«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» – деп Сократ айтқандай Егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойылып отыр. Соның ішінде болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай білім мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттердің бірі. Қазіргі кезде білім берудің жаңа жүйесінің жасалынуы, білім мазмұны мен әдіс-тәсілдерінің жаңаруы бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді.
Мектепте дене тәрбиесі-пәнін оқытудың басты мақсаты оқушының дара қабілеттерін айқындауға, өздігінен жетілуіне ықпал етуге бағытталған оның тән мәдениетін қалыптастыру, жалпы дамытушы бағыттағы дене жаттығуларымен қаруландыру.
Дене тәрбиесі пәнін оқытудың басты міндеттері:
дене жаттығуларымен шұғылданудың мәдени-тарихи, физиологиялық негіздері туралы оқушылардың білімдерін қалыптыстыру;
саналы түрде қимыл-қозғалыстар орындауға, оларды дене мүшелеріне нақтылы ықпал ету жолдарына үйрету;
таныс жаттығуларды күрделендіріп, жаңа жаттығуларды үйрету арқылы қимыл-қозғалыс тәжірибесін жинақтап, қимыл әрекетін дамыту;
дене жаттығуларын орындау біліктілігін арттыру арқылы дене бітімін қалыптастырып, қимыл-қозғалыс мәдениетін, қабілеттерін жетілдіру;
дене жаттығуларымен өз беттерімен шұғылдануға жағдай жасап, ұйымдастырушылық біліктілігін қалыптастыру.
Дене шынықтыру пәнінің көпқызметтік санаттары төмендегідей құрамды бөліктерден тұрады: қимыл-қозғалыс реакциясы; дене тәрбиесі; спорт.
Қимыл-қозғалыс рекреациясы - экологияның адам ағзасына жайсыз әсерінің алдын алу құралы ретіндегі әр түрлі физикалық жаттығулар және ол әсерлердің зардаптарын болдырмау, жаңа әлеуметтік жағдайларға бейімделу. Дене тәрбиесі: жалпы дамытушылық бағыттағы дене тәрбиесі әрекетін оқушылардың меңгеруі арқылы дене тәрбиесі мәдениетін қалыптастыру. Дене шынықтыру әрекеті әлеуметтік тәжірибеге негіз-деледі, оның құрамына білім, қимыл әрекеттері тәсілдері және қажеттіліктер енеді [1, б.83].
Бастауыш мектеп оқушыларының дене тәрбиесі мәдениетін қалыптастыратын дайындықтың басым түрлері: теориялық (ғылыми түсініктер), дене тәрбиесі саласындағы зандылықтар туралы мәліметтер; практикалық (жеке дара қимыл-қозғалыстық қабілеттілік қалыптастыру); қимыл-қозғалыс әрекеттері тәсілдерінің қалыптасуы; қимыл-қозғалыс сапаларының дамуы.
Дене тәрбиесі пәнінің мазмұны негізгі мектептегі "Дене тәрбиесі" пәнінің мазмұны негізінде дамытылады. Дене тәрбиесі пәні дене тәрбиесі білім саласына енеді.
Дене тәрбиесі пәні базистік оқу жоспарында мектептің бастауыш сатысында міндетті түрде оқытылатын пән ретінде берілген. Дене тәрбиесі пәні бойынша оқу бағдарламаларының түрлері дене шынықтыру пәні білім берудің негізгі бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Дене тәрбиесі пәнінен білім беру бағдарламасының мазмұны мына бөлімдерді қамтиды:
1. Дене және спорт жаттығуларының негізгі түрлері.
2. Сауықтыру мен салауатты өмір сүру жолдары.
3. Дене бітімін дұрыс қалыптастыру, қимыл-қозғалыс қабілеттіліктерін жетілдіру.
4. Әлеуметтік, материалдық және арнаулы жағдайлар.
Дене тәрбиесінің теориясы - дене тәрбиесі ілімі мен әдістемесінің қоғамда алатын орнын зерттейді. Дене тәрбиесінің әдістемесі - дене тәрбиесінің ерекшеліктерін, зандылықтарын белгілеп, талдайды. Спорттық жаттықтыру-оны өткізу әдістемесін, мерзімі мен кезеңдерін, артықшылықтарын айқындайды. Бұл дене тәрбиесі маманының кәсіптік деңгейін көрсетеді. Ғылыми мәні мен тәжірибе нәтижелерін жинақтай отырып, бұл ілім адамның дене тәрбиесі үрдісінің заңдылықтарын ашып береді.
Қазіргі дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесінің негізгі көздері мыналар: оқушыларды Отан қорғау ісіне, еңбек етуге қабілетті, денсаулығы мықты оқушыларды тәрбиелеу. Теориялық, әдістемелік жаңалықтар іс жүзіндегі тәжірибе жұмыстарымен тексеріледі. Дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесін байыту. Еліміздегі дене мәдениетінің орны және оны дамытуға байланысты "Қазақстан - 2030" даму стратегиясын жүзеге асыру шаралары. "Қазақстан Республикасы бұқаралық спортты дамыту жөніндегі шұғыл шаралар". Дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесінің, сондай-ақ басқа ілімдер көлеміндегі ғылыми зерттеулердің нәтижелері [2, б.32].
Дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесі педагогика, психология, социология, физиология, анатомия ғылымдарымен сабақтас жүргізіліп, жас ұрпаққа білім беру, оны тәрбиелеу, денсаулығын нығайтудың жолдарын жан-жақты қарастырады. Дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесі гимнастика, жеңіл атлетика, шаңғы спорты, ұлттық ойындар мен ат спорты, спорттық педагогика, спорттық психология пәндері ортақ теориялық зандылықтарға сүйенеді. Осы пәндерден алынған нақты нәтижелер теорияға негіз болып табылады. Дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесі пәнін оқытуда "Дене мәдениеті", "Дене тәрбиесі", "Спорт", "Дене қуатының қалпына келуі", "Дене қуатының тынығуы", "Дене қуаты дайындығы", "Дене қуатының жетілуі", "Дене қуаты білімі" ұғымдарына назар аударамыз.
Дене мәдениеті-адамдардың дене қуатының жетілуі үшін пайдаланылатын қоғамдық - материалдық (спорт ғимараттары, құрал-жабдықтар) және рухани (арнаулы білім, ғылыми тәжірибе) байлығын құрайтын халықтың жалпы мәдениетінің бір саласы. Ол негізгі дене мәдениеті, спорт, сауықтыру, қолданбалы дене мәдениеті болып табылады.
Негізгі дене мәдениеті - адамдардың өз шама-шарқына қарай таңдап алған кәсіби және спорт мамандығын жетілдірудің негізі. Ол жалпы білім беретін мектептерде, оқу-тәрбие мекемелерінде қолданылады әрі егде кісілерге денсаулығын нығайтуға, жұмысқа ынтасын, төзімділігін арттыруға көмектеседі. Спорт адам психологиясының орнықтылығын, дене қуатының жетілуін қамтамасыз етеді. Спорт қимылының негізгі мақсаты - спорттың бір түрінен жоғары жетістіктерге жету, сол арқылы адамның қабілет-қарымын, ептілік касиеттерін қалыптастыру. Қолданбалы дене мәдениеті - кәсіптік және әскери дене мәдениеті деп екіге бөлінеді. Ол өмірге аса қажет сан алуан қимыл-әрекеттерді игеруге, дене тәрбиесі арқылы әскери және азаматтық мамандықтарды жақсы меңгеріп, терең түсінуге бағытталады. Сауықтыру дене мәдениетіне - емдеу дене мәдениеті жатады. Оның мақсаты организмнің уақытша жоғалған функциялық мүмкіндіктерін қалпына келтіру. Гигиеналық дене мәдениеті - жаттығушылар организмдерінің жұмыс істеу қабілетін арттыруға қызмет етеді. Сабақ барысында, жұмыста (дене шынықтыру, өндірістік гимнастика) күнделікті демалыста (таңертеңгі бой жазу, серуендеу, саяхат т.б.) қолданылады [3, б.14-16].
Спорт дегеніміз-әр түрлі жаттығулардың көмегімен жоғары жетістіктерге қол жеткізуге бағытталған өнер түрі. Спорт, бұқаралық спорт (барлық адамдар қатыса алады) және жоғары көрсеткіштер спорты (чемпионаттар, олимпиадалар т.б.) деп бөлінеді. Дене қуатының тынығуы - жаттығу жасау арқылы белсенді демалыс ұйымдастыру. Ол дене тәрбиесі жаттығуларының көмегімен адамның көңілін көтеріп, бір әрекеттен екінші әрекетке көшіреді. Дене қуатын қалпына келтіру - адам организмінің ауырған жеріне массаж жасау, булау, су процедуралары арқылы емдеп, қалпына келтіру, дене қуаты қасиетін үйлесімді дамытып, жан-жақты дайындығын жоғары деңгейге жеткізу. Дене қуаты білімі - адамды қимыл ептілігі мен дағдыға үйрету және теориялық біліммен қаруландыру [5, б.43].
Дене тәрбиесі жүйесі дегеніміз - әлеуметтік - экономикалық, заңдылық пен ғылыми әдістемелік, нормативтік бағдарлама негіздерінің жиынтығы және республикада дене тәрбиесі мәселесін үйлестіріп отыратын әрі басшылық ететін ұйымдар мен мекемелер. Дене тәрбиесі жүйесінің басты мақсаты-күш-қуаты мықты, жан-тәні сау, елімізді қорғауға әзір, шығармашылық жұмысқа құштар, жан-жақты дене тәрбиесі дайындығынан өткен адамдар тәрбиелеу. Бұл мақсат төмендегідей жалпы міндеттерге негізделеді: Білім беру міндеттері - қимылдың ептілігі мен дағдысын меңгеру және дене тәрбиесі көлемінде арнайы білім беру. Сауықтыру міндеттері-дене тәрбиесі жаттығулары көмегімен денсаулықты күшейту. Тәрбиелік міндеттер - адамгершілік-жігерлілік қасиеттерді қалыптастыруға, өнегелі, көркемдік танымдарды үйренуге негізделген.
Дене тәрбиесі жүйесінің мазмұны қоғамның әлеуметтік-экономикалық, заңдылық, ғылыми-әдістемелік, бағдарлама-нормативтік және ұйымдастыру негіздерінен көрінеді. Дене тәрбиесі жүйесі қоғамымыздың басқа әлеуметтік-экономикалық жүйелерінен, саясатпен, ғылыммен, мәдениетпен тығыз байланысты. Бұл байланыстардың, объективті негізі - дене тәрбиесі жүйесінің қоғамдық өндіріске кіретіндігінде. Жүйе қоғамдық өнім шығармаса да сол ортаға өндірістік қатынастардың иесі-адам арқылы әсер етеді. Ол адамның әлеуметтік жағдайын қалыптастырып, қоғамдық қатынастарды жетілдіреді.
Жалпы дене тәрбиесі жүйесі ғылыми-әдістемелік негізде құрылады. Оның барлық теориялық және практикалық ұсыныстары ғылыми түрде баяндалады. Дене тәрбиесі жүйесін қоғамдық, психологиялық-педагогикалық, әдістемелік-биологиялық ілімдер, гигиена, физиология, спорттық медицина т.б. зерттейді. Осылардың ішінде негізгі орынды дене тәрбиесі ілімі мен әдістеме пәні алады. Дене шынықтыру қозғалысында президентгік сынамалардың маңызы өте зор.
Президенттік сынамаларды-бұл бақылаулық нормативтер арқылы халықтың оқуға, еңбекке, әскери қызметке дене қуаты дайындығының жалпы деңгейін анықтайтын әр түрлі сынақ-жаттығулар жиынтығы [4].
Дене тәрбиесі жүйесінің принципіне мыналар жатады: адамның жан-жақты үйлесімді дамуы; дене тәрбиесі принциптерінің еңбек ету және Отан қорғау тәжірибесі мен үйлесімі; дене тәрбиесінің денсаулықты нығайтуы. Адамның жан-жақты үйлесімді даму принципі дене тәрбиесі жүйесінде екі бағытқа бөлінген: дене тәрбиесі тәрбиенің басқа түрлерімен тығыз байланыса отырып, жастарды өнегелі тәрбиеге баулиды, зейінділікті, еңбек сүйгішікті қалыптастыруға, адамның көркемдік - әсемдік танымына көп әсерін тигізеді. Дене қуатын жан-жақты дамыту үшін жаттығушылар дене тәрбиесі процесі кезінде спортшылардың қимыл шеберлігін, дағдысын жетік игеруіне көмектесуі керек. Дене тәрбиесі принципінің еңбек ету және Отан қорғау тәжірибесімен үйлесуі дене тәрбиесінің жеткіншек ұрпақты еңбекке және Отан қорғауға баулитын қолданбалы ерекшелігін көрсетеді.
Қазір азаматтық және әскери мамандық адамның дене күшін көп талап етеді. Дене тәрбиесі жаттығуларымен айналысу адамның денсаулығын нығайтып, кең көлемде қимыл ептілігі мен дағдысын меңгеруге көмектеседі, жұмыс істеуге ынтасын арттырады. Дене мәдениеті және спортпен айналысқан адамдар мамандық игеруге, спортпен айналысқан адамдармен салыстырғанда уақытты 1,5-2 есе аз жұмсайды.
Дене қуаты дайындығына, әсіресе әскерде үлкен мән беріледі. Сарбаздың соғысқа қабілеттілігі - оның жылдам жүгіретініне, төтенше жағдайға бейімділігіне, әскери мамандықты тез меңгеруіне т.б. байланысты. Сондықтан жалпы білім беретін мектептерде, кәсіптік-техникалық училищелерде, арнаулы орта білім беру орындарында жеткіншектерді әскер қатарына шақыруға дейін дайындаған жөн. Әскери мамандықты жақсы игеру үшін сол кезден бастап ептілікке, жылдамдыққа, шыдамдылыққа т.б. тәрбиелеу керек. Барлық дене тәрбиесі жаттығулары, сабақтары адам денсаулығын нығайтуға арналуы тиіс. Бұл сабақтардың нәтижесі олардың көлемі мен жаттығуды орындау қарқынына байланысты. Оқытушы өсіп келе жатқан организмнің биологиялық заңдылықтарын, адамның жас ерекшеліктері мен барлық мүмкіндіктерін білуі керек, педагогикалық тәсілдерді және дәрігерлік бақылауды жақсы меңгеруі қажет. Сонда ғана ол денсаулықты нығайту жолында жемісті жұмыс істей алады [6, б.51].
Жас ұрпақ денсаулығын нығайту бағытында ұйымдастырылатын спорттық, сауықтыру іс-шараларын үйірмелер арқылы жүргізіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру керек.
Сапалы білім – ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш болып табылады. Бүгін мектеп партасында отырған бүлдіршіндер ертең ел тағдырын шешетін азаматтар. Олардың сапалы білім алуын бүгін қамтамасыз ету –мұғалімнің басты міндеті.
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», -деп Абай атамыз айтқандай, озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне үлесін қосып келеді. Осындай қоғамдық әлеуметтік мәдени өзгерістер, дамулар мектептің оқыту процесіне әсер ететіні сөзсіз. Кез келген оқыту белгілі мөлшерде адамды дамытады. Оқитын пән қаншалықты жаңа, бағалы болса да, мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болсын, мұғалім мен оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім күткен нәтиже бермейді. Оқушының адам ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі – баланың оқыта отырып, ой еркіндігін, белсенділігін, ізденімпаздығын қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру.
Міне, біз бүгін танысып отырған «Білім берудегі жаңа тәсілдердің теориялық негіздері» осы жоғарыда айтылған ұстанымды ұстайды. Яғни, мұндағы бала өзі ізденуші, бір-біріне үйретуші, ал мұғалім бағыт беруші, нұсқаушы. Бұл тәсілдің басқа технологиялардан ерекшелігі жеті модуль арқылы іске асады.
Әйгілі зерттеуші Л.С.Выготскийдің «Дәстүрлі оқыту-бала дамуына тек қондырғы болып, дамуға стихиялы әсер етсе, яғни, «дамудың соңында жүрсе»,жаңаша оқыту-«дамытуды өзімен бірге ала жүреді» – деген болатын. Сондықтан тек дәстүрлі оқытумен шектеліп қалмай, мұғалім әрқашан ізденісте болып, өзіне және шәкірттеріне тиімді жақтарын қарастырып отыруы тиіс.
«Сабақ – оқытушының педагогикалық мәдениетінің айнасы», -деп А.Сухомлинский айтқандай, осы жеті модульдің ішінде өзімнің пәніме тиімдісі, жарыққа шығарары, баланың қызығушылығын оятары, білімін жетілдірері қайсы екен деп көп ойланғаным рас. Саралай келе әр сабақта бір немесе бірнеше модульді бірден қолдануға болатынын анықтадым. Бұл қолданыстан ұтылғанымнан ұтқаным көп болды.
Әр мұғалім өз сабағының –көшбасшысы.Көшті қалай бастап алып жүрем десе де өз еркі. Ал көшті дұрыс бағыттай білу ол шеберлігіне байланысты.
Бағдарлама үш деңгейден тұрады. Оқыту мен үйретудің тәсілі мынау болып табылады:
1. Қызығушылығын ояту-жаңа сабақты түсіндіру кезіндегі үйрену процесі. Бұл бұрынғы білетін білім мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады.
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқытуда оқушылар бұрынғыдай тек тыңдап және көшіріп қана қоймай, белсенді әрекеттер атқарады. Ол белсенді әрекеттерге ойлау, оқу, сөйлеу, талқылау, жазу, пікірлесу, пікір таластыру жатады.
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқытуда білім дайын күйінде берілмейді, ол тек белсенді әрекеттер арқылы ғана игеріледі, оқушылар өзара қоян- қолтық қарым -қатынаста болып, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру. Өзімізге сыни тұрғыдан ойлауымыз керек. Сабақта оқушылардың тақырып бойынша өз ойларын білдіруі, пікір алмасуы диалогпен жүзеге асты. Топтық әдісті қолданғанда оқушылардың бір- бірімен ақылдасуы, оны топтан біреуінің шығып айтуы, ал болжау әдісін қолданғанда оқушылардың мәтінде не туралы жазылуы мүмкін екендігі туралы өз ойларын да диалог арқылы көрсете білді.
2. Мағынаны тану – жаңа сабақты бекіту процесі. Бұл кезеңде оқушы жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс жасайды,тапсырмалар орындайды. Сонымен қатар олар идеяны жеткізіп қана қоймай, шешім табу үшін топқа сұрақ қояды және басқаларды сұраққа тартады. Әр топтан бір оқушы шығып ұжым алдында мәтін мазмұнын қысқаша баяндап береді.
3. Ой толғаныс – сабақты қорытындылау кезеңі. Осы кезеңде үйренуші не үйренгенін саралап, салмақтап, оны қандай жағдайда қалай қолдану керектігін үйренеді. Мысалы, бұл жерде балалар эссе жазады. Өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, түйгендерін анықтайды. Бұл модульдің нәтижесі көп. Атап айтар болсам, ой – пікірін ашық, еркін айту, бір-бірінің сабақ барысында қателіктерін айту, жақсы қасиеттерін үйрену, сабақ-білім естерінде көп уақытқа сақталады, сабақ барысында өзі талдайды, бір-біріне талап, өтініш, тілектерін білдіре алады.
Балаларды ұжымдық оқытудың төмендегідей пайдасы бар.
1. Оқушылар оқу және тәрбие үрдісінде ғылымға сусап тұрады.Өз білімдерін мақтан тұтып, досының білімін қызғанады. Намыс пен мақтаныш тәрбиеленушіні өзгелерден кейін қалмауға міндеттейді.
2. Оқушылар кездескенде үнемі сөйлеседі, сонымен естерін және шешендігін дамытады. Егер балалардың біреуі жақсы сөз естісе және оны құрбыларына айтса, онда балалардың естері дамиды және өзін-өзі оқыту журеді.
3. Ұжымдық оқытудың келесі қоғамдық пайдасы оқушылар өзара достасады, бірін-бірі сыйлауға үйренеді, өзара дауласады, жарысады және құқықтар мен міндеттер туралы пікір айтысады.
Топқа бөліп оқытқанда оқушылардың талпынысы артады, әр оқушы өзін жеке керекті тұлға ретінде сезінеді және өз үлесін қосуға талаптанады. Бір адамның айтқанынан гөрі бірнеше адамның айтқаны есінде тез жатталады.
Модульдің тағы бір сатысы «Талантты және дарынды балаларды оқыту».
Рас, ізденуші мұғалім бала бойындағы туа біткен түрлі қасиеттерді дәл байқап, оның сапалық ерекшеліктеріне баға беріп, ары қарай өз бетінше дамыта түсуіне жағдай туғызуы керек, көмектесуі қажет. Бұл үшін, әрине ұстаздың өзі де өзгеруі, яғни дәстүрлі оқытудың таптаулары сүрлеуінен арылуы тиіс. Осылайша оқытудың жаңа мазмұнын жасауға бетбұрысты әрбір мұғалім өзінен бастағаны жөн. Мұғалім шәкіртке білім, білік, дағды беріп қана қоймай, ақыл-ойы мен қабілетінің дамуына көңіл бөліп, «оқи алуға үйрету керек». Дарынды және талантты балаларды оқытуда мына қағидаларды есте ұстаған дұрыс.
-Баланың бойындағы құмарлығын, қызығушылығын жойып алмай, оның үнемі алға жылжуға деген табиғи талап-тілектерін, сұраныс пен мұқтаждарын ескеру, шығармашылығын жетілдіру.
– Білімді өз бетінше іздену арқылы алуға қолайлы жағдай жасау.
– Өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру
Осы қағидаларды ұштастыратын болсақ қана оқушы өзінің дарынды екенін сезінеді. Бойындағы «мені» оянады. Басқалардан артық тапсырма алу оларды шабыттандыра түседі, бірақ әрдайым мұғалім баланы қанаттандыру үшін өзіне сенімін молайту үшін бірге ізденісте болуы шарт. Түрлі жарыстарға қатыстырып, мақтау сөздер айтып ізденуде тоқтап қалмауға баулу керек. Ал мен бұл балалармен жеке жұмыс жоспары бойынша жұмыс істеген жөн деп таптым. Алға ұмтылған баланы артқа тартпай сабақ үстінде басқа тапсырмалар беріп бала білімін шыңдаған дұрыс. Қосымша ақпаратты жинауды осындай дарынды оқушыларға берсе, олардың да, өзгенің де жиғаны көп болмақ.
«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиялармен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»-деп елбасымыз өз жолдауында айтып қана қоймай, әр мектепті түрлі ақпаратты техногиялармен қамтамасыз етуде. Ақпараттық технологиялардың білім берудегі пайдасы мыналар болып табылады.
– алыстағы ақпарат көздерін пайдалану,
– түрлі жүйелерге ену арқылы өз бетімен іздену,
– сұраныс бойынша ақпарат алу,
– интернет тарапында берілген тапсырмалар мен жаттығуларды орындау,
– ақпаратты кез-келген арақашықтықта тез арада жеткізу,
– өзі оқып отырған тілде электронды пошта арқылы хат алмасу,
– ақпараттың қажетті түпнұсқасына қосылу.
Ғаламтор арқылы ғаламдық желінің ақпараттық ресурстарын қолдана отырып, оларды оқу үрдісіне енгізіп, сәйкес дидактикалық түсініктемелер беру арқылы дидактикалық мәселелердің келесі жолдарын тиімді шешуге болады.
– күрделілік дәрежесі жағынан түрлі материалдарды оқу дағдылары мен біліктерін қалыптастыру,
– интернеттен алынған материалды талдау негізінде ауызша сөз іскерліктерін жетілдіру,
– жазбаша серіктеріне хат жазу, жауап жазу, баяндама, реферат т.б. жазба жұмыстарын дайындау арқылы жазбаша тіл білігін арттыру,
– өзі оқып отырған тіл елінің тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлері, экономикалық даму ерекшеліктерін қамтитын танымдық білімдерін кеңейту.
Яғни, ақпараттық технологиялардың білім беруде маңызы зор. Өйткені ол оқушыларға үлкен ақпараттық білім кеңістігіне жол көрсетеді. Бұл баланың ой өрісін кеңейтіп қана қоймайды, білім деңгейін көтеруге үлкен үлесін қосады.
Білім алу кезінде бағаның орны ерекше. Бір сабақ үстінде бірнеше оқушыны бағалау мұғалім шеберлігіне байланысты. Баға алуда оқушылар алға талаптанады, ізденеді. Кейбір оқушы білім үшін емес, баға алу үшін оқиды. Сондықтан бағаны дұрыс қою және оның нақты болуын алға қою әр мұғалімнің есепке алар міндеті. Сабақ үстінде бірнеше бағалау әдістерін қолдануға болады. Суммативті баға мен формативті бағаны қою әрбір сабақтың негізгі сатысы болуы шарт.
Білім берудің мазмұнына енгізіліп жатқан өзгерістер мен жаңалықтардың барлығы да ғылым негіздері бойынша білімді меңгертумен қатар оқытуды дараландыруға жағдай жасау арқылы оқушылардың жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып, қажеттіліктері мен қызығуларына сай білім беруге бағытталып отыр. Сабақ беруде мұғалім оқушылардың жас ерекшелігін негізге алуы керек. Тапсырамаларды да меңгере алатындай, сұрақтарға дұрыс жауап іздей алатындай етіп қою керек.Сол кезде сабақ күтілген нәтижеге қол жеткізеді.
Сонымен сөзімді қорытар болсам сабақ барысында мынадай талаптар басшылыққа алынуы қажет:
1. Мұғалім оқыту кезінде билік жүргізу әдісінен арылуы керек.
2. Оқыту үрдісі кезінде сабақтағы басты тұлға білім беретін мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын оқушы болуы тиіс.
3. Балалардың оқуға деген ынтасын күшейту керек.
4. Өз дербестігін, белсенділігін дамыту қажет.
5. Оқу, дамыту жұмысын ұтымды жүргізу үшін баланың табиғи талабын, қасиетін дер кезінде айқындау керек.
Осы қағидалар негізінде сабақты жаңа технология әдістерін қолдану арқылы жүргізу – оқушының өзін-өзі дамытуына, өз біліміндегі олқылықтарды өзі тауып , өз сұрағына өзі жауап іздеп жан –жақты білім алуына көмектеседі.
Әр уақытта бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенеді. Сол кезде ғана еліміз көкке шарықтап, басқа елге елді танытады. Елді өсіретін де, елді төмен түсіретін де – білім.
Бүгінде білім - қоғамның әлеуметтік-экономикалық, интеллектуалдық және рухани дамуының стратегиялық бағдары ғана емес, сонымен қатар біздің қоғамымыздың қауіпсіздігінің кепілі.
Оқытудағы жаңа технология аса қажетті педагогикалық мәселелердің шешімдерін табуға, ой еңбегін арттыруға, оқу процесін тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Жаңа технологияларды оқыту үрдісінде қолданудың негізгі ерекшелігі ол оқытушылар мен оқушыларға өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс жасауға көп мүмкіндік береді және оны педагогикалық мақсатта пайдалану оқушылардың зердесіне, сезіміне, көзқарасына әсер ете отырып оның интеллектуалдық мүмкіншіліктерін арттыруға көмектеседі.
Дене тәрбиесінің әлеуметтік жүйе және қоғамдық құбылыс есебінде дене тәрбиесі жүйесін, оның қалыптасуы мен дамуының негізгі заңдылықтарын, оның қызметі мен құрылымын танып, білудің қажеттілігі білім мен тәрбие талаптарына сәйкес өсіп келе жатқан ұрпақтың дене тәрбиесін қамтамасыз ету үшін керек. Дене тәрбиесі тек мектептегі дене шынықтыру сабағы ғана емес, ол сабақтан тыс, мектептен де тыс денсаулыққа байланысты шаралар жүйесі екенін ескерсек, қазіргі кезеңдегі білім беру орындарындағы дене тәрбиесінің жүйесі жастардың денсаулықтарын нығайтумен қоса, тұлға бойындағы биологиялық-психологиялық қажеттіліктердің жан-жақты жетілуіне, өмірге белсенді ұстаным мен ізгілікті қатынастарын дамытуды меңзейді. Мұндай маңызды әдістеме ғылыми және оқу пәні ретінде жетекші рөл атқаратын, дене тәрбиесі
саласындағы кәсіптік бағытта болашақ мұғалімдерді дайындауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарындағы оқыту жүйесіне тікелей байланысты. Қазіргі кезеңде жалпы орта мектептердегі оқу бағдарламаларын құрастыру бағыт-бағдары өзгерді. Алайда, бұлардың бәрінде мектеп оқушыларын қайда оқитындығы ескерілмейді, олардың меңгеруі тиіс негізгі дағдылар мен қабілеттер, оқу нормасын тапсыруға арналған шарттар көрсетілген. Денені шынықтыру жаттығуларының орындалуы қозғалыс дайындығының деңгейі туралы мәлімет береді. Дегенмен, бұл бағдарламалар базалық, үлгілік сипатқа ие, сондықтан оларды әрбір педагог жергілікті жағдай мен салт-дәстүрлерге орай өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, өзгерте алады. Дене тәрбиесі мәселелерін шығармашылық тұрғыда шешуге, өзгермелі өмір жағдайында инновациялық процестер мен жаңашыл бағыттарды дер кезінде меңгере отырып, тәжірибеге сын көзбен қарап, дене тәрбиесі міндеттерін жүзеге асыруға белсенді, салауаттылық пен дене мәдениетін меңгерген маман даярлаудың маңыздылығы артуда.
Дене тәрбиесін, жаңа технология мен озат тәжірибені ұлттық және жалпыадамзаттық құндылық қағидаларымен сабақтастыра зерттеу – бүгінгі күн талабынан туындап отырған педагогика ғылымының міндеттерінің бірі. Дене тәрбиесінің мәнін бүгінгі жаңа заман талабына сәйкес қарастыру – бұл адамды өзі өмір сүрген ортаның жемісі ғана емес, сол ортадағы дене мәдениеті, адамгершілік қарым-қатынасы әрекетімен көрінетін субъект деп танылуымен айқындалады. Қоғамның елеулі өзгерістерге түсуі, адамның мақсат-мұраттарына, тұрмыс-тіршілігі мен мінез-құлқына, сондай-ақ өзінің жеке басына да субъект ретінде өзгеріс енгізуде. Оның үстіне қоғамдағы салауаттылық, дене мәдениеті мен рухани құндылықтардың табиғаты, мәні, шығу тегі және атқаратын қызметтері туралы жан-жақты зерттеу, оқушылардың дене тәрбиесін салауаттылық дене мәдениеті мәселесімен байланыста қарастыру қажеттігі біздің тақырыбымыздың өзектілігін айқындай түседі.
Елімізде бәсекеге қабілетті білім – білім беру саласының ең басты міндеті болып отыр. Дамудың алдыңғы қатарындағы елдердің білім дәрежесімен теңесу – еліміздің біліми саясатының негізгі көздегені. Дамыған елу елдің қатарына енудің алғышарттарының бірі де осы сапалы да бәсекеге қабілетті білім. Сондықтан да еліміздегі мектептердегі білім берудің басты ұстанымдары мен міндеттері, әрекеттері, жолдары осы мақсатқа орай ұйымдастырылады.
Жалпы орта мектептердегі «Дене тәрбиесі» пәнінің мақсаты әлі күнге дейін толықтыруды қажет етеді, осыған орай оның ғылыми негізделген бағыт-бағдарын жасау қажеттілігі туындайды. Осы бағыттағы ізденістердің тиімдісі дене тәрбиесі сабағында дәстүрлі емес оқыту құралдарын қолдануды зерттеу болып табылады.
Дене тәрбиесі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру саласының бір тармағы болып табылады және ол жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, күшті де қуатты болып өсуіне, ұзақ уақыт шығармашылық еңбекке жарамды адамды қалыптастыруға, оны Отан сүйгіштікке дайындауға қызмет етеді. Оқушыларға дене шынықтыру сабақтарында жаңа технологияны пайдалану оқыту мен тәрбиелеудің жалпы заңдылықтарына бағынған. Сондықтан оны іске асыру барысында дене тәрбиесінің жас және жыныстық ерекшеліктерін ескере отырып, осы заңдылықтарды көрсететін жалпы педагогикалық ұстанымдарды басшылыққа алу қажет. Ол ұстанымдарға жататындар: жан- жақтылық, саналылық пен белсенділік, бірте-бірте жасалатын әрекет, қайталамалық, көрнекілік, жеке даралық.
Оқу үдерісінің үздіксіздігі негізгі үш қағидаларда көрініс тапқан:
а) оқу-тәрбие үдерісі көп жылғы және жыл бойындағы сипатқа ие болуы тиіс;
ә) сабақ барысында әрбір келесі сабақтың әсері алдыңғы сабақтың ізінше қатпарлы әсер қалдыруы тиіс, себебі жас оқушының ағзасында алдыңғы сабақтардың әсерінен пайда болған жағымды өзгерістер беки түсуі және жетіле түсуі қажет;
б) демалыс жұмыс қабілетін қалпына келтірудің арта түсуі үшін жеткілікті болуы тиіс.
Дене жүктемелерін бірте-бірте және жоғары деңгейге арттыру ұстанымы олардың көлемі мен қарқындылығының, оқушыны дайындауға қойылатын талаптардың бірте-бірте күрделенуінің үздіксіз арта түсуімен байланысты болып келеді.
Дене тәрбиесінің мәнін бүгінгі жаңа заман талабына сәйкес қарастыру – бұл адамды өзі өмір сүрген ортаның жемісі ғана емес, сол ортадағы дене мәдениеті, адамгершілік қарым-қатынасы әрекетімен көрінетін субъект деп танылуымен айқындалады. Қоғамның елеулі өзгерістерге түсуі, адамның мақсат-мұраттарына, тұрмыс-тіршілігі мен мінез-құлқына, сондай-ақ өзінің жеке басына да субъект ретінде өзгеріс енгізуде. Оның үстіне қоғамдағы салауаттылық, дене мәдениеті мен рухани құндылықтардың табиғаты, мәні, шығу тегі және атқаратын қызметтері туралы жан-жақты зерттеу, оқушылардың дене тәрбиесін салауаттылық дене мәдениеті мәселесімен байланыста қарастыру қажеттігі біздің тақырыбымыздың өзектілігін айқындай түседі.
Дене тәрбиесі сабағында жаңа инновациялық технологиялардың тиімділігі.
Елімізде бәсекеге қабілетті білім – білім беру саласының ең басты міндеті болып отыр. Білім – қоғамды тұрақтандыратын, рухани мұраны сақтайтын, ұрпақты ұрпаққа сабақтастыратын құрал. Қолда бар мүмкіндікті пайдаланып оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін тиімді қолдану, жаңа технологияны әркімнің өз сабағында пайдалану арқылы оқушы жастарды халықтың дәстүр үрдісінде адамгершілікке, салауатты өмір сүруге баулу дені сау ұрпақ тәрбиелеу дене тәрбиесі пәні мұғалімдерінің басты міндеті. Олай болса, оқыту мен тәрбиелеудің ой елегінен өтетін әдіс-тәсілдерін, жаңашыл педагогтардың тапқан әдістемелерін біліп қана қою жеткіліксіз, оны әркім өз мүмкіндігінше күнделікті сабақта пайдалану қажет.
Сонда ғана сабақ нәтижелі болып, білім сапасы артады. Осы бағыттарда әрбір мұғалімнің оқытуға, үйретуге өз тұғырнамасы болуы қажет. [3.5]
Олар мыналар:
- Әр оқушының білім деңгейін, қабілетін, мүмкіншілігін түсіну;
- Оқушының бойындағы жетістіктері мен кемшіліктерін қабылдау;
- Оқушыларға қиындықтарды жеңуге, кемшіліктерден арылуға көмектесу;
Дене шынықтыру пәнінде жаңа инновациялық технологияларды қолданудың орны орасаң болары хақ. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, білім сапасын көтеруге сыныптан тыс спорттық шаралардың да маңызы зор. Соның ішінде қазақтың ұлттық ойындары мен қозғалмалы ойындарын, әр түрлі жарыстарын, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, аударыспақ сынды ойын түрлерін өткізіп отыру керек. Осындай жұмыстарды жүргізу нәтижесінде оқушылардың белсенділігі артып, спортқа деген бейімділігі қалыптасады. Оқушылардың танымдық қабілеттерін артырып, салауатты өмір сүру, адам денсаулығы осы спортқа байланысты екендігін түсінеді. Нәтижесінде оқушылардың білім сапасы артып, оқу тоқсандарында жоғары сапаға қол жеткізуге болады.
Жаңаша әдістерді сабақтарда үнемі қолданысқа енгізуде теория мен практиканың ұштасуына мән бергенде ғана жұмыстың мазмұндылығы көріне алады.Осы бағыттарда сын тұрғысынан ойлау және деңгейлеп оқыту технологияларының тиімді әдістерін дене шынықтыру пәнінде қолдануды ұсынамын. Алдымен «Дене шынықтыру пәні не береді?» –деген сұраққа:» Қимыл қозғалысты береді. Машықтандыру. Дене мәдениетін қалыптастыру. Денені шынықтыру, тәрбиелеу. Жалпы дамыту жаттығуларын меңгертеді. Мемлекеттік стандарттық бағдарламаны жоспарлай білуді, нормативтік тест жаттығуларды игертуді береді.
Дене тәрбиесі сабағында сын тұрғысынан ойлау технологиясын тиімді пайдалану.
Осы технологияның шығармашылық бөлігін басшылыққа ала отырып, ой толғау жасауға болады. (мыс: дене шынықтыру сабағында сабақты ойын түрінде ұйымдастыру керек) осы арқылы, оқушылардың бейімділігін арттыруға болады.
Оқушылардың бұл бөлімде сабаққа деген қызығушылығының артуымен бірге, машықтанады, логикалық ойлау қабілеттері артады, қимыл-қозғалыс әрекеті дамиды.
Сабақ кезінде оқушының ішкі позициялық көз қарасы мен бағыты айқын көрініс бере алады. Сонда ғана сабақ нәтижелі болып, білім сапасы артады. Осы бағыттарда әрбір мұғалімнің оқытуға, үйретуге өз тұғырнамасы болуы қажет. Олар мыналар:
- Әр оқушының білім деңгейін, қабілетін, мүмкіншілігін түсіну;
- Оқушының бойындағы жетістіктері мен кемшіліктерін қабылдау;
- Оқушыларға қиындықтарды жеңуге, кемшіліктерден арылуға көмектесу.
Осылай ойын элементтерін, әдістерін деңгейлеп орындату арқылы оқушылардың тапсырмаларды орындауда жинаған ұпайларын «даму мониторингі» кестесіне белгілей отырып, оқушы біліміне талдау жасап отыру қажет. Өтілетін тақырыптарға байланысты қызықты сергіту ойындарын ойнатудың да сабақ барысының сапасын арттыруға ықпалы көп. Атап айтсам: «Кім шапшаң?», «Көңілді ойындар!», «Санамақ» сонымен қатар қозғалмалы ойындар және ұлттық ойындарды сабақта түрлендіріп өткізуге машықтандыру.
Өткенге көз жіберсек, кеңес мектептерінде ойындарды пайдалану мәселесі, оның тәрбие құралы екендігі туралы білімдік жүйесіндегі
пікірлер айтылып, практикада қолданылады. Бірақ ұлттық дәстүр,
салт-санадан туындайтын, солардың көрінісі ретінде қалыптасқан
халық педагогикасында ұлттық ойындар командалық және командалық емес болып бөлінеді. Кейбір ойындар сабақтың дайындық бөліміне үлкен пайдасын тигізсе, кейбір ойындарды негізгі қорытынды бөлімдеріне пайдаланады. Атап айтқанда, арқан тарту, қазақша күрес, садақ ату, жүгіру, секіру, мәлік соғу, кір тасын көтеру т.б. тіршілік пен байланыстыратын мағыналы, мазмұнды ойындарға бай келеді. Халық педагогикасында оқушылардың салт-дәстүрімізге деген қызығушылығын, сүйіспеншілігін, ұлттық ойындарға қызықтыру, түсіндіру қастерлей білу мақсатында және оқушылырдың жоспарын, ерекшіліктерін ескере, пәнге қызығушылығын арттыру мақсатында ойындар күрделігіне қарай әр сыныптарда, әр түрлі ойындарды пайдаланамын. Әсіресе 4-5-6-7 сыныптарының ұл – қыздары жоғарғы сыныптарға қарағанда қозғалғыш, икемдірек, қабылдағыш болып келеді. Сондықтан, ұлтық ойындарды көбірек өткізуді сұрайды. Әсіресе, бұл төменгі сынып оқушыларына өте қатты әсер етеді. Өйткені олар бір – бірін қуалауды, итерісіп – тартысуды , жүгіруді жақсы көреді. Ал біздің ұлттық ойындарымызда мұндай қозғалмалы ойындар көптеп саналады және осы ойындарды оқу сабақтарына байланыстыра алдым. Мысалы: Жеңіл атлетика бөліміне «Бәйге», «Жаяу көкпар», «Тенге алу», «Түйілген орамал», «Қыз қуу» т.б. ойындарды түрлендіріп аламын. Себебі бұл ойындар командалық және көпшілікпен ойнайтын ойындар. Ойында алысып, жұлысып – итерісу, тез жүгіріп мәреге жету, ортада алынған допты ұстауға, сол үшін
күресу, ептілікті танытып, белгілі бір орынға әкеліп тастау керек.
Бұл ойындарды ойнатқанда 10-20 оқушыларды аламын. Әрбір
ойындардың белгіленген оқушыларға қойылған талаптары, ережелері,
тәртіптері де бар. Сол тәртіп бойынша ойын қадағаланып, ойнатылып, уақытымен жүргізіліп отырады. Ал «Бәйге», «Қыз қуу» ойындарын былайша айтқанда ат шабыс, ол кәдімгі дене шынықтыру сабағында қолданып жүрген кросс жүрісі. Кросс жүгірісі де, бұл ойындардың қатарына жатады. Өйкені мұнда да, оқушылар өзара жарысады, орын алуға, бірінші келуге таласады. «Қыз қуу» ойынын, мен дене шынықтыру сабағында, әсіресе жеңіл атлетика тақырыптарында көбірек қолданып жүрмін, өйткені менің байқауымша, балалар бұл ойынды өте жақсы көреді, тез көңілденіп, жігерленіп, қызығып ойнайды. Бұл ойында ортаға немесе сөреге бір ұл бала және бір қыз баланы шығарамын. Ойын сөреден – мәреден тұрады. Берілген белгі бойынша сөреде жігіт (ұл бала) 5-6 м. қашықтықта, 8-10 адым жерде орналасқан қызды қуып жетіп, қолын тигізу тиіс. Мәреге дейін жетіп алса, ер балалар тобына 1 ұпай беріледі, егер жете алмаса ойын тоқтамайды.
Ендігі жерге қыз қолындағы қамшы есебінде ұстаған басы түйілген орамалмен ұл баланы мәреден сөреге дейін қуып жетіп, ұруы тиіс. Ер бала оған жеткізбей қашып құтылуы керек. Егер де қыз бала қуып жетіп ұрса, ол қыз балалар тобына 1 ұпай түседі. Бұл ойынды жас ерекшеліктеріне, сыныбына қарай ойнатамын. Мен ойын ережесін қатты талап етемін және оқушылардың қабілетін ынталандырып, қызығушылығын арттыруға тырысамын. Сондай-ақ қандай да болмасын шараларда, қазақтың ұлттық ойындардын ойнауға мән беріп үнемі ойнатамын: арқан тарту, асық ату, мәлік тебу, ақсүйек, жаяу тартыс, тоғызқұмалақ және т.б. ойындар. Бұл ойындарды І, ІІ тоқсанда пайдаланамын. Ал ІІІ, ІV тоқсанда «Волейбол», «Баскетбол», «Футбол» өтетін спорттық ойындар сабағына қолданатын ұлттық ойындар өзгешелеу. Бұл тоқсандарда сабақта оқушылар қызығушылығын арттыратын ойындар, әсіресе, ІІІ тоқсанда көбірек болуы керек. Ұлттық ойындардың ішіндегі аударыспақ, теңге алу, арқан тартыс, қыз қуу, көкпар ойындарын, бұл тоқсандарда кеңінен қолданамын. Арасында ұлттық сәйкес элементтері бар «Көңілді старт» - эстафеталық ойындары да ойналып жүр. Мұнда, әсіресе төменгі сынып оқушылары жақсы көретін, атап айтқанда «Сақина жасау », «Түйілген орамал», «Сиқырлы таяқ», «Арқан тартыс», «Орамал тастау», «Қандық - сандық» және т.б. көптеген ойындар ойналады. Бұл ойындарды ІІІ –ші тоқсанда өткіземін. Өйткені тыныс алу, жүрек соғу мүшелерінің жұмысын жақсартып, өмірге көзқарастарының жақсаруына зор ықпалы бар. Дене шынықтыру сабағынан тыс мезгілде өткізілетін ұлттық ойындар: 1.Қыркүйек айында әр түрлі мерекелерге байланысты көбіне мектеп алаңында 3-5 түрінен ұлттық ойындардан жарыс өткіземін. Бұған 8, 9, 10 сыныптарының оқушылары қатысады. Онда көкпар, аударыспақ, білек күші, арқан тарту сияқты үлкен күшті, мол энергияны талап ететін болғандықтан жоғары сынып оқушылары қатынасады. 2. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арналған мерекеге 9, 10 сынып оқушыларына «Кросс – бәйге» жүгірісін, ұлдар үшін 200 м, қыздар үшін 100 м. Түрлі мерекелерде ұлттық ойындарға сәйкес эстафеталық элементтері бар ойындарды, қызықтыра ұйымшылдықпен өткізіп және де қалалық, облыстық сайыстарда да 4, 5, 6, 7 сынып оқушыларын апарып жүрдім. Осының нәтижесінде оқушыларым жүлделі орындарға ие болып, ризашылық қуанышпен қызыға бастады. Әрбір өткізілген қандай да болмасын шараларға, жарыстарға белсенділік, ұйымшылдықпен, қызыға көзқараспен талпынуда болды. Бұдан басқа күзгі, қысқы, көктемгі оқушылар демалыс уақытында өтетін мектепішілік жарыс түрлеріне де ұлттық және спорттық ойындарды, ауа райына қарай ойнаймыз.
Ұлттық ойындардың ішінде аударыспақ, арқан тартыс, қыз қуу, көкпар, түйілген орамал, ойындарын кеңінен қолданамын. Арасында ұлттық ойындардың элементтері бар «Көңілді старт» - эстафеталық ойындары да ойналып жүр. Мұны әсіресе, төменгі сынып оқушылары жақсы көреді: белбеу тастау, сақина жасыру, соқыр теке, айгөлек, арқан тартыс, қамалды қорға, орамал тастау, сиқырлы таяқ, көкпар т.б. көптеген ойындар ойналады.
1. 30 қыркүйек - қала күнін атап өту үшін, көбіне мектеп алаңында 3-5 түрінен ұлттық ойындардан жарыс өткіземін. Бұған 9,10,11 сыныптарының оқушылары қатысады. Онда: көкпар, аударыспақ, білек күші, арқан тарту сияқты үлкен күшті, мол энергияны талап ететін болғандықтан жоғарғы сынып оқушылары тартылады. 2. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арналған мерекеге «Көңілді старт» ойындарын 5,6,7 сыныптарының оқушылары қатынасады. 3. 8 наурыз – аналар мейрамына спорт залда сыныптар арасында аналарға арналған мерекелік шара өткізіп, оған ұлттық ойындарды, олырдың элементтері бар ойындарын ойнатамын: «Қыз қуу», «Мергендер», «Көңілді старт», «Соқыр теке», «Орамал тастау», сияқты ойындарды ұйымдастырамын.
Сонымен, дене шынықтыру пәнінде жаңа инновациялық технологияларды қолданудың орны орасаң болары хақ. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, білім сапасын көтеруге сыныптан тыс спорттық шаралардың да маңызы зор. Соның ішінде қазақтың ұлттық ойындары мен қозғалмалы ойындарын, әр түрлі жарыстарын, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, асық ату, аударыспақ сынды ойын түрлерін өткізіп отыру керек. Осындай жұмыстарды жүргізу нәтижесінде оқушылардың белсенділігі артып, спортқа деген бейімділігі қалыптасады. Оқушылардың танымдық қабілеттерін артырып, салауатты өмір сүру, адам денсаулығы осы спортқа байланысты екендігін түсінеді. Нәтижесінде оқушылардың білім сапасы артып, оқу тоқсандарында жоғары сапаға қол жеткізуге болады.
Қорыта айтқанда, мен алдымен жеке тұлғаның әлеуметтік құзыреттілігін дамытуды керек еттім. Сол арқылы ұжымдық зерттеуге қол жеткіздім, яғни оқушының өзін-өзі басқарудағы әлеуеті артты.
Жаңа идеяларды еңгізу барысындағы орындалатын міндеттер:
1. Оқушымен қарым-қатынасты қалыптастыру.
2. Оқушының логикалық ойлау қабілетін дамыту.
3. Әр оқушының әрекетін, ұлттық болмысын пайдалануға жұмыстану.
4. Оқушының ұлттық моралының орындалуын қамтамасыз ету.
5. Оқушының санасын, сенімін, көзқарасын,білімін арттыру.
6. Оқушының парасатын, ойлауын қалыптастыра отырып машықтандыру.
Ең бастысы, оқу үрдісінде міндетті пәндерде оқушылардың теориялық білімін әлеуметтік тұрғыдан қалыптастыруға мән беру керек.
Жұмысымның нәтижесі:
1) Әр оқушының білімі, қабілеті қалыптасады.
2) Оқушының бойындағы жетістіктері көрінеді.
3) Оқушылар қиындықтарды жеңеді, әлеуеті артады.
4) Жан-жақты дамуға қол жеткізеді.
Қолданылған әдебиеттер:
1.Мұқышова М, Валеология. Денсаулық және өмірлік дағдылар.Алматы,
№ 3, 2009 – 6 б.
2.Дене тәрбиесі. Б Болатбек. Алматы: Атамұра,2004. 112 б.
3.Дене тәрбиесі. М. Тұрыскелдина. Алматы: Атамұра,2003. 112 б.
4.Қазақ энциклопедиясы. Алматы: Рауан, 2005.680 б.
5. Е.Сағындықов. Қазақтың ұлттық ойындары. - Алматы «Рауан»,1991.
6.С.Тайжанов, С.І.Қасымбекова. Қазақтың ұлттық ойындары.–Алматы, 2004ж.
7. Э.Тлеуов, Ұ.Елшібаев.Валеология, дене тәрбиесі спорт –Алматы, № 3,
8. «Қазақстан – 2030» стратегиясы
9.«Қазақстан мектебі» журналы, №4, 2006ж.
10. Дене мәдениеті – оқушыларды оқыту мен тәрбиелеу жүйесінде. Ізденіс-Поиск. 2009ж. №2(2) -Б.262-264.
11. Е. Уақбаев. Қазақстанда дене тәрбиесі жүйесінің дамуы. - Алматы: Санат, 2000ж.
12. «Мектептегі дене шынықтыру» журналы, № 2, 2012
Достарыңызбен бөлісу: |