Дәріс 14. Кәсіпкерлік қызметтегі тәуекелдер: түсінігі, түрлері, сыныпталу қағидалары



Дата08.10.2023
өлшемі63,33 Kb.
#184177
Байланысты:
14 4


Дәріс 14. Кәсіпкерлік қызметтегі тәуекелдер: түсінігі, түрлері, сыныпталу қағидалары

Бәсекелестік пен белгісіздік жағдайындағы нарықтық қатынастар шартында шаруашылық, өндірістік немесе коммерциялық қызметтің тәуекелсіз болуы мүмкін емес. Алайда, тәуекелдердің болмауы да экономиканың тиімділігі мен өсімділігін бұзу есебінен оған зиян келтіреді.


Тәуекел факторының болуы кәсіпкерді қаржылық және материалдық ресурстарды үнемдеуге, жаңа жобалардың, коммерциялық келісімшарттардың және т.б. тиімділігіне көңіл бөлуге себеп болады. Инфляциялық үдерістер, аса қымбат кредиттер және басқа да теріс құбылыстар орын алатын тұрақсыз экономика жағдайында кәсіпкерлік қызметтегі тәуекел факторы өсу беталысында болады. Сондай-ақ, экономикалық дамудың қалыпты кезі де әрбір субъект үшін өзінің жеке қасиеттері мен бейімділіктеріне жауап бере алатын тәуекел деңгейіндегі шаруашылық аймақта орын алуға мүмкіндік беретін толық және алуан түрлі «тәуекел стратификациясын» қажет етеді. Сондықтан тәуекелдің және даму жолындағы оның өзгермелі дәрежесінің болуының өзі кәсіпкерлік даму үшін тұрақты және қатты әсері бар фактор ретінде көрініс табады.
Жаңашылдықты қаржыландыратын немесе сатып алатын кәсіпкерлер үлкен тәуекелге барады. Өйткені жаңашылдықтың барлығы дерлік нарықпен қабылдана бермейді. Мұның себебі бизнестің даму келешегін дұрыс бағаламау болуы мүмкін. Жаңашылдықтың негізгі ішкі заңдылығы ретінде оның белгісіздік пен ықтималдылық сипатын айтуға болады.
Әдетте белгісіздік үш түрін бөліп көрсетеді: ғылыми, техникалық және экономикалық.

62-кесте – Инновациялық қызметтің белгісіздігі





Белгісіздік

Қасиеттері

Ғылыми

Материяның сарқылмастығы мен адам білімінің салыс­тырмалылығымен байланысты. Жаңа ғылыми білімнің пайда болуы қоғамдық даму немесе табиғи құбылыстың белгісіздік жағдайын жоюға себеп болады. Белгісіздіктің жойылу дәрежесі қоғамның, ғылымның, техниканың, өндірістің даму дәрежесі мен ғалымның ой-өрісіне тәуелді болады. Қолданбалы зерттеулер аяқталысымен белгісіздіктер техникалық және экономикалыққа болып түрленеді.

Техникалық

Ғылыми идеялардың техникалық қағиадалар ретінде іске асуы дәлелденген, осы қағида негізінде жаңа техниканың теориялық параметрлері анықталған тану кезеңін көрсетеді. Бұл адамның табиғатқа әсер ету әдістерінің техникалық немесе технологиялық құрылымын өзгертуге мүмкіндік береді. Қолданбалы зерттеулер кезеңінде техникалық белгісіздіктерді жою үдерісі басталады. Бұл үдеріс техникалық игеруден басталып тек жаңа техника түрін өнеркәсіптік өндіруді игергенде толықтай аяқталады.

Экономикалық

Ғылыми білімнің материалдық игіліктер мен қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін қолдану туралы шешім қабылдағанда пайда болады. Бұл кезеңде ғылыми жетістікті іске асырудың экономикалық әсері белгісіз болады. Яғни, ғылыми-техникалық жаңалығы бар жаңашылдық нарықтық сұранысына ие бола алатындығына кепілдік жоқ. Нарықтық белгісіздік жаңашылдықты өнімге айналдырып, нарықта өз орнын тапқан жағдайға дейін жойылмайды.

62-кестеге сәйкес, тәуекелдерді талдау және бағалау бірінші кезекте инновациямен байланысты инвестициялық жоспарды дайындағанда жүргізіледі. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында кездесуі мүмкін тәуекелдерді болжауға, тәуекелдіктің дәрежесін жалпы бағалауға және алдын-алу шараларын қарастыру мен мүмкін болатын шығындарды төмендету үшін қажет. Ал әлеуетті серіктестер мен инвесторлар үшін мұндай талдау жобаға мақсатты қатысулары жайлы шешім қабылдау үшін ақпарат береді.


Тәуекел өндірістік-шаруашылық үдеріс немесе басқа да бір қызмет барысында пайда болатын қандай да бір жағымсыз жағдайдың мүмкіндігімен сипатталады.
Жағымсыз жағдай мен сәтсіз нәтиже ретінде келесілерді атап өтсек болады:
– жоғалған пайда;
– залал, шығын, яғни, өз қаражатыңды жоғалту;
– нәтиженің болмауы;
– кем алынған табыс немесе пайда;
– келешектегі залалдар мен табысты кем алуға себеп болатын жағдайлар.
Тарихи категория ретінде тәуекел өркениеттің төмен сатысында пайда болды және адам үшін мүмкін болатын қауіптің көрінісі болды. «Тәуекел» түсінігі римдік заңгерлер қолданысқа енгізгеннен бері тарихы терең ұғым болып табылады. Сонымен қатар, тәуекелдің түрлі аспектілері XIX аяғы мен XX басында зерттеле бастады. «Интегралдық тәуекел», «ерекше әрекеттер тәуекелі», «кәсіби тәуекел теориясы» т.с.с. көптеген теориялар қатары пайда болды.
Тауарлы-ақша қатынастардың дамуымен тәуекел экономикалық категорияға айналды. Бұл терминнің экономикалық категория ретінде экономикалық түсініктер жүйесінде кәсіпорынның шаруашылық үрдісін атқаруымен байланысты белгілі орын алады. Осылайша тәуекелді кәсіпорынның экономикалық қызметінде оның табысын қалыптастыру және қаржылық-шаруашылық қызметін атқарумен тікелей байланысынан байқауға болады.
Тәуекел мәселесін экономикалық категория ретінде қарастырған экономикалық әдебиетті талдау түрлі тәсілдеме мен көзқарастың барын көрсетті. Бұл, біріншіден, мәселенің өзіндік ерекшелігімен, оның салыстырмалылығы мен көпқырлылығымен, екіншіден, субъектілердің қызметіне әсер ететін факторлардың болжап болмайтындығы мен әртүрлілігімен түсіндіріледі.
Экономикалық ғылымдар шегінде тәуекелдің екі негізгі теориясы қалыптасты: классикалық және неоклассикалық. Классикалық теорияда ағылшын экономисттері Дж. Милль және И.У. Сениор тәуекелді белгілі бір шешім қабылдау нәтижесінде пайда болатын математикалық күту шығындарымен ұқсастырады. Бұл теория бойынша тәуекел таңдалған шешім мен стратегия салдарынан болатын зиян шегу мүмкіндігі болып табылады. Тәуекелді тек біржақты қарастырылуы үлкен сынға алынып, XX ғасырдың 20-30-жылдары неоклассикалық теорияның негізін қалыптастырды. Бұл теория негізін қалағандар Ф. Найт, А. Маршалл, А. Пигу болды. Ф. Найт өз кезегінде тәуекел және белгісіздік түсініктерін ажыратуды ұсынды. Сонымен қатар, бұл теория авторларының ойынша, белгісіздік жағдайында қызмет жасайтын кәсіпкерлік екі категорияны басшылыққа алу керек: күтілетін табыс көлемі және мүмкін болатын ауытқулар. Ал кәсіпкер табыстың өзгерістері аз нұсқаға артықшылықты беруі керек. Яғни, кәсіпкер өз ісінде шекті пайдалылық тұжырымдамасын басшылыққа алуы керек.
Тәуекелдің неоклассикалық теориясына толықтырулар Дж. Кейнс­пен енгізілді. Ол тәуекел саласында бұрыннан бар білімдерді жүйеге келтіру негізінде оны тәуекелден қанағаттану факторымен толықтырды. Фактордың мәні келесідей: кәсіпкер үлкен күтілетін табыс үшін үлкен тәуекелге барады. Осылайша, неоклассикалық теория бойынша тәуекелдің категориясы қойылған мақсаттан ауытқу ықтималдылығымен байланыстырылды.
Келесі жылдар бойы батыстың экономикалық ойшылдары таңдау теориясы мен белгісіздік пен тәуекел жағдайында шешім қабылдау сұрақтарына көп көңіл бөлді. Бұған дәлел ретінде Г.М. Марквиц, Д. Тобин, К. Линтнер, К. Шмиттың және т.б. жұмыстарын келтіруге болады. Ал Кеңес үкіметінде тәуекелге деген біркелкі көзқарас болмады. Мысалы, 1920-жылдары «қалыпты өндірістік-шаруашылық тәуекелі» түсінігін анықтайтын бірқатар заңнамалар қабылданған болса, 1930-жылдардың ортасында-ақ тәуекел орталықтандару саясатының ықпалымен капиталистік түсінік ретінде мүлдем керексіз болып танылды. Бұл, бір жағынан, теориялық зерттеулер жағынан артта қалуға, ал, екінші жағынан, басқару және шаруашылық шешімдердің тәуекелдерді бағаламай қабылдануына және сәйкесінше іске асыру барысында жағымсыз салдарларға алып келді.
Алғашында тәуекел мәселесін зерттеу адамзат қызметінің тек шектелген салаларында ғана жүргізілді. Мысалы, математиканың, статистиканың, психологияның, медицинаның жекелеген бөлімдерінде. Қазіргі кезде тәуекелдің белгілі бір түрін талдау қайбір ғылымның болсын пәніне айналды.
Бұл мәселені зерттеушілер арасында «тәуекел» терминіне біркелкі көзқарасты анықтаманың жоқтығын атап өткен жөн. Көптеген экономисттер, мәселен М.И. Баканов, И.Т. Балабанов, П.Г. Грабовый, Дж. Коллинз, Б.А. Лагоша, С.Н. Петрова, Б.А. Райзберг, Т. Руфли, В.Т. Севрук, В. Смольков тәуекелді ресурстарды жоғалтудың әлеуетті мүмкіндігімен, табысты кем алумен, қосымша шығындармен немесе зақым келу қаупімен байланыстырады. Ал, М.С. Крейнина тәуекелді адамзат қызметінің және табиғи құбылыстардың өзіне тән ерекшелігінен пайда болатын жоғалтулар қаупі ретінде түсінуді ұсынады. В.П. Буянов болса тәуекелді саналы қауіп ретінде қабылдау керектігін айтады.
Тәуекелге анықтама беруде басқаша тәсілдеме ұсыныстарын Т. Бачкаи, Д. Мессена, Д. Мико, M. Грин және E. Вогхан жұмыстарынан көре аламыз. Олардың ойынша, тәуекел – мақсатқа жету үшін шешім қабылданып, ол мақсаттан ауытқу ықтималдылығы. Мысалы, В.В. Глущенко тәуекелді қызметті жүзеге асыру барысында күтілетін немесе жоспарланған нәтижеден ауытқу ықтималдылығын деп түсіндіреді. Яғни, бұл жерде тірек сөздер «мақсаттан ауытқу ықтималдылығы», сонымен қатар, ауытқулар оң немесе теріс болуы мүмкін. Ал К.М. Арғынбаеваның анықтамасын келесімен ерекшеленеді: тәуекел жеке экономикалық субъектілерге әсер ететін, нақтыланбайтын және жойылмайтын ауыспалылармен байланысты.
Тәуекел инвестицияның қайтарымдылығының өзгермелі және тұрақсыз болу дәрежесімен де сипатталады. Яғни, тұрақсыздық дәрежесі (мысалы, дивиденттер, акция курсының ауытқуы) неғұрлым жоғары болса, тәуекел де соғұрлым жоғары.
Тәуекелдің мәні туралы түрлі ойлардың болуы бұл құбылыстың көпаспектілігімен, шаруашылық заңнамада бар екенін мойындалмауымен, экономикалық тәжірибе мен басқару қызметінде қолдануының тиісті дәрежеде еместігімен түсіндіріледі. Тәуекел қиын құбылыс ретінде көптеген сәйкессіз, кейде мүлдем қарама-қайшы негіздемелерге толы.
«Тәуекел жағдайы» ұғымы тәуекелмен тығыз байланысты. Көптеген экономикалық процестер белгісіздік шартында жүріп жататыны белгілі. Сондықтан, бірмәнді шешімі мен нәтижесі жоқ жағдайлар туады. Егер де кез-келген нұсқаның орындалу мүмкіндігін сандық немесе сапалық тұрғысынан анықтай алсақ, бұл – тәуекел жағдайы. Сонда, тәуекелдік жағдай үш құрамдас бөліктен тұрады: айқынсыз­дықтың болуы, баламаны таңдау кажеттілігі, таңдалған баламалардың жүзеге асу мүмкіндігін бағалай алу.
Тәуекелге берілген көптеген анықтамаларды талдай отырып, келесідей ортақ сипаттамаларды шығаруға болады:
– алынатын нәтиженің айқынсыздығы;
– тікелей шығынға ұшырау немесе табысты кем алу мүмкіндігі;
– әсер ету дәрежелерін алдын-ала болжай алу мүмкін емес факторлардың болуы;
– тәуекелдің болашаққа қатысты өзіндік орны бар.
Объективті құбылыс ретінде тәуекел кәсіпорынның барлық қызмет бағыттарында көрініс табады. Оның кейбір параметрлері субъективті қабылданатын шешімдерге тәуелді болғанымен, объективтілігі өзгеріссіз болып қала береді. Яғни оның объективтілігі шынайы мәселелерді көрсете алатындығы болып табылады. Басқаша айтқанда, тәуекелді мойында не мойындама, оның бар екені ақиқат. Сонымен, тәуекел субъективті-объективті сипатта болады екен.
Осылайша, тәуекелді көптеген кездейсоқ факторлар әсерінен ре­сурстарды жоғалтудың немесе көзделген нәтижеге қарағанда табыс­ты кем алудың әлеуетті қаупі деп қарастыруға болады.
Кәсіпорынның қаржылық-шаруашылық қызметі атқарылу барысында тәуекелдік жағдай болуы да болмауы да мүмкін. Сондай-ақ, ықтималдылық дәрежесі субъективті және объективті факторларға тәуелді болады. Қаржылық-шаруашылық операцияны іске асыру салдарлары тәуекел түріне тәуелді және ауқымды диапазонда тербеліп отырады. Яғни, бір жағынан, тәуекел қаржылық жоғалтуға әкелуі, екінші жағынан, қосымша табыс алуға себеп болуы мүмкін. Тәуекелдің бұл сипаты оның қаржылық нәтижесінің айқынсыздығын немесе пайда болуындағы заңдылықтың жоқтығын білдіреді.
Тәуекелдің келесідей белгілерін ажыратып көрсету оны дұрысырақ ұғынуға көмектеседі.
1. Қарама-қайшылық. Тәуекелдің бұл белгісі түрлі аспекті­лер­ден көрініс табады. Мәселен, бір жағынан, тәуекел жалпыға ортақ нәтижеге жаңа, ерекше тәсілдермен қол жеткізуге бағытталған. Сонымен қатар, нәтижеге міндетті түрде белгісіздік пен шарасыз таңдау шартында қол жеткізіледі. Ал, екінші жағынан, баламаларды таңдау кезінде тәуекел дамуының объективті заңдылығын есепке алынбаса, нәтижесі белгілі бір әлеуметтік-экономикалық шығындар болуы мүмкін.
2. Баламалылық. Бұл белгі екі немесе одан да көп шешімдер мен іс-қимылдар арасынан таңдау жасаумен байланысты. Егер таңдау болмаса, тәуекелді жағдай да тумайды.
3. Белгісіздік. Тәуекел белгісіздікті «жою» құралдарының бірі болып табылады. Қызмет жүргізу барысында кәсіпкерлер өз арасында пайда болу уақыты мен орны, олардың дәрежесіне әсер ететін ішкі және сыртқы факторлар жиынымен анықталатын көптеген тәуекел түрлерінің жиынтығымен кездеседі. Мұндай жағдай шешім қабылдауға үлкен кедергі туғызады және тәуекелдерді толықтай зерттеп, олардың пайда болу себебі мен факторларын талдауды қажет етеді.
Тәуекелдердің негізгі пайда болу себептері:
1) табиғи құбылыстар мен процестердің кенеттілігі мен табиғи апаттар. Мысалы, жер сілкінісі, су тасқыны, дауыл, қуаңшылық сияқты адам ықпалына көнбейтін табиғи апаттар кәсіпкерлік қызметке үлкен зиян келтіріп, жоспарланбаған шығындар көзі болуы мүмкін;
2) кездейсоқтық. Кәсіпкерлер жасайтын материалдық қатынастардың көпнұсқалылығы, әлеуметтік-экономикалық және технологиялық мүмкіншіліктер ұқсас жағдайларда да оқиғалар ешқашан қайталанбайтындығына себеп болып келеді. Яғни, кездейсоқтық элементі. Осыған байланысты алдағы нәтижені дәлме-дәл болжап білу мүмкін емес;
3) қарсыласу үрдісі, қарама-қайшы мүдделердің қақтығысуы. Тәуекелдің мұндай пайда болу көзінің болуы алуан түрлі. Мысалы, соғыс жағдайы туындағанда кәсіпкерге экспорттық немесе импорттық операцияларды жүргізуге тыйым салу, тауарларды тәркілеу, шетелдік активтері мен табыстарын экспроприациялау, шетелдік инвестицияларға шектеу қою және т.б. Немесе бәсекелестердің жосықсыз бәсеке тәсілдерін пайдаланып (лауазымды тұлғаны параға жығу, әшкерелеу, теріс жарнама жүргізу) бизнеске айтарлықтай зиян тигізуі.
Мұндай қарама-қайшылық элементтері мен қатар қарапайым мүд­делердің сәйкес келмеуі де кәсіпкерлік қызметке теріс әсерін тигізетінін ұмытпау керек; Осылайша, басқару аппаратында сыбайлас жемқорлықтанған құрылымның болуы қарсыласуға, қарама-қайшылықтың ерекше қатаң түрінің болуына нақты мүмкіндіктер жасайды.
4) ғылыми-техникалық прогресстің мүмкіншіл сипаты. Ғылым мен техниканың дамуының жалпы бағытын тек алдағы қысқа мерзімге ғана нақты болжау мүмкін. Алайда, бүкіл салдарларын алдын-ала білу мүмкін емес. Техникалық процестің мұндай мүмкіншіл сипаты түрлі тәуекелдің тууына себеп болады;
5) шешім қабылдауды қажет етіп отырған мәселе немесе объект туралы ақпараттың толық болмауы. Тәжірибе жүзінде ақпараттар өзінің түрлі сапада, әркелкі, толық емес немесе бұрмаланған болуы мүмкін екенін көрсетті. Мысалы, құрал-жабдықтың өнімділігі туралы ақпаратты жобалық, заңдылық немесе іс жүзіндегі мәліметтерден білуге болады. Түрлі дереккөзден алынған мәліметтер бір-бірімен сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан шешім қабылдау үшін қолданылатын ақпараттың төмен сапасы теріс салдарлар алып келіп, тәуекелді өсіреді.
Экономикалық әдебиеттерде тәуекелдің келесідей қызметтерін көрсетеді:
– инновациялық;
– реттеушілік;
– қорғаныс;
– талдаулық.
Тәуекелдің реттеушілік функциясы екі түрлі сипатта болады: құры­лымдық және бүлдіргіш. Әдетте кәсіпкердің тәуекелі басқаша тәсілдермен ауқымды нәтижеге жетуге бағытталған. Бұл жаңа енгізулерге бөгет болатын консерватизмді, психологиялық кедергілерді жоюға мүмкіндік береді. Яғни, аса тиімді, жаңашыл шешімдерді іздеу барысында тәуекелдің құрылымдық функциясы жүзеге асады. Алайда, егер ақпарат толық болмаса немесе заңдылықтар есепке алынбаса, тәуекел субъективтілік пен соқыр тәуекелшілділіктің себебіне айналуы мүмкін. Бұл жағдайда тәуекел тұрақсыздықты тудырады. Басқаша сөзбен айтқанда, оның бүлдіргіш функциясы дәйексіз, дұрыс қабылданбаған шешімнің үлкен тәуекелдікті тудырғанда жүзеге асады. Сонымен қатар, осы екі функция бір-біріне қарама-қайшы болып табылады.
Тәуекелдің қорғаныс функциясы бірінші ретте оның жүйе дамуындағы теріс салдарлардан қорғай алатын мүмкіндігімен байланысты. Мысалы, кәсіпкер үшін тәуекелдік қалыпты жағдай болса, онда сәтсіздікке деген қатынасы төзімді болады. Ынталы, алғыр кәсіпкерлерге әлеуметтік қорғаныс керек. Соның ішінде сәтсіздік жағдайында жазаны болғызбайтын және ақталған тәуекелді ынталандыратын құқықтық, саяси және экономикалық кепілдемелер. Белгілі бір тәуе­келге барар алдында іскер адам мүмкін болатын қателіктің оның имиджі мен ісіне зиян алып келмейтініне сенімді болуы керек.
Ал талдау функциясы тәуекел екі немесе одан да көп шешімдер арасынан таңдау жасауға итермелейтіндігімен байланысты. Сондықтан, кәсіпкер барлық баламалар арасынан мейлінше тиімді және тәуекелі азын таңдау мақсатында талдау жүргізеді. Баламалылықтың түрлі қиындық дәрежесі болады және алуан тәсілдермен шешіледі. Мысалы, қарапайым шикізатпен жабдықтау келісімшартын жасасқанда кәсіпкер өз тәжірибесі мен түйсігіне сенім артады. Ал, инвестиция салу сияқты күрделі сұрақтарда арнайы талдау әдіс-тәсілдері көмегімен шешім қабылдауға тырысады.
Инновациялық функция дәстүрлі емес, айрықша шешімдерді іздеген кезде жүзеге асады. Шетел әдебиетін талдау халықаралық практикада тәуекелдік шаруашылықтың айтарлықтай оң тәжірибесі жинақталғанын көрсетті. Кәсіпорындардың көпшілігі тәуекелмен байланысты инновациялық қызметтің негізінде бәсекеге қабілетті болып, жетістіктерге жетіп жатыр. Шаруашылық жүргізудің тәуекелді түрі, тәуекелді шешім қабылдай білу кәсіпкерлер, тұтынушылар, жалпы қоғам ұтатын тиімді өндіріске алып келеді.
Тәуекелді көрсетудің салдарлары қаржы-шаруашылық қызметіндегі нәтиже көрсеткіштерінде жағымды, жағымсыз ретінде көрсететініне қарамастан, тәжірибелі қызметте тәуекел болуы мүмкін жағымды емес салдарлармен көрініп, өлшене алады. Жағымды емес салдарлардағы акценттік назар тәуекелдің кіріске ғана емес, кәсіпорын капиталының жоғалуына әкелуі мүмкін.
Тәуекелдің деңгейі тұрақты шама болып табылмайды және субъективті сипатта болады. Субъективтілігі ақпараттың толықтылығы мен дұрыстылығы, қаржы менеджерлерінің біліктілік деңгейі мен олардың тәуекел-менеджмент саласындағы тәжірибесі және басқа да факторлармен анықталады.
Тәуекел нақты бір жағдайға тәуелді түрлі басталу ықтималдылығы және құнымен сипатталады. «Тәуекел құны» термині кәсіпкердің нақты залалдарын, осы залалдарды төмендетуге жұмсалған немесе оның орны мен салдарларын толтыруға кеткен шығындарды білдіреді.
Тәуекелдер мен залал екі түрлі экономикалық категория болғанымен, өте тығыз байланысты. Сонымен қатар, осы залал тәуекелдің сандық өлшемін көрсете алады. Сондықтан әрбір кәсіпорын өзіне қолайлы тәуекелдік дәрежесін белгілейді. Тәуекел дәрежесін сандық өлшей алу оның аймағын белгілеуге мүмкіндік береді.
Осы мәселе бойынша ғалымдардың көзқарасын талдауды негізге ала отырып, келесідей тәуекел аймақтарын бөліп көрсетуді жөн көрдік.

63-кесте – Тәуекел аймақтары және олардың сипаттамалары





Аймақ

Сипаттама

Тәуекелсіз аймақ

Есептелген пайда кепілдендірілген залалсыз аймақ

Минималды тәуекел
аймағы

Шығын таза пайда мөлшерінен аспайды

Жоғары тәуекел аймағы

Ең болмағанда тәуекелдерді жабуға, ал ең жақсысы есептелген пайдадан айтарлықтай төмен пайда алуға мүмкіндік болады

Критикалық тәуекел
аймағы

Шығындар пайда мөлшерінен асады, табыс кем алынған, шығындардың кей бөлігі өз қаражатымен өтеледі

Жол беруге болмайтын тәуекел аймағы

Бүкіл меншіктен айырылу, кәсіпорынның банкротқа ұшырау тәуекелі

Венгриялық ғалымдар Т. Бачкаи және Д. Татеиси тәуекелдің жол беруге болатын деңгейінің эмпирикалық шкаласын жасап шығарды. Нарықтық қатынастардағы экономикалық жағдайдың белгісіздігін есепке ала отырып, келесі тәуекел аймақтарын бөлу ұсынылады: тәуекелсіз аймақ, минималды тәуекел аймағы, жол беруге болатын, критикалық және апатты.


64-кестеге сәйкес жағымсыз нәтиже ықтималдылығының алғашқы үш саралауы «қалыпты, ойға қонымды» тәуекелге сәйкес келеді. Бұл жағдайда әдеттегі кәсіпкерлік шешімдерді қабылдау дұрыс болады. Ал үлкен тәуекел деңгейіне байланысты шешімдерді ерекше жағдайларда қабылдаған жөн.

64-кесте – Тәуекел аймақтары мен деңгейлерінің эмпирикалық шкаласы





Тәуекел көлемінің үлесі

Саралану атауы

Тәуекел аймағы

0,0-0,1

минималды тәуекел

тәуекелсіз аймақ

0,1-0,3

төмен тәуекел

минималды тәуекел аймағы

0,3-0,4

орташа тәуекел

жол беруге болатын тәуекел аймағы

0,4-0,6

жоғары тәуекел

критикалық тәуекел аймағы

0,6-0,8

максималды тәуекел

апатты тәуекел аймағы

0,8-1,0

азартты (критикалық) тәуекел

апатты тәуекел аймағы

Тәуекелдерді сыныптау негізіне алынған аса маңызды элементтер келесілер:


1) пайда болу уақыты. Пайда болу уақытына байланысты тәуекелдер ретроспективті, ағымдық және перспективті болып бөлінеді. Ретроспективті тәуекелдердің сипаттамаларын, төмендегі әдістерін талдау ағымдық және перспективті тәуекелдерді нақтырақ болжауға мүмкіндік береді;
2) пайда болуының негізгі факторлары. Пайда болу факторлары бойынша тәуекелдер саяси және экономикалық (коммерциялық) болып бөлінеді. Саяси тәуекелдер – бұл саяси жағдайдың өзгеруіне тәуелді тәуекелдер. Олар өндірістік-тауарлық процестің шаруашылық субъектіге тәуелсіз шарттардың бұзылуына баланысты болады. Мысалы, шекараның жабылуы, тауарды өзге елдерге шығаруға тыйым, мемлекет территориясындағы соғыс жағдайы және т.б. Экономикалық тәуекелдер кәсіпорын, сала, аймақ, ел экномикасының жағымсыз өзгерісімен айқындалады.
3) есепке алу сипаты. Есепке алу сипаты байынша ішкі және сыртқы тәуекелдер ажыратылады. Сыртқы факторлар деп кәсіпорын қызметіне тікелей әсер етпейтін факторларды жатқызамыз. Олардың деңгейіне саяси, экономикалық, демографиялық, әлеуметтік және географиялық сияқты факторлар әсер етеді. Ал ішкі факторлар кәсіпорын қызметіне тікелей әсер етеді. Мысалы, кәсіпорын басшысының іскерлік белсенділігі, маркетингтік стратегия, өндірістік әлеует, техникалық қамсыздандыру, мамандандырылу деңгейі, еңбек өнімділігінің деңгейі;
4) салдарлық сипаты. Салдарлық сипаты бойынша тәуекелдер таза және спекулятивті болып бөлінеді. Таза тәуекелдер іс жүзінде әрқашан кәсіпкерлік қызметке залал әкелуімен ерекшеленеді. Мұндай тәуекелдердің себебі табиғи апаттар, соғыстар, жазатайым оқиғалар, қылмыстық іс-әрекеттер, кәсіпорынның әрекет етуге қабілетсіздігі және т.б. болуы мүмкін. Ал спекулятивті тәуекелдер залал мен қатар қосымша пайда әкелуі мүмкін. Бұл тәуекелдерді нарық конъюнктурасының өзгеруі, валюта бағамының өзгерісі, салық заңнамасының өзгеріске енуі туғызады;
5) пайда болу саласы. Сыныпталуы бойынша ең көп тәуекелдер тобы. Тәуекелдердің тууы тек қандай субъект тәуекелді іс жүргізгеніне емес, сонымен қатар оны қай салада орындап жатқанына байланысты болады.
Әдетте кәсіпкерлік қызметті өндірістік, коммерциялық және қаржылық деп ажыратылады. Өндірістік қызмет – кәсіпкердің еңбек құралдары мен күшін пайдаланып, тұтынушыға ұсыну мақсатында өнім (тауар, қызмет) өндіруі. Коммерциялық қызмет – кәсіпкердің коммерсант рөлінде болуы, яғни дайын тауарды сатып алу-сату қызметі. Бұл жерде пайда көзі болып сату бағасын сатып алынған бағадан еселеп қою болып табылады. Қаржылық қызмет – коммерциялық қызметтің ерекше формасы. Мұнда сатып алу-сату құралы ретінде ақша мен бағалы қағаздар болады, кәсіпкер оларды тұтынушыға сатады немесе несиеге береді.
Осы кәсіпкерлік қызмет салаларына сәйкес өндірістік, коммер­циялық, қаржылық, инвестициялық және сақтандыру тәуекелін бөліп шығарады.
Өндірістік тәуекел – бұл кәсіпорынның келісімшарт бойынша тапсырыс беруші алдында өз міндеттерін орындай алмау ықтималдылығы, тауарлар мен қызметтерді өндірудегі тәуекел, бағалық саясаттағы қателіктер, банкроттыққа ұшырау тәуекелі. Яғни өндірістік тәуекел кәсіпорынның шаруашылық қызметімен тікелей байланысты. Сондықтан мұндай тәуекел жаңа техника мен технология­ларды, негізгі және айналмалы қорды, шикізат пен материалдарды, жұмыс уақытын жөнсіз қолданғанда пайда болады.
Өнеркәсіптік кәсіпорынның өндірістік қызметінде келесідей тәуекелдер түрі ажыратылады:
– керекті материалдар мен құрамдас бөлшектер, басқа да өнімді жеткізу бойынша келісімшартқа отыру мүмкіндігінің жоқтығынан кәсіпорынның жұмысын тоқтату тәуекелі;
– негізгі материалдарды жеткізу бойынша келісімшарттың бұзылуы мен аванстық төлемнің қайтарылмауымен байланысты тәуекел;
– өндірілген өнімді өткізу бойынша келісімшарттың болмау тәуекелі; бұл кәсіпорын өнімінің толық өндірілмеуіне алып келеді;
– жөнелтілген өнімге уақытылы ақша қаражатын ала алмау тәуекелі;
– тұтынушының бас тарту себебінен өнімді қайтару тәуекелі;
– инвестициялар, несиелер, займ алу бойынша келісімшарттың бұзылу тәуекелі;
– өндірілетін өнім мен оған жұмсалатын шикізат ресурстарына деген бағаны белгілегенде туындайтын бағалық тәуекел. Сарапшылардың ойынша, өнімді өндіру кезіндегі бағаның 1% өлшеміндегі қателік өндірілген өнім пайдасын кем дегенде 1% жоғалтуға алып келеді екен. Егер тауарға сұраныс икемді болса, жоғалтулар 2-3% құрауы мүмкін. Өнімнің пайдалылығы 10-12% құраса, бағадағы 1% қателік пайдадан 5-10% жоғалтуларға алып келеді деп есептеуге болады;
– кәсіпорын мен оның іскерлік серіктестерінің банкроттыққа ұшырау тәуекелі.
Коммерциялық тәуекел өндірілген немесе сатып алынған тауарлар мен қызметтерді өткізу кезінде пайда болады. Оған себеп, мысалға, сұраныс пен ұсыныстың өзгеруіне байланысты өткізу көлемінің кемуі, сатып алу бағасының артуы, айналым барысында тауарды жоғалту немесе айналым шығындарының көтерілуі және т.б. болады.
Қаржылық тәуекел кәсіпорынның қаржылық міндеттемелерін орындай алмай қалу ықтималдылығымен байланысты. Бұл тәуекелдің негізгі себептері болып валюта бағамының өзгерісі мен төлемдердің орындалмауы салдарынан инвестициялық-қаржылық портфельдің құнсыздануы болып табылады.
Кейбір экономистер қаржылық тәуекел қаржы-несиелік және биржалық салада жасалған операциялар нәтижесінде залалдардың пайда болу ықтималдылығы деп есептейді. Яғни, мұндай тәуекел қаржылық операциялардан туындайды деген сөз.
Алайда, басқа зерттеушілер қаржылық тәуекелді қаржылық ресурс­тарды жоғалту ықтималдылығымен түсіндіреді. Мұндай көзқараспен келісу қиын, өйткені ақшалай қаражатты жоғалтуға экологиялық, мүліктік және тағы басқа көптеген тәуекелдер себеп бола алады.
Үшінші жақты зерттеушілер қаржылық тәуекелдер кәсіпорынның инвестор алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындай алмау ықтималдылығы дейді. Бұл тәсілдеме тар шеңберлі деуге болады.
Төртінші көзқарас қаржылық тәуекелдер кәсіпорын қаржысын басқару процесінде пайда болады деп есептейді. Біздің ойымызша, қаржылық тәуекел деп инвестицияны қарызды жаба алмайтын ақша ағыны ретінде қарастыру авторлар тарапынан кәсіпорынның қаржылық қызметін дұрыс түсінбеуінің нәтижесі.
Дұрысы, қаржылық тәуекелге келесідей анықтама беру: қаржылық тәуекелдер – кәсіпорынның қаржылық қызметін жүзеге асыру барысында туындайтын, ішкі және сыртқы жағдайлардың белгісіздігінің салдарынан белгілі бір жоғалтуларға алып келетін арнайы тәуекелдер жиыны.
Қаржылық тәуекелдің келесідей түрлері ажыратылады:
– несиелік тәуекел;
– пайыздық тәуекел;
– валюталық тәуекел;
– жіберіп алынған қаржылық пайда тәуекелі.
Несиелік тәуекел қарыз алушының несие ретіндегі негізгі қарызы мен пайызының төлей алмауымен байланысты. Несиелік тәуекелге борышқорлық бағалы қағаздар шығарған эмитенттің негізгі борыш сомасын немесе оның пайыздарын төлей алу қабілеттілігінен айырылу жағдайын да жатқызамыз.
Пайыздық тәуекел деп коммерциялық банктер, несиелік мекемелер, инвестициялық қорлардың ұсынып отырған несиелерінің пайыздық мөлшерлемесінен осы несиелерге тартылған ақшалай қаражаттарының пайыздық мөлшерлемесінің артып кету қаупін айтамыз.
Валюталық тәуекелдер – бір елдің валюта бағамының өзге елдің валюта бағамына қатынасының өзгерісі кезінде туындайтын валюталық жоғалтулар қаупі. Бұл сыртқы экономикалық, несиелік және басқа да валюталық операциялар жүргізу барысында ұлттық валютаға да қатысты болады. Экспорттаушылар мен импорттаушылар үшін валюталық баға шетелдік болғанда валюталық тәуекел туындайды. Экспорттаушы келісімшартқа отыру және ол бойынша төлем жүргізу барысында ұлттық валютаға қатысты залал шегеді. Ал импорттаушы үшін залал бағамның керісінше өзгерісінде пайда болады.
Жіберіп алынған қаржылық пайда тәуекелі – белгілі бір іс-шарадан бас тартқанда немесе кәсіпорынның шаруашылық қызметін тоқтатқанда туындайтын қаржылық зақым келу қаупі.
Белгілі бір дәрежеде тек қаржылық және өндірістік тәуекелді басқаруға болады. Әрине, кәсіпкерлік қызметтің құрамдас элементі болғандықтан оларды толық жою мүмкін емес. Алайда дұрыс жүргізілген өндірістік және қаржылық саясат, бір жағынан, олардың жағымсыз жағдайлардың орын алу ықтималдылығын төмендетеді, екінші жағынан, жағдайдың теріс салдарларын минимумға жақындатады.
Инвестициялық тәуекел инвестициялық қызметті жүзеге асырғанда ақшалай қаражаттарды жоғалту қаупін сипаттайды. Кәсіпорынның инвестициялық қызметінде «портфельді тәуекел» немесе құнды қағаздарға инвестиция салу тәуекелін бөліп көрсетеді. Бұл тәуекел құнды қағаздардың немесе қалыптасқан құнды қағаздар портфелінің табыстылығының төмендеуі салдарынан болатын тәуекел дәрежесін және жаңашылдықтың тәуекелін білдіреді. Сонымен қатар жаңа жобаларда үш түрлі тәуекелдер бар:
– техникалық жаңа енгізіліммен байланысты тәуекел;
– өндірістің экономикалық немесе ұйымдастырушылық жағымен байланысты тәуекел;
– «кәсіпорынның жастық шағымен» анықталатын тәуекел.
Сақтандыру тәуекелі – бұл алдын-ала сақтандырылған жағдайдың орындалу тәуекелі, яғни, нәтижесінде сақтандырушы сақтандыру өтемақысын төлеуге міндетті болады. Мұндай тәуекелдің нәтижесі болып сақтандыру процесінің барлық кезеңдерінде дұрыс жүргізілмеген сақтандыру қызметі болып табылады. Сақтандыруда туындайтын бұл тәуекелдердің негізі болып, мысалы, дұрыс анықталмаған сақтандыру тарифтері, сақтанушының қызба әдіснамасы табылады.
Тәуекелдердің барлығы өзара қарым-қатынаста болатынын атап өткен жөн; бір тәуекел түрінің өзгеруі басқа да көпшілік түрлерінің өзгерісіне алып келеді. Бұл, сөзсіз, тәуекелдерді талдау мен жүйелеуге қиындық туғызады.
Шаруашылылық жүргізуші субъектінің кәсіпкерлік қызметімен қатар жүретін тәуекелдер «кәсіпкерлік тәуекел» түсінігіне біріктіріледі. Барлық шаруашылық тәуекелдер жеке шаруашылық жүргізуші субъектілер мойнында болады.
Тәуекел мәселесіне арнап жазылған экномикалық әдебиет талдау барысында, зерттеушілердің кәсіпкерлік тәуекелдің анықтамасына ортақ көзқарастарының жоқтығы анықталды. В. Ачбук пен А. Альгин тәуекелді белгісіздікті жоюға бағытталған іс-әрекет немесе қызмет ретінде анықтайды. Ал Л. Растригин мен Б. Райзберг кәсіпкерлік тәуекелдің классикалық теориясын ұстана отырып, тәуекелді залал, мүмкін болатын жоғалтулар деп түсіндіреді.
Кәсіпкерлік тәуекел, әдетте, объективті (сыртқы) және субъективті (ішкі) факторлар әсерінен жинақталады.
Кәсіпкерлік тәуекелдің аса маңызды сыртқы факторлары:
– инфляция (шикізатқа сияқты материалдардың, отынның энергия жеткізушілердің жинақталған бұйымдардың, транспорттық қызметтердің бағасының бірталай және біркелкі емес өсуі);
– банктік пайыздық мөлшерлемелер мен несие шарттарының, салықтық мөлшерлемелер мен кедендік баждардың өзгеруі;
– меншіктік және жалға алу қатынастарының, еңбек заңнамаларында және т.б. өзгерістер.
Сонымен қатар, кәсіпорын үшін басқарушы және персонал тарапынан жіберіліп алынған қателіктерден туындайтын ішкі факторлардың да әсері маңызды. Мысалы, шетел сарапшыларының айтуынша, кіші фирмалардың көптеген сәтсіздіктері басшылықтың тәжірибесіздігімен, өзгермелі жағдайларға икемсіздігімен жіне кертартпа көзқарастарымен байланысты. Бұл кәсіпорынды тиімсіз басқаруға, қате шешімдерді қабылдауға, нарықтағы орнын жоғалтуға алып келеді.
Субъективті немесе ішкі факторларға тәуекелге деген қарым-қатынас факторы да жатады. Адамдар тәуекелге әртүрлі дайындықта болатыны белгілі. Мысалы, бір басшылар тәуекелге баруды ұнатса, екіншілері тәуекелге баруға қорқады, ал үшіншілері мүлдем немқұрайлы қарайды. Сондықтан жекелеген субъектілердің шешімінен кәсіп­орынның келешектегі тәуекелдік стратегиясы тәуелді болады. Осылайша, тұрақты табысты қалайтын басшы тәуекелден алыс стратегияны таңдайды. Көбінде, мұндай стратегия төмен табыстылыққа алып келеді. Немқұрайлы қарайтын басшылар тәуекелді есепке алмай, күтілетін табысқа бағытталады. Ал тәуекелге бел буғыш басшылар жоғары табыс алу мақсатында тәуекелге барады. Бұл категориядағы басшылар нәтиженің максималдылығы үшін залалды барынша азайтуға тырысады. Кәсіпкерлікте зерттеген экономикалық әдебиет беттерінде кәсіпкерлік тәуекелдердің үйлесімді жүйесі жоқ. Тәуекелдерді сыныптау бойынша ең тартымдысы төмендегі И. Шумпетердің кәсіпкерлік тәуекелді сыныптағаны десек болады. Ол тәуекелдің екі түрін атап өтті.
– өндірістің техникалық сәтсіздігінің ықтималдылығымен байланысты тәуекел; мұнда табиғи апаттар салдарынан игіліктерді жоғалту қаупін жатқызуға болады;
– коммерциялық табыстың болмауымен байланысты тәуекел.
Ю. Осипов кәсіпкерлік тәуекелдің үш түрін ажыратады: инфляциялық, қаржылық және операциялық. Валдейцев болса барлық тәуекелдерді екі топқа бөлуді ұсынады: коммерциялық және техникалық. Жоғарыда аталғандарды қарастыратын кәсіпкерлік тәуекелдің сұрыпталуының басқа да әдістері бар.
Тәуекел ұзақтығына байланысты қысқамерзімді және тұрақты болып бөлінеді. Қысқамерзімді тәуекелдер кәсіпорынға уақыттың соңғы кезеңіне дейін қауіп төндіреді, мысалы, жүк тасымалдау кезінде туындайтын транспорттық тәуекелді айтсақ болады. Ал тұрақты қауіптер берілген географиялық аймақ пен экономика саласында кәсіпорын қызметіне үздіксіз қауіп төндіріп тұрады. Мысалы, сейсмикалық қауіптің жоғарғы аймағында орналасу, елдегі құқықтық жүйенің дамымауы.
Осыған байланысты, кәсіпкердің негізгі мақсаты фирманың банкрот болуы мүмкін шектеуінен шықпай, мүмкін болатын, сыни және апатты тәуекелдерді ескере отырып тәуекелге бару. Мүмкін болатын тәуекел табыстың жоғалу қаупімен байланысты, бірақ жоғалудың көлемі күтілетін кәсіпкерлік табыстан аз. Сондықтан, тәуекелдің болуына қарамастан кәсіпкерлік қызмет экономикалық мақсатқа лайық­тылығын сақтап қалады.
Тәуекелдің аса қауіпті түрі – апатты тәуекел. Бұл тәуекел жүзеге асатын шығындар көлеміндегі жоғалу қаупімен байланысты. Апатты тәуекел бірінші және екінші дәрежелі болады. Егер бірінші дәрежелі апатты тәуекел нөлдік кіріс алу қаупімен байланысты болса, екінші дәрежелі тәуекелде көзделген түсімді жоғалту қаупі болуы мүмкін, сондықтан кәсіпкерге шығындарды өз есебімен орнын толтыруға тура келеді.
Апатты тәуекел кәсіпорынның барлық мүліктік жағдайына тең немесе асып кететін көлемдегі жоғалту қаупіне әкеледі. Әдетте, мұндай тәуекел кәсіпорынның банкрот болуына әкеліп соқтырады. Бұл кәсіпкерлік құрылымның күтілетін табыстан жоғары қарыз алған жағдайда болады. Апатты тәуекел кәсіпкердің алған несиені өзінің жеке қаражатымен қайтаруға міндетті болуына әкеледі.
Кәсіпкерлік тәуекелдің заңдылық дәрежесіне қарай оны ақталған (заңды) және ақталмаған (заңсыз) деп бөлуге болады. Ақталған және ақталмаған тәуекелді ажырату үшін олардың шекарасы экономиканың әр саласында әртүрлі екенін есепке алу керек. Егер ҒТП саласын алатын болсақ, онда іргелі зерттеулерден теріс нәтижені алудың мүмкін болатын ықтималдылығы 5-10%, қолданбалы ғылыми дайындау кезеңінде тәуекел деңгейі едәуір көп болады (80-90%), ал жобалық-конструкторлық жұмыстар кезеңінде одан да көп (90-95%). Сонымен қатар, тәуекелдің ықтималдылығына мүлдем жол берілмейтін атом энергетикасы сияқты жекелеген салалар да болады.
Сақтандыра алу мүмкіндігіне байланысты кәсіпкерлік тәуекелдер сақтандырылатын және сақтандырылмайтын болып бөлінеді. Кәсіпкер өз тәуекелін ішінара басқа экономикалық субъектілерге аудара алады, сол арқылы өзін қауіпсіздендіреді. Осылайша кәсіпкер жекелеген тәуекел түрлерін сақтандыра алады – меншікті жоғалту тәуекелі, өрттің пайда болу тәуекелі, апаттар және т.б.
Қауіптің шығу көзі бойынша табиғаттың апатты күшімен байланысты (ауа райының қолайсыздығы, жер сілкінісі, су басу) және адамның мақсатқа бағытталған іс-әрекетімен байланысты тәуекелдерді бөлуге болады.
Алайда сақтандырушылар сақтандырудан бас тартатын тағы бір тәуекелдер тобы бар. Сондықтан сақтандырылмайтын тәуекелдер салдарынан болған залалдар кәсіпорынның өз қаражатынан өтеледі. Мұндай тәуекелдерді кәсіпорын арнайы құрылған қорлардың немесе өз капиталының есебінен өтейді.
Тәуекелдерді сыныптаудың мейлінше әмбебап тәсілі операция­лық, қаржылық және инвестициялық қызметті бөліп қарастыруға негізделген. Мұндай тәсілдеме дәл осы қызметтер кәсіпорынның өндірістік және инновациялық процесстерінің динамикасы мен нәтижесін анықтайтын болғандықтан қолданылады.
1. Іскерлік тәуекел немесе кәсіпкерлік қызмет тәуекелі. Бұл тәуекел кәсіпкерлік қызметте пайданың кәсіпкерлік шығындарды жаба алмайтын деңгейге түсу ықтималдылығымен байланысты. Тәуекел қарапайым дұрыс емес нарықтық саясат немесе конъюнктураның жағымсыз өзгеруі нәтижесінде пайда болады. Бұл бағаларды төмендету немесе өнімді жоспарланған көлемде өткізе алмаумен байла­нысты.
2. Инновациялық тәуекел ғылыми-техникалық жаңалықты қаржыландыру және қолданумен байланысты. ҒТП шығындары мен нәтижелері бір-бірінен алшақ орналасқандықтан, әдетте, оларды алдын-ала болжап білу қиындық туғызады. Инновациялық тәуекел объективті және шарасыз шындық ретінде қабылданады. Сондықтан экономикалық дамыған елдерде зерттеуші ұйымдарға қайтарымсыз қаржылық көмек қарастырылады. Сондай-ақ венчурлық фирмаларға мемлекет тарапынан көмек және салықтық жеңілдіктер бар. Инновациялық тәуекелді барлық тәуекелдер жиыны десек болады: валюталық, саяси, кәсіпкерлік, қаржылық және т.б.
3. Инновациялық жоба тәуекелі. Мұндай тәуекелдер инновацияны жүзеге асыруды басты мақсат етіп қойған инновациялық қызметпен байланысты болады.
Инновациялық жобамен байланысты тәуекелдер бөлінеді:
1) экономикалық шешімдер қабылдаумен, жобаны қаржыландыру және есептеумен байланысты болатын экономикалық тәуекелдер;
2) нарықта сұранысы қалыптасқан тауар мен технологияларды өндірумен байланысты айрықшалық тәуекелдері;
3) технологияны интеллекуалды меншік жемісі және технологияны инвестициялау объекті ретінде қатаң айырмашылығын мойындағанда пайда болатын технологиялық сәйкессіздік тәуекелі;
4) қаржылық сәйкессіздік. Инновациялық жобаны жүзеге асыруға бөлінген қаржы сәйкес болмағанда туындайды;
5) жобаны басқара алмау. Бұл тәуекелдер жобаның дұрыс пысықталмауы немесе жоба командасының кәсіби деңгейінің төмен жағдайында пайда болады;
6) заңдық. Берілген тәуекелдің түрі нормативті актілерді орындамаумен байланысты.
Инновациялық қызметті жүзеге асыру тәуекелдің қосымша түрлерінің пайда болуына себеп болады.
Олардың ішінде заманауи шарттарға барынша қатыстылары келесілер:
1. Ииновациялық жобаларды дұрыс таңдамау тәуекелі. Мұндай тәуекелдер кәсіпорынның экономикалық және нарықтық стратегиясының басымдылықтары жеткілікті дәрежеде дұрыс таңдалмаған жағдайда пайда болады. Бұл жағдай қысқамерзімді мүдделер ұзақ­мерзімді мүдделерден басым болғанда орын алуы мүмкін. Мысалы, меншік иелерінің пайда тез бөліп алуға ынталы болуы кәсіпорынның келесі жылдардағы нарықтық үлесін азайтуы мүмкін. Одан басқа, кәсіпорынның нарықтағы орнының мүмкініктері, қаржылық тұрақтылығы қате бағалануы да бар. Осылайша, тиімді тауардың сату көлемін ұлғайту арқылы пайданы өсіру нарық конъюнк­турасы өзгергенде немесе қаржылық жағдайдың нашарлау кезінде ресурс тиімді технологияларды игеруге қосымша шығынды жұмсауға алып келеді.
2. Инновациялық жобаларды қаржыландырудың жеткіліксіз болуы тәуекелі. Мұндай тәуекелдер, мысалы, бизнес-жоспарды дұрыс жасамағанда және қаржыландыру көзін дұрыс таңдамағанда пайда болады. Кәсіпорынның инновациялық жобаны қаржыландыру көзін таңдау келесідей үш нұсқада болады: өзін-өзі қаржыландыру, өзге қаржыландыру көзін іздеу, екеуі бірге.
3. Шаруашылық келісімшарттың орындалмау тәуекелі. Берілген жағдайда тәуекелдің бірнеше түрі туындауы мүмкін. Мысалы, экономикалық конъюнктураның кенет өзгерісі кезінде серіктес келісімшартқа отырудан бас тартуы мүмкін; жабдықтаушылардың басымдылығымен немесе фирманың тәжірибесінің аздығы ол үшін тиімсіз шарттардағы келісімшартқа отыруы. Сонымен қатар, төлем қабілетсіз серіктестермен келісімшарт жасасу, серіктестердің өз міндеттерін уақытылы орындамау тәуекелі.
4. Ағымдағы жабдықтау мен өткізудің маркетингтік тәуекелдері. Мұндай тәуекелдер бірінші ретте инновациялық жобаның техникалық ерекшеліктерімен шартталған. Бұл тәуекелдер тобы аса ауқымды және көбінде кәсіпорынның маркетингтік қызметінің кәсіби деңгейінің төмендігімен сипатталады. Мысалы, кейбір жағдайларда кәсіпорын инновациялық жоба үшін бірегей ресурстарды жеткізе алатын жабдықтаушы іздейді. Отандық нарықта ондай жабдықтаушылардың болмауы халықаралық нарыққа шығуға мәжбүрлейді. Ал мұндай қадам сыртқы экономикалық қызметпен байланысты қосымша шығындар мен тәуекелдерді алып келеді. Сонымен қатар, жабдықтаушылар өзінің мерзімдік және ресурс сапасына қатысты міндеттемелерін орындамауларымен байланысты тәуекелдер болады. Инновациялық жобаның маркетингтік өткізу тәуекелі нарықты дұрыс сегменттемеу, нарықтың мақсатты сегментін дұрыс таңдамау, жаңашылдықтарды сату стратегиясының қате таңдалуы жағдайында туындайды.
5. Меншік құқығын қамтамасыз ету бойынша тәуекелдер. Мұндай тәуекелдер патенттік заңнаманың жетілмегендігі салдарынан инновациялық өнім өндіруші кәсіпорындарда пайда болады. Мысалы, патент пен лицензия алу қиындығы. Жекелеген жағдайларда кейбір кәсіпорындар үнемдеу мақсатында өнертабысын қысқамерзімге ғана патенттейді. Нәтижесінде басқа кәсіпорындар өнертабысқа қол жеткізеді.
6. Бәсекелестіктің күшеюі тәуекелі. Инновациялар нарығында, әдетте, ондаған және жүздеген фирмалар болады және бәсекелестіктің артуы ықтималдылығы жоғары.
Мұндай тәуекелдердің пайда болу себебі келесідей:
– кәсіпорын қызметкерлерінің кесірінен немесе бәсекелестер тарапынан болатын өнеркәсіптік тыңшылық нәтижесінде құпия ақпараттың жайылып кетуі;
– маркетингтік саясаттың жетілмегендігі (өткізу нарықтарын дұрыс таңдамау, бәсекелестер туралы расталған ақпараттың болмауы);
– ҒЗЖ жүргізу үшін қаражаттың болмауынан бәсекелестерге қарағанда жаңалықтардың баяу енгізілуі, жаңа технологиялар енгізу, жаңа жоғары сапалы және бәсекелес тауарлардың өндірісін меңгеруі;
– адал емес бәсекелестік әдістерді қолданатын бәсекелестердің адалсыздығы;
– нарықта алмастырушы тауарларды ұсынатын өзге сала өндірушілерінің пайда болуы;
– кәсіпорын қызмет ететін салада өндірілетін тауарларды функцио­налды түрде біртекті алмастыратын күтпеген айқындаулар;
– жаңа жергілікті бәсекелес-фирмалардың пайда болуы;
– шетелдік өндірушілердің жергілікті нарыққа сол тауарды немесе алмастырушысын ұсынуы.
Жалпы түрде инновациялық кәсіпкерліктегі тәуекелді нарықта күтілетін сұранысқа ие болмауы мүмкін жаңа тауар мен қызметтерді өндіруге, жаңа техника мен технологияны жасап шығаруға және күтілетін нәтиже алып келмейтін басқарушылық инновацияларға қаражат құю кезінде зиян шегу ықтималдылығы деп қарастыруға болады.
53-суретке сәйкес, инновациялық қызмет тәуекелдерінің факторын сыртқы және ішкі деп бөлуге болады. Сондай-ақ, кәсіпорында инновациялық қызметтің дамуымен қатар, нарыққа жаңа өнім шығарумен, идеялар және жобалар бәсекесімен байланысты және т.б. нақты болжанбайтын, жаңа тәуекелдер туындайды.
Нарықтық қатынастар жағдайында кәсіпкерлердің экномикалық іс-әрекеттері өз тәуекелдігіне байланысты, бар мүмкіндік шегінде таңдап алынған дара бағдарламаға негізделеді. Сонымен қатар, нарықтық қатынастардың әрбір қатысушысы басынан-ақ алдын-ала белгілі, біркелкі берілген және кепілдендірілген табыстан айырылған.
Инновациялық қызмет кәсіпкерліктің басқа салаларына қарағанда, тәуекелмен көп байланысқан. Ол инновациялық кәсіпкерлікте жағымды нәтиже болатынына толықтай кепілдің жоқтығымен түсіндіріледі. Ірі ұйымдарда бұл тәуекел анағұрлым аз, себебі олардың шаруашылық қызметінің көлемі үлкен және көп жағдайда әртараптандырылған болып келеді.


53-сурет – Инновациялық қызметтің тәуекел факторлары


65-кесте – Инновациялық қызметтегі тәуекел факторларының сыныпталуы





Тәуекел түрлері

Тәуекел факторлары

Әлеуметтік-саяси тәуекелдері

Саяси тұрақсыздық

Халықтың меншік түріне қатынасы

Мемлекеттің салықтық саясаты

Монополияны шектеу дәрежесі

Халықтың кәсіпкерлікке қатынасы

Бәсекені қорғау

Макроэкономикалық тәуекелдер

Экономикалық жүйенің тұрақтылығы

Мемлекеттік реттеудің деңгейі

Қаржы жүйесінің жағдайы

Макроэкономикалық ақпараттың нақтылық дәрежесі

Халықтың табыс деңгейі

Кәсіпкерлік белсенділік

Бизнес мәдениеті

Микроэкономикалық тәуекелдер

Меншік түрі

Компанияның нарықтағы үлесі

Кәсіпорынның қаржылық жағдайы

Ұйымның кадрлық әлеуеті

Инвестициялық тартымдылық

Ұйымдастырушылық басқару жүйесі

Инновациялық әлеует

Өндірісті ұйымдастыру

Құқықтық
тәуекелдер

Заңнамалық базаның жетілгендік дәрежесі

Келісімшарт міндеттерін бұзу жауапкершілігі

Ішкі нарықтың қорғалу дәрежесі

Кедендік саясат

Тарифтік келісім

Лицензиялық саясат

Капитал мен өнім қозғалысының қорғалу дәрежесі

Технологиялық тәуекелдер

Жобаның технологиялық әлеуеті

Технология мен өнімнің жаңалық дәрежесі

Өнім сапасы

Өнімнің бәсекеге қабілеттілігі

Жобаның әлеуметтік сезімділігі

Инновациялық қызметтің тәуекел деңгейін әр он венчурлық фирмалардың тек бір-екеуі ғана табысқа ие болатыны көрсетеді. Инновациялық жоба қаншалықты таралмаған болса, соншалықты инновациялық қызметтің тәуекелі жоғары болып келеді. Егер инновациялық жобалардың саны көп болып, олар әртүрлі салаға бағытталған болса, онда бұл тәуекел деңгейін азайтып, жобаның табысты болу ықтималдылығын арттырады. Онымен қоса сәтті болған инновациялық жобалардың пайдасы, сәтсіздікке ұшыраған жобалардың шығынын өтеуге мүмкіндік береді. Осының арқасында инновациялық сала дамып келуде.


Бүгінгі таңда тәуекел-менеджментте тәуекелдердің бірыңғай ортақ қабылданған сыныпталу жүйесі жоқ. Осыған байланысты әр автордың еңбектерінде тәуекелдердің 220-дан асатын түрін түрліше қисындастырылған. Зерттеушілер осы күнге дейін әмбебап тәсіл таба алған жоқ.
65-кестеге сәйкес, тәуекелдердің факторларын осылайша жүйелеу автордың тәуекелдерді инновациялық жоба менеджменті шегінде басқару мәселесімен байланыстырғанын көрсетіледі. Алайда берілген сыныпталу барлық мәселенің әмбебап шешімі деп айта алмаймыз. Әрбір мәселе үшін тәуекелдердің жеке сыныпталу тәсілі бар деп білу дұрыс болады.
66-кесте – Инновациялық тәуекелдер сыныпталуы



Сыныпталу белгілері

Тәуекелдің түрлері

1

2

Пайда болу саласы бойынша

– саяси

– экономикалық

– экологиялық

– технологиялық

әлеуметтік

Әсер ету масштабы бойынша

– елдік

– аймақтық

– салалық

– шаруашылық субъектілер тәуекелі

Пайда болу көзі бойынша

– жүйелі

– жүйелі емес

Инновациялық
қызметтің қатысушыларына қатынасы бойынша

– инновацияны жасаушы тәуекелі

– инвестор тәуекелі

– инвестиция алушы тәуекелі

– инновацияны өндіруші тәуекелі

– инновацияны алушы тәуекелі

– жалпы қоғам тәуекелі

Инновациялық қыз­метті инвестициялау түрі бойынша

– ішкі қаржыландыру тәуекелі

– қарыздық қаражат есебінен инвестициялау тәуекелі

– тартылған қаражат есебінен инвестициялау тәуекелі

Инновациялық қыз­метті инвестициялаудың механизмі бойынша

– пайданы қайта инвестициялау тәуекелі

– амортизациялық аударымдар есебінен инвестициялау тәуекелі

– қарыз бен несиелер есебінен инвестициялау тәуекелі

– венчурлық қаржыландыру тәуекелі

– кәсіпорынның облигациясы есебінен инвестициялау тәуекелі

– лизингтік шарт бойынша инвестициялау тәуекелі

– жарғылық қорды арттыру есебінен инвестициялау тәуекелі

Инновациялық қызмет субъектісінің өндіріс­тік-өткізушілік қызме­тінің түрі бойынша

– ресурстық

– өндірістік

– транспорттық

– өткізушілік

Тәуекел көзінің инновациялық қызмет субъектісіне қатысы бойынша

– сыртқы

– ішкі

66-кестеге сәйкес, әрбір берілген тәуекел түрі өз кезегінде тағы да басқа түрлерге тармақталуы мүмкін. Мұндай тармақталу әрбір тәуекелдің өзіне ғана қатысты факторлары анықталғанға дейін жалғаса береді.


Тәуекелдерді талдағанда олардың қиылыспайтын түрлерін бөліп шығарған жөн, алайда осы орайда бірнеше мәселелер орын алатынын байқаймыз:
1) бірдей факторлар әртүрлі тәуекел түрлерінің артуына немесе керісінше кемуіне алып келуі мүмкін;
2) бір сыныпталу тобына жатқызылатын тәуекелдер өзіне басқа сыныпталу тобына жататын тәуекелдерді кірістіруі мүмкін; немесе сонымен қатар өздері басқа сыныпталу тобына жатқызылуы мүмкін;
3) нақты берілген шарттарға байланысты тәуекелдердің бір түрі ішкі және сыртқы болып қаралуы мүмкін.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет