Дәріс. Бауырымен жорғалаушылар класы – Reptilia Мақсаты



бет1/3
Дата19.10.2023
өлшемі25,95 Kb.
#186822
  1   2   3
Байланысты:
Лекция 6. Рептилиялар


6-дәріс. Бауырымен жорғалаушылар класы – Reptilia


Мақсаты: Рептилиялардың құрылым ерекшеліктерімен танысу


Қарастырылатын сұрақтар:
1.Бауырымен жорғалаушылардың құрылым ерекшеліктері
2.Рептилиялардың систематикасы


Бауырмен жорғалаушылар Амниота тобына жататын тіршілігін құрлықта өткізетін алғашқы омыртқалылар класы. Бұлардың көпшілігі құрлықтың әртүрлі аймақтарында, әсіресе жылы, қоңыржай белдеулерде көптеп кездеседі. Кейбіреулері қайтадан сулы ортада тіршілік етуге көшкен. Даму деңгейі қосмекенділерге қарағанда жоғары, бірақ дене температурасы тұрақты емес, ол қоршаған орта температурасына байланысты, яғни суыққандылар (пойкилотермділер) тобына жатады.
Бауырымен жорғалаушылардың құрылым ерекшеліктері:
Дене пішіні. Қосмекенділермен салыстырғанда бұлардың дене пішіні алуантүрлі: кесірткетәрізді, жылантәрізді, тасбақатәрізді.
Тері жамылғысы. Терісі көп қабатты эпидермистен және дермадан тұрады. Эпидермистің үстіңгі қабаты мүйізденген. Олар: қалқаншалар, қабықшалар, тікеншелер, тұяқтар, яғни терісі құрғақ әрі мүйізді қабыршақпен қапталған, сондықтан тері арқылы ауа өтпейді. Мүйізді жабындылар түлеп отырады.
Қимыл-қозғалысы. Қосмекенділерге құрлықта тек секіріп қозғалу тән болса, бауырмен жорғалаушылар класының өкілдеріне жалпы төртаяқтылар класүстіне тән қимыл-қозғалыстың негізгі типтері – жорғалау, жүгіру, секіру, ұшу,қалықтау, жүзу және т.б. тән.
Бұлшық – ет жүйесі. Рептилиялардың бұлшық-ет жүйесі қосмекенділермен салыстырғанда біршама өзгеріске ұшыраған. Метамерлік тек омыртқаларды бір-бірімен жалғастыратын бұлшық-еттер мен құрсақ бұлшық-еттерінде сақталған. Басқа бұлшық-еттер жіктелген. Мысалы, мойынды қозғалтатын, аяқтарын қозғалтатын теріасты бұлшық-еттер пайда болған. Кеуде қабырғаларын қозғалысқа келтіретін қабырғааралық бұлшық-ет жақсы жетілген.
Қаңқасы. Бауырымен жорғалаушылардың қаңқасы қосмекенділерге ұқсас: краниальды және посткраниальды қаңқадан тұрады. Бірақ омыртқа жотасы мойын, кеуде, бел, сегізкөз және құйрық бөлімдеріне бөлінеді. Омыртқаларының жалпы саны түрлерге байланысты 50-80-ге жетеді. Соның ішінде мойын бөлімінде 7-10, кеуде-бел бөлімінде 16-25, сегізкөзде 2, құйрық бөлімінде 15-40 омыртқа болады. Бассүйегі омыртқа жотасымен (мойын бөлімімен) 1 ілгешек арқылы байланысқан (қосмекенділерде – 2). Бірінші мойын омыртқа (ауыз омыртқа) немесе атлант не атлас, ал екінші мойын омыртқа (білік омыртқа) эпистрофей деп аталады және өздеріне тән құрлысымен ерекшелінеді. Омыртқалары амфицельді, процельді (алды – ойыс) және опистоцельді (алды дөңес, арты ойыс). Қабырғалары бар, көкірек қуысы пайда болған. Иық белдеуі мен алдыңғы аяқтарының және жамбас белдеуі мен артқы аяқтарының қаңқасы қосмекенділердегідей, бірақ сүйектенген. Ерекшелігі: алақан сүйектері кәрі жілікпен (не білекпен) майда сүйектер арқылы байланысқан, мұндай байланысты интеркарпальды байланыс, ал сирақ не асықты жілік табанмен майда сүйектер не интертарзальды байланысқан.
Асқорыту жүйесі және қоректену. Бауырмен жорғалаушылардың ішінде шөпқоректілерде, етқоректілерде және қорек талғамайтын түрлері де кездеседі. Қорегін өткір тістермен қаруланған жақтарының көмегімен ұстайды. Тістері жақ және таңдай сүйектерінде өседі, бір типті, кейбір түрлерінде, мысалы, жыландарда маманданған ірі улы тістері болады. Ауыз қуысына сілекей бездері ашылады, олар қорегін ылғалдап, жұтуын жеңілдетеді. Ауыз қуысының түбінде біршама алға қарай шығатын етті тілі орналасқан, Кесірткелер мен жыландарда оның ұшы айыр және сезу мүшесі қызметін атқарады. Көпшілігінде жалпақ (мысалы, құбылғыларда не хамелеондарда). Өңеш жақсы жетілген, ол қарынмен жалғасады. Одан 12-елі, ащы, тоғы ішектер, тік ішек клоакамен жалғасады. Ащы және тоғы ішектердің арасында өте кішкентай бүйен орналасады. Ол өсімдікпен қоректенетіндерде жақсы жетілген. Бауырда үлкен өт қапшығы, ішектің бірінші шумағында ұйқы безі орналасқан. Бұлар 12-елі ішекке ашылады. Бауырмен жорғалаушылар аштыққа шыдамды. Мысалы, кейбір жыландар мен тасбақалар қолда ұстағанда 1-2 жыл, кесірткелер бірнеше ондаған аптаға шыдайды.
Тыныс алу жүйесі және газ алмасу. Бауырмен жорғалаушылардың тыныс алу мүшесінің қызметін жұп өкпелері атқарады. Кейбір кесірткелер мен жыландардың өкпелерінің артқы бөлімінде жұқа саусақтәрізді өсінділер болады. Бұларда газ алмасу жүрмейді. Бұл ауа қапшықтары ысылдауды қамтамасыз етеді, сол сияқты өңештен ұзақ уақыт қорек өткенде не суға сүңгігенде газ алмасуды жеңілдетеді. Өкпедегі ауа алмасу қабырғааралық және құрсақ бұлшық еттерінің көмегімен қозғалатын көкірек клеткасының жұмысы арқылы жүзеге асады. Тасбақаларда мойын, алдыңғы және артқы аяқтарының бұлшық еттерінің қозғалысы арқылы іске асады.
Қан тасымалдау жүйесі және қан айналу. Бауырымен жорғалаушылардың жүрегі қосмекенділердегідей 3 камералы. Бірақ оң және сол құлақша толықтай пердемен бөлінген, олар қарыншамен жеке-жеке тесіктер арқылы байланысқан. Қарынша оны 2-ге бөлетін жартылай пердемен жабдықталған, ал қолтырауындарда (крокодилдерде) перде тұтас, бірақ оң және сол қарынша Паницций деп аталатын бір тесікпен байланысқан. Осыған орай қолтырауындардың жүрегі 4 камералы деп саналады. Вена синусы оң құлақшамен тұтасып кеткен, артериальдық конус жойылған.
Қарыншаның әр жерінен жеке-жеке 3 қан тамыры шығады. Олар: қарыншаның оң жақ бөлігінен құрамында венозды қан бар өкпе артериясы, сол жақ бөлімінен құрамында артерия қаны бар аортаның оң доғасы, ал қарыншаның орта бөлімінен аралас қан бар аортаның сол жақ доғасы шығады. Оң және сол жақ доғалар жүректі айналып өтіп, содан соң қосылып арқа аортасын немесе қолқасын құрайды. Қан айналудың 2 шеңбері – үлкен және кіші – бар. Вена жүйесі қосмекенділерге ұқсас.
Ыдырау өнімдерін шығару жүйесі және су-тұз алмасу. Бауырмен жорғалаушылардың құрлыққа шығуымен байланысты дөңгелек ауыздылар, балықтар мен қосмекенділерде болатын мезонефрос не дене бүйректің орнына метанефрос не жамбас бүйрек пайда болған. Қос метанефросты бүйректер жамбас бөлімінің арқа жағында орналасқан. Олардан жұп жеке-жеке несепағар шығып, клоаканың арқа жағына келіп ашылады. Кейбір түрлерінде (мысалы, зәрінде не несебінде мочевина – несепнәр – болатындарда) қуық жақсы жетілсе, ал зәрқышқылы басым болатын түрлерінде (қолтырауындар, жыландар, кейбір кесірткелер) қуық нашар жетілген.
Тұзды суды ішуге мәжбүр болатын рептилияларда организмдегі артық тұздарды шығаратын ерекше бездер болады. Олар көз шарасында, мұрын қуысында орналасады. Көзден және танау тесіктерінен су тамшылап артық тұз организмнен шығарылады (“крокодиловые слезы”).
Жыныс жүйесі және көбеюі. Жыныс бездері дене қуысында, омыртқа жотасының екі жағында жатады. Аталық бездер сопақша келген жұп дене. Олар қосалқы бездер арқылы тұқым жолдарымен байланысқан. Олардың қызметін бүйректің өзекшелері, Вольф каналдары атқарады. Тұқым өнімдері клоакаға барып құйылады. Құрлықта тіршілік етуге бейімделгендіктен аталықтарында арнайы шағылысу мүшесі болады. Олар тасбақалар мен крокодилдерде тақ, кесірткелер мен жыландарда жұп өсінділер. Аналық жұмыртқа безі жұп түйіршікті сопақша дене. Жұмыртқа жолының қызметін Мюллер өзектері атқарады. Ол воронкадан басталады, ұрықтану жұмыртқа жолының жоғарғы бөлімінде жүреді. Оның ортаңғы бөлімінде сары уыз белоктық қабықпен қапталады. Бұл қабық (пергаментті) жыландар мен кесірткелерде нашар, тасбақалар мен қолтырауындарда өте күшті дамыған. Жұмыртқа жолының төменгі бөлімі – жатырда сыртқы қабықпен қапталады. Көптеген бауырмен жорғалаушылар жұмыртқаларын жақсы қызатын топыраққа, өсімдік қалдықтарының арасына көмеді. Жұмыртқаларын қорғайды. Рептилиялардың ішінде жұмыртқа салып, тірі жұмыртқа туып (сұр жыландар мен жасыл кесіртке) не болмаса ұрпақтарын тірідей туатын түрлері де (сығыркөздер не сцинктер) кездеседі. Эмбрион түрленбей ересектеріне ұқсап туады. Олар бірнеше рет түлеп ересек организмге айналады. Жыныстық жағынан жетілуіде әртүрлі. Мысалы, қолтырауындар мен тасбақалар 6-10 жылда, жыландар 3-5, ірі кесірткелер 2-3 жылда, ал майда кесірткелер 9-10 айда жыныстық жағынан жетіледі. Бауырмен жорғалаушылар дара жыныстылар, бірақ соңғы кезде Оңтүстік Бразилияда мекендейтін ботропс жыландарында гермофродитизм анықталған.
Жүйке жүйесі – қосмекенділерге қарағанда ерекшеліктері бар. Алдыңғы ми сыңарлары үлкен, ми қыртысының бастамасы пайда болған, яғни архипаллиум (алғашқы ми бағанасы), сол сияқты неопаллиум айқын жіктеле бастаған. Жұлында ақ (өткізгіш жолдар) және сұр заттар (жүйке клеткалары) айқын бөлінген.
Көру мүшесі – ауада қызмет етуге бейімделген. Қабақтарымен және жыпылдақ жарғақшамен жабдықталған. Жыландар мен кейбір кесірткелердің (жармасқылар – геккондар, сығыркөздер – сцинктер, кейбір аяқсыз кесірткелер) қабақтары бірігіп, мөлдір кабық құрайды.
( Есту мүшесі – қосмекенділерге жақын. Ортаңғы құлақта 1 ғана есту сүйегі – үзеңгі сүйек – орналасқан.
Сезу жақсы дамыған. Тасбақалар қалқандарына жақындап кетсе оны сезеді. Көптеген кесірткелерде қабыршақ шетіне қарай орналасқан сезу “түктері” болады. Иіс-сезу мүшесі жақсы жетілген. Бауырмен жорғалаушыларда ауыз қуысына түскен қорек заттың иісін сезетін ерекше қуыс – Якобсон мүшесі – болады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет