№8 дәріс, 1 сағат Тақырып: Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетінің ерекшеліктері.
Дәріс мақсаты: жаңа заан әдебиетіндегі тәуелсіздік идеясының көрініс табу деңгейін таныту.
ХХІ ғасырдың басында әдебиет пен әдебиеттануда айтарлықтай табыстар болғанын айту парыз. Әдебиет пен әдебиеттану ғылымында жоғары оқу орындарында қол жеткен нәтижелерді, жеке авторлардың зерттеулерін, олардың көп томдың еңбектерін айтпай қоя тұрғанда, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жасалған жұмыстардың өзі бір ғасырға жүк болғандай. Олардың ішінде «Бабалар сөзінің» жүз томдығы, М.О.Әуезов шығармаларының елу томдығы, «Қазақ әдебиеті тарихының» он томдығы, «Қазақ романы: өткені мен бүгіні», «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» сияқты іргелі де ірі зерттеу еңбектер, «Классикалық зерттеулер» сериясы бойынша жарық көрген еңбектердің көп томдығы көңілді тоғайтып, көзді қуантқандай үлкен жетістік екені анық. Осының бәрі – тәуелсіздіктің жемісі.
Тәуелсіздік, ынтымақ пен бірлік сияқты елдің асыл мұраты, ұлттың рухани құндылықтары туралы ұғым кісінің тілінде емес, ділінде тұрады. Елдің асыл мұраты мен рухани құндылықтары білім мен ғылым қорында, өнер туындыларында сақталады, кемелденеді, ұрпақтан ұрпаққа жетеді, жеке адамның іс-әрекетінен мемлекет қызметіне дейінгі аралықта бірдей көрініс табады. Елдің өсер өркенінің дүниетанымының, ұлттық санасының қалыптасуы мен адамгершілік, әсемдік әлемінің ұдайы жетілуіне, кемелденуіне көркем әдебиеттің танымдық, тәрбиелік мәні өлшеусіз зор ықпал етеді. Ұлттық сана осы жолмен жетіледі. Көркем әдебиет - ұлттық сананың болмысының, жетілуінің, дамуының бірден-бір басты формасы. Көркем әдебиетте, әдеби шығармада, әдеби-теориялық пікірде орын алған білімсіздіктің зардабы ұлттық санаға салқанын тигізбей қалмайды. Сондықтан көркем әдебиеттің эстетикалық және рухани-адамгершілік негізін тәуелсіздігіміздей, ынтымағымыз бен бірлігіміздей, ұлттық санамыздай сақтау, қорғау, ұдайы жетілдіру, дамыту - әдебиеттанушылардың ғана емес, барша зиялы қауымның, тұтас қоғамның ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын, дәуірден дәуірге ұласатын парызы.
Мемлекеттің тәуелсіздігі, елдің егемендігі, адамның адамгершілік кемелдігі туралы ой өткен ғасырлардың қоғамдық санасының басты қозғаушы күші болды. Бұл сөздердің негізінде үлкен ұғымдар жатқаны рас. Бүгінде оларды ұғым деп қана тану жеткіліксіз. Ендігі тұста оларды халқымыздың бағы мен құты, қадірі мен қасиеті деп білгеніміз парыз. Өйткені көз алдымызда дерексіз ұғымнан затты болмысқа, алыс арманнан асыл ақиқатқа айналған мемлекеттің тәуелсіздігі, елдің егемендігі, адамның адамгершілік кемелдігі - біздің ғасырымыздың қоғамдық санасы үшін де баға жетпес басты құндылық. Софы Сматаев шығармашылығы осындай құндылықтарға негізделеді. Бір «Елім-ай» емес, жазушының «Ақжелең» (1972-1973), «Бұлақ» (1975-1976), «Мәңгілік бастауы» (1984), «Біз құлмыз ба, кімбіз?» (1985-1987), «Жарылғап батыр» (1994) романдары да, «Қобыланды батыр», «Дүние өтерінде шыр айналды» (1973) және басқа орта көлемді эпикалық туындылары да, «Хан Абылай», «Бұқар жырау», «Шақшақ Жәнібек», «Бас қайда, бас?», «Алтын құндақ» (1968-1970) секілді драмалық туындылары да мемлекеттің тәуелсіздігі, елдің егемендігі, адамның адамгершілік кемелдігі туралы терең тебіреністен, суреткерлік құштарлықтан туған. Қаламгердің өлеңдері мен дастандарында да заманның сыны, адамның сыры шынайы көрініс табады.
«Елім-ай» трилогиясының көркемдік құрылымында хандар мен сұлтандардың, билер мен батырлардың қалың қатары көрініс береді, халық, бұқара тіршілігі де кең орын алады. Тарихи дәуір, тарихи тұлғалар болмысы, халық өміріндегі трагедиялық әрі қаһармандық кезеңнің шындық оқиғалары пайымдалады.
«Елім-ай» трилогиясында ел ұландарының Отан үшін жүргізген ерлік ұрыстарының, халық қаһармандығының үлкен суреті жасалған. Жеке батырлардың тұлғалары да тарихи шындыққа сай дараланады. Cолардың қатарындағы ерен батырлардың бірі Жәңгір сұлтан мен жоңғар нояндары арасында болған бірнеше сұрапыл ұрыстардың суреті ерекше көркімен көз тартады. Құжаттарда 1634 жылы жоңғарлардың қазақтарға ойсырата соққы бергені, сол соғыста Есім ханның ұлы Жәңгір сұлтанның жау қолына тұтқынға түскені туралы айтылады
Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы – отарлау өктемдігі құрсауындағы ұлт тағдырын, азаттық күрестің ауыр жолдарын арқау еткен шығарма. Тұтас халықтың айдаһар бас, самұрық шеңгел алып екі империяның ашкөз пиғыл, ашқарақ ындынына жұтылып, сұраусыз құрбан болған оқшау бақытсыздығын, шекараның арғы бетінде қалған «жабық» тарихты жазушы кең байыптап, асықпай аңлайды.
Кесек-кесек төрт бөлімнен тұратын шығарма арқауы – ХІХ ғасырдың соңғы ширегінен ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығына шейінгі ел өмірінің 20 жылдан астам уақыт бедері, 1884 жылғы Ресей-Қытай шекара бөлінісі оқиғасы, аяр саясат жатпиғыл адамдар арасындағы аңдысулар ауқымында сыр ашады.
Шығармадағы орталық тұлға – ожданы тапталған тұтас ұлт. Арғы тарихы айбынды, артық туған қасиеттері аспан асты, жер үстінде аңызға айналған өр көшпенді өксікті, үмітсіз, ауыр бір бұлдыр шақтарға, оқшау дағдарысқа тап болған.
Қытай елінде, Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданы, Тарбағатай аймағының Шәуешек қаласы маңында дүниеге келген Қабдеш Жұмаділов көз көрген жайлардың арғы тарихын көп дерек жиып, жүректен өткен ақиқаттарды, қилы қарекет, алуан оқиға сілемін елеп-екшеп, құты тұнған ана тілден әсер дарытып, характер ашып көркем туындыға тұтастырды.
Шығармадағы Дәмежан, Күдері, Смайыл, Құрмандай ақсақал үлкендер, ақкөйлек жас адамдар, бәйбіше аналар, аяулы жар Бибі, басқаның бақытсыздығына куәгер Ши-амбы , Ли Шансың, Балкашин сынды бейнелер, Қабдеш Жұмаділовтің өткір, аяусыз шарпысулар, табылған ойлы сөз оралымдарымен үйіріп әкететін жазу машығы қазақ прозасының жанрлық өсу бағытындағы қаламгердің өзіндік қолтаңбасын айқындай түсті.
Қорғансыз елінің ертеңін қамдап, отырықшылыққа бейімдеп, оқуға тартып, етектен тартқан руішілік кикілжіңдермен алысып жүріп жатбауыр үстемдік қорлап өлтірген артық туған ер Дәмежан – кесек көркем тұлға.
Жазушы адам-пенденің жан құбылыстарын сәтті барлап, талдайды. Әңгіме үстінде бағады, әрекет, қас-қабақ қимылдарынан сыр аулайды, пиғылын аңлайды.
Тұтасып жатқан рулы елдің данасы мен дарасы, ұрысы мен қарысы, батыры мен бағланы, анасы мен аймаңдай аруы, бары мен жоғы, мұқтаж-мұңы мен сән-салтанаты барынша кеңінен тартылған шығармада халық тағдырын заманымен, кезең ауанымен алып ширыға толғайтын Әуезов дәстүрімен сабақтас қайырлы бір үрдіс бой көтерген.
Жазушы кейіпкерлері – әрқилы әлеуметтік деңгейдегі жандар. Автор олардың жүріс-тұрыс, әдеп-иба, айтқан сөз, ойлаған ой, қоршаған заттық әлемін сәйкес алуға сақ қарайды, елеулі көркемдік мән береді.
Жазушы бір оралыммен-ақ характер ашып кетіп отыру тәсілдеріне бейім. Іш жылымайтын ішмерез Ысқақтың бір қыры былайша ашылған: «Бірдемеге шұғыл кіріскенде шырайы сұрланып, екі көзі шоқтай жанып кетер еді».
Қаптаған қалың қолдай қатарласа көрініп отыратын ел адамдарының қалпы, аңдысуы, арбасуы, аңғалдығы, ақ пейілі қағыс қалмай қатар алынып отырады. Оқиғалар сілемі көңіл серпіткен көркем көк жорға жүйрік тілмен көмкерілген жазушы қаламы туған өлкенің бар көрінісін, құштар теңеулерге сыйғызып әспеттейді. Толып, жөңкіліп ағатын, сұлудың көзіндей мөлдіріген қара сулары. Аспан көгіне ілініп қалған күміс қоңыраудай бозторғайлар. Тоғанның көмейін сүйір тілімен бір жалап алып, арна сала аққан су.
«Тағдырдың» тілінде қазақ сөзінің жасампаз сұңғыла сұлулығы, өміршең өрісі қанат қағады. Бірқанша тосын атау, тың тіркестер шығармаға шырай қосқан. Бақкүндес, матқапыда қолға түсу, опалы, төпелі әрекет, жалтартып күле қарау, қайтып келмес, белгі бермес алыс сапар, арман мен үмітке жүкті жиырмасыншы ғасырдың басы, өксік ата еске алатын жоқтау жырлар, таң арайындай шапақ атып тұратын сұлу нұрлы жүз, сай-саланы сүр жамбастай кертіп жеп, ана омырауына жармасқан нәрестедей тау төсіне өрмелеген мал, миы басына, басы тымағына сыймау, піл сауырлы Тарбағатай... Жазушы Ақ патшаның шекара бөлінісінен кейінгі пиғылын үйірін қайырып әкеткен шақар айғырға теңейді: «Қазақта бұрын: қыз таңдау, қоныс таңдау болған, енді мемлекет, император, патша таңдау дәрежесіне көтерілді..»
Қаламгер талапайға түскен қазақ киген кепті тарихтың жүздеген, мыңдаған жылғы тізбегін көлденең тастап отырып нақтылы адам тағдыры ауқымында көрсеткен, аяусыз ашынып, қасірет сиясымен айыптап жазады.
«Тек қожайындар ауысты да, құлдар бұрынғы қалпында қала берді».
«Ер азаматты атып-асып құртқанмен, аналар ұл табуын тоқтатқан жоқ».
Кешегі тектілердің бір асыл сынығы Дәмежан опат болғанымен, қазақ қақ бөлініп айдалада қалғанымен, романда бой көтерген ұлттың рухы, оның болмысындағы жарасым мен жасампаздық өксікті күндердің де өтетіндігіне үміт жалғайтындай.
Ғасырлар бойы мызғымаған елдік салтқа қауіп төніп келе жатқанына жазушы Отыншы батырдың асын мақсатты түрде тоғыстырады. Ол дала ғұрпын түгендеп, тауысып суреттейді. Алысты жиып, аталы жиынға ұластырып Ас беру, қыз ұзатып, келін түсіру, сыбаға сақтап, сарқыт тарату, сыйластық пен шынайы пейілдің баға жетпес рахатын сезініп ғұмыр сүру... барлығы ұлы өмірдің ұлттық ұстындары. Басқа жұрт қазақтың екі мың жыл бойы мызғымаған қалпына тосырқай қарайтыны да рас еді.
«Өлетін жерін» білмейтін аңғалдығы болғанымен, қамсыз жұрттың мезгілінен не ерте, не кеш туатын, өмірге екі келмес есіл Дәмежандай» ұлдары бар.
Шығармада туған жерді көксеу аңсары ұлттың тарихи жадын қозғау мақсатымен астасқан. Он-сандаған қоныс, жер атаулары ыждаһатпен, байыпты аталып отырады. Рулы елдің ішіндегі сөз ұстаған, қару асынып қарсы шапқан кісілікті жандары бой көтереді.
«Тағдыр» – тынысы кең, тың туынды.
Тәуелсіздік жылдардағы қазақ поэзиясы ұлттық болмыстың түп қайнарларын сезінудегі көркемдік тапқырлығымен, сыршыл саздарымен, әлеуметтік өткірлігімен ерекшеленеді.
Өткен дәуірлердің поэтикалық шежіресін жасау салтқа еніп, қазіргі заманның тарихи жырлары жазыла бастады.
Қазақтың көрнекті ақыны Жарасқан Әбірашұлы елдік мұрат күрескерлері – ХХ ғасыр басындағы Алаш азаматтарының рухына бағыштаған тағзым жырлардан тұратын көркемдік құрылымы бөлек «Құлпытас» кітабын жазды [1, 15].
Ақын абырой жүгі, ар тазалығы, кісілік мінез, қымбат адамдар, өмір ағыстары туралы толғанды. Артық туған жандардың дара мінез болмыстарын аялады.
Жарасқан қазақ поэзиясын таза поэтикалық бітімдегі текті, рухты жырларымен байытты.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдәулетұлының отаншылдық, елдік мұраттармен суарылған сыршыл да намысты өлеңдер жинағы – «Киіз кітап» қазақ лирикасының қазіргі заманғы көркемдік әлуетін көтере түскен рухани олжа есебінде бағаланды.
«Мынау кітап тартып отырған талай тауқыметіміздің басын шолса да, кеудеңе үміт гүлін егіп, жігеріңе жігер қосатын, тәуекелге мінгізіп, тәубеңе келтіретін парасатты жырларға толы» (Ә.Кекілбаев) [2, 21].