Smart дегеніміз не?
ХХІ ғасыр –технология ғасыры болғандықтан,Қазақстан әлем бойынша ең жаңа деген оқу формаларын зерттеп, білім саласында үнемі жаңарту жасап келеді. Сонымен қатар өкініштісі елімізде ақпараттық қоғам әлі толық қалыптаспай жатыр. Сұранысқа орай технология даму үстінде. Бірақ соңғы жылдары SMART технологиясы ұғымы яғни ақылды оқыту пайда болды және Smart қала, Smart фон, Smart құрылғы, Smart қондырғы, Smart орта деген тіркестерді жиі естіп жүрміз.
Яғни, E-learning орнына SMART-learning келуі, ақпараттық қоғам орнына «smart қоғам» қалыптасуы біздің елімізде де күтілуде. Қазіргі таңда Smart технологиясын өндірушілер – АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея елдері. Қазір елордамызда да Smart мектептер қалыптасып келеді.
Smart білім беру тұжырымдамасы – үлкен көлемдегі әр түрлі білім ресурстарының(аудио, видео, графика) тыңдаушыға қажетінше оңай әрі жылдам, ыңғайлы түрде жеткізілуі. Сонымен қатар Smart білім беру оңай басқарылатын және әрдайым сыртқы білім ресурстарымен толығып отыратын болуы тиіс.
Smart education немесе ақылды білім беру – бұл ыңғайлы түрде интерактивті ортада жүзеге асырылған әлемдік деңгейдегі қолжетімді контент арқылы білім беру болып табылады. Smart education түсінігінің негізі ол кең ауқымды қол жетімді білім ресурстары.
Smart education барлық білім беру үдерістерін және осы үдерісте қолданылатын барлық әдістер мен технологияларды түгелдей жаңаруын жүзеге асырады және де ақылды тақта, ақылды экран, кез-келген жерден интернетке қосылу сияқты жаңа технологиялардың туындауына себеп болады. Осы пайда болған жаңа технологиялар контентті жасақтап, жүйелеп, пайдаланушыға жеткізеді. Соның арқасында білім беруді жүзеге асыру тек сыныпта ғана емес, кез-келген жерде: үйде немесе мұражай, кафе сияқты қоғамдық жерлерде де мүмкін болады. Яғни білім беру үдерісінің кез келген қатысушысы(оқушы немесе мұғалім) интернет желісі арқылы ортақ контентті белсенді пайдалана алады. Бұл өз кезегінде білім беру үдерісінің уақытқа немесе орынға(сынып, аудитория) тәуелділігін жояды.
Жаңа білім контенті оқушыларға жаңа дағдылар мен жаңа білімдер алуына көмектеседі. Оқытушы Smart education шеңберінде пәндерге бөлу арқылы әрбір оқушыға жеке білім беруді ұйымдастыра алады. Боллондық оқыту жүйесі де осыған негізделген. Сонымен қатар оқушы өзі жаңа пән жасауға қатысу мүмкіндігі де бар. Smart education оқытушыға курстың техникалық жасақталуына уақыт кетірмеуіне мүмкіндік береді. Мұғалімге мұндағы арнайы модульдерге бөлінген контенттерді пайдалануына болады. Осы модульдерді технологиялар арқылы өзімізге ыңғайлы етіп жинақтауға және автоматтандыруға болады.
Соңғы кезде әсіресе жастар арасында әлеуметтік желілердегі(Facebook, Twitter және т.б) білім ресурстарын пайдалану кеңінен таралды. Мұндай технологияны пайдалану да білім сапасын арттыруға айтарлықтай септігін тигізеді.
Smart тұжырымдамасының енуіне байланысты оқушының да, мұғалімнің де білім беру жүйесіндегі рөлдері өзгереді. Бұрын оқушы үшін жалғыз білім ресурсы сабақтағы дәріс болғандықтан оқушы сабаққа қатысуға міндетті болатын. Ал қазір ақпараттық технологиялардың негізін меңгерген оқушы интернет құралдары арқылы өзіне қажетті кез-келген ақпаратты таба алады. Сондықтан қазір білім алушының дәріске қатысуының қажеттілігі шамалы. Бірақ оқушыға бағдар беруші қажет. Ол – мұғалімнің міндеті. Оқытушы жаңа білім контенттерін жасақтап, оқушыны соған бағыттауы керек. Smart оқытушы мойнына жаңа міндеттер жүктейді. Енді мұғалім өз мамандығы бойынша жоғары құзіретті болып қана қоймай, сонымен қатар ол ауқымды көлемде басқа да ақпараттарды игеруі керек.
Smart оқытушыларға жаңа міндеттер жүктеумен қатар жаңа мүмкіндіктер береді. Олар: жинақталған білімдерімен және тәжірибелерімен алмасу, ғылыммен көбірек айналысу, контентті жаңадан жасамай жасақталған контентті пайдалану арқылы уақыт үнемдеу.
Smart тұжырымдамасына сәйкес оқу курсы да өзгерістерге ұшырайды. Енді оқу курсының сапасы артып қана қоймай, оқушының курсқа деген қызығушылығының артуын қамтамасыз ету керек. Қазіргі заманда көптеген электрондық ресурстарды пайдаланып жүрген оқушыны қарапайым мәтіндік білім контенттерімен қызықтыру мүмкін емес. Сондықтан оқу курсы мультимедиялық контенттер және сыртқы электрондық ресурстардан құралуы керек. Қазіргі заманғы Smart курс 80 пайызы сыртқы электрондық ресурстардан құралып, 20-30 пайызы ғана кітапты пайдалануы керек. Smart оқулықтар осындай талаптарға сәйкес болуы керек.