Негізгі ұғымдар: шеберлік, педагогикалық шеберлік, педагогикалық мәдениет, актерлік шеберлік.
Заман ағысына сай біліммен қаруланған ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған маман – уақыт талабы.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Мұғалімдер – қоғамның ең білімді, ең отаншыл, білгілеріңіз келсе, «ең сынампаз» бөлігі болып табылады», - деп айтқан болатын.. Сондықтан да бүгінгі таңда тәуелсіз елімізге білікті маман, өз ісінің шебері қажет. Ал, педагогикалық шеберліктің негізі неде?
Шебер педагог білімді, тәжірибесі мол, жан-жақты бола отырып, оқушыларды жеке тұлға етіп қалыптастыру мақсатында білім мен тәрбиені ұштастыра алу қажет. Әр оқушының дарындылығын айқындау, олардың дамуына қолайлы жағдайлар жасау, мектеп, жанұя, мұғалімнің рөлін анықтау, студенттер мен мұғалімдер ұжымын қалыптастыру – педагогикалық шеберлікті жетілдіруге негізделеді деп есептейміз.
Қазақстан заңдары білім беруді қоғамның және мемлекеттің рухани, әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуының негізі деп жариялайды. Елімізде 1999 жылы қабылданған «Білім туралы» Заңда білім беру жүйесінің басым міндеттері көрсетілген:
1-білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін жағдайлар жасау;
2-жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектілік байыту;
3-азаматтық пен елжандылыққа, өз отаны Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, конститутцияға қайшы және қоғамға қарсы кез келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу;
4-әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республикасының басқа да халықтарының тарихын, дәстүрлерін, тілдерін меңгерту;
5-оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу;
6-еңбек рыногында бәсекелесуге қабілетті білікті жұмысшылар мен мамандар даярлау, оларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру.
Осы міндеттерді орындап, жүзеге асыруда мұғалімдердің рөлі өте зор. Бүгінгі мұғалімдердің еңбегінің нәтижесі қандай болса, ертең біздің қоғам сондай болады.
«Талант» деген сөзді әркім әр түрлі ұғынуы мүмкін. Талант көбіне, ақын-жазушыларда, әртістерде, өнер адамдарында кездеседі. Ал, «мұғалім болу – талант па, ол әркімнің қолынан келе бермей ме?» - деген сұрақ туады. Ұстаздың барлығы талантты болып тумайды. Егер кез келген мұғалім ынта-ықылас қойып, табандылық танытатын болса, өз бетімен көп еңбектенсе, идеялық жағынан сенімді, саяси жағынан есейген азамат болса, өз пәнін жақсы білсе, оқытудың әдістемесін меңгеріп, бала психологиясын жете білсе, педагогикалық техниканы қалыптастыра алса, педагогикалық шеберлікке жету қасиеттеріне ие бола отырып, педагогикалық әдепті бойына сіңірсе, онда талантты, шебер ұстаз бола алады.
Педагогикалық шеберлік – ұстаздық талантпен тығыз байланысты. К.Д.Ушинский: «Педагогика теориясын қаншама жетік білгенімен, педагогикалық әдептің қыр-сырын меңгермейінше, бұған оның қолы жетпейтіндігін», - айтады.
Сондықтан шебер педагог көзі қарақты, құлағы сергек, көкірегі ояу, білім беру саласында атқарылып жатқан игі істердің куәсі болуы керек.
Педагогикалық шеберлік – тек қана мұғалімнің жалпы, жан-жақты және әдістемелік сауаттылығы ғана емес, ол – әр сөзді оқушыларға жеткізе білу, олардың толық қабыл алуы. Ұстаздық шеберлік:
Мұғалімнің өмірге көзқарасы, оның идеялық нанымды, моральды бойына сіңірген адам екендігі;
Пәнді жетік білген, ойын толық жеткізетін және оқушылардың бойында әдеп, әдет, дағды сияқты моральдық нормаларды сіңіре білгендігі;
Оқыту мен тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін меңгерген, білгенін қызықты да,тартымды өткізе алатын, педагогикалық әдеп пен талантын ұштастырған адам ғана шеберлікке ие болады.
Педагогикалық шеберліктің негізі – балалардың өз еркімен дамуына жол ашу, оқу-тәрбие процесінде оқушылармен педагогикалық ынтымақтастықтар, жұмыс атқарудың формаларын, әдістерін дамыту, шәкіртке деген қамқорлық пен сүйіспеншілікті арттыру педагогикалық шеберліктерінің басты сипаты болып табылады.
Педагогикалық кәсіптік шеберлікті дамыту міндеттері:
Педагогикалық білім бірлігі.
Педагогикалық кәсіпке бейімділігі.
Жағдаяттарды меңгеру.
Балалардың психологиялық жағдайын меңгеру.
Мұғалім шеберлігі – бұл өте жоғары білімді сапалар жиынтығы, әрі ұдайы жетіліп отыратын тәрбиелеу мен оқыту өнері.
Достарыңызбен бөлісу: |