Ғылыми – педагогикалық зерттеулер жүргізуде төмендегідей ұстанымдарды басшылыққа алу қажет:
педагогикалық құбылыстардың шынайылылығы мен шарттасқандығын ескеру, себебі дүниедегінің бәрі өзінің ішкі объектив заңдары, қарама-қарсылықтары және себепті - салдарлы байланыстарына орай жасалады әрі дамиды;
құбылыстарды даму барысында зерттеу;
бір құбылысты екіншілерімен өзара қатынаста байланыстыра зерттеу;
зерттеу үрдісінде қалаған ғылыми мәселенің шешімі бірін-бірі толықтырып отырушы көптеген әдістер кешенімен орындалатынын естен шығармау;
зерттеу әдістері зерттелетін құбылыстың мән-мағынасына сай келуі;
даму процесін сол дамудың қозғаушы күші және даму көзі саналатын оның қарама – қарсылықтарына негізделген өзіндік қозғалыс және өзіндік даму ретінде қарастыру;
сынақталушыға білім-тәрбие үрдісіне зиян келтіретін, адамгершілік - инабаттылық талаптарына қайшы болатын эксперименттерді өткізбеу.
Білім беру мен педагогикалық ізденістерде әдіснамалық ұстанымдардың болжамдарын жасаушы ғалымдар көп. Мысалы, Б.С. Гершунский “әдіснамалық ұстаным” ұғымын теория мен практикада мақсатқа жетуге бағытталған әрекеттің қалыпты басқарушысы деген өз ойын ұсынады. Соңғы жылдары педагогикалық әдебиеттерде тарихи- педагогикалық зерттеудің әдіснамалық ұстанымдарының нақты ортасын көруге болады. Атап айтқанда Г.Б. Корнетов және И.А. Колесникова педагогиканың өркендеуі мен даму кеңістігінің өткені мен бүгінгі жағдайының жан-жақты даму тұғырларын ұсынған. Олар: табиғи педагогика, өндірістік педагогика және креативті педагогика. Сонымен қатар үш педагогикалық кеңістікті анықтаған: ғылыми - технократикалық, гуманитарлық, эзотериялық. Ал Г.Б. Корнетовтің пікірінше тарихи – педагогикалық процесс – бұл ойлау мақсатының жолы мен құралы, механизмі, шарты, жеке тұлғаның табиғи жаңаруының нәтижесі, қамтамасыз етілетін педагогикалық анализ феномені олардың ойлау мәнерінің бірлестігінің жалпы адамзаттықтан даму деңгейіне дейін.
Зерттеу көздерінің нәтижесі көрсетіп отырғандай әдіснамалық ұстанымдарды әдіснаманың тұғырлар ұғымынан кейін қарастырады. А.М. Столяренко “салыстырмалы педагогика” саласы бойынша әдіснамалық ұстанымдар мен тұғырлардың мынадай түрлерін ұсынады: нақтылық, кешендік, жүйелілік, педагогикалық тәжірбеге нақты – тарихи тұғырдың қарама-қайшылығы.
Г.К. Нұрғалиева, А.Қ. Құсайынов, Н.С. Мусина секілді отандық ғалымдардың пікірінше жоғарыда атлған ұстанымдардың үшеуімен ғана шектелуін ұсынады. Өйткені төртіншісі салыстырмалы педагогикалық зерттеулердің тұғрына жатады. Бұл авторлар салыстырмалы педагогиканың тұғырларын әлемдік тәжірибеге сай анықтады. Олар: өлкетанымдық, индуктивтік, дедуктивтік, әлеуметтік, экономикалық, тарихи және этномәдени тұғырларын анықтады.
Қорыта келгенде ғылыми педагогикалық ұстанымдар біріншіден – зерттеудің негізгі мәселесі мен стратегиясын анықтап, оны шешудің негізгі жолдарын көрсетеді; екіншіден – барлық білім беру мәселелеріне талдау жасауға және мағынасын жүйелі орнатуға; үшіншіден – жалпы нақты жобалауға мүмкіндіктер береді.
М.А.Даниловтың педагогика әдіснамасы жайлы ғылыми мақалалары осы саладағы еңбектердің алғашқыларына жатады. Бұған дейін жалпы әдіснама мен педагогиканың әдіснамасы ретінде марксистік-лениндік философия саналып келді. М.А. Данилов педагогика әдіснамасының келесідей анықтамасын ұсынды: «Педагогиканың әдіснамасы педагогикалық шынайылықты бейнелейтін педагогикалық теорияның құрылымы мен негіздері, білімдер жасауға қажет тұғырлар мен тәсілдердің қағидалары туралы білімдер жүйесі болып табылады». В.В. Краевский, М.А.Даниловтың ұсынған педагогика әдіснамасының анықтамасын қабылдай отырып, осы анықтаманың нақтылығын, бірақ толыққанды еместігін атап көрсетеді. В.В. Краевскийдің көзқарасы бойынша, педагогиканың әдіснамасы тек білім жүйесі ғана емес, сонымен қатар, оларды жасау әрекеті саласы болып табылады. Педагогиканың әдіснамасы қаншалықты тереңірек зерттелініп, жасалынғанымен, ол маңызды сұрақтарға анық әрі дұрыс жауап бере алмай отыр: педагогиканың әдіснамасымен айналысу нені білдіреді, онымен кім айналысуы қажет; педагогикалық зерттеуді қалайша әдіснамалық қамтамасыз ету керек; педагогикалық зерттеу құрылымында ғылымнан тәжірибеге көшу қалай жүреді?.
В.В.Краевский: «Педагогиканың әдіснамасы педагогикалық шынайылықты бейнелейтін педагогикалық теорияның құрылымы мен негіздері, білімдер жасауға қажет тұғырлар мен тәсілдердің қағидалары туралы білімдер жүйесі, сондай-ақ, арнайы ғылыми-педагогикалық зерттеулердің бағдарламаларын, логикасын және әдістерін, сапасын бағалау туралы білімдерді алу бағытындағы әрекет жүйесі» деп тұжырымдайды. Педагогика әдіснамасының пәні - педагогикалық шынайы болмыс пен оның педагогикалық ғылымда бейнеленуінің арақатынасы.
Қазіргі кезде педагогикалық зерттеулердің сапасы мәселелері өзекті болып отыр. Әдіснаманың зерттеушіге көмек көрсетуге, онда зерттеу жұмысы саласында арнайы қабілеттердің қалыптасуына бағытталуы күшейе түсуде. Осылайша, әдіснама нормативтік бағыттылыққа ие және оның маңызды міндеті зерттеу жұмысын әдіснамалық қамтамасыз ету.
Жоғарыда келтірілген педагогика әдіснамасының анықтамасынан көріп отырғанымыздай, бұл ғылыми таным саласы екі қырынан көрінеді: білім жүйесі мен әрекет жүйесі. Әрекеттің екі түрі алынып отыр – әдіснамалық зерттеу және әдіснамалық қамтамасыз ету. Әдіснамалық зерттеу педагогикалық тәжірибемен байланысты. Оның міндеттері: педагогика ғылымының даму үрдісі мен заңдылығын анықтау, педагогикалық зерттеулердің сапасы мен тиімділігін арттыру қағидаларын нақтылау, олардың мағыналық құрамы мен әдістерін талдау.