Мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi мiндеттерi 1. Мемлекеттiк қызметшiлер:
1) Республиканың Конституциясы мен заңдарын сақтауға;
2) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тәртiппен мемлекеттiк қызметшiнiң антын беруге;
3) азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, заңдарда белгiленген тәртiп пен мерзiмде азаматтардың өтiнiштерiн қарауға, олар бойынша қажеттi шаралар ќолдануға;
4) өзiне берiлген құқықтар шегiнде және қызмет мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiгiн жүзеге асыруға;
5) мемлекеттiк тәртiп пен еңбек тәртiбiн сақтауға;
6) өзiне заңда белгiленген шектеулердi қабылдауға;
7) заңдарда белгiленген қызметтiк әдеп нормаларын сақтауға;
8) басшылардың бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың өз өкiлеттiгi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;
9) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтi тоқтатқаннан кейiн де, заңмен белгiленген белгiлi бiр уаќыт iшiнде, ол жөнiнде қолхат бере отырып сақтауға;
10) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және олардан, заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;
11) мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге;
12) мемлекеттiк қызметшiнiң жеке мүдделерi оның өкiлеттiгінен түйiсетiн немесе қайшы келетiн жағдайларда, оларды тағайындауға құқығы бар лауазымды адамды дереу хабардар етуге;
13) қызметтiк міндеттерін тиiмдi атқару үшiн өзiнiң кәсiби деңгейi мен біліктiлiгiн арттыруға мiндеттi.
2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң осы Заңда белгiленген негiзгi мiндеттерiнен туындайтын нақты мiндеттерi үлгi бiлiктiлiк талаптар негiзiнде айқындалады және тиiстi мемлекеттiк органдардың басшылары бекiтетiн қызметтiк нұсқаулықтарда көрсетiледi.
Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер 1. Мемлекеттiк қызметшiнiң:
1) өкiлдi органдардың депутаты және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшесi болуға;
2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;
3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, соның iшiнде, егер коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оның қызметтiк мiндетiне кiрмейтiн болса, ұйымдық құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;
4) үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өзi ќызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң бақылауындағы мемлекеттік органда өкiл болуға;
5) өзiнiң қызметтiк iс-әрекетiн материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсатта пайдалануға;
6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;
7) лауазымдық өкiлеттiгiн орындауға байланысты азаматтар мен заңды тұлғалар көрсететiн қызметтi жеке мақсатына пайдалануға құқығы жоқ.
2. Мемлекеттiк қызметшi белгiленген тәртiпке және заңдарға сәйкес, қызметке кiргеннен кейiн бiр ай iшiнде мемлекеттiк қызмет өткеру уақытына өзiнiң меншiгiндегi коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестi (акциялар пакеттерiн) және осы адамдарға заңды тиесiлi ақшаны, сондай-ақ мүлiктiк жалға берілген өзге де мүлiктi қоспағанда, пайдалану табыс алуға әкеп соғатын өзге де мүлiктi сенiм бiлдiрiлген басқаруға беруге мiндеттi. Мүлікті сенімгерлік басқару шарты нотариалды куаландырылуға тиіс.
Мемлекеттiк қызметшiнiң сенiм бiлдiрiлген басқаруға берiлген мүлiктен, соның iшiнде сыйақы, дивидендтер, ұтыстар, мүлiктi жалға беруден және басқа да заңды көздерден түскен табыс нысанында табыс алуға құқығы бар.
3. Заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiге өзiнiң жақын туыстары ата-аналары, балалары, бала асырап алушылар, асырап алған балалар, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе ерi (зайыбы) атқаратын қызметке тiкелей баєынысты лауазым атқаруына болмайды.
3-1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жақын туыстары мен жекжаттарына (жұбайлардың аға-iнiлерiне, апа-сiңлiлерiне, ата-аналары мен балаларына) қатысты лауазымдық өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен шектеулер көзделуi мүмкiн.
4. Мемлекеттiк қызметке:
1) белгiленген тәртiппен әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп танылған;
2) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;
3) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi қызметтердi атқару үшiн денсаулық жағдайына арнаулы талаптар белгiленген реттерде медициналық мекеменің қорытындысына сәйкес лауазымдық өкiлеттiктi орындауға кедергi келтiретiн науқасы бар;
4) өзiнiң мәртебесiн және соған негізделген беделiн жеке басылы, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi ықтимал әрекеттерге жол бермеу мақсатында өзiне заңмен белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;
5) жұмыстан босату түріндегі тәртіптік жазаны қоспағанда, мемлекеттiк қызметке кiрер алдында екi жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылған;
6) мемлекеттiк қызметке кiрер алдында бiр жыл iшiнде қасақана құқық бұзушылығы үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
6-1) мемлекеттiк қызметке кiргенге дейiн үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
6-2) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
6-3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған;
7) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына өтелмеген немесе заңда белгiленген тәртiппен алынбаған соттылығы бар адамдарды қабылдауға болмайды.
5. Аталған мәлiметтердi табыс етпеу немесе бұрмалау мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тарту үшiн негiз болып табылады.