Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультеті 6М020500- Филология: қазақ филологиясы (ғылыми-педагогикалық бағыт) мамандығының 1-курс магистранты Данияр Әлия Ахмедияқызының
«Диалогтік мәтін байласымы (көркем шығарма материалдары бойынша)» атты зерттеу жұмысына
Негіздеме
Диалог – адамдар арасындағы қарым-қатынастың табиғи формасы. Ол коммуникацияның шынайы түрде жүзеге асуымен тікелей байланыста болатын – сөйлеудің нәтижесі. Диалог адам қызметінің түрлі аспектілерін зерттейтін гуманитарлық ғылымдар саласындағы көптеген зерттеушілердің қызығушылығын танытып, әр қырынан қарастырылуда.
Тіл ғылымында диалогті зерттеу мәселесі диалогтың табиғатын ғылыми тұрғыдан танып, талдаумен, сөйлеу актілерінің теориясымен, дискурс пен дискурстық талдау, тіл философиясы, интеракциональді әлеуметтік лингвистикадағы диалогизм және коммуникативтік бағыттағы зерттеулермен ұштасады. Қазақ тіл білімінде мәтіннің байласымы көбіне монологтік сөйлеу түрінің деректері арқылы анықталған болатын. Ал ұсынылып отырған магистрлік диссертация тақырыбы арқылы мәтіннің байласым сипаты диалогтік сөйлеу арқылы қарастырылатын болады. Бұл - зерттеудің өзектілігін айқындайды.
Зерттеу нысаны - көркем мәтіндерде айқын көрінетін, күрделілік деңгейі әртүрлі болатын диалогтік мәтіндердің байласым категориясы және оны ұйымдастырушы амал-тәсілдер. Зерттеу материалы ретінде көркем шығарма алынады.
Зерттеудің мақсат-міндеттеріне диалогтік мәтіннің анықтамасын беру, диалогтік мәтінді зерттеудегі дискурстық тәсілді қолданудың әдіснамасын қарастыру, диалогтік мәтіндегі байласым категориясының алатын орны мен қызметін анықтау, сол арқылы көркем шығармадағы байласым категориясының негізгі аспектілерін қарастыру, диалогтік мәтіннің байласымын жүзеге асыратын негізгі когнитивті-семантикалық, синтаксистік және функционалды-прагматикалық тәсілдерді қарастыру, жалпы мәтіннің композициялық құрылымындағы диалогтің мәтінтүзімдік қызметін саралау жатады.
Диалогтік мәтінді зерттеу барысында қол жеткізілетін ғылыми тұжырымдар мен нәтижелер мәтін лингвистикасы, коммуникативтік, функционалды лингвистиканы, сөйлеу актілері теориясын дамытуға теориялық әрі практикалық жағынан өзіндік үлесін қосады.
Ғылыми жетекші
ф.ғ.к., профессор м.а. М.К. Ахметова
Достарыңызбен бөлісу: |