10.5.1. Кәсіби-қолданбалы дене тәрбиесі сабақтарын
ұйымдастыру әдістемесі
Кәсіби-қолданбалы дене тәрбиесі сабақтарын ұйымдастыру әдістемесін қолдануды үйрету кезінде біз бір ғана кәсіптік мамандық иелерін дайындау әдістемесін мысал ретінде алуды ұйғардық. Ол мамандық – темір жону мамандығы. Темір жону, темірден әр түрлі қажет бөлшек-бұйымдар жасау, үстел үстінде орнатылған әр түрлі токарлық, фрезерлік, темір тесетін, кесетін, жонатын станоктарда орындалады. Осы мамандықтардың негізгі ортақ белгілері: дене қалыптары мен тұрыстары және адам ағзасына қойылатын ортақ талаптардың ұқсастықтары. Темірмен жұмыс істейтін жұмысшы темірден жонып, күрделі, әр түрлі формалы зат шығару үшін қолмен дәл және үйлесімді әрекет істеуі керек. Сапалы бөлшек шығару үшін өз ықыласын бір жерге шоғырландыруы қажет, осы мамандық иелерінің дене қуаты нашар дамығандарында мынандай кәсіптік аурулар көп кездеседі. Олар: тұлғаның, мүсіннің қисаюлары, табан жалпақтығы, қан айналу жүйесінің бұзылуы.
Болашақ темір жону мамандығы жұмысшыларын даярлау кезінде біз мынандай міндеттерді орындауымыз керек:
иық деңгейі, дене, арқа бұлшық еттері күшін дамыту;
- тік, түзу тұра білу, қолмен үйлесімді жұмыс істей білу және қол төзімділігін дамыту;
ықылас қою және зейінді шоғырландыра білу қасиеттерін дамыту;
кәсіптік ауруларды болдырмайтын әдеттерге тәрбиелеу.
Жаттығуларды көп рет қайталау арқылы жалпы төзімділікті дамытамыз. Ол үшін әр түрлі спорт түрлерінің жаттығуларын қолданамыз. Ол спорт түрлерінің жаттығулары: 500,1000, 1500, 2000 метрлерге жүгірулер; кедергі қойылған жолдармен жүгіру; спорт ойындары (регби, баскетбол, футбол, хоккей); шаңғы спорты; суда жүзу; эстафеталар; туризм; конькимен жүгіру.
Тік, түзу тұра білу, статикалық төзімділік, иық деңгейі, дене, арқа бұлшық еттері күшін дамыту мынандай жаттығулар арқылы орындалады: көп рет секірулер, әр түрлі қалыпта секірулер (оң, сол аяқ, отырып, тұрып, басқа түрінде, салмақты оң сол аяқтарға ауыстыра секірулер т.с.с.).
Зейін салу және ықыласты шоғырландыра білу, нерв үрдістері жылжымалылығын дамыту үшін дыбыс және көру белгілері бойынша басталатын мынандай жаттығулар орындалады: ысқырық белгісімен еденнен тіреле жатып итерілу; 20 метрге үдей жүгіру; жалауша сермелген кезде тез отырып, тұру; 10 метрге үдете жүгіру; 3 метр қашықтықтан теннис добын бір-біріне лақтыру (лақтырылған доптан оңға, солға, еңкейе, отыра қалып, шегіне жалтарулар); допты тез алып жүру жаттығуларымен берілетін эстафеталар; қозғалмалы ойын «доп өз адамыңа»; екі доппен баскетбол ойынын ойнау.
Қозғалыстың дәлдігі мен үйлесімділігін, кеңістікті бағдарлау, бұлшық ет күшін бағыттай білуді дамыту үшін мынандай жаттығулар беріледі: қабырғаға лақтырылған теннис добын біресе оң, біресе сол қолдармен қағып алу; қарама-қарсы тұрып баскетбол добын әр түрлі қалыптарда лақтырып, қағып алу (екі қолмен желкеден, жерге соғып, екі қолмен кеудеден, оң және сол қолмен); баскетбол добын шығыршыққа, нысанаға көздеп лақтыру; әр түрлі көлемдегі доптармен жаттығулар орындау; допты көзді жұмып алып жүру; алдыға аунап түсіп допты қағып алу; екі допты алма-кезек жоғары лақтырып, қағып алу; эспандерлармен жаттығулар; қозғалмалы ойындар («өз туыңа», «өз затыңа» жүгіру); шаңғымен таяқтарға күш сала тіреліп, итеріліп жүру.
Денені кеңістікте басқаруды және ерік күшін тәрбиелейтін жаттығулар: қолдарды желкеде ұстап, аяқтың ұшымен, өкшемен, оң жақ, сол жақ қырымен жүру; етпеттеп жатып, басты жоғары көтеріп шалқаю; ағаш аттың үстінен ауада аунап түсе секіру; бір арқаннан екінші арқанға ауыса өрмелеу; биік жерде тұрып, төмен секіру; 30-40 см биіктіктегі кедергіден ұзындыққа секіре аунап түсу; жекпе-жек жаттығулары; теннис добын бір-біріне лақтырулар.
Біз бір ғана мамандық иелеріне арналған кәсіптік-қолданбалы дене жаттығулары және ол мамандыққа қажет қасиеттерді қалыптастыру, кәсіптік қолданбалы дене тәрбиесі әдістемесін ұйымдастыру туралы сөз қозғамақпыз. 12 жылдық оқыту үрдісі кезіндегі соңғы екі жылда әр мектеп өз мүмкіншіліктері бойынша таңдап алған кәсіптік түрлеріне оқушыларды даярлайды. Сол кезде кәсіптік-қолданбалы дене тәрбиесін дұрыс ұйымдастыру, негізгі керек қозғалыс әрекеттерді, дене қасиеттерін дәл анықтау, соларды дамытуға қажет дене жаттығуларын тиянақты, сауатты іріктеу, ұйымдастыру әдістемесін жақсы білудің маңызы зор.
Достарыңызбен бөлісу: |