢ ЖАЛПЫ НЕГІЗДЕРІ


1. ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ІЛІМІНІҢ ТҮРЛЕРІ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРІ


1.1. Дене тәрбиесі, оның бөлімдері

Дене тәрбиесі және спорттың ілімі мен әдістемесі пәнінің әлеуметтік орнын анықтау алдында біз одан да кең ұғымдарды зерттеп білуіміз қажет. Ол «дене тәрбиесі» деген ұғым.


Дене тәрбиесі – жалпы мәдениеттің бір саласы. Адамзат баласы жаратылғаннан бастап рухани дами келе, осы мәдениет салаларын өз қолымен жасап келе жатыр. Ал адамзат баласын, табиғатты, тау, өзен, көлдерді, жан-жануарларды Ұлы күш, Ұлы ақыл иесі жаратты. Адамзат баласына сана берді. Санасы, жаны, рухани жетілуі себепті адамзат баласы үйлер, сарайлар, керемет архитектуралары бар қалалар салды. Ғылымды игерді, космосқа ұшты, техниканы, экономиканы дамытты. Осының бәрін Адам өз қолымен жасаса, сол адамды мәдениеттендіріп, денесіне, санасына әсер етіп тұрған – дене тәрбиесі. Адамның денесін, бүкіл ағзасын жаттықтыратын, шынықтыратын, денсаулығын нығайтатын, қимыл-әрекетін әдемілендіретін, кеңістікте дұрыс, үйлесімді қозғалуға үйрететін, дене қуатын жетілдіріп, жоғарғы спорттық көрсеткіштерге жеткізетін - дене тәрбиесі. Адам мәдениеттің барлық салаларын қолдан жасаса, оның денесіне, ағзасына әсер етіп, оны осы салаларды өркендетуіне мүмкіншілік, қуат, күш, денсаулық беріп отырған дене тәрбиесі болып табылады.
Дене тәрбиесі – адамдардың дене, мүсін сұлулығын, қимыл-қозғалыс үйлесімділігін, әдемілігін, дене қуатын жетілдіруге қолданылатын мемлекеттің, қоғамның материалдық және рухани байлығын құрайтын, халықтың жалпы мәдениетінің бір саласы. Материалдық байлықтар – спорт сарайлары, стадиондар, бассейндер, спорт залдары, түрлі спорттық ғимараттар, құрал- жабдықтар. Рухани байлықтар – дене тәрбиесі мен спорт саласындағы арнаулы білім, ғылыми-зерттеулер, озық тәжірибелер, әдістемелер, идеялар. Дене тәрбиесінің бағыттары – негізгі дене тәрбиесі, спорт, сауықтыру, қолданбалы дене тәрбиесі, жеке басылық дене тәрбиесі.
Негізгі дене тәрбиесінің міндеттері - біріншіден, адамдардың өмірге керек қимылының ептілігі мен дағдысын қалыптастыру, дене қасиеттерінің деңгейін дамыту; екіншіден, осы жинақтаған қасиеттерді (базаны, негізді) адамдардың қалап алған мамандықтарына (кәсіптік, спорттық т.б.) қолдану. Негізгі дене тәрбиесі жалпы білім беретін мектептерде, колледждерде, жоғарғы оқу орындарында, оқу-тәрбие мекемелеріндегі дене тәрбиесі сабақтарында, әр түрлі жаттықтыру түрлерінде жүргізіледі. Ол еліміздегі ересек адамдардың дене дайындығы деңгейін арттыруға, денсаулықтарын нығайтуға, жұмысқа ынтасын, төзімділігін дамытуға көмектеседі.
Дене тәрбиесінің бір саласы - спорт, бұл түрлі жаттығулардың көмегімен жоғары жетістіктерге қол жеткізуге бағытталған өнер түрі. Ол адамның психикасының, дене қуатының жетілуін қамтамасыз етеді. Спорттық әрекеттің негізгі мақсаты – спорттың бір түрінен биік жетістіктерге жету, сол арқылы адамның қабілетін, жақсы қасиеттерін дамыту.
Қолданбалы дене тәрбиесі кәсіптік және әскери деп екіге бөлінеді. Ол өмірге, келешек мамандыққа өте қажет кешенді қимыл-әрекеттерді игеру, дене тәрбиесі арқылы өз мамандықтарын (әскери де, азаматтық та) жақсы меңгеру, терең түсінуге бағытталады.
Сауықтыру дене тәрбиесі емдеу және денсаулықты нығайту дене тәрбиесі деп бөлінеді. Емдік дене тәрбиесінің мақсаты - адам ағзасы мүшелерінің ауырып, уақытша жоғалтып алған қызметтік мүмкіншіліктерін дене жаттығулары арқылы қалпына келтіру. Емдік дене тәрбиесі кабинеттері еліміздің емханаларында, ауруханаларында, спорттық, дәрігерлік мекемелерде жұмыс істейді. Дене тәрбиесі – денсаулықты нығайтуға, жаттығушылар ағзасының жұмыс істеу қабілетін арттыруға қызмет етеді. Сабақ арасында, жұмыста (сергектік сәттері, өндірістік гимнастика, дене жаттығулары), күнделікті тұрмыста (таңертеңгі бой жазу, өз бетімен жаттығу сабақтары, серуендеу, саяхат, жорық т.б.) қолданылады.
Жеке басылық дене тәрбиесі – адамның өз басының, дене тәрбиесі және спорт жаттығуларын, оның керектігін, мәнін, мағынасын түсініп, өзіне, маңайындағы адамдарға үйрете бастауы, оның осы салада білім, хабар көздерін іздеп, ол білімді өзінің, айналасындағы адамдардың денсаулықтарын нығайтуға, спорт түрлерінің қозғалыстарын үйретуге, өмірге қажет қимыл шеберлігі мен дағдысын қалыптастыруға қолдануы.
1.2. Дене тәрбиесінің қызметтері

Дене тәрбиесі қызметтерін арнайы және жалпы дене тәрбиесі қызметтері деп екіге бөледі.


Арнайы дене тәрбиесі қызметтері:
- білімділік қызметі – қимыл-әрекетке үйрету арқылы, қимылдың ептілігі мен дағдысын қалыптастыру, дене тәрбиесі саласында теориялық білім беру;
- қолданбалы қызмет – келешек жұмысқа дайындау үшін қолданылатын арнаулы дене тәрбиесінің жүйесі;
- сауықтыру қызметі – дене тәрбиесі жаттығуларын қолдану арқылы белсенді демалысты ұйымдастыру, адам ағзасының ауырып уақытша жоғалтқан қызметтік мүмкіншіліктерін қалпына келтіру, денсаулықтарын нығайту.
Жалпы дене тәрбиесі қызметтері:
- нормативтік қызмет – адамның қимыл-әрекетін тиімді мөлшерлеуге үйрету бағдарламасы, Президенттік сынамалар және спорт классификациясы нормаларынан тұрады.
Жалпы білім беретін мектептердің, колледждердің, институттардың, университеттердің дене тәрбиесі бағдарламаларында әрбір сынып оқушыларына, әрбір курс студенттеріне арналған дене дайындығы деңгейін анықтайтын, бағалайтын сынақ нормалары бар.
Президенттік сынамаларға бүкіл Қазақстан мемлекетінің 12 жастан бастап егде жастағы адамдарға дейін арналған сынақ нормалары кіргізілген. Президенттік сынама нормаларын тапсыру арқылы Қазақстан Үкіметі халықтың жер-жерлердегі дене дайындығы деңгейін біліп отырады. Оның Отан қорғау және еңбек етуге адамдарды дайындауға үлкен әсері бар.
Спорттық классификация нормалары арқылы мемлекетімізде спорт түрлерінен разрядтар, атақтар беріледі.
1. Эстетикалық қызметі - адамның әсемдікке деген құштарлығын дене сымбаттылығы, әсем қимыл-қозғалыс арқылы қанағаттандыруы. Адамдар осы эстетикалық құштарлықтарын қанағаттандыру үшін спортпен шұғылданады, жарыстарды көруге барады. Дене сымбаттылығы, сұлулығын, әсем, әдемі қимыл-қозғалысты көру үшін атлетикалық, көркем, спорттық гимнастика, культуристер, конькимен мәнерлеп сырғанау және т.б. жарыстарды көреді.
2. Хабарлау қызметі - адамның денсаулығын сақтау, нығайту жолдарын, спорттық шеберлікті жетілдіру жолдарын, әр түрлі жарыстар өтілуін ақпараттық құралдар (газет-жорнал, теледидар, радио) арқылы халыққа хабарлау, тарату.
3. Қарым-қатынас қызметі – адамдардың бір-бірімен араласуы, өзара түсінісу жолдары. Спорт жаттығулары, дене тәрбиесі сабақтары, жарыстар адамдарды таныстырады, араластырады. Спортшының спорттық дәрежесі артқан сайын оның адамдармен араласу кеңістігі кеңи береді (аудан, облыс, республика, шетел).
4. Тәрбиелік қызметі – адамның адамгершілік, зейінділік, еңбек сүйгіштік, шыдамдылық, батылдылық, патриоттық қасиеттерін қалыптастырады.
Дене тәрбиесінің бағыттары, түрлері мен қызметтерінің тұжырымдалған жүйесінің тек танымдық қана емес, тәжірибелік маңызы зор. Ол көптеген әр түрлі қоғамдық ұйымдардың, жеке адамдардың талабын қанағаттандыруға бағытталған. Дене тәрбиесінің мүмкіншіліктерін, оны қолдану жолдарын, амалдарын, әдістемелерін көрсетеді, оларды дене тәрбиесі мен спорт тәжірибесінде қалай қолдану керек екендігін түсіндіреді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   130




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет