Бала үшін отбасы – бұл, оның дене бітімінің, психикасының, мінезқұлқының және интеллектісінің жақсы қалыптасып, дамуына ыңғайлы жағдайлар жасайтын орта. Әлеуметтік институт ретінде, отбасының бала өмірі мен тәрбиесі үшін қажет жағдайларды қамтамасыз ете алмауы, өмірлік қиын жағдайда жүрген балалардың пайда болуына әкелетін басты факторлардың бірі болып саналады. Жалпы әлемдік тәжірибедегі инклюзивті білім беру, білім беруге ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оқыту мен тәрбиелеуде жекелей оқыту ұстанымын жүзеге асыруға негізделген. Білім беруге ерекше қажеттіліктері бар балаларға мыналар жатады: - мүмкіндіктері шектеулі балалар; - мигранттардың, оралмандардың, босқындардың, саны аз ұлттар отбасыларынан шыққан балалар; - қоғамда әлеуметтік бейімделуде қиындықтары бар балалар (жетім балалар, виктимді балалар, девиантты мінез-құлықты балалар, әлеуметтікэкономикалық және әлеуметтік-психологиялық мәртебесі төмен отбасынан шыққан балалар). Өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар - қалыптасқан мән-жайлардың салдарынан тыныс-тіршілігі бұзылған және осы мән-жайларды өз бетінше немесе отбасының көмегімен еңсере алмайтын балалар; арнаулы білім беру ұйымдарындағы, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарындағы балалар. «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 29 желтоқсандағы N 114-IV Заңына сәйкес, өмірлік қиын жағдай - адамның тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын, осы Заңда көзделген негіздер бойынша танылған ахуал. Бұл заң бойынша, адам (отбасы) мынадай:
1) жетімдік;
2) ата-ананың қамқорлығынсыз қалу;
3) кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девианттық мінез-құлық; 3-1) кәмелетке толмағандардың ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы;
4) үш жасқа дейінгі балалардың туғаннан бастапқы психофизикалық дамуы мүмкіндіктерінің шектелуі;
5) дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы;
6) әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі;
7) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соқтырған қатыгездік;
8) баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);
9) бас бостандығынан айыру орындарынан босау.
Қазақстан Республикасындағы балаларға қатысты мемлекеттік саясат, бала мен ананы, отбасын жан-жақты кепілді мемлекеттік қорғауды өзінің маңызды міндеттері ретінде анықтайды. Әлеуметтік саладағы біртіндеп жүзеге асырылып келе жатырған мемлекеттік саясаттың нәтижесінде демографиялық процесстердегі оң динамика өз жалғасын таба бастады. Елдегі демографиялық ахуалдың жақсаруымен байланысты республикадағы халық саны, сонымен қатар балалар саны да өсіп келеді.