Дәріс-1. Еркін ойлау ұғымы. Еркін ойлаудың типтері. Тарих барысында рухани мәдениеттің ерекше формасы – дінге қатысты еркін ойлау пайда болды. Бұл дінмен қатар дамып келе жатқан үлкен рухани құбылыс. Оның бастапқы мақсаты – діндерді сыни тұрғыда қарастыру, қоршаған ортаны еркін түрде зерттеу, сананың шындықты діннен өзгеше пайымдау құқын негіздеу. Еркін ойшылдық бастапқыда стихиялық түрде қалыптасқанымен, кейіннен идеялар мен көзқарастардың жүйеленген теориялық формасында жүзеге асып отырды. Еркін ойшылдықтың пайда болуы мен бірте-бірте дамуы заңды құбылыс болып табылады. Өйткені, қоғамның дамуы мен әлеуметтік қатынастардың күрделенуі адамның санасы мен ойлауының да кемелденуіне ықпал етеді. Еркін ойшылдықты қалыптастыратын объективті факторлар адамзаттың қоршаған орта мен әлемді тану көкжиегінің кеңеюі, материалдық өндіріс пен ғылымның қарқындауы, тарихи даму барысындағы адамдар белсенділігінің және мәдени деңгейінің артуы болып табылады. Еркін ойшылдық – жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардың, білімнің, өнердің және өнегеліктің дамуының өнімі. Дінге қатысты сыни көзқарастар қоғамның ұдайы даму кезеңінде, саяси және мәдени өмірдің өркендеген, қоғамда үлкен өзгерістерге деген қажеттілік туындаған кезінде кең қанат жая бастады. Рухани мәдениетке тән жалпы тенденция – еркін ойшылдықтың кеңістігін және оның қоғамға деген ықпалын кеңейту болды. Бірақ бұл процесс бір бағытта болған жоқ. Еркін ойшылдықтың өркендеуі, оның құлдырау кезеңімен де алмасып отырды. Көбінесе, еркін ойшылдықтың қарқындылығы мен таралуының деңгейі әлеуметтік еркіндік деңгейімен тығыз байланысты болады. Еркін ойшылдық ішкі және сыртқы еркінсіздіктің тар аумағын жарып шығудың тарихи келбеті болып табылады.
Этнографтар мен тарихшылардың зерттеулеріне сүйенер болсақ, дүниеге деген аңғырт-шынайы көзқарастар қоғам дамуының алғашқы кезеңдерінде пайда болды. Қоғамның дамуына сай бірте-бірте табиғат, адам тәні мен емдеу тәсілдері, оның психикасы туралы оң көзқарастар қалыптаса бастады. Алғырт-шынайылық және дүниені дұрыс бейнелей алған сана дәстүрлі нанымдарға деген сыни көзқарастардың алғашқы баспалдақтарын қалады. Кейіннен еркін ойшылдықтың дамуы философияның, ғылым мен білімнің және т.б. прогресімен негізделді. Әлем туралы ғылыми рационалдық білімдердің жинақталуы адамзаттың тарихи даму кезеңдеріндегі рухани төңкерістерге алып келді. Осы үрдістер барысында рухани іс-әрекеттердің жаңаланған формалары пайда болып беки түсті. Мұндай төңкерістердің алғашқысы – көне философиялық ілім. Ол мифологиялық ойлау шеңберінен асып шығып, әпсаналық дүниетанымға күмән тудырды.
Ежелгі дүниедегі философиялық төңкеріс адамзат тарихында дін табиғаты туралы сұрақты алғашқы рет қойып, оны сыни түрде қабылдауға мүмкіндік берді. Діннің үстемдік етуі ұзақ уақытқа созылған ортағасырдың өзінде де адамның аспандық денелерінен бастап, қоғам тарихын, адамның ішкі жан дүниесін қамтыған зерттеулер үдерісі тоқтамады. Бірақ, дүниеге деген көзқарас пен зердедегі ең үлкен төңкеріс – механика, математика, астрономия, география, тарих, әлеуметтану және тағы да басқа ғылымдарды қамтыған ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы ғылыми төңкеріс болды. Еркін ойшылдықтың таным процесімен байланысы тек адамдардың оңтайлы ілімдерді табуынан ғана емес, сонымен қатар ой-сананың дамуына өз үлесін қосатындығынан көрініс табады. Еркін ойшылдық догматикалық қағидалар мен тұжырымдарды сынға ала отырып, ойшылдық санадағы стереотиптерден арылудың алғышарттарын қалады. Еркін ойшылдық әртүрлі формаларда көрініс табады. Олар әртүрлі сапалық деңгейге, әртүрлі мақсаттарға, әлеуметтік негіздерге ие болып келеді. Дін - сынау көмескі және анық түрде, дәйекті және дәйексіз түрде, діннен ажыраған және діннен толық ажырамаған формаларда жүзеге асып отырды. Бұл сын дәстүрлі діни көзқарастарда, оларға деген немқұрайлықта, сындарлы сана тарапынан сынауда, қоғамдық тәжірибеде, ғылымда, философияда және т.б. көрініс тапты. Еркін ойшылдықтың негізгі тарихи түрлері – құдайға қарсылық, күмәншілдік (скептицизм), дінбасылары мен діни ұйымдарға қарсылық (антиклерикализм), дінге деген немқұрайлылық (индефферентизм), нилигизм, гуманизм, пантеизм, деизм, атеизм және т.б. Олардың қоғамның рухани өмірінде алатын орындары және оның даму процесіндегі рөлі әртүрлі болады.
Құдаймен күрес (богоборчество) дінге қарсы тұру мен оны сынаудың ең ертедегі формаларының бірі болып табылады. Ол әртүрлі халықтардың ауыз әдебиетінде, көркем және теологиялық әдебиеттерінде көрініс бере отырып, ой еркіндігінің бүкіл тарихи сатыларын қамтыды. Ол қоғамның рухани өмірлерінде әртүрлі орын деңгейінде көрініс берген.
Еркін ойшылдықтың құдаймен күрес формасы өте ерте пайда болғанымен, дінді сынауда оның позициясы әлсіз, әрі жүйесіз болып табылған. Құдайдан безінудің себептері әртүрлі, атап айтар болсақ, әлеуметтік өмірдің әділетсіздігі, өмірді қанағат тұтпау, бақытсыздық, қайғы-қасіреттен туындаған өкініш. Сондықтан, құдайды терістеген адамға бұл әлем қатал болып көрініп, әділетсіздік оның жанын құдайға деген қарсылық сезіміне билетті. Ол өмірдің қиындығына кінә арту немесе құдайға айқын қауіп төндіру, оны «бұзық» етіп атау түрінде көрінуі мүмкін. Діни безінуде жеке адам «құдайдың өзіне» қастандық жасауға мүмкіндік беретін зәрделік күш–жігерін сезінеді. Осындай сезім негізінде құдаймен күресушіге «жоғары игілік» туралы түсінікпен сыйыспайтын сияқты көрінетін әлеуметтік қатынастар дүниесін жақтырмау жатыр. Сондықтан да, құдаймен күресуші өз қасіреті үшін жауапкершілікті құдайға жүктейді.
Діни шығармаларда дінмен күресу рухани кесел ретінде сыналады. Мысалға, Иаковтың Құдаймен күресін алайық, «Иова кітабында» Иовтың үлесіне тиген қасірет оның құдайға деген күдігін тұғызады. Бұл жерде тек құдайға тағылған кінә ғана бар. «Ары таза емес адам неге рахат көреді, ал таза адам неге қасірет шегуі керек?». Діни әдебиеттер туындыларында құдаймен күресушілер бейнесі, оның жеке тұлғалық қадір-қасиеті мен ерлігі көнгіштік, мойынсұну, қасірет, адам игілігі деген діни этикалық мұраттарды сыни тұрғыдан қайта қарастыруымен ерекшеленеді. Өнер мен әдебиеттегі құдаймен күресуші образы құдайға қарсы шығуға бел байлаған қаһарман асқақ тұлғаның бейнесін сомдауға бағытталды. Гердер, Гёте, Байрон, Лист, Скрябин және тағы басқалар Прометейді тиранияға қарсы шығып, асыл мұрат үшін жапа шеккен тұлға ретінде сипаттады.
Бірақ құдаймен күрес идеяларының барлығын бірдей еркіндік үшін күрес рәмізі деп қарастыруға болмайды. Мысалы, Ф. Ницщенің Заратустрасы адамның менмендігін, жалпы адамзаттық моральды аяққа басуды бейнелейді, ақырында оның «күресі» діни нигилизммен ұштасады. Дінге қатысты алғанда оның шынайылығына күдіктену, жекелеген діни бұйрықтар мен қасаң қағидалардың міндеттілігін теріске шығару болып табылатын скептицизм қоғамының рухани–философиялық дамуының барлық кезеңдерінде өмір сүрген. Танымның әдістемелік принципі ретінде күдік ақиқатқа жетудің құралдарының бірі болып саналады. Діннің қасаң қағидаларына күдіктену адамның сауалына жауапты жемісті іздеу үшін тиянақты негіз әзірленді. Скептицизм – философтармен қоса ақын, суретші, ғалым, қарапайым жұмысшы көзқарастарында көрініс табады.
Дінді скептицизм тұрғысынан сынауды ежелгі қоғам мәдениетінен көре аламыз. Ежелгі Шығыс елдерінде (Мысыр, Вавилон, Палестина) дінді сынау оның негізгі қағидаларына: о дүниенің бар екендігіне, діни ғұрыптардың шынайылығына күмәнмен қарау арқылы көрінді, ал Ежелгі Грек елінде драматургтар мен софистердің, философтардың мифологияның ақиқаттылығын сынауы формасы ретінде көрініс тапқан.
Орта ғаcырларда скептицизм халық ауыз әдебиеттінде, дінге қарсы қоғамдық ой мен философияда көрініс тапты. Жекеленген философтардың, скептиктер мен агностиктер жазған еңбектерінен діннің әлеуметтік құбылыс ретінде терең зерттелгенін байқауға болады. Бұл тұрғыда П. Бейль (1647 - 1706) мен Д. Юмнның (1711 - 1776) есімдерін атап өткен орынды. Қазіргі кезде дінді сынаушылар көбінесе Д. Юмның мұрасына иек артады. Қазіргі кезде скепцизм дінге қатысты күнделікті тұрмыстық сананың маңызды сипаттамаларының бірі болып табылады.
Антиклеркализм - шіркеуге, оның қоғамға басшылық жасауына, қоғамды шіркеулендіру саясатына қарсы бағытталған идеялық және әлеуметтік қозғалыс. Өзінің бағыт-бағдары және нәтижелеріне байланысты антиклеркализмді бір жақты бағалай алмаймыз. Ол діни және зайырлы сипатта да бола алады. Зайырлылық оның прогрессивті бвғытылығына кепіл бола алмайды. Айталық Кеңестер одағындағы дінмен күрес зайырлы сипат алғанымен қоғам үшін тиімді болмады, керісінше ортағасырлардағы антиклерикализм қоғам дамуына оң ықпал етті. Антиклеркализм ұдайы шіркеу қызметкерлерінің кемшіліктерін сынау түрінде көрінді. Діни және ақсүйек билеушілердің бейәдептілігін әшкерелеу, уағыздалған ілімдерді сынау антиклерикализмнің психилогиялық алғышарттар жасады. Бұл әсіресе, ауыз әдебиетінің үлгілері – халықтың мақал–мәтелдерінде айқын көрініс тапты.
Ортағасырлардағы антиклеркализм көбінесе шаруалар қозғалысымен байланысты болып, экономикалық мақсаттарды көздегенімен, олардың идеологиялық астарында діннің тамырлары жатты. Шіркеудің әлеуметтік саясатын әшкерелеу дін басылары қолдап отырған тәртіптің мызғымастығы туралы түсініктің негіздерін шайқалтып, шіркеу ілімінің ақиқаттылығына күмән септі. Шіркеу қызметкерлерінің, әсіресе рухпандардың (монахтардың) бойындағы кесір қасиеттерді әшкерелеу ортағасырлар мен жаңа заман үшін қалыпты құбылыс болды. Қайта өркендеу дәуірінен бастап антиклерикализмнің зайырлы негіздемелері мен дәйектемелері қалыптаса бастады. Жаңа замандағы клерикализммен күрес діни төзімділік және ар-ұждан бостандығымен сабақтасып жатты. Қазіргі кезде антиклеркализм дүниежүзілік еркін ойшылдар қозғалысында үлкен маңызға ие. Олар діни ұйымдардың рухани өмірге, білім беру жүйесіне, моральдық құңдылықтарға, әлеуметтік үрдіске монополия орнатуларына қарсылық көрсетіп келеді.
Діни индеферетизм (лат. indifferens - немқұрайлылық) немесе діни енжарлық – дінді сынаудың ерекше формасы, дінге немесе оның негізгі идеяларына немқұрайлылы қатынас. Қоғамда дін үстемдік еткен дәуірлерде дінге деген немқұрайлылықты рухани және дүниетанымдық құндылықтардың құлдырауы ретінде түсінуге болмайды. Мазмұндық өзегін адам мен оның шығармашылық әрекеті құраған, құдайларға деген құлшылықтан ада туындылар осыны айғақтайды. Ортағасырлар мәдениетіндегі адам мен дүниеге деген діннен тыс көзқараста дүниені діни тұрғыдан түсінуге қарсылық ұяланды. Дінді сынаудың тағы бір формасы - нигилизм. Бұл жүгенсіз кеткен өзімшіл индивидтің дінге қарсы бүлігі, ол ешқандайда асыл мұраттармен байланыспаған. Күнделікті тұрмыстық деңгейде нигилизм рухани жұтаңдыққа, адамгершілік құндылықтырын аяққа басуға, қара бастың ғана қамын жеуге негізделсе, теориялық тұрғыда волюнтаристік бағыттағы философиялық ілімдерге негізделеді.
Діни енжарлықты екі түрлі ұстаным тұрғысынан бағалауға болады. Біріншісі, оны дүниетанымдық және әлеуметтік өресіздіктің көрінісі деп санап, қоғамды шіркеуден бөліп алу процесіне деген немқұрайлы көзқараспен байланыстырса, енді бірі керісінше, діни енжарлықты діннен ғылыми-материалистік дүниетаным жағына ауытқудың көрінісі ретінде түсіндіреді. Діни енжалылықтың бұл түрлері әр дәуірдің тарихи, мәдени сипатына, дүниетанымдық ұстанымдарындағы ерекшеліктеріне байланысты туындаған.
Барлық дәуірлерде конфессия өкілдері, дін қайраткерлері сенім ісіндегі енжарлыққа үлкен күмәнмен қарады. Ежелгі Римде діни салтанаттарға қатыспау қылмыс ретінде қарастырылды. Протестантизм ілім ретінде сенімге немқұрайлы қараумен сыйыспайды. Діннің кез келген басқа түріне қатысты да осыны айтуға болады. Еркін ойлау нысаны ретінде діни енжарлық абыздар билігі үстем болған ежелгі Шығыс қоғамдарында өмір сүрді. Перикл тұсында Ежелгі Грецияның діннен тыс мәдениеті жұртқа кеңінен танымал болды. Сол уақыттың көптеген құжаттары мен ескерткіштері жаратылыстан тыс күштен көмек сұраудан аулақ болды. Діни енжарлықты айғақтайтын құжаттарды христиан дінінің пайда болған кезеңіненде көре аламыз.
Ортағасырда өмір құндылықтарына негізделген шынайы мәдениеттің көріністері қоғам құбылыстарынан тыс қалған жоқ. Егер діннен тыс мәдениеттің осындай көріністері болмаса, Қайта өрлеу дәуіріндегі ортағасыр мәдениетінің адамгершілік дәстүрлерін жалғастырған еркін ойшылдық туындамас еді. Ортағасырдың рухани мәдениетіндегі адам мен әлемге деген индеферетті көзқарастар болмысты дін тұрғысынан түсіндіру саясатына қарсы бағытталды.
Ортағасырда пантеизмнің кең тараған түрі – мистикалық пантеизм, онда табиғат пен адам жандары Құдаймен тұтасып кетеді. Мистикалық пантеизмге ортағасырлық еретиктер иек артқан болатын. Пантеизмнің келесі түрі табиғат пен Құдайды біртұтастыққа, бір субстанцияға тоғытатын натуралистік пантеизм. Мұнда Құдайдың табиғатты жаратқандығы идеясы жойылып, Ол табиғатқа іштей тән тұлғасыз рух ретінде қарастырылады. Құдайдың дүниені уақыт аралығында жаратпағандығы, Ғарыштың шексіздігі, табиғаттағы өзіндік заңдылық туралы идеялар пантеизммен байланысты.
Деизм (лат. deus - құдай) Құдай туралы басқаша түсінік береді. Құдай табиғаттан тыс тұрған әлдебір тұлғасыз парасат, алғашқы түрткі. Дүниенің алғашқы түрткісі ретінде оны қозғалысқа келтірген Құдай одан арғы жерде әлем ісіне, мейлі адамға, мейлі табиғатқа еш ықпал етпейді. Дүние адам парасаты арқылы танылатын заңдарына сай дамиды. Адам құдайдың құдіретіне тәуелді емес, ол өз бетінше әрекет етуге, белсенділікке құқылы. Деизм ортағасырларда бой көрсеткенімен, XVII - XVIII ғғ. механиканың дамуына байланысты кең таралды. Деистік позиция Құдайылық аян идеясынан, ғажайыптан, діни догматика мен ғұрыптан арылуға мүмкіндік берді. Деистер діни төзімділік пен ар-ұждан бостандығын жақтады.Ой еркіндігі натурализм (лат. naturalis - табиғи) формасында да көрініс табады. Философиялық бағыт ретінде натурализм XX ғасырдың 20- 40-шы жылдары АҚШ та қалыптасқанымен оның тамыры тереңде жатыр. Натурализм барлық болмысты қамтитын табиғат қана бар дегенді мойындай отырып, табиғаттан тыс әлдене бар дейтін супранатуралистік көзқарастарға қарсы шығады. Натурализм тұрғысынан адам мен қоғам табиғаттың ажырамас бөлігі және ғылыми тәсілдермен танылады. Натурализм өз дәуірінің ғылыми жетістіктеріне сүйенеді. Натурализм біртұтас емес, ол стихиялық, жаратылыстанушы ойшылдарды да, табиғат жанданған деп қарастыратын (гилозоистер, панпсихистер) тұрпайы материалистерді де қамтиды
Атеизм-еркін ойшылдықтың ажырамас бір түрі болып табылады. Қоғам дамуының ертедегі кезеңінде атеизмді Ксенофан мен Корнеадтың скептицизмінен ажырату қиын. Тарихи дәуірдің әрқандай шеңберінде атеизм еркін ойшылдықтың басқа нысандарына қарағанда дінді дәйекті, әрі негізді сынға ала отырып, діннің мәні мен оның қоғамдағы атқаратын рөліне мәлімет беруге тырысты. П. Гольбах атеизмнің мақсаты – дінмен күрес емес, табиғатты зерттеп ақиқатты іздеу деген болатын. Атеизм – қоғамдық күрделі құрылым. Оны айрықша дүние–танымдық құбылыс, фәлсәфа білімінің саласы, әлеуметтік құбылыс, қоғамдық сананың нысаны ретінде де қарастыруға болады.