Тепловоздар. Тепловоз деп бастапқы қозғалтқыш ретінде іштен жану қозғалтқышы, әдетте, дизель пайдаланылады. Тепловоздың дизельдік қозғалтқышы сұйық отынның жану энергиясын иінді білікті айналдыратын механикалық жұмысқа түрлендіреді, айналу иінді біліктен тару берілісі арқылы қозғалыстың доңғалақтарына беріледі .
Тепловоздар келесі белгілері бойынша жіктеледі:
а) қызмет түріне қарай: жүк, жолаушы, әмбебеп, епті және арнайы тепловоздар;
б) секцияларының санына қарай: бір секциялы, екі секциялы, үш және төрт секциялы тепловоздар;
в) беріліс түріне қарай: (тұрақты ток және айнымалы токтың) электр берілісі бар тепловоздар, гидравликалық берілісті тепловоздар, сондай-ақ механикалық берілісті қуаты шағын тепловоздар;
г) жүріс бөліктерінің конструкциясына қарай: арбалы және қатаң рамалы тепловоздар;
д) колеясының еніне қарай: қалыпты колеялы (1520мм) және тар колеялы (600мм-ден 1100-мм-ге дейінгі ) тепловоздар.
Жіктемесіне сәйкес Кеңес Одағында жасап шығарылған барлық тепловоздар шартты белгілерге ие болады.
Серияның әріптік белгіленуінің алдындағы сан көпсекциялы тепловоздың секциялар санын көрсетеді .
Серияның белгіленуі Т (тепловоз) әрпінен басталады. Екінші әріп берілістің түрін көрсетеді.
Серия нөмірінен кейінгі әріп не модернизацияланған нұсқасын, не егер тепловоздың бастапқы нұсқасы басқа зауытпен жасап шығарылған болса, зауыт-өндірушіні көрсетеді.
Мысалы: 3ТЭ10М белгіленуі: 3 – үш секциялы; Т – тепловоз; Э – электрлік берілісті; 10 – серия нөмірі; М – модернизацияланған.
Белгілеу мысалы, ТГМ6: Т – тепловоз; Г – гидравликалық берілісті; М– епті тепловоз; 6 – сериялық нөмірі.
Тепловоздың конструкциясы негізгі және қосымша тораптардан тұрады. Тепловоздың негізгі тораптарына тепловоздың экипаждық бөлігі мен кузовы жатады. Қосымша тораптарға салқындату жүйесі, ауамен жабдықтау жүйесі, ауа (тежеуіш) жүйесі, құм жүйесі, өрт сөндіру жүйесі мен басқалар жатады.
Қазақстан Республикасындағы “Трансмашхолдинг” ЖАҚ-ның қатысуымен құрылған біріккен Ресей-Қазақстандық кәсіпорнында епті тепловоздардың жинастырып құрастырылуы ұйымдастырылған. Қазіргі күні Ресейлік өндірістің жинақтама бөлшектері пайдаланылады, бірақ олардың бір бөлігін Қазақстанда шығаруды ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Газтурбовоздар. Газтурбовоз деп бастапқы қозғалтқыш ретінде газ турбинасын пайдаланылатын локомотивті атайды. Турбинаның жұмысы үшін қажетті жоғары қыздырылған сығылған ауа отынды жағу кезінде газ генераторында алынады.
Газтурбовоздар алғаш рет 1948 жылы АҚШ-та пайда болған. Кейбір газтурбовоздар сондай-ақ Ұлыбританияда, Швецияда, Швецария мен Чехославакияда жасап шығарылған болатын. Алғашқы кеңестік газтурбовоздар 1965 жылдан бері пайдаланып келеді.
Электрлік берілісті газтурбовоздың күш қондырғысы газ турбинасынан, компрессордан, тұрақты ток генераторынан және тартқыш электро-қозғалтқыштарынан тұрады. Генератор локомотивтің әрбір қозғалмалы белтеміріне әдетте біреуден орнатылатын тартқыш қозғалтқыштарының электр энергиясымен қоректенуін қамтамасыз етеді.
Қуаттың газ турбинасының білігімен газтурбовоздың қозғалыстағы доңғалақтарына беріліс түрі газтурбиналы қозғалтқыштың түрімен және оның міндетімен анықталады. Газтурбовоздың газтурбиналық қондырғысы қатты сұйық отынмен немесе газбен жұмыс істейді. Газтурбовоз отынның жану камерасына берілуін реттеу арқылы басқарылады. Электр берілісінің керекті тәртібі автоматтық түрде қамтамасыз етіледі.
Еліміздің локомотив паркін модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. 2ТЭ10М тепловоздарында негізгі агрегаттар мен тораптар: дизель – генераторлық қондырғы, көмекші электр машиналары, ауа компрессоры, тартқыш электр қозғалтқыштары мен бас генератордың желдеткіштері, тоңазытқыш шахтасының желдеткіштері, дизельді қозғалтқыштың салқындату радиаторы, жалғастыру біліктері, тартқыш жұптары жаңартылуда.
3.3. Темір жол көлігінің инфрақұрылымы
Темір жол көлігінің инфрақұрылымына темір жол жолдары, жолаушы-ларға қызмет көрсету және жүктерді өңдеу үшін арналған станциялар.
Темір жол көлігі күрделі құрылысқа ие. Темір жолдың негізгі элементтері: жоғарғы құрылыс, жер қабаты, инженерлік ғимараттар (көпірлер, тоннельдер, виадуктар, дренаждық ғимараттар, тірек асты қабырғалар). Әр түрлі елдерде колеяның әр түрлі ендері қабылданған, бұл негізінен тарихи себептермен түсіндіріледі: Қазақстан мен ТМД елдерінде – 1520 мм; Батыс Еуропадағы, Канададағы, АҚШ пен Жапониядағы жаңа жерлерде – 1435 мм; Оңтүстік Американың кейбір штаттарында, Африка елдері мен Үндістанда – 1067 мм. Тар колея енінің 1000; 914; 891; 750 және 600 мм болуы мүмкін. Ені 600 және 750 мм колея Қазақстанның өндірістік темір жол көлігі үшін тән.
Теміржол жолдары – бұл шпалдарға бекітілген болат рельстердің екі желісінен тұратын жолдар. Бетон шпалдар шағал тастан жасалған темір жол төсенішіне төселеді. Рұқсат етілген жол габариттері ұзындығы бойынша – 6400мм-ді және ені бойынша – 4900мм-ді құрайды.
Канададағы, АҚШ-дағы, Еуродақ елдері мен Жапониядағы темір жолдардың ені 1435 мм-ді, Үндістан мен Африка елдерінде – 1067 мм-ді құрайды.
Релісті жол табанының құрылғылары жылжымалы құрамның қос доңғалағының мөлшері мен құрылымына тығыз байланысты. Қос доңғалақ болат білікке мықтап қондырылған, сондай-ақ олардың релістерден шығып кетпеуі үшін бағыттауыш жолдары болады (12-сурет).
Сурет 12. Қос доңғалақтың реліс желісінің үстінде орналасуы
Жасанды құрылыстар теміржолдың су кедергілерін, басқа теміржолдар мен автомобиль жолдарын, терең шатқалдарды, тау жоталарын, қала аумағын кесіп өтуіне және адамдардың жолдан қауіпсіз өтуіне, қиын жағдайларда жер төсемінің орнықтылығын қамтамасыз етуге арналған.
Жасанды құрылыстарға көпірлер, тоннельдер, құбырлар, тіреуіш қабырғалар, реттеу құрылыстары, дюкерлер, галереялар, сел ағызғыштар және басқалары жатады.
Сурет 13. Акведуктер
Жол өтпелері, акведуктер, виадуктер, эстакадалар көпірлердің бір түріне жатады.
Акведуктер - өткізгіш көпірлер (құбырлы, науалы, арналы түрде болады), оларды жыралардан, шатқалдардан, өзендерден және басқа кедергілерден өтетін жерлерге салады (13-сурет).
Жол өтпелерін теміржол мен автомобиль жолының немесе екі теміржолдың қиылысқан жеріне салады. Олар жолдардың әр деңгейде қиылысуларының арқасында көліктің емін-еркін және қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді (14-сурет).
Сурет 14. Жол өтпелері
Достарыңызбен бөлісу: |