Дәріс № 15. Ортақ болашағы бар ұлттың қалыптасуы (2 сағат)
1.«Мәнгілік ел» ұлттық идеясының мәні мен маңызы.
2.«Мәңгілік елдің негізгі кезеңдері: ұлттық мемлекетті құру және халықты біріктіру идеясының пайда болуы; ұлттық мемлекетті қолдау үшін күрестер; халықты қорғаушылардың қасіреті.
3.Мәңгілік елдің құндылықтары.
1. 2014 жылдың 17 қаңтарында ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың кезекті халыққа жолдауында: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті», – деп атап өтті. Бұл орайда елең еткізген жаңалық – тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы. Бұл – Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым.«Мәңгілік ел – түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қалаған идея...» –деп жаздытүркітанушы-ғалым Қ. Сартқожаұлы. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геосаяси және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасап, мәңгілік ел саясатын Көк Түріктер іске асырды. Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ елінің бас ұранына айналуда.
«Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруда үлкен жауапкершілікті мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ халқына жүктей отырып, Президент тек мәдени кодты сақтай отырып қана (тіл, руханилық, салт-дәстүрлер) уақыттың сын-қатерлеріне жауап қайтара алатынымызға баса назар аударды. «Егер ұлт өзінің мәдени кодын жоғалтса, онда ол ұлттың өзі де жойылады». Тек тағылымды тарих, ата-бабалар даңқы ғана қазіргі уақыт қиындықтарын жеңуге мүмкіндік береді»,–деген құнды пікірі ата салтымызды сақтауға, туған жер мен ел алдындағы парызымызды ақтауға шақырады. Осыған байланысты көптеген ғалымдардың ұлттық идеологиялар ұзақ өмір сүреді және ұлттар сол үшін өзінің жеке «мені» үшін күреседі, онсыз ұлт туралы пікірдің болуы да, оның болашақтағы тарихи өмірі туралы да сөз қозғаудың өзі мүмкін емес деген пікірлері орынды.Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» (17 қаңтар, 2014 ж.), «Нұрлы жол – болашаққа жол» (11 қараша, 2014 ж.) атты Жолдауларындағы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қалыптастыру туралы ой отандық саясаткерлер, философтар, тарихшылар ортасында кеңінен қолдау тапты.
«Мәңгілік Ел» идеясы біздің көне түркілік дүниетанымымызды, болмысымызды, көшпенділер өркениетінің негіздерін замана талабына сәйкес қайта жаңғыртудың, елімізді алдыңғы қатарлы қуатты мемлекеттер қатарына жеткізудің идеялық кепілі болып табылады. Нақтырақ айтқанда ол қазақ елінің жарқын болашағын білдіре отырып, Қазақстанның дамыған елдермен терезе теңестіруіне жол ашатын, халықты ортақ мақсат –мәңгілік ел болуға жұмылдыратын идея. «Мәңгілік Ел» – ұлттық бірлік пен бейбітшілікті, экономиканы нығайту,халықты әлеуметтік қорғау, ұлттық қауіпсіздік, мәдениеттің, тілдің дамуы, патриоттық, отаншылдық сезімнің күшеюі негізге алынатын Қазақстан жолының жаңа кезеңі.
Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні – мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті.Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. «Мәңгілік ел» ұғымын тереңнен түсіндіру, тарихи негіздерін көрсету мәселелері маңызды болып табылады.
«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының басты, негізгі іргетасы бірлік екенін ұмытпағанымыз абзал. Бірлік – ол елдің рухани бірлігі, халықтың мәдени, тілдік, ділдік, ақпараттық кеңістікке деген бірлігі. Қазақстандықтардың әлеуметтік, мәдени, рухани бірегейлігін дамыту ұлттық идеологияны дамытудың басты факторы болуы тиіс.
«Мәңгілік Ел» идеясы біздің мәңгілік халық, мәңгілік мемлекет болып қалуымызды қуаттайды, халқымыздың өз тамыр-тегін, ұлттық рухы мен өзіндік бірегей даму жолын сақтауға, әлем қауымдастығында өз рөлін айқындауға, тарихи-мәдени құндылықтарды мұқият сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге, адамгершілік бағдарды қалыптастыруға, дамытуға, қоғамның зияткерлік әлеуетін күшейтуге үндейді. Сондай-ақ «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы жас ұрпақты өз отанына деген сүйіспеншілік пен патриотизмге, ұлттық салт-дәстүрге, руханият пен мәдениетке құрмет сезіміне тәрбиелеуді талап етеді. Сол себепті жас ұрпақты «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясына тәрбиелеу бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі.
«Мәңгілік Ел» идеясы мәңгілік халық, мәңгілік мемлекет ретінде халқымыздың көп ғасырлық арман-мұратына, ел дамуының нақты нәтижелеріне негізделген. «Мәңгілік Елдің» жұмылдырушы күш-қуаты келесілерге негізделген:
1) өз барабарлығын, өз тамыр-тегін, өз ұлттық рухы мен өзіндік бірегей даму жолын сақтауға;
2) әлем қауымдастығындағы өз рөлін айқындауға;
3) тарихи-мәдени құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін сақтауға мүдделілікке;
4) маңызды міндеттерді барынша ауқымды түрде шешуге ұмтылысқа
Оның басымдықтары – дәстүрлі құндылықтарды қолдау; ұлттық барабарлықты анықтайтын адамгершілік бағдарларды қалыптастыру және дамыту, қоғамның зияткерлік әлеуетін күшейту. Негізгі өлшемдер – гуманизм мен әділеттілік, әлеуметтік-адамгершілік прогресс болмақ.
«Мәңгілік Ел»– Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру стратегиялық мақсатын жүзеге асыруға бағытталған қуатты жұмылдырушы бастама.
«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы маңызды құраушыларын (этносты қалыптастырушылық, азаматттық және жалпымемлекеттік), сонымен қатар Мықты және Қуатты Қазақстан мемлекетін құруда басшылыққа алынатын «Қазақстан – 2050» Стратегиясының негізгі алты бағыттарын негізге алады:
Бірінші. Жаңа қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу. Жаңа қазақстандық патриотизм – бұл этникалық айырмашылықтардан тыс бүкіл қоғамды біріктіруі тиіс барлық мүмкіндік.
Екінші. Барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі. Біз барлығымыз тең құқықты тең мүмкіндіктерді иеленген қазақстандықтармыз. Біздің жерімізде бейбітшілік пен тыныштық орнауына біз тікелей жауаптымыз.
Үшінші. Қазақ тілінің дамуы және тілдердің үш тұғырлылығы. Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі болып табылады. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз және оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту керек.
Төртінші. Мәдениетті, дәстүрлі және даралықты қайта өркендету. Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды.
Бесінші. Ұлттық зиялы қауым рөлін көтеру. Зиялы қауым қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда жетекші күш болуы керек.
Алтыншы. Мемлекеттің зайырлы сипатын нығайту – бұл Қазақстанның сәтті дамуының маңызды шарты.
2. Елбасы Н.Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясын Қазақстан халқының жарқын болашағы үшін қабылдаған өте маңызды және тарихи мәнге ие құжат «Бес институционалды реформаны жүзеге асыруға бағытталған нақты жүз қадам» атты бағдарламаның идеологиялық негізі етіп алды. Мұндағы «Біртектілік пен бірлік» реформасында «Мәңгілік ел» патриоттық актісі жобасын әзірлеу, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел - үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, азаматтық біртектілікті нығайтудың «Менің елім» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, т.б. нақты қадамдар жүзеге асыру көзделді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» болу мұратын көтерген «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ел өміріндегі ғана емес, әлемдік деңгейдегі саяси маңызы зор тарихи құжат ретінде бағалаХалқымыздың ата-бабадан мұраға қалып, елеусіз қалған бұл өсиеті – қазақтың дәстүрі, дәстүрлі дүниетанымы, қазақтың дәстүрлі дүниетанымынан нәр алған қазіргі «Мәңгі ел» идеясы. Бұл идеяның түп мақсаты – қазіргі әлемді дағдарысқа тіреген рационалды идеяларға балама ретінде қазақ халқының тарих сынынан өткен ұлттық дүниетанымын ұлттық, қала берді, барынша гуманистік идея ретінде әлемдік идеяға айналдырып, нәтижесінде тек Қазақстан мемлекетінің ғана емес, әлемдік қауымдастықтың, барша адамзаттың да бағдары болатын рухани темірқазығына айналдыру болып табылады.Мәңгілік Ел идеясы –қазақ ұлтының мақсат-мүддесіне және елімізді ортақ Отан еткен жүз отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың ұлттық идеясына негізделген идеология болатынына сенуге болады.
3. «Мәңгілік ел» – Тәуелсіздік алғаннан кейін қалыптасқан, мыңжылдық мәні бар жалпыұлттық, философиялық идея.Егеменді дамудың 22жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ.Бұл құндылықтар- уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі. Біріншіден, бұл- Қазақстанның тәуелсіздігі мен Астанасы. Екіншіден, бұл- қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшіншіден, бұл- зайырлы қоғам және жоғары руханият. Төртіншіден, бұл - индустрияландыру мен иновацияларға негізделген экономикалық өнім. Бесіншіден, бұл- Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Алтыншыдан, бұл- тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Жетіншіден, бұл- еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, бүкіләлемдік , өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.
Көпұлтты әрі көпдінді Қазақстанның алған асулары мен жеткен жетістіктерінің бастауы – бейбітсүйгіш халқымыздың ақ-адал пейілі мен қонақжайлылығы, төзімділігі мен еңбекқорлығы, елімізді мекендейтін түрлі ұлт өкілдерінің қазақтың дәстүрлі құндылықтарын қадірлеген дос пейілділігі. Сондай-ақ, жүз отызға жуық ұлттар мен он сегіз конфессиялық топ өкілдерінің береке-бірлігі жарасып, ынтымақтаса өмір сүруі – еліміздің бейбітшілік пен келісімді сақтау жолындағы ұтымды саясаты мен ауқымды еңбектерінің жемісі.
Ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы арманы, бүгінгі ұрпақтың ақиқаты болған қасиетті тәуелсіздігімізді, елдігімізді сақтап, дамыған елдердің қатарына қосылу – Мәңгілік ел болудың нысаны. Келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін әрқайсысымыз ортақ құндылыққа үлесімізді қосуымыз шарт. «Мәңгілік ел» идеясы – халықтың мүддесіне, қоғамдағы тыныштық пен ынтымақтастыққа қызмет ететін, бағыты мен бағдары анық жол, бейбітшілік пен келісімді, ұлтaрaлық татулық пен төзімділікті сақтaп, сындарлы сәттерден сүріндірмейтін ұлы мұрат.