Емшектегі баланың дене салмағы Емшектегі баланың дене салмағының артып, бойының өсуі оның жалпы дамуына тән қасиет.
Баланың туған кездегі салмағы:
мерзімінде туған (39—40 аптадан кейін туған) ер баланың салмағы 3500±450 грамм;
қыз баланың салмағы 3300±460 грамм;
бойлары 47—56 cм аралығында болады (кейде 50—51 cм).
Салмақ қосу барысы:
алғашқы айда сәбидің дене салмағы 700—800 грамға дейін өседі де, кейін біршама баяулайды;
бірінші жарты жылдықтың әр айында 600 грамнан;
екіншісінде — 500 грамнан.
Баланың салмағы 5—6 айлығында 2 есе, ал бір жасқа толар шағында 3 есе өсіп, 10-11килограмға жетеді.
Ірі болып туған балаларға қарағанда жеңіл салмақпен туған балалар айына салмақты көбірек қосады.
Бойларының өсу барысы:
емшектегі баланың бойы да айтарлықтай өседі, бір жасқа толарда баланың бойы орта есеппен 25 см өседі;
нәрестенің бойы алғашқы 4 айда шапшаң өседі де, айына 3 cм қосып отырады, бұдан кейін бойының өсу қарқыны біртіндеп баяулайды:
4 айлығынан 6 айлығына дейін айына 2—2,5 cм;
7 айлығынан 9 айлығы аралығында айына 2 cм;
10 айлығынан 12 айлығы аралығында айына 1,5 cм.
Дене күтімі
Емшектегі баланың әсіресе жаңа туған нәрестенің терісі үлбіреген жұмсақ келеді де, ол тез жарақаттанады. Сондықтан дұрыс күтілмеген жағдайда тері қатпарлары базданып іріңдей бастайды.
Сүйек тканьдерінде тұз аз болғандықтан, олар шеміршек тәрізді майысқақ болып келеді де, сәбидің күтімі дұрыс болмаса (мысалы, егер баланы жастыққа отырғызса, аяғына ерте тұрғызса), тез қисаяды.
Сәбидің бас сүйегі онша жетілмей туады, бас сүйектің қосылған жігі жұмсақ, былқылдап тұрады. Оны еңбегі деп атайды. Ол балаға 9—14 ай толғанда қатады.
Емшектегі баланың басы үлкен болады:
жаңа туған нәрестенің басының шеңбері 34—36 cм;
бір жастағы баланың басы 45—46 cм.
Қолы мен аяғының ұзындығы бірдей, ал бойының ұзындығына қарағанда аяғы біршама қысқа келеді.