2.Д.А.Қонаевтың Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы ретіндегі қызметі. Алматыдағы және республиканың басқа қалаларындағы Желтоқсан көтерілісі және оның шынайы себептері.
Қазақстанның жоғарғы органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу кеңінен орын алды. Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады. Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоксан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. А. Қонаевты орнынан алған кезде айырықша көзге түсті. Пленум мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде 22 жыл Қазақстан Компартиясын басқарған Д.А.Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г.В.Колбин тағайындалды.
Мұның өзі қайта құру мен демократиядан үлкен үміт күтіп отырған республика халқының, соның ішінде қазақ жастарының, наразылығын туғызды. Пленум өткеннен кейін екінші күні Орталық партия Комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің Пленум шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар, оқушылар т.б. жиналды. Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында «Әр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек», «Қазаққа қазақ басшы» деген ұран болды. Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен де болуы мүмкін екендігі айтылды. Міне, осындай күрделі жағдайда Г.В.Колбин партия Орталық Комитетінің бюро мәжілісін шақыртып, оған С.М.Мұқашев, Н.Ә.Назарбаев, 3.К.Камалиденов, О.С.Мирошхин, М.С.Мендібаев, А.П.Рыбников, Л.Е.Даулетова, В.Н.Лобов, т.б. қатынасты. Бірақ олар алаңға шыққан жастардың жүрегіне жол таба алмады.
Алаңда болып жатқан жағдай, республика басшыларының, соның ішінде Г.В.Колбиннің ойында қазақ жастарының арасында елдегі социалистік құрылысқа қарсы астыртын әрекет, ұлтшыл ұйым бар деген пайымдау мен арам пиғылды туғызды. Бірақ ондай ұйымның бар-жоқтығы кейін қанша тексерсе де анықталмады. Алаңда жиналған халық пен милиция және әскерлер арасында қақтығысулар жүрді. Ереуілге қатысушылар таспен, таяқпен қаруланып жазалаушыларға қарсылық көрсетті. Олар жастарға мұздай су шашып, алаңнан қуу үшін алаңға әкелінген бірнеше өрт сөндіргіш машиналарды өртеп жіберді. Қақтығысудың барысында Е.Сыпатаев, С.Савицкий деген азаматтар қаза тапты. Осыған байланысты үкімет органдары алаңға шығушыларға қарсы күш қолдана бастады. Алматыға басқа жерлерден арнайы әскери бөлімдер әкелінді.
1987 жылғы шілдеде КОКП Орталык Комитеті «Қазақ Республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жұмысы туралы» арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы Қазақстандағы ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды. Өйткені қазақ халқы ешуақытта ұлтшыл болған емес.
Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы шеруінің түрі ұлттық болғанымен ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Шеру саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемлекеттік құрылысты құлатуға шақырған жоқты. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Жүйе оны «Казақ ұлтшылдығы» деп айыптауға дейін барды.
Осыған байланысты 1987 жылғы 14 наурызда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Пленумының шешіміне сәйкес партия ұйымдарында тазалау басталды. Атап айтқанда, өздерінің жіберген қателіктерін ашық мойындау, номенклатуралық жетекші қызметкерлерге мінездеме беруді жаңарту, бастауыш партия ұйымдарында жеке коммунистердің, ал жетекші қызметкерлердің өз қызмет орындарында, тұратын жерлерде есептері тыңдалды. Есеп беру барысында, тек 1987 жылы облыстық партия комитеттерінде істейтін жауапты қызметкерлердің 28 пайызы, ал қалалық және аудандық партия комитеттерінің әрбір үшінші қызметкері жұмыстан босатылды. Олардың әрбір оныншысы қызметте жіберілген кемшіліктері үшін деген мінездемемен орнынан алынды. Мұндай тазарту жұмыстары сондай-ақ кеңес, кәсіподақ, комсомол органдарында да кеңінен жүргізілді.
Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 БЛКЖО мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.
Жергілікті кадрларды қуғынға салған Г.В.Колбин Орталық партия Комитеті бюро мүшелерінің пікірімен санаспады, олардың талаптарын қабылдамады, мәселелерді көп жағдайда өз еркімен шешті. 1989 жылы наурыз айында Г.В.Колбин Халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып Мәскеуге кетті. Оның орнына сол жылғы шілдеде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Н.Ә.Назарбаев сайланды.
Мәселені әрі қарай тексеру үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан арнайы құрылған, Мұхтар Шаханов бастаған комиссия егжей-тегжейлі тексерді. Оның барысында, қазіргі кезеңнің талабымен қарағанда, алғаш рет демократия және жариялылық жағдайындағы халықтың еркіндік үшін көтерген талабы мен ескі партиялық ойлау арасындағы қақтығыстың болғандығы ашып көрсетілді.
Бір ерекше айтып кететін жәйт, қайта құру жағдайында бұқаралық хабарлама органдары елдегі, соның ішінде Қазақстанда болып жатқан жағдайларды, өзгерістерді ешқандай бүкпесіз ашық жариялап отырды. Әсіресе, республикада орын алған әлеуметтік және ұлттық қайшылықтар жөнінде жан-жақты айтылды. Соның арқасында еңбекшілердің азаматтық және ұлттық сана-сезімі едәуір өсті. Халық арасында орын алған жұмыссыздық, балалар өлімі, халықтың мәдени-тұрмыстық, үй-жай жөнінде әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, оның қорытындылары ашық жарияланып отырды. Мұның өзі бұқара халықтың саяси-әлеуметтік белсенділігін күшейтуге көмектесті.
Қайта құру барысында қазақ халқы өзінің тарихы, ұлттық қайта даму, ана тілі, мемлекеттік егемендік алу жөнінде талаптарын қоя бастады, бұл мәселелер жаңа қырынан көрініс тапты.
Достарыңызбен бөлісу: |