Дәріс 11 Қазіргі мектептегі білім мазмұны. Оқытудың формалары, әдістері мен құралдары



Дата03.04.2020
өлшемі25,02 Kb.
#61414
Дәріс 11 Қазіргі мектептегі білім мазмұны. Оқытудың формалары, әдістері мен құралдары.

1. Орта оқу орындарындағы оқытудың мақсаты

2. Оқытудың мақсат мәнін айқындайтын деңгей

3. Білімнің мазмұны. Оқу жоспары, оқу бағдарламасы, оқулық. Оларға сипаттама.

Педагогикалық жүйені айқындайтын негізгі компоненттердің бірі - білім берудегі мақсат. Ол қоғамның қажеті мен талабына, әлеуметтік жағдайына үйлесімді саясатына байланысты. Ал педагогикалық жүйені құрудың мақсатын белгілеу дидактикалық-психологиялық талаптар негізінде айқындалады.

Дидактика тарихын зерттеуші ғалымдардың оқыту мақсаты жөніндегі пайымдауларын негізге алғанда бұл саладағы пікірлерді екі топқа бөліп қараған жөн. Бірінші топтағылар оқытудағы мақсат - тұлғаның ақыл-ойын, есін, қабілетін дамыту деген түсінікті ұстанады. Сол себепті педагогика ғылымында бұларды «Формальдық білім берушілер» деп атайды. Ал екінші топтағылардың ұстанымы - білім берудін мақсаты ғылым негіздерін меңгертіп, өмір үшін кажетті де нақты түсінік қалыптастыру деп түсіндіреді. Осы орайдан бұларды “білім берудегі материалистік” көзқарастағылар деп атайды.

Қазіргі дидактикада түлғаның дамуы білім негіздерін меңгеруге тәуелді деген ұстанымды ұстанады. Сондықтан да білім негіздерін меңгеруде жалпы білімдік мақсатты айқындайтын міндеттерді былайша белгілейді:

- оқушыға жүйелі түрде білім беруде табиғат, қоғам, техника, мәдениет туралы білімдендіріп, шәкірттің алған білімін тиісті деңгейде өмірге үйлесімді ілгері дамытуға бейімдеуді қамтамасыз ету;

- оқушының қызығушылығын, қабілетін, ақыл-ойын, зейінін, қиялын, есін, сезімін, ерік қасиеттерін, таным-түсінігін және практикалық іскерлігін дамыту; негізгі де басты бағдар орта оқу орнын бітіруші өзін-өзі жетілдіріп, білімдік таным қабілетін, ойлана білу деңгейін өрістетіп дамыту;

- ғылыми көзқарасын, имандылық, адамгершілік, эстетикалық т.б. сапалық қасиеттерін қалыптастыру;

- өзін-өзі білімдендіру қабілетін қалыптастырумен қатар, өзін-өзі үздіксіз жетілдіруге деген қажеттілікті өрістете түсу керек, өйткені дамудағы көз ілеспейтін жылдамдық, заман талабы тоқтаусыз өркендеуді қажет ететіндіктен әр тұлғаның үнемі оқып ізденуін талап етсе, оларды сол деңгейде болуға баулу негізгі шартқа айналғандығын ескеру;

- өндірістің негізгі түрлері мен ондағы атқарылатын еңбекті ұйымдастырып, басқару жүйесі жөнінде білім беру және техникалық құрылымдарды пайдалана алу жолдары туралы тиянақты түсінік қалыптастыру жағын қадағалау керек.

Білім бағдарламасы дегеніміз берілетін білімнің деңгейі мен мазмұндық бағдарын айқындайтын білімдік жүйе. Мұнда ұстанатын бағдар оқушыға берілетін жалпы және кәсіби білімнің құрылымына кіретін мектепке дейінгі дайындық, бастауыш мектеп, жалпы орта білім мен кәсіби орта білім.

Бастауыш мектепте білімдендірудің міндеті - оқушыны кітап оқи білуге, жаза білуге, есептей алуға және білім ала білу жолдарына үйрету, ал орталау мектеп болса ғылымның негізгі салалары бойынша білімдік түсінік қалыптастыру болып табылады. Ал толық орта дәрежелі мектепте болса, ғылым жүйесінің базистік негіздерін меңгеруі мен олардың бойына жеке бастың және этникалық қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру, тұлғаның өзін-өзі айқындауы мен кәсіби бағдарға бейімдеу болып табылады. Бұл салада әрбір пәннің мазмұндық жүйесі базалық негізгі білім беру деңгейімен қиысады да тиісті ұғым-танымдық шеңберде аяқталып отырады. Оқу пәндерін таңдауы бойынша зерделеу үшін оқу жоспарынын вариативтік бөлігі кеңейтіледі. Бейімдеу алдындағы даярлық жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім берудің үшінші сатысы жаңа көзқарасқа құрылған. Мұнда оқытудың мазмұнын саралау, ынталандыру, кәсібилендіру және тұлғаның өз бетінше білімін кеңейтіп, тереңдету көзделген. Сондай-ақ оқушының әлем, қоғам және адам туралы жүйелі түсінікті меңгеруіне зейін қойылған.

Техникалық және кәсіби білім беру бағдарламасы жеке тұлғаның және жеке әлеуметтік топтардың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, қоғам мен еңбек рыногы талабына қызмет ете алатындай жоғары білікті жұмысшы кадрлары мен мамандыққа деген қажеттілікті қанағаттандыруға бағытталады.

Ал орта білімнен кейін, жоғары білім болып саналмайтын кәсіби білім ЮНЕСКО-ның ұсынысына сәйкес білікті маман даярлау бағдарламасы бойынша жүргізіледі.

Жалпы орта білімнің мазмұны. Білімнің мазмұнын айқындауда оқулық, оқу құралы және әдістемелік әдебиеттермен қатар түрлі құжаттардың ішінде оқу жоспарының атқаратын қызметі ерекше. Орта оқу орындарына арналған оқу жоспарында - оқылуға тиісті жеке пәндердің және оның қай жылы, қандай көлемде, неше сағат оқылатындығына орай апталық сағат көлемі белгіленеді. Мемлекеттік ресми мекемелер оқу орындарының аймақтық ерекшеліктеріне және оқытудың бағдарына байланысты оқу жоспарының түрлі варианттарын жасайды. Кеңестік жүйе ыдырап Қазақстан егемендік алғаннан кейінгі «Білім туралы» заңына сәйкес оқу жоспарының негізгі және типтік түрлері жасалды.

Жалпы білім беретін мектептердін базистік оқу жоспарындағы толық жүктеме тұрақты және жылжымалы екі деңгейге бөлінеді. Тұрақты жүктеме құрылымындағы пәндер жалпы орта білім беретін мектептердің барлық типтерінде міндетті түрде оқытылады. Атап айтқанда гимназия, лицей бағдарлы мектеп, жеке мектеп т.б. көрсетілген пәндердің тиісті көлемде оқытылуы шартты болып саналады. Ал жылжымалы бөлімде оқытылатын пәндерде оқушының дербес қабілетін дамытуға, ықылас ынтасы мен қызығушылығына орай тиісті пәндерді терең білуге мүмкіндік жасалады. Сондай-ақ таңдамалы пәндер мен факультативтік курстарды өтуге де жағдай туғызылады. Жылжымалы бөлімдер үшін таңдамалы пәндерге бөлінген уақыт тереңдете оқылатын пәндерге беріледі.

Қазақстан Республикасында жеке пәндерді теориялық және қолданбалы жағынан тереңдете оқытуға арналған типтік оқу жоспарының бірнеше түрі 1993-94 оқу жылынан бастап жасалды. Ал оны тереңдету оқу орнының материалдық-техникалық жағдайына, ұстанған бағдарына байланысты өріс алатыны белгілі болуға тиіс.

Оқу бағдарламасы - жеке оқу пәнінің мән-мазмұнын сипаттайтын құжат. Бағдарламада сол пән бойынша оқытылатын тақырыптардың деңгейі мен оның мазмұны, қандайлық көлемде оқылатын мазмұндық көлем мөлшері сипатталады. Осы пәнді оқу барысында оқушының алатын білімі, білігі, дағды деңгейі қамтылады. Сондай-ақ оқылатын пәнге байланысты қолданылатын құралдар мен оған жасалатын бақылау және әдістемелік кеңес пен нұсқаулар көрсетіледі. Бұл құжат мектептегі пән мұғалімінің басшылыққа алатын негізгі құжаты.

Бағдарламаға қатысты материалдарды орналастыруда негізінен үш принцип ұсталады: 1) Бірыңғай бірізділікке негізделген жүйе (линейный), 2) Концентристік, 3) Спиралдық жүйе. Бұларды педагогикалық тұрғыдан таратып айтқанда былай болып шығады: бірыңғай бірізділікте (линейный) оқылатын материал қайталанбай бір бағдарда сатылай дамиды. Ал концентристік жүйедегі бағдарламада тиісті материал тақырып арасына үзіліс салып, жаңа деректермен толықтырылып, оқыту барысында қайталанып отырады. Ал спиралдық бағдарламада бір жүйелілік сақталып бірыңғайлық мәнде бір әуенмен жетілдіру ескеріледі. Демек, шиыршықталған, спиралдық жүйеде дамиды.

Оқу пәні - білімдік мақсатқа жету жолында дидактикалық тұрғыдан жан-жақты сұрыпталған белгілі саладағы ғылымның негізі. Мұндағы басты мақсат тиісті ғылым, өнер, іс-әрекет туралы оқушыға тиянақты мағлұмат беріп, оның теориялық және қолданбалы негіздерін танытып білгізу.

Әрине, ғылымның топтаса тоғысқан салалары шартты түрде жаратылыстану — математика, гуманитарлық-қоғамдық, көркем-өнер, дене тәрбиесі, өндірістік еңбек тәрбиесі деп жіктеледі. Олардың әрқайсысының өзіне тән атқаратын қызметі, шұғылданатын мәселелерінің ерекшеліктері бар. Соған орай берілетін білім, білік, түсінікті және қойылған мақсатты шешетін оқу пәні болғандықтан оқушыларға оны меңгеру үшін тиісті сағат мөлшері белгіленеді. Оқылатын пәннің сағат саны оқу жоспарында айқындалады.

Ал тиісті пәнге байланысты берілетін білімнің мазмұны мектепке арналған оқулықта көрсетіледі. Сондықтан - оқушы меңгеруге тиісті білімнің мән-мағыналық негізіне саналады және онда пәнаралық байланысқа орай табиғат, адам, қоғам туралы әр жақты мағлұматтар алудың қайнар көзі деп саналады. Оқулықтан алған білім негіздері бойынша оқушы ізденіп, оны тереңдетіп, өздігінен шұғылдануға мүмкіндік кеңейіп жол ашылады.

Оқушы меңгеруге тиісті ғылым негізін білгізетін құрал - оқулық. Онда тиісті ғылымның мазмұны туралы жүйелі де жан-жақты ақпараттық мағлұмат беріледі. Оқулық тек ақпараттық мағлұмат берумен ғана тынбайды, оқу құралы болғандықтан мұнда тиісті деңгейде мәтін, сурет те, кестелік сызбалар да, фотографиялық көріністер де келтіріледі.

Бәрінен де бұрын оқулық оқушының танымдық іс-әрекетіне бағдар беріп, басшылық жасайды. Оқулықтар мен оқу құралдарында шәкірт тарапынан атқарылуға тиісті жаттығу тапсырма, көрсетілген сұрақтарға жауап беру және жазба жұмыстарын орындау т.б. көрсетіледі. Оқулық - оқу үрдісін ұйымдастырудағы сценарий ретінде ғылымның теориялық мән-мазмұнын игеруге мүмкіндік беретін әдістемелік жолдарды меңгеруге жағдай туғызатын құрал. Сондай-ақ қазіргі оқулықтар мен оқу құралдарында оқушының білімдік деңгейі, іс-әрекет саласында атқарған еңбегі барысында қол жеткен табыстарын, өздігінен орындаған жұмыстарының нәтижесін бағалап, оны сипаттау жолдары да қамтылған. Демек, оқулықта тиісті пәнді оқудағы мақсат, оның мазмұны, оқу формасы, меңгеру барысындағы таным-түсінік және оны игергендігі жөнінде бақылау жасай білуде көзделеді. Бұл қазіргі заман, уақыт талабы. Өйткені техниканың өсуі, ақпараттық құралдардың қарқынды дамуы, қоршаған ортадағы өзгеріс, әлемдік қарым-қатынастың толассыз өркендеуіндегі ықпалды әсер ыждаһаттылықты талап етуден туындауда.

Оқыту әдісі — оқушыға білім мен тәрбие беріп, дамыту мақсатындағы ұстаз бен шәкірттің бірлескен қызметі, қарым-қатынастағы тәсілі. Оқыту әдісі арқылы шәкірттің білім алуы іскерлікке төселіп дағды қалыптасуы, дүниетанымы мен қабілеті жетіледі.

Мұғалімнің оқыту мақсаты мен міндеттеріне сай оның мазмұнын оқушыларға меңгертуде қолданылатын амал-тәсілдері мен ұйымдастыру әрекетін әдіс деп атаймыз. Сондай-ақ оқыту әдісі алға қойылған мақсатқа жетудің саналы түрде қолданылатын тәсілі және оның жүзеге асып орындалуы мүғалімнің шеберлігіне, оқыту үрдісін тиімді ұйымдастыра білуіне, шәкірттердің даярлық деңгейіне, екі жақтың бірдей белсенділігіне, ынтымақтастығына байланысты. Дидактика саласын зерттеушілер және педагогика оқулықтары мен оқу құралын жазған авторлар «Әдіске» әр түрлі анықтама беріп, терминнің қалыптасуы туралы түрлі-түрлі пікір айтқандығын ескере отырып, олардын негізгі ой түйінін пайымдай келгенде мынандай тоқтамға келген жөн: Әдіс - оқушыға білім мен тәрбие берудегі екі жақты қарым-қатынастың бір арнадан тоғысып, қойылған мақсатқа жетудің тиімді жолы, тәсілі, амалы, жүйелі түрде орындалуға тиісті іс-қимыл, әрекет деп түсінген жөн.

Білім, тәрбие жолындағы іс-әрекеттің нәтижелі болуы оның әдісін дұрыс таңдай білумен шарттас. Осы орайдан келгенде әдістерді түрлі салаға жіктеп топтастыру мәселесінде де ортақ пікір қалыптаспаған. Әрбір зерттеуші өзіндік танымына, көзқарасына байланысты түрлі-түрлі жүйедегі жолдарды ұсынады. Олардың бастыларын сұрыптай келгенде мына жүйедегі топтастыру (классификация) қазіргі кезеңнің ғылыми және тәжірибелік талаптарына үйлесімді келеді. Өйткені мұғалім мен оқушы іс-әрекетінің нәтижелі болуы, қойылған мақсатқа жетудің тиімді жолдарын ретті де дәлді табу үшін әдістерді топтастырудағы мына жүйе тиімді:

1. Оқытудың білім көздеріне байланысты әдістер:

а) Сөзбен түсіндіру әдісі (баяндау, лекция, әңгіме, пікірсайыс);

ә) Көрнекілік әдісі (демонстрация, иллюстрация);

б) Тәжірибелік әдіс (жаттығу, зертханалық жұмыс т.б.).

2.Таным түсінікті меңгеру сипатындағы әдістер:

а) Түсіндіріп ұқтыру, репродуктивтік әдіс;

ә) Проблемалық тұрғыдағы әдіс;

б) Ішінара іздеу немесе эвристикалық әдіс;

в) Зерттеушілік әдіс.

3. Дидактикалық мақсаттағы әдістер:

а) Жаңа білімді меңгеру әдісі:

ә) Алған білімді бекіту әдісі:

б) Бақылау әдісі.

Шартты түрде топтастырылған әдістердің бәрінің негізгі бағдарлық жүйесіне ортақ әдістемелік амал тәсілдерінде мына мәселелер ескерілуге тиіс:


  1. Іс-әрекетті жүзеге асырудағы тиімділік және ұйымдастырушылық;

  2. Мотивация және ынталандыру;

  3. Оқу жұмысын бағалау мен тұлғаның өзін-өзі бақылауы. Оқыту әдістерін осы жүйеде топтастырғанда мына мәселелерге зейін қою және тәжірибелік істе басшылыққа алған жөн.

Сөзбен түсіндіру әдісі - мұғалімнің баяндап беріп түсіндіруі арқылы, немесе оқулықтар мен оқу құралдарын оқу барысында жүзеге асырылады. Бұлар оқушыға берілетін ақпараттық мағлұматтың негізгі көзі деп саналады. Мұғалім сабақты түсіндіріп баяндауында оқылатын материалдың мақсаты мен мазмұнына және оқушының жас ерекшелігі мен дербес ерекшелігіне мән беріледі. Оқытудың бұл әдісі көбіне бастауыш мектепте, тиісті жағдайға байланысты жоғары сыныптарда да қолданылады.

Лекция - оқылатын материалдың жүйелі түрде баяндалуы талап етіледі. Орта оқу орындарының жоғары сыныптары үшін оқылатын лекцияларда шәкірттің лекциядағы мәтіндік мәнді жаза білуге үйренумен қатар тиісті түсінік, термин, танымдық ойларды қалыптастыру бірлікте жүргізіледі.

Әңгіме әдісі - тиісті тақырыпқа байланысты ақпараттық мағылұмат берумен қатар мұғалім мен оқушы арасындағы диалог, пікір алмасу бірлікте жүргізіледі. Әңгімелесу барысында репродуктивтік қайталау, пысықтау және шәкіртті ойлантып іздендіру түріндегі эвристикалық тапқызу жұмыстары оқушының сабақ тақырыбынан туындаған сұрақтарға байланысты заңдар мен заңдылықтарды, деректерді, теориялық ұғым-түсінікті дұрыс меңгеруіне, зейін қойып қабылдай білуге баулиды да қалыптастырады.

Пікір сайыс әдісінде - талданып, талқыланып отырған мәселе жөнінде пікірін ашық айтып, қателесіп кетемін деп жасқанбай сөйлеу оқушының өзіндік пікірі болуға бағдарлайды.

Сөз түріндегі қолданылатын әдістің басты сипаты ақпараттық мағлұматтың мол болуына, дәлелді сөйлей білуге логикалық жүйені сақтай алуға бейімдейді. Өзінің ойын, білген түсінігін жеткізуде белсенділік көрсетіп, әріптестерін тыңдата алуға машықтандырады. Әлсіздігі кейде бос сөзге дес беріп, дерексіз лепірмелікке ұрыну болса, оған жол бермеуге көңіл аудару керек.

Көрнекілік әдісі. Бейнелік кескінді көзбен көріп, оның нақты болмысын тануда түрлі суреттер, құралдар сызбалар мен таблицалар, моделдер пайдаланылады. Оқытуда әр түрлі иллюстрациялық құрал-жабдықтардың қолданылуы оқушыға берілегін ұғым-түсініктің, нысанаға алынған танымның тиянақты да айқын болуына әсер ететіндігі ақиқат шындық. Сондықтан білім беру үрдісінде көрнекілік әдісі жөнінде көп жазылған, әр жақты талданған әдіс. Көрнекіліктің оқьпу жүйесінде атқаратын басты қызметі:



  • Оқылатын материал, зат туралы оқушының айқын да дәлді таным-түсінік қабылдауын қамтамасыз ету.

  • Көріп, бақылайтын заттың сыртқы көрінісін ғана қызықтаумен тынбай онын ішкі мән-мазмұнын тануға ықпал етеді.

  • Көрген, білген, таныған, бақылауларына оқушы мән беріп, ол жөнінде өзіндік ой-түсінік жинақтауына мүмкіндік туады.

Педагогика ғылымы саласындағы зерттеулердің бәрі де көрнекілік оқушының теориялар мен заң және заңдылықтар жөнінде нақты түсінік, таным қалыптастырудың тиімді де өміршең жолы, көрнекілік болмаған жағдайда оқушының білімдік танымы, түсінігі және ойлау деңгейі күңгірт болуы да ықтимал екендігі жан-жақты сипатталған.

Тәжірибелік әдістер. Алған білімнің нәтижесі оның нақты тәжірибеде колданылуы екені ешбір дәлелдеуді керек етпейтін шындық. Сонымен бірге тәжірибе оқушының іскерлігін жетілдіріп, дербестігін өрістетіп, ақыл-ойы мен дене күшінің дамуына игі ықпал етіп, тұлғаны қалыптастырады.

Жаттығу әдісі - оқушыға білік, білімдарлық қалыптастырып машықтандыру мақсатында тиісті оқу материалдарын бірнеше рет қайталап шығу. Жаттығуға қойылатын талап: оқушы қайталаудың мақсатын түсінсе, қандай нәтижеге жетуге тиісті екендігін біліп және болуға ықтимал қателіктер мен кемшіліктерден сақтанып, қажетті дағдыларды меңгереді.

Зертханалық жұмыс - оқушы зертхана (химия, физика) бөлмесінде тиісті тақырыпқа байланысты тәжірибе жүргізіп, оның мән-мағынасын бақылап, білуге тиісті үрдісті жеке немесе топтық құрамда орындап көреді. Эксперименттің барысымен танысып, оның нәтижелік көріністері туралы пайымдау жасайды.

Тәжірибе жұмыстары мектептің шеберханасында, оқу-тәжірибе істерін атқаруға арналған аумақтағы орындарда өткізіліп, шаруашылыққа байланысты түрлі бұйымдар мен құралдарды оқушы жөндеп, керек заттарды қолдан жасап, белгіленген тапсырманы орындайды. Негізгі мақсат - алған теориялық білімді жүзеге асырып, білік, дағдысын өмірде қолданып, ретіне қарай шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдеріне төселдіру, нақты іс-әрекетке баулу, үйрету. Тәжірибе әдісінде нақты әрекетпен сөз жүзінде түсіндіру бірлікте жүргізіледі. Сондай-ақ білімдік ой-түсінікті іс-әрекетті атқаратын тәжірибелік жұмысқа аударып жіберіп, теориялық білімнің мәнін төмендетіп алудан сақтану керек.

Өткен ғасырдың 60 жылдарында оқушылардың оқу үрдісіндегі белсенділігін арттыру дидактика саласында басты мәселеге айналды. Әсіресе, шәкірттің білімге деген қызығушылығын, олардың өздігінен іздене білушілігін, білуге құмарлық белсенділігін арттыру талабы өрістеді. Дәстүрлі оқыту үрдісіндегі әлсіздік - оқушы мұғалімнің айтқанын зейін қойып тындап, есіне сақтап, қайталап айтып берумен шектелетін де, өзінше ойлап, өзінше әрекеттенуге бара бермейтіндіктері күн өткен сайын айқындала түсті. Соның салдарынан оқушы жаттандылыққа маталып, шығармашылық ойға еркін жете алмай, өзіндік көзқарастың қалыптасуына мүмкіндігі аз болатындығы сыналды.

Оқушылардың белсенділігін көтеретін оқытудағы жаңа жүйе - оқытудың жаңа технологиясы мен әдістеріне келіп тіреледі. Ізденіс барысындағы жаңа бастама оқушылардың оқудағы іс-әрекетін шығармашылыққа, іздене білуге бағыттап, олардың белсенділігін дамытуға деген мүмкіндігін өрістететіндігі дәлелденіп, оған кеңірек жол ашылды. Оқушылар нақты ситуацияны өздері талдап, проблемалық міндеттерді өздері шешуге белсенді түрде қатысып, дидактикалық ойындарға ынталы араласып, алгоритмдік тапсырыстарды орындауға ықыласты болатындығына назар аударылды.

Білім алудың тиімділік қарқынын жетілдіруде интенсивтік әдістің мәні зор. Оқытудағы бұл әдісі - білімді меңгеруге бөлінген уақыт деңгейін ұзартпай-ақ сол күйінде сақтап, қойылатын талапты және оның сапасын төмендетпей ақпараттық мағлұматтың көлемін кенейту арқылы оқушыны білімдендірудің сапасын жетілдіруге мән бере түсті.

Оқыту үрдісіндегі интенсификацияны ықтиятты түрде жүзеге асыру үшін ғылыми дәлелденген бұл әдісті талдап, өмірге батыл кіргізіп, тұлғаның шығармашылық мүмкіндігін барынша жебеп, таным процесіне басшылықты жетілдіру дамып келеді. Өйткені оқыту қарқынын жеделдету арқылы берілетін білімнің мазмұнын және әдісін жетілдіру негізінде көздеген мақсат күмәнсіз орындалады.

Интенсивтендіру әдісін жүзеге асыруда суггестепедиялық тұрғыдағы бағдар қолданылып, оқушының білуге деген ықылас-ынтасына назар аударылады. Суггестия - латынның сендіру, иландыру, тұспалды ишарамен білгізу деген мәнде болса, білімдендіруде оқушының сенімі берік болса қандай да әрекетті атқаруға бара алатындығына кепілдік береді. Өйткені сенім - іс-әрекеттегі қозғаушы күш. Тұспалдай айтқан Абайдың «сөзінде бір күдік жоқ алдар деген, нанасың не айтса да амалың жоқ» деген ойлы пікірімен үйлесім табады.

Оқытудағы белсенділікті көтеріп, интенсификациялы әдісті өрістетуде дидактикалық ойын, шығармашылық жұмыстарды әр жақты ұйымдастыру жолдары кеңейтіліп және оны жүзеге асыру тиісті пәндердің әдістемелік құралдарында көрсетіледі. Сондай-ақ бағдарламалық деңгейде алгоритмдік жүйе де дамытылады. Алгоритм - белгілі бір тапсырманы рет-ретімен жүйелі орындау болса, оны жүзеге асырудың жол-жосығы көрсетілген жоба, қойылған сұрақты дұрыс шешіп дәлді жауап беруге мүмкіндік туғызса бұл әдіс те белсенділікті көтеруге ықпал ететін тиімді жол екендігін есте ұстау керек. Ғылыми зерттеу тәсілдерін оқыту әдісіне пайдалану. Соңғы жылдары орта оқу орындарында білім, тәрбие берудегі әдістердің бірі ретінде ғылыми зерттеу әдістері мен тәсілдерін пайдалану дидактикада кеңінен жүзеге асырыла бастады.

Ғылыми жолға үйлестірілген әдіс бойынша шәкірт оқылатын тақырыптың болжамын теориялық және практикалық тұрғыда жобалап, жетекші идеяның міндеттерін белгілейді. Қойылып отырған проблеманы шешудің дерек көздерін қарастырып, мәселеге логикалық және практикалық жағынан іздену барысында ғылыми зерттеу жұмыстарына тән әдістерді өзінің нақты ісінде пайдаланып көреді. Дәлірек айтқанда, шешілуге тиісті проблеманың мән-мағынасын бақылап, сыныптағы құрбыларымен әңгімелесіп, пікірлесіп, тиісті деректер мен фактілерге назар аударып, алған мағлұматтарына талдау жасап, өзіндік тұрғыдан пайымдық қорытындыға келеді. Ғылыми зерттеуге тән бұл әдістер оқушынын өз деңгейінде атқаруы оларды шығармашылық жолға бейімделіп, тиісті проблеманы шешіп, ондағы сұрақтарды талдап, талқылап салыстыра қараудағы эксперименттік сипаттағы таным-түсінікке айналады. Былайша айтқанда, оқушы сөз етіліп отырған мәселені, деректерді салыстырып, өзі дұрыс деп таныған пікірге тоқталып, ой қорытындысын жасайды.



Қазіргі гимназияда жиірек қолданылатын «Ойлан да - ойыңды айтып қал» («Мозговая атака», «Мозговой штурм») әдісі - мына тұрғыда ұйымдастырылып жүр. Проблеманы талқылауға қатысатын топ шеңбер құрып, дөңгеленген тәртіп бойынша орналасады. Басқарушы шешілуге тиісті мәселені түсіндіріп, белгіленген уақыт ішінде (10-30 минут) қатысушылар жауап беріп, өз ойларын ортаға салады. Белгіленген төрешілер берілген жауаптағы пікірлерді тіркеп отырады. Керек болса шешілуге тиісті сұрақ пен міндетті қайталап шығып, ал төрешілер айтылған пікірлерге сараптама жасайды. Белгіленген тәртіп бойынша әрбір оқушы жасқанбай пікірін ашық айтады. Егер айтылған пікірде қате, ауытқушылық болса, оны жазғыруға, айыптауға болмайды, ондай әрекетке тыйым салынады. Мұғалім үрдісінің барысына жетекшілік жасаумен қатар айтылған пікірлерді сараптай талдап, жинақтап, пайымдау жасайды.

Бұл әдістің мәні - оқушы проблеманы шешуде белсенділік танытып, оған зерттеуші тұрғысынан қарауға мүмкіндік туғызылатындығында. Сондай-ақ олар қойылған міндетті өзінше орындап, өзінше шешіп және ой-түсінігін, көзқарасын еркін түрде жасқанбай айтуға дағдыланады, өзінше әрекеттенуге жаттығады. Оқушы тез ойланып, ойын жедел айтып салуға әдеттеніп және өзінше әрекеттенуге машықтанады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет