Болжам – қажетті нәтижені қалай, қандай жолмен, ненің көмегімен алуға болатындығы жайында негізделген ой. Болжам формасында жаңа қорытындыларға шынайы қозғалу, бағытталу жүреді. Болжамды ұсыну үшін тек сол істің күйін егжей-тегжейлі зерттеу, ғылыми құзіреттілік қана емес, сонымен қатар педагогикада қолданылатын зерттеу әдістері негізінде диагностикалық тексеруді жүзеге асыру қажет. Логикалық тұрғыдан белгілі теориялар арқылы түсіндірілмейтін ғылыми фактілерді талдаудан жаңа ойға және өзгерту идеясына қозғалу байқалады. Олар кейін болжамда көрініс табады.
Осыған байланысты ғылыми факті мәселесіне тоқталсақ. Факт –көптеген құбылыстар мен байланыстардың көрінісі, олардың қорытындылануы. Педагогикалық факт – орта жағдайлары және тұлғаны дамыту факторлары арасындағы кейбір, бірнеше мәрте және шынайы бекітілген байланыстар. Мысалы, педагог беделі және оның тәрбиелеу ықпалының тиімділігі арасындағы тәуелділік, тәрбиеленушінің интеллектуалдық белсенділігі мен дамуы арасындағы тәуелділік.
Фактілердің жинақталуынан жаңа теорияға қажеттілік туындайды. Ол жетекші идея және ой түрінде пайда болады. Мысалы, екінші жыл бір сыныпта оқуға қалдырылған оқушылардың нашар оқитындығы, оқуға теріс көзқараста екендігі, мектепті тастап кететіндігі мынадай фактіні белгілеуге мүмкіндік береді: оқушыны екінші жылға бір сыныпта оқуға қалдыру тұлға мен қоғам дамуына үлкен нұқсан келтіреді, ол педагогика тұрғысынан жарамсыз болып табылады. Бұдан идея пайда болады: диагностикалау негізінде үлгермеушілік себептерінің алдын-алу. Бұдан туындайтын ой: үлгермеушілік себептерін нақты диагностика негізінде үлгермеушіліктің алдын-алу жүйесін жасау.
Басты идеяны дамыту идеалдағы ойды ойша тарату,қойылған міндеттерді шешудің жолдары, тәсілдері мен нәтижесі жайындағы болжам түрінде жүзеге асыру.
Идеяның «туындауы», оның ойға айналуы, ойдың болжамға өзгертілуі зерттеудің ең күрделі де шығармашылық элементі, зерттеудің шығармашылық негізі, жаңалыққа талпынысы болып табылады. Идеяның туындауы - өте күрделі және жеке-дара үрдіс. Оның негізінде тәжірибе, логикалық өңдеу, интуиция, ойша «тәжірибелер» мен эксперименттер жатыр.
Ой – құралмен жабдықталған идея, бұл өзін жүзеге асырушы құралдармен қамтамасыз етілген идея. Ойша нәтижені белгілеу – болжау болып табылады. Болжау – зерттеудің эпицентрі. Болжам формасында жаңа білім, жаңа теория пайда болады. Дәл осы болжамда шығармашылық ізденістің мазмұны және үрдістік сипаты жинақталған: бастапқы тұжырымдамалық негіз, идея, ой.
Болжамның мазмұндық жағын оның тілдік рәсімделуімен тұтас қараған жөн. Оның сызбасы: «Егер..., онда..., өйткені....» Болжам мына қызметтерге ие: сипаттау, түсіндіру, болжау.
Осылайша, зерттеу жұмысының тізбегі былай белгіленеді: бастапқы факт – проблема – бастапқы тұжырымдамалық қағидалар – идея – ой – болжам – қажетті нәтиже. Мысалы, Г.А.Ерғалиева зерттеуінің тізбектелуі төмендегідей:
Студенттердің рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде өзін-өзі тәрбиелеуін ұйымдастырудың қажеттілігі мен оған әдістемелік даярлықтың жасалмауы арасында қайшылық орын алып отыр.
Осы қайшылықтың шешімін іздестіру зерттеу проблемасын айқындауға және зерттеу тақырыбын: “Рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде студенттердің өзін-өзі тәрбиелеуінің педагогикалық шарттары” деп таңдауымызға себеп болды.
Зерттеу объектісі: Жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие үрдісі.
Зерттеу пәні –Рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде студенттердің өзін-өзі тәрбиелеуінің педагогикалық шарттары.
Жұмыстың мақсаты – Студенттердің рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде өзін-өзі тәрбиелеуінің педагогикалық шарттарын теориялық тұрғыдан негіздеу және оның тиімділігін практика жүзінде дәлелдеу, әдістемесін жасау.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер,жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие үрдісінде студенттердің рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде өзін-өзі тану әдістері мен өзін-өзі тәрбиелеу жолдарын тиімді пайдаланса, онда студенттердің ішкі мүмкіндіктерін толығымен пайдалана отырып, өзін-өзі тұлғалық дамыту, өз іс-әрекетін басқару әрекеттері жүзеге асырылады, өйткені оқу-тәрбие үрдісі студенттердің өзін-өзі тану, өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі басқару жолдары арқылы жүзеге асырылады.
Зерттеудің жетекші идеясы:Студенттердің оқу-тәрбие үрдісінде рухани-адамгершілік құдылықтар негізінде өзін-өзі тануы, өзін-өзі жетілдіруі, өзін-өзі басқаруы шарттарын қолдану, тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеуіне негіз бола алады.
Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: жеке тұлғаның дамуы және өзін-өзі тану жөніндегі ғылыми тұжырымдар, жеке тұлғаның рухани-адамгершілік тәрбиесі, өзін-өзі тәрбиелеуінің теориялық қағидалары, жоғары оқу орындарына енгізіліп отырған «өзін-өзі тану» тәжірибелік жұмыстарының тұжырымдамалары.