Дәріс 15. Аксиология. ҚАзіргі заманның жаһандық МӘселелерін философиялық пайымдау. Аксиология



Дата17.09.2024
өлшемі22,29 Kb.
#204455
Байланысты:
Лекция 15 филос


ДӘРІС 15. АКСИОЛОГИЯ. ҚАЗІРГІ ЗАМАННЫҢ ЖАҺАНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІН ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ПАЙЫМДАУ.
Аксиология (грек, axios - құнды, logos - ілім) - құндылықтардың табиғаты, олардың әлеуметтік шындықта аталған орны және құндылық әлемінің құрылымы туралы философиялық ілім. Аксиологияның негізгі мәселесі — "Игілік деген не?" деген сұрақты алғашқы болып Сократ қойған. Платон философиясыңда құндылықтар жалпы ізгілікпен байланыстырылып, әмбебапты мәнге ие болды. Мәдениеттануда құндылықтар мәселесі ерекше орын алады, өйткені, мәдениет адамзат жасаған барлық құндылықтардың жиынтығы деген түсінік кең тараған. Құндылықтардың болмыстық жалпы мәнін ашуға бағытталған Аксиологияның философиялық қырынан, оның мәдениеттанулық өлшемі өзгеше болып келеді. Аксиология әртүрлі өркениеттердің жетістіктерін, мәдени құндылықтардың қалыптасуын, нақтылы даму тектерін және бағдарларын айқындайтын білімдердің нақтылы-тарихи жүйесі ретінде көрініс тапты. Бұл әсіресе тарихи мәдениеттануда анық байқалды. Мәдениет - адамдық қарым-қатынастарды реттеудің маңызды тұлғалық әлеуметтік тетігі, ал құндылық - норма, үлгі, мұраттармен қатар осындай реттеу жүйесінің шешуші элементі екендігі белгілі. Сол себепті Аксиология әлеуметтік-мәдени талдаудың маңызды құралына жатады. Қазіргі мәдениеттануда құндылықтардың тарихтан тыс әмбебапты жүйелерінен бас тартып, тарихи әдістеме арқылы тең құқықты құндылықтар жүйелерінің молдығына негізделген мәдени-тарихи релятивизм мектебі (Дильтей, Шпенглер, Тойнби, Сорокин, т.б.) қалыптасты. Салыстырмалы мәдени зерттеулердің дамуы нәтижесінде кез келген мәдениет құрылымының, басымдылықтарының және мазмұнының салыстырмалылығы туралы идеялар (Боас, Риверс, Бенедикт) өрістеді. Сонымен қоса, Аксиологиялық плюрализм концепцияларының тарауы бұрынғы жалпы құндылықтар ілімінің негіздерін шайқалтып, олардың құрамына нақтылы тарихи-мәдени контекст енгізді. Қалыптар мен құндылықтар әрбір мәдениетке өзіндік сипатымен айқындалғандықтан, бүкіл адамзатқа бірдей тұжырымдалған мәдениет кодексін ұсыну мүмкін емес. Алайда, жалпы қоғамдық ынтымақтастық, үйлесімдік пен келісімді де бекерге шығаруға болмайды, яғни, тұлға үшін ортақ мақсаттар да қажет (Клахкон). Аксиологиялық зерттеудің маңызды жақтарына психоанализ (Әсіре-Мен, Құндылық архетиптерін талдау — К.Юнг), құндылықтар сұхбаты (М.Бахтин), т.б. жатады.
Қазіргі таңда жаһандану, ең алдымен, бүгінгі орын алып отырған халықаралық экономикалық қатынастардың сипаты мен серпінді техникалық прогресті қамтамасыз ететін өндірістік күштердің (көлік, байланыс құралдары, әлемдік компьютерлік желілер және т.б.) даму деңгейіне қатысты болып келеді. Осы орасан ғылыми-техникалық прогресс әлемнің бейнесін түбірімен өзгертіп, жаһандануға алып келді, алуан түрлі халықтарды бір-біріне жақындата түсті. Дегенмен, қазіргі жаһандану бір жақты сипатқа ие емес. Өте ауқымды болып келетін өндірістік-қаржы ресурстарының трансұлттық корпорациялардың қолына шоғырлануы оларды, шындығында, әлемнің нағыз қожасына айналдырады. Нәтижесінде трансұлттық мемлекеттер өз егемендігінен айрылып, өз елдерінің нарықтарындағы қаржы-экономикалық жағдайды бақылау тізгінін босатып алады. Бұл жаһандық мәселелердің біреусі ғана болып табылады.
Жаһандану немесе Глобализация (ағылш. Global — «әлемдік», «дүниежүзілік», «жалпы») — жаңа жалпыәлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық құрылуының үрдісі. Терминді ғылыми айналымға алғаш рет 1983 жылы енгізген америкалық экономист Теодор Левитт. Жаһанданудың жаңа сатысының түрлі аспектілерін 20 ғасырдың ортасынан бастап Уолт Ростоу, Дэниел Белл, Алвин Тофлер, Питер Дракер, Джон Нейсбитт, Лестер Туроу зерделеді. Олар ғылымға “интеллектуалдық индустриялар экономикасы”, “ақпараттық қоғам”, “техникалық революция”, “ақпараттық жарылыс”, “ғаламдық ауыл” деген ұғымдарды енгізді.
Ғаламдық мәселелер (француздың global сөзінен аударғанда «жалпы», от латын globus (terrae) сөзінен – жер шары) кенеттен әрі бүгін ғана пайда болған жоқ. Олар бұрын да азды-көпті түрде жергілікті, өңірлік қайшылықтар түрінде болып келген, қазіргі заманда әлеуметтікэкономикалық және ғылыми-техникалық ілгерілеудің біркелкі болмауының, сондай-ақ, бүкіл қоғамдық қызметтің ұлғайып келе жатқан интернационалдандырылу процесінің және осыған байланысты адамзаттың ықпалдасуының күрт шиеленісуі салдарынан ғаламшарлық сипатқа ие болып отыр. Ғаламдық мәселелерді анықтаудың критерийлеріне сандық және сапалық критерийлер жатқызылады. Сандық критерий ретінде аумақ көлемін атауға болады. Бұл критерийге сәйкес, бір мемлекетке немесе мемлекеттер тобына тән келетін өңірлік немесе жергілікті мәселелерге қарағанда, тұтастай ғаламшарға, оның жалпы бір өңіріне қатысты кез келген мәселені ғаламдық деп атауға болады. Ғаламдық мәселелерді анықтаудың сапалық тұсы олардың қандай да бір сипаттамаларынан көрініс табады, мысалы:
– бұл мәселелер бүкіл адамзаттың және әрбір жеке адамның ӛмірлік мүдделеріне қатысты болады;
– олар болашақ әлемдік дамудың, қазіргі өркениеттің тіршілік етуінің объективті факторы болып табылады;
– ғаламдық мәселелерді шешу (жеңу) үшін, бүкіл халықтардың, кем дегенде ғаламшар халқының басым бӛлігінің күш-жігері қажет етіледі;
– ғаламдық мәселелердің шешілмеуі мен шешілмегендігі болашақта түзетуге келмейтін салдарға алып келуі мүмкін.
Қоғамдық дамудың ғаламдық мәселелеріне өзіндік икемділік тән, себебі олар үнемі өзгеріп отыру арқылы түрлі қарқындылыққа, демек, қайсыбір тарихи замандағы маңыздылыққа ие болады. Ғаламдық мәселелердің кейбіреуінің шешілуімен соңғылары әлемдік ауқымдағы өзектілігінен айрылып, басқа деңгейге, мысалы, жергілікті деңгейге ауысуы немесе мүлдем жойылып кетуі мүмкін. Барлық ғаламдық мәселелер күрделі өзара байланыста әрі өзара тәуелділікте болады. Бұл қандай да бір мәселенің шешілуі оған басқа мәселелер жиынтығының әсерін ескеруді болжайды.
Әлемнің кез келген бӛлігінде үнемі жаңа мәселелер пайда болып жататындығын байқаусыз қалдыру мүмкін емес, мұндай мәселелер тез арада әлемдік, жалпы адамзаттық мәселелер деңгейіне өтіп жатады. Мәселен, соңғы кезде адамзат жердің озон қабатының жұқаруы булану әсерін бергендігінің куәсіне айналды, бұдан басқа жүре пайда болған иммунтапшылығы синдромы (СПИД) да бар, және басқа да көптеген мәселелер.
Ғаламдық мәселелер бір-бірімен тығыз байланыста болады, олардың пайда болу және даму көздері де ортақ, сондықтан оларды белгілі бір тәсілмен жіктеп, жүйелендіру, олардың пайда болу себептері мен қоғам оларды шеше алатындай жағдайларды ұғыну аса маңызды. Жоғарыда аталған критерийлер мен ерекшеліктердің негізінде келесі ғаламдық мәселелер бөліп көрсетіледі:
– әлемдік термоядролық соғыстың алдын алу;
– барлық халықтардың дамуына бейбіт жағдайды қамтамасыз ету;
– артта қалушылықты жою, жер бетінде аштықты, қайыршылық пен сауатсыздықты болдырмау арқылы дамыған және дамып келе жатқан елдер арасында экономикалық деңгей мен адам басына шаққандағы табысы арасында ұлғайып бара жатқан алшақтықты жою;
– дамып келе жатқан елдерде халық санының қарқынды өсуін («демографиялық дүмпу») тоқтатып, дамыған капиталистік елдерде «де популяция» қаупін жою;
– қоршаған ортаның, соның ішінде атмосфераның, Дүниежүзілік мұхиттың апатты ластауының алдын алу;
– адамзаттың одан әрі экономикалық дамуын қалпына келетін және қалпына келмейтін қажетті табиғи қорлармен; оның ішінде азық-түлікпен, өнеркәсіптік шикізатпен және қуат көздерімен қамтамасыз ету;
- ғылымитехникалық революцияның тікелей алшақ кері салдарының алдын алу.
Өткен ғасырдың 70-жылдарындағы осы мәселелері Рим клубының өз қатарында түрлі елдердің белгілі ғалымдарын, мәдениет қайраткерлерін, кәсіпкерлерін, мемлекеттік қайраткерлерін біріктіретін көрнекті дүниежүзілік ұйымның зерттеу нысанына айналды. Бірнеше жыл қатарынан бұл ұйымды ірі итальян кәсіпкері әрі экономист Аурелио Печчеи (1908-1984 жж.) басқарып келген.
Өзінің атақты «Адами қасиеттер» кітабында ол 70-жылдардың басына қарай әлемде қалыптасқан экологиялық жағдайды дағдарыстық жағдай ретінде атайды. Ол материалдық құдыреті өз шыңына жеткен адам ғаламшарды өз империясына айналдыра бастағанын баса көрсетеді, ал бұл экологиялық апатқа апарары сөзсіз. Адам баласы өзінің күннен күнге өсіп бара жатқан ұмтылыстары мен қажеттіліктерінің салдары жөнінде еш ойланбастан, өзінің тойымсыз тұтыну тәбетін одан бетер ұлғайтуда. Адаммен қалыптастырылатын алуан қырлы жасанды әлем табиғатты одан әрі шеттетуде.
А. Печчеи ғаламшар көлемінің шектелгендігі адамның табиғатқа қатысты экспансиясының да шегін болжайтындығы туралы тұжырымға келеді. Мұндай тұжырым әлемдік мәдениетте басым келетін өндірістік көрсеткіштердің тоқтаусыз өсуіне бағдарланған бағытқа қайшы келіп, адамның табиғатқа қатысты ойлауының жаңа стилінің символына айналды. Осының нәтижесінде адамның табиғатқа деген жаңа құндылықты қатынасы, яғни қоғам қажеттіліктері мен табиғат мүмкіндіктерінің салыстырмалы түрде өлшеулі қатынасы қалыптаса бастады.
ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап шектелген даму тұжырымдамасының орнына Рим клубының адамзаттың үздіксіз дамуы мен органикалық өсуі туралы жаңа тұжырымдамасы келеді. Бүгінгі әлем дамуының жаңа үлгісін негіздей келе, Рим клубы атынан М.Месарович ғаламдық мәселелер ретінде келесілерді атап көрсетеді:
– жер халқы санының өсуін азайту;
– қалпына келмейтін қорлардың пайдаланылуын қысқарту;
– қоршаған ортаның ластану және қиратылу деңгейін азайту;
– теңсіздікті азайту;
– аштық пен кедейлікті жою.
– Нобель сыйлығының иегері, ғалым этолог әрі философ Конрад Цахариус Лоренц өзінің «Өркениетті адамзаттың сегіз үлкен күнәсі» кітабында келесі ғаламдық мәселелерді қарастырады:
1) жер бетін мекендейтін адамдар санының көбеюі, бұл адамды басы артық әлеуметтік қатынастардан қорғануға мәжбүр етіп, оның тар кеңістікте адамдардың тығыз шоғырлануы салдарынан пайда болатын агрессияшылдығын тудырады;
2)табиғи өмірлік кеңістіктің құлазуы, бұған сыртқы табиғи ортаның қирауы дәлел, осының салдарынан адамның табиғат сұлулығы мен қасиеттілігін қастерлеуі жойылып барады;
3)техника дамуының шапшаңдауы, бұл адамдарға жойқын әсер етеді, себебі оларды барлық шынайы құндылықтарға көр соқыр етіп, адами қатынастың, табиғат әлемінің, өнердің толықтай дерлік орнын басады;
4)адамның тым әлжуаздылығы, бұл оның барлық күшті сезімдері мен аффектілерін жояды;
5)адамның генетикалық азуы, бұлтуылған нәрестелерде байқалатын кемтарлылықтың, дене және ақыл патологияларының өсуіне жағдай жасайды.
6)идеологиялық догматтардың қалыптан тыс ұлғайған маңыздылығы тұрғысынан дәстүрлердің ыдырауы;
7)адамзаттың ұлғайып бара жатқан индоктринациясы, бұл бірдей мәдени топқа жататын адамдар санының ұлғаюы болып табылады;
8)ядролық қарудың кеңінен таралуы.
Ол осы аталған заманауи ғаламдық мәселелерге қатысты қатты үрейленетіндігін айтып, оларды шұғыл тәртіпте шеше бастау қажеттігін көрсетеді.
Ғаламдық мәселелер бір-бірімен тығыз байланыста болады, олардың пайда болу және даму көздері де ортақ, сондықтан оларды белгілі бір тәсілмен жіктеп, жүйелендіру, олардың пайда болу себептері мен қоғам оларды шеше алатындай жағдайларды ұғыну аса маңызды.
Бүгінгі ғаламдық мәселелер әлемде болып жатқан эволюциялық процестерге деген көзқарасты айтарлықтай өзгертеді. Эволюция адамды өзгертеді, бірақ адам да эволюцияға әсер етіп, оның сипаты мен барысын өзгерте алады. Сонымен қатар, бүгінде әлемнің эволюциясы үшін жауапкершілік көбіне адамның өзіне жүктелетіндігін айтуға болады, ал адамдар бұл жүкті қабылдамай тұра алмайды.
Осылайша, ғаламдық мәселелер философиясы қазіргі әлемнің қайшылықтары мен оларды шешу жолдары талдауының кең спектрін ұсынады. Философиялық бағыт қайшылықтарды жеңу жолдарын ұсына келе, адамға, оның ұмтылыстарына және оларды шешу ниетіне сүйенетіндігі айтуға тұрарлық.
Көкейкесті экологиялық мәселелерді кеңінен ұғынудың дәлелі ретінде кеңінен етек алған экологиялық қозғалысты (жасылдар партиясы) атауға болады, бұл шын мәнісінде мемлекеттік табиғат қорғау саясатын жүргізудегі барлық келеңсіздіктерге әлеуметтік қарсылық танытудың күшті ағыны болды. Бүгінгі таңда жасылдар қозғалысы өз қызметін аса маңызды үш ұстанымға сүйеніп қалыптастырады:
– табиғи қорлардың таусылмайтындығы туралы тұжырымдамадан оның таусылатындығы туралы тұжырымдамаға көшу қажет;
– қоғамда табиғат дамуының қарқыны үйлесімді болуы тиіс;
– адамдар өз тіршілігінің жасанды емес, табиғи жағдайына бағдарлануы керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет