Дәріс тақырыбы: Көру анализаторының анатомиясы



бет1/37
Дата12.03.2023
өлшемі118,78 Kb.
#171976
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37
Байланысты:
офтальмо





Дәріс тақырыбы: Көру анализаторының анатомиясы
Аннотация: дәрісте көру анализаторы, көз құрылысы мен көру жолы туралы мәліметтер беріледі.
Кілт сөздер: анализатор, құрылымы, көру жолы, көз құрылысы, бұлшық ет, пигмент, қабаттар, тамырлар.
Жоспары:
Көздің құрылысы
Көру жолы
Көздің мөлдір ішкі құрылымы
Көздің қосалқы және қорғаныс аппараты
Көру талдағышы (анализаторы) күрделі жүйке-рефлекторлы жүйе болып табылады. Ол рецепторлы бөлігінен – көздің торлы қабығынан, өткізу жолдарынан – көру жүйкелерінен, көру жүйкесінің қиылысқан жерінен (хиазмадан), көру трактісінен; көру орталықтарынан – қабыршақты және қабыршақ асты орталықтарынан тұрады.
Көру талдағышының перифериялық бөлігі – бұл қорғаныш (көз шарасы және қабақ) және қосалқы (жас шығару мүшелері, көз бұлшық еті, конъюнктивасы) көз аппараттары бар көз алмасы.
Көздің құрылысы. Көз алмасы шар тәрізді дене болып табылады. Онда үш қабық:
сыртқы, ортаңғы және ішкі қабық бар.
Көздің сыртқы қабығы 2 бөлікке бөлінеді: ақ қабыққа – бұл қабықтың артқы бөлігі және мөлдір қабыққа – бұл қабықтың алдыңғы бөлігі. Ақ қабықтың мөлдір қабыққа ауысатын тұсы лимба деп аталады. Ақ қабық – мөлдір емес, оның басым бөлігі ақ түсті болады. Онда көптеген шағын саңылаулар бар, солар арқылы көзге көру жүйкесінің талшықтары мен тамырлары енеді. Көздің мөлдір қабығы – мөлдір түсті. Оның беті жылтыр, онда қан тамырлары жоқ, бірақ нерв ұштары өте мол.
Ортаңғы қабық тамырлы трактіден түзілген, ол нұрлы қабыққа, цилиарлы немесе кірпікті денеге және тамырлы қабыққа бөлінеді. Нұрлы қабық тамырлы трактінің алдыңғы бөлігі болып табылады. Оның орта тұсында саңылау – қарашық, оның артында көзбұршақ болады. Нұрлы қабық жарықты көруді реттеп, фотоаппарат диафрагмасы тәрізді әсер етеді, яғни қарашықтың кішіреюі немесе үлкеюі арқылы ішке көбірек немесе азырақ жарық жібереді. Қатты жарық болса, қарашық кішірейеді, әлсіз жарықта ол ұлғаяды. Нұрлы қабықтың ішкі бетінде торлы қабыққа тиесілі пигмент қабаты болады. Бұл қабат экран тәрізді жарықты тек қарашық арқылы ғана өткізеді. Нұрлы қабықтың ұлпасының өзінде пигмент түйіршіктері болады, көздің түсі соған байланысты. Пигменттер неғұрлым аз болған сайын, көз соғұрлым ашық түсті болады. Пигменттің мүлдем болмауы альбинизм деп аталады. Альбиностарда көздің торлы қабығында да пигмент жоқ, сондықтан олардың көздері көрініп тұрған қан тамырларынан қызыл тәрізді болып көрінеді. Пигменттің болмауы анық көруді қиындатады. Сондай-ақ нұрлы қабық көз ішіндегі сұйықтықтың қайтуына қатысады.
Цилиарлы дене ені 6 мм тұйық сақина болып табылады. Оның құрамына ақ қабықтың астында жатқан аккомодациялық бұлшық ет кіреді. Цилиарлы дене сондайақ көзбұршақтың мөлдір қабығының және шыны тәрізді дененің қоректенуін қамтамасыз ететін көз ішіндегі сұйықтық өнімі тәрізді тіршілік үшін маңызды функцияларды орындайды. Ол сондай-ақ көз ішіндегі ылғалдың қайтуына қатысып, аккомодациялық бұлшық ет есебінен көзді түрлі қашықтықта анық көруге бейімдейді, яғни аккомодацияны жүзеге асырады. Жаңа туған сәбилерде цилиарлы дене жеткілікті дамымаған, бірақ 7-10 жастағы балада оның морфологиялық құрылымы ересек адамдардікі тәрізді болады.
Тамырлы қабықтың өзі тамырлы трактінің артқы бөлігі болып табылады. Ол ақ қабықтың астында жатыр. Тамырлы қабық пен ақ қабықтың арасында борпылдақ дәнекер тінге және құрамында пигмент бар жасушаларға – хроматофораларға толы кеңістік болады. Тамырлы қабықта 4 тамшыға дейін бірдей мөлшердегі қан болады. Оның мөлшерінің 1 тамшыға көбеюі көз ішінің қысымының сынап бағанасымен 300 мм дейін көтерілуін тудырады. Оның негізгі функциясы пигментті эпителийді молынан қанмен қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен қатар тамырлы қабық көз ішіндегі сұйықтың қайтуына және офтальмотонустың (көз ішінің қан қысымының тұрақты деңгейінің) реттелуіне қатысады. Тамырлы қабықта нерв ұштары болмағандықтан, оның қабынуы, жарақаттануы, ісінуі ауырсынусыз жүреді.
Көздің ішкі қабығы болып көздің торлы қабығы немесе ретина табылады. Оның қалыңдығы 0,2 мм артпаса да, онда бірнеше қабаттар болады. Оның ішінде маңыздысы палочкалар мен колбочкалар қабаты болып табылады, олар – фоторецепторлар. Адамда 130 млн. палочкалар мен 7 млн. колбочкалар болады. Палочкаларда сыртқы және ішкі сегменттер болады. Сыртқы сегмент жарық сәулелерін жинаушы болып табылады. Ішкі сегмент жарықты конденсациялап, оны бағыттайды. Колбочкалар палочкалардан қысқа, бірақ құрылысы бірдей. Көру осінің ұшында колбочкалардан тұратын ойық болады. Оған анығырақ көру кезінде қаралатын заттың бейнесі түседі. Бұл тұс өзінің тым сарғылттығымен ерекшеленетіндіктен, ол сары таңба деп аталады. Бейнесі сары таңбаға түспеген заттар бізге бұлдырап көрінеді. Колбочкалар - жарықта, ал палочкалар – қараңғыда көруге бейімделген. Көздің торлы қабығының негізгі элементі 3 қатар болып орналасқан нерв жасушалары болып табылады. Торлы қабықтың ең сыртқы қабаты құрамында пигмент бар эпителийлі жасушалардан тұрады. Оған сыртқы нерв жасушаларының нерв ұштары болып табылатын палочкалар мен колбочкалар қабаты қабысады. Тұтас алғанда олар жинақы нерв тінін түзеді.
Сонымен, көру талдағышы жарық тітіркендіргіштерін қабылдап, талдайтын күрделі сенсорлы жүйе болып табылады. Рецепторларда туындайтын күрделі фотохимиялық процесс жарық энергиясының нервтік қозуға айналуына ықпал етеді, ол өту жолдары арқылы ми қыртысына түсіп, сонда көру сезімдері мен қабылдауларының анализі мен синтезі жасалады. Көру талдағышының құрылысындағы тұтастық көру функцияларын орындауды қамтамасыз етеді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет