Гравитациялық су дегеніміз топырақ агрегаттарының аралықтарындағы ірі қуыстылықтар арқылы өз салмағымен жоғарыдан төмен қарай жүретін су. Ол бос суға жатады, сондықтан өсімдіктер оңай сіңіреді. Бұл судың негізгі көздері атмосфералық жауын-шашын және қолдан беретін су. Егер топырақта шамадан тыс көп су болса, ол барлық капиллярлық емес қуыстылықтарды толтырып, ондағы ауаны атмосфераға ығыстырып шығарады, сөйтіп топырақтың ауа режімін нашарлатып, өсімдіктердің өсуіне кері әсер етеді. Гранулометриялық құрамы жеңіл құм және құмдауыт топырақтарда гравитациялық су ұзақ ұсталмай тез төменгі қабатқа өтіп кетеді.