Жұмсақ таңдай қатты таңдайдың жалғасы; ол кілегейлі қабатпен қапталған бұлшық етті болып келеді. Жұмсақ таңдайдың артқы бөлімі таңдай пердесі деп аталады. Таңдай бұлшық еттері босансып тұрған кезде таңдай пердесі төмен қарай салбырап тұрады, ал жиырылған уақытта жоғары қарай және артқа қарай көтеріледі. Таңдай пердесінің ортасында ұзын өсінді – кішкене тіл (бөбешік) болады.
Тіл – бұлшық етті мүше.Тілдің алдыңғы жағы өте қозғалмалы, ал артқы жағы бекітілген, сондықтан оны тіл түбі немесе тіл тамыры деп атайды. Тілдің осындай бөлімдерін ажыратады: тілдің ұшы және алдыңғы жағы, тілдің бүйір жақтары мен тілдің мойыны, немесе арқасы.Тіл бұлшық еттерін екі топқа бөледі (25 сур.). Бір топ бұлшық еттер сүйекті қаңқадан басталып, тілдің кілегейлі қабатының қандай болмасын ішкі беткейінде аяқталады; басқа бұлшық ет топтары өзінің екі жақ ұшынан кілегейлі қабаттың кез келген жеріне бекінеді. Бірінші топ бұлшық еттерінің жиырылуы тілдің жалпы қозғалысын қамтамасыз етеді, ал екінші топ бұлшық еттерінің жиырылуында тілдің жеке бөлімдерінің пішіні мен орны өзгереді.
Тілдің барлық бұлшық еттері жұпты болып келеді.
Тілдің бірінші топ бұлшық еттеріне осылар жатады:
Иек–тіл бұлшық еттері; төменгі жақтың ішкі беткейінен басталып, тіл түбі аймағында бекітіледі. Осы бұлшық ет тілді алға қарай созыға мүмкіндік береді.
Тіл асты–тіл бұлшық еттері; тілден төмен және артқы қарай орналасқан тіл асты сүйегінен басталады. Осы бұлшық ет талшықтары жоғары және алға қарай жылжып, тіл мойынының кілегейлі қабатына бекітіледі. Тілді төмен қарай түсіруге арналған.
Біз тәрізді–тіл бұлшық еттері; ми сауытының негізінде орналасқан біз тәрізді өсіндіден басталып, алға қарай тілдің шет жақтарына кіріп, иек–тіл бұлшық еттеріне қарама–қарсы бағытталады. Осы бұлшық ет арқылы тілді ауыз қуысының ішіне қарай тартуға болады.
Тілдің екінші топ бұлшық етеріне осылар жатады:
Тілдің жоғарғы көлденең бұлшық еттері. Ол тіл мойынының кілегейлі қабатының астында орналасқан. Оның талшықтары тілдің мойыны мен ұшының кілегейлі қабатында аяқталады. Осы бұлшық еттің жиырылуы кезінде тіл қысқарып, оның ұшы жоғары қарай иіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |