Дәріс 1 Дүниетануды оқыту әдістемесінің мақсаты, міндеттері.
Мазмұны: 1. Пәннің мақсаты, міндеті, зерттеу әдістері мен әдіснамалық негіздері. 2. Дүниетануды оқыту әдістемесінің басқа ғылымдармен байланысы.
3. Жаңартылған мазмұн бойынша «Дүниетануды» оқытудың ерекшеліктері.
Дәрістің қысқаша мазмұны: Бастауыш сынып мұғалімдерін дайындау мәселесі әрқашан өзекті болып саналады, өйткені білім берудің дәл осы кезеңінде оқушылардың танымдық белсенділігі, олардың интеллектуалды және тұлғалық дамуы үшін негіз қаланады. Бастауыш сынып мұғалімін дайындаудағы ерекшеліктердің бірі – көп бағыттылық болып табылады. Бастауыш сыныпта «Орыс тілі», «Әдебиеттік оқу», «Математика», Дүниетану т.б. бірнеше пәннің әдістемесін білуі қажет. Осы негізгі пәндерді оқытумен бірге «Дүниетану» пәнін де жоғары әдістемелік деңгейде оқытуға қабілетті, бастауыш білім беру саласы бойынша мұғалімдерді даярлау қажет. «Дүниетану» пәніне мән бермеу, оны оқытудың маңыздылығын жете бағаламау студенттерді дайындауда айтарлықтай олқылықтарды тудыруы мүмкін. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларында бастауыш сыныпта «Дүниетану» пәнін сауатты және қызықты жүргізе алатын бастауыш сынып мұғалімдерін дайындау «Дүниетануды оқыту әдістемесі» курсының оқыту мәселесі өзекті болып табылады.
«Дүниетану» пәнін оқыту әдістемесі» бастауыш сынып оқушыларының нақты ғылыми деректерді қабылдау ерекшеліктерін ескере отырып, табиғи және әлеуметтік кеңістікте болып жатқан әртүрлі процестерді түсінікті және қызықты түрде оқытуға бағытталған.
«Дүниетану» пәні мазмұны бойынша интегративті пән болып саналады. Пәннің мазмұны үш білім салаларын қамтиды: жаратылыстану және қоғамтану және тарих.
Дүниетану пәнін оқыту әдістемесінің объектісі қоршаған орта, ондағы заттар мен денелер, құбылыстар мен үдерістер, қоғамдық қатынастарынан бастауыш сынып оқушыларына жас ерекшеліктеріне сай білім берудің әдіс-тәсілдерін, формаларын және баланың жалпы құзыреттіліктерін қалыптастырып, жетілдірудің жолдарын меңгертетін курс болып табылады. Кіші жастағы оқушылар дүниені біртұтас күйінде қабылдайды, оның көріністерін биологиялық, физикалық, химиялық құбылыстарға бөлмейді. Дүниетануды интеграциялап оқытудың алғашқы кезеңінде табиғат құбылыстары туралы дұрыс, біртұтас түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді, табиғат туралы ғылымдарды одан әрі саралай оқып үйренуге белгілі бір негіз қалайды. Оны оқып-үйрену барысында дүниенің материалдығы мен танымдылығын, құбылыстардың өзара байланысын, заңдылықтар мен эволюция идеяларын түсінуге қадам жасалады.
Дүниетану пәнін оқыту баланың ақыл-ойын дамытуға бағытталған үлкен міндеттерді шешеді. Нақты обьектілер мен құбылыстарды оқып-үйрену кезінде оның бақылау қабілеті дамиды. Байқағыштық – заттар мен құбылыстарды саналы түрде қабылдай білу, олардың өзіне тән және ортақ белгілерін табу, белгілі заңдылықтарды байқау, оларды талдап қорытынды жасай білу қабілеті. Байқағыштық жүйелі жаттығулардың барысында біртіндеп дамиды. Мұның бәрі баланың ойлау қабілетін дамытуда, қоршаған ортаны танып білуінде маңызы зор. Жаратылыс ғылымдары логикалық индукция және дедукция әдістеріне үйретеді, құбылыстардың мәніне терең бойлау дағдысын қалыптастырады.
Дүниетану логикалық индукция және дедукция әдістеріне үйретеді, құбылыстардың мәніне терең бойлау дағдысын қалыптастырады.
Логикалық ойлаудың дамуы бірнеше кезеңнен тұрады.
1. Фактілер мен құбылыстарды бақылау.
2. Жауапты іздеу үшін мәселе (шарт) қою.
3. Бақыланып отырған нәрсе бойынша мүмкін болжамдар жасау.
4. Болжамды зерттеу және дұрыс жауапты тәжірибе жүзінде тексеріп, логикалық тұрғыда талдап, тиянақты қорытындылай білу.
Қоршаған дүние обьективті түрде өмір сүретін болғандықтан, ондағы заттар мен құбылыстары алдымен санада бейнеленеді. Көру, сезіну, түйсіну арқылы сезім мүшелерге материалдық түрде әсер етеді де біз оларды қабылдаймыз. Қабылдау барысында сыртқы сезім мен ішкі сезімдер біріге отырып танымды нақтылай түседі. Сезім арқылы таныған дүниені ғылыми біліммен байланыстырғанда ғана білім қалыптасады.
«Дүниетану» пәні «Адам,», «Қоғам», «Табиғат» деп аталатын үш ірі бөліктен (блок) құралады. Бұл айналадағы дүние туралы балада біртұтас көзқарас қалыптастыру және онда адамның орны мен ролін түсінуге көмектеседі. Таным арқылы заттар мен құбылыстардың басты белгілері, ұқсастықтары мен айырмашылықтары жайындағы бейнелі қабылдау нәтижесінде ұғым туады. Осылайша таным нақты дүниеге, қоршаған ортадағы бар заттарға негізделсе ғана белгілі мазмұнға ие болады, оны өз мәнінде танып білу үшін ғылым керек.
Әр блоктың мазмұны сыныптан сыныпқа қарай біртіндеп күрделеніп үздіксіз оқытылады. Әр блок мазмұнының өзара байланысы адамның еңбек әрекеті және бөлінбес бөлігі ретіндегі табиғатпен, негізгі мүшесі ретінде қоғаммен әрекеттестік қарым-қатынасы туралы білім мазмұны арқылы жүзеге асады.
Пән мазмұны қазіргі заманғы ғылыми білімнің, мәдениеттің әртүрлі салаларынан (қоғамдық және жаратылыстану ғылымдары, экономика, этика, эстетика, құқық, өнер, т.б.) хабардар ету негізінде дүниені, әлемді, қоршаған ортасын танып білу әдістерімен (бақылау, тәжірибе, экспери -мент, модельдеу, талдау, синтез, салыстыру, т.б.) оқушыны қаруландыру арқылы оның ортамен сауатты қарым-қатынасын жан-жақты дамытып, тәрбиелуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Дүниетану» пәні арқылы оқушы алғашқы тірі және өлі табиғат, табиғаттағы құбылыстарды, дене мен заттар, олардың әрқайсысына тән қасиеттерін, олардың адамдарға қажеттілігі туралы біледі. Осындай мағлұматтарды ұғына отырып ұғымдар жүйесі қалыптасып, сөз қоры молайып, табиғат пен адамның тығыз байланыстылығын түсінеді. Сондай-ақ, табиғатты аялау, үнемдеу т.с.с. экологиялық тәрбие беріледі.
Оқу үдерісінде баланың қызығушылығын, өздігінен үйрену, танып білу белсенділігін арттыру мақсатында жүргізілетін оқу жұмыс формаларын ұйымдастыруға үйретуді. Жаратылыстанудың жалпы әдістемесінің аса маңызды міндеттерінің бірі-ғылым ретінде жаратылыс пен оқу пәні ретінде жаратылыстану арасындағы байланысты анықтап береді.