Диктантар жинағы 5-9 сынып Қазақ тілі мұғалімі : Бейсембаева Г.Қ



Дата15.09.2017
өлшемі311,43 Kb.
#33734
Диктантар жинағы

5-9 сынып

Қазақ тілі мұғалімі : Бейсембаева Г.Қ
Үмені көргенім

Қалқай - қартайған адам. Ержеткен балалары жоқ. Пішен мезгілі еді. Жұртпен қатар Қалқай да пішенін шаба бастады. Қайраты кеміген адам. Өзі шауып өндіре алмады. «Үме салып өндіріп алмасам болмайды екен» - деді. Өзі ауылға, өзге маңайындағы ауылдарға барып, бір күнге қолдарын сұрады.


Ертеңіне Қалқай арбаға қойын салып, екі мес сусын алып, пішен басына барды. Мақашпен екеуміз де үмені көруге бардық. Шабатын жерін келген адамдарға Қалқай көрсетіп берді.
Көп адам қатар түзеп шыққанда шыдатпайды екен. Әрқайсысы қатардан қалмасқа тырысып, жарысқан сияқты болады екен. Бесінге дейін бар шөбін шауып берді. Бір қойдың етін жеп, екі мес сусын ішіп, орақшылар ауылдарына тарады. Қалқай бәріне алғыс айтып, ырза болып, үйіне қайтты. (98 сөз)


Қыс

Жаз өтті. Жауындатып, қара желдетіп, шөпті қуартып, жапырақты сарғайтып, елді әбігер қылып, ала сапырандатып күз өтті. Үсті-басы қырауытып, қылышын сүйретіп, шықыр-шықыр етіп қыс келді.


Биылғы қыс қатаң болды. Боқырау болды, боқ қатты. Қарашаның қарын қаңтарға қосты. Боран ашылса, шартылдаған сар шұнақ аяз қысты. Жер сіреу қар. Жылымық болса, жаңбыр жауды. Жер көк сең, малдың аяғын қызыл жосын қылып, қиып тастады. Күн құлақтанып, шаңытқан ақ пердеге жасырынып, жаңа түскен келіндей ақ дидарын көрсетпеді. Қас қараяр-қараймастан, күн батыстан шатынап шыққан, жалғыз көзді жаналғыштай жаман жарық жұлдыз шығады да, күннен күнге шарықтап, көкке өрлейді, жел қасарып, Темірқазықтан таймай, ызғырады да тұрады. (104 сөз)

(«Қартқожа». Ж.Аймауытов)



Алып күш

Әлгі келе жатқан кеме болып шықты. Темір сауыты күн нұрына шағылысып, төбесіндегі дөңгелек темірден қара түтіні будақтап, өрге қарай жүзіп барады. Оның бас жағында дүрбі салып, бері қарап тұр. Үстіңгі жақта әрі-бері жүгіріп жүрген кісілер көзге шалынды. Мына қалпында кеме дарияның қатты ағысын, шығуы қиын өрін мүлік дері жоқ. Осы өрлегенім өрлеген дегендей тартып барады.


Кеме ілгері қарай өте берді. Сәлден кейін бұрылыстан, көрінбей кетті. Жәнібек дариядан аттарын жалдап өтті. Жаңағы жағдай қайта-қайта ойға орала берді. Мынадай кемесі, сайлы қару-жарағы бар Қоқан мен Хиуа хандарының сарбаздары кез келген жауға қарсы тұра алады деген ойға келді. (96 сөз)

(Бекділдә Алдамжар)




Көк тал

Оянып кеттім. Жел есік-терезені сабалап тұр екен. Ішін тартып екілене соққанда, бейне үйдің шатырын көтеріп, не есік-терезені жұлып әкететіндей. Уілдеген үніне құлақ түріп, елегізіп, біраз жаттым. Көзім ілініп кеткен екен, қайта ояндым. Тағы да сол желдің әлегі, басылар емес.


Таңертең орнымнан тұрып тысқа шықтым. Айнала төңірек тым-тырыс. Жынын алған бақсыдай мең-зең, алқа-салқа. Түндегі жел емес, кәдімгідей дауыл екен. Түнімен емін-еркін ойнақ салып, ойранын шығарып, қирататынын қиратып, бүлдірерін бүлдіріп кетіпті. Бір жамбастан қисайған бағана, жерде шұбатылған сым, жапырақтар мен бұтақтарды үйіріп-үйіріп тастаған шөп-шаламдар. Қысқасы, дала көшкен жұрттың орнындай. Алғаш көзіме түскені көк тал болды. Тамыры төңкеріліп, жел сабалап, сұлап жатыр. (98 сөз)

Жолда туған ойлар

Жері мол, пейілі мол меймандос елді біз бір сыпыра аралаған соң, Алматыға бет бұрдық. Кең далаға көз салып, тар жолмен келеміз. Айналамызда құртша қыбырлаған қойлар қалып барады. Алдымызды ерегісе кесіп, киіктер орғып барады. Көп жауындардан кейін ашылған күн нұрын аямастан құйып тұр. Нұрға, суға тойған жер гүл жайнай күлімдеп тұр. Зымыраған машинадан жан-жаққа қызыға қараймыз. Көргенімізді өзімізше ойға салып екшейміз.


Осынау ұсақ колхоздарды ірі совхозға айналдырса, бір «Алғабастың» жеріне екі үлкен совхоз еркін сияр еді. Егін жайы, шабыны, суы қандай тамаша! Қарағандыға баратын темір жол Шұбартауға соға жүрсе, мынау бай өлкені баурау оңайланар еді. Ақшатау кенін де өркендетер еді деген ойларға малти бердік. (102 сөз)

(Ғ.Мұстафин)



Бала би

Бала бидің атасы азан шақырып қойған аты - Бименбет. Бала би - лақап аты. Бименбет әкесі Есенәліден он үш жасында жетім қалады. Әкесінің інісі Арғынбайдың атын ерттеп, қасына ереді. Арғынбай бидің алдына келген үш даудың шешімін айтып, Бименбет көзге түседі де, Бала би атанып кетеді.


Төрт кісі бірлесіп, бір ақсақ ешкіні семіртіп соймақ болып қырманға жібереді. Және де сойғанда кім қай аяғын алатынын алдын ала белгілеп қойса керек. Ешкі бір күні шүберек ораған ақсақ аяғын отқа тигізіп алып бақырып, қырманды айнала жүгіріп, содан қырман өртенеді. Өртке кінәлі кім деп іздегенде үш сау аяқтың иесі «Отқа жұғысқан да, қырманға өрт қойған да шүберек байлаған ақсақ аяқ», - деп ауру аяқтың иесін айыпты қып шығарады. (110 сөз)

(«Сөз тапқанға қолқа жоқ» кітабынан)




Жайықта

Көктемде Жайық өңірінде аққулар қос-қостан ұшып келеді. Талқайраңдағы көк шалғынға киіз үй тіккенбіз. Сыртта тұрып, сыбызғының үніндей сұлқылдаған аққулар даусын тыңдадым. Тобымен орман ішінде қонды.


Таңертең ерте оянып, тысқа шықты. Шығыс жақ - қызыл шақпақ. Сүрлеумен өзенге қарай жүгірдім. Кешкісін қармақ аяғына кіріп кетіпті.
Жалма-жан көйлегімді шешіп тастап, аққудың қасына жүзіп жеттім. Аққу су сабалап сыңсыды. Ауызын ашып, айбат шекті. Аяғынан ұстадым да, қармақтан босаттым. Рақмет айтқандай, бір сұңқ етті де, арғы беттегі жасыл құрақ ішінде қиқу салып, мұны тосып жүрген тобына барып қосылды. Өзен жағасын әнге бөлеп, аққулар аспанға көтерілді. (97 сөз)


Шоқан Шыңғысұлы

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, этнограф, географ, ағартушы, демократ. Ол қазіргі Қостанай облысында 1835 жылы туған. Балалық шағы Сырымбет тауының бауырында өткен. Өз әкесі-Шыңғыс, ұлы атасы - Уәлихан. Арғы атасы - Абылай.


Шоқан Сырымбетте халықтың қайнаған ортасында болды. Ол жас күнінен тарихи өлең, жыр, аңыз әңгімелерді қызыға тыңдап, құлақ түріп өскен.
Ол Құсмұрын бекетінде "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" жырын жазып алған. Сырымбетте аңыз, жырлар сюжетіне сурет салатын болған.
Шоқан табиғатынан алғыр, зерек болған. Ол қазақ мектебінде оқып арабша хат таниды. Содан кейін орта Азияның түркі тілдерін меңгерген.
Ол Омбыда кадет корпусында оқыған. Шоқанның ісі өлмейді. (100 сөз)


Менің атам

Мен атамды көрген емеспін. Папам да оның бейнесін көз алдында елестете алмайды.


- Атаң жайсаң жан еді. Соғыс басталғанда жиырма бір жаста болатын. Өзі сұранып майданға аттанды, - дейді әжем.
Бір күні «Ауылымыздың ардагерлері» деген тәрбие сағаты етті. Сынып жетекшіміз, Зәуреш апай, балаларға менің атам туралы да айтып берді.
- Нұғыман атай не бары жиырма бес жасында біздің жарқын өміріміз үшін жанын пида еткен. Батыр атаның бейнесі ешқашан ұмытылмайды. Есімі ел есінде мәңгі сақталады! - деді ол. Сол кезде мені мақтаныш сезімі кернеді. Екі қолымды партаның астына тыға қойдым.
«Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді», «Ел намысы - ер намысы». (93 сөз)


Аю және бөрене

Қалың орманды аралап келе жатқан бір аю бал арасына кез болыпты. Ағаш басындағы бал арасына тамсанып, аузынан сілекейі шұбырып, оны жегісі келіпті. Аю ағаш басына өрмелеп, ұяға жақындағанда, ілініп тұрған ауыр бөрене оған кедергі жасапты. Балға ұмтылған аю бөренені итеріп жіберді. Ары серпілген ауыр бөрене өз салмағымен қайта оралғанда аюдың басына сарт ете қалады. Қара күшке сенген ожар аю ашуланып, бөренені одан бетер қатты итереді. Өз салмағымен қайта оралған бөрене аюдың басына тағы да сарт етеді. Аюдың құлағы шыңылдап, басы айналады. Бұған ызаланған аю күшімен бөренені үшінші рет итеріп жібергенде, қайта оралған бөрене аюдың басын қақ айырып, ағаштан ұшырып түсіріпті. (100 сөз)




Көктем

Май жұлдызының бас кезі. Жердің беті кілемнің түріндей жап-жасыл, таң атып, күн шығып келе жатыр. Таңертеңгі түскен шықтың тамшысы қызарып шығып келе жатқан күннің сәулесіне шағылысып, өсімдіктердің басы күмістей жылт-жылт етеді. Қалың тоғайдың арасынан ирек-ирек болып аққан жіңішке өзеннің үстінен көтерілген аппақ тұман, шықпен буланып, маңдайы терлеп, төмен қарап тұрған талдар, талдың арасымен сылдырап аққан өзеннің суы, анадайдан қарайып көрінген жардың жағасында жағалай қонған елдің қыстауы. Көктің жүзі көкпеңбек теңіз секілді. Шөптің басы қимылдарлық жел жоқ. Тып-тыныш. Табиғаттың барлық нәрсеге ықылас көзбен күліп тұрған күні еді. (90 сөз).

(С.Дөнентаев)


Ел мұраты – Тәуелсіздік

Тәуелсіздік – мемлекеттік тұрғыдан алғанда еліміздің еркіндігі, елдің тізгінін өз қолына алуы, өз билігінде болуы.


Қазақстан Республикасы – халықаралық деңгейде басқа елдермен терезесі тең түсетін тәуелсіз мемлекет.Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі», - деп жарияланды.
Мемлекетімізде іс қағаздары қазақша жүргізіліп, тіл мәртебесі жылдан-жылға көтеріле бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «әкесі баласымен, атасы немересімен, ері әйелімен, әкімдер халықпен, әлеумет бір-бірімен ана тілінде сөйлессін», - деген ұлағатты сөзін басшылыққа ала отырып, тіл саясаты ойдағыдай орындалып келеді.Ел тәуелсіздігінің болашағы жарқын болсын! (77 сөз).


Тірлік қамы

Әкеміз үш ағайынды кісі болатын. Өздері сондай ұйымшыл, аз ғана шаруаларын ортақ ұстап, біріне-бірі үнемі жалғасып отыратын еді. Сондықтан өз малдарын өздері бағып, біріне-бірі үлкен, кішілік етпейтін. Мал түлігі болғаннан бастап, жазда аз ғана жылқыны бағу, қыста түйе, сиыр сияқты ірі қараны өріске шығарып, кешке қораға жинау міндетіме айналды. Мың тоғыз жүз он бірінші жылы ауыл қыстауға келісімен әкемнің нағашыларының ауылына бардым. Өйткені ауыл арасы қыста қанаттас болғанымен, жазда бөлек жайлап, қысқа қарсы сағыныса қатынасатынбыз. Мен келсем, ол ауылда ерекше бір жаңалық басталыпты. Әкемнің нағашы ағасы малды, әрі атқамінер, кісілікті ауылдан болатын. Солар Семейден бір ноғай жігітін жалдап әкеліп, балаларын орысша оқыта бастапты. Олардың балалары да мен құралыптас болатын. (111 сөз)




Қырманда

Қырман қызып, қамбаға астық құйыла бастаған шақ еді. Бала-шағаға дейін қырман қызығында жүретін-ді. Ерсілі-қарсылы егіз арбалар қырман мен егістік арасын ақшаңдақ жолға айналдырды. Аумағы алты қанат үш үйдің орнындай қырманда алты түйе шырқ көбелек айналады. Жас сабан сары түйедей әп-сәтте үйіліп қалады. Үстінде бала-шаға асыр салады. Бір топ қатын-қалаш жел жақта тары ұшырып жүр. Ағаш күректермен ақ маржан тарыны көсіп-көсіп алады да, жоғарыдан төмен суылдатады.


Баданадай-баданадай алтын дәндер шаң-тозаңнан арылып, жал-жал боп үйіліп жатады. Сол мол ырыздықты еркін кешіп, ұзын шұбақ жаюлы жатқан алашалардың үстіне әкеп бірнеше адам тарыны шапшаң-шапшаң електен өткізеді. Қиқым-сиқымнан әбден тазартысымен қапшықтап, таразыға салып, ауыздарын шуда жіппен сықита тігіп, дереу арбаға тиеп, қоймаға жөнелтіп тұрған екінші топтағылар да айрықша қам-қарекет үстінде еді. (125 сөз)


Жер үйде

Ахат ата баланың тамырын бір сәт ұстап, үнсіз қалған. Құныстана жүресінен отырып, басын ірге жаққа бұрып, көзін шарт жұмып алған. Қартайғанда қас та ағарады екен, жалбыраған бурыл қас жұмулы көзін көлегейлеп тұр. Шағын жер үйдің іші тым-тырыс, ала көлеңке. Тек жалғыз терезенің құрақ көзін бір көк шыбын түрткілеп, шығарға тесік таппай, ызыңдап мазаны алып барады. Жайшылықта еленбес еді, мына сын сәтте көк шыбынның жанталаса ызыңдауы үйдегілерге жайсыз тиді.


Жер кепенің төбесін көтеріп тұрған жалғыз тірегі – жуан белағаш. Оның да ырсиған жарығы бар. Белағашқа екі бүйірінен бұталмаған шыбықтар салынған. Үйдің ішкі төбесі сыланбаған. Жертөленің ортасына жаққан оттың жалыны мен түтінінен үйдің төбесі әбден жылтырап ысталған. (105 сөз)

(Ш.Мұртаза)



Ән құдіреті

Әміре сахна ортасында әуелі халыққа ізет көрсетіп, бас иді. Басында оюлы тақия, үстінде жеңіл шапан, қолында домбыра. Ол шеті түпсіз көрінген кең залға қарады да, «Қанапия» әнін айтты.


Жастық шағы киіз үй мен кең далада өткен Әміреге бұл зал үлкен болып көрінсе де, ол айтуға келгенде, тар сезілді. Сондықтан оның таудан тау асып, жаңғыртатын сұлу да ашық дауысы Еуропа тыңдаушыларын қатты таңдандырды. «Қанапия» әнінің аяғын созып барып, домбыраны желпіндіре бітіргенде, тілдің керектігі болмады. Ән аса күшті дауыспен шарықтап барып аяқталғанда, сүйсініп отырғандар қайран қалысты. Ән тым тез біткендей. Ұйып тыңдаған халық әнші орнынан тұрып, бас игенде ғана ду қол шапалақтады. Залдан «бис...бис...» деген дауыстар жамырай естіліп жатты. (108 сөз)
Дала перзенті

Көкем екеуміз көл жағалап кеттік. Үндемей ғана жағалап келеміз. Көкем: «Сөйлеме, жөтелме» – деп ескерткен. Бір рет түшкіргенім болмаса, жөтелгенім жоқ. Дөңмаңдай мен қоңыр құлын соңымызда. Олар да үндемей ғана еріп келеді. Бір дөң көлге тұмсығын сұғып, көлденең тұр еді. Осы дөңге тірелгенімізде, көкем маған сыбырлады:


- Көл мына тұмсықтың сыртын айналып жатыр. Қазір құстар уәлаятының қандай екенін көресің. Осыны айтты да, шоқыта кеп жөнелді. Боз бие де лып ете қалды. Көлденең жатқан дөңді бір лезде көлденеңінен кесіп түстік. Әрігіректе қалың құрақ. Одан бері көк шалғын дауыл соққандай теңселді. Алғашқыда білмедім. Сөйтсем, шалғын түбі шалшық су, судың беті толы қаз, мамыр үйрек екен. Олар бізден шошып, қалың құраққа қарай лап қойыпты. (108 сөз)

(М. Тлесов)



Алып-анадан туады

Ауылдың көлік ағытқан жері, өткен жыл, мекенін переселенге өлшеп, үйлерін көктемде көшірген ауылдың жұрты еді. Сол жұрттағы қалың бұйра талдың арасында құдық барын Баймырза біледі.


Ол қарына шелек іліп, өгізін жетектеп жөнелді. Бұл кезде жаңбыр толастап, бұлт бытырай бастады. Бірақ желдің екпіні әрі күшті, әрі суық. Күннің батып бара жатқан белгісін батыстың жиегіндегі қызыл күрең бұлт білдіріп тұр.
Тал арасындағы құдықтың жиегі опырылған, айналасы дөңес сары балшық екен. Баймырза шелекке таққан жібін қолынан сусыта бергенде, тереңдегі сасықтау сары судың иісін сезіп, шөлдеген өгіз де мұрнын шүйіріп, төмен еңкейді. Су толған шелекті Баймырза жоғары көтеріп еді, иығына біреу қаққан сияқтанды, қараса, саз балшықтан сырғанап, өгізі құдыққа құлап барады. (107 сөз)

(С.Мұқанов)



Тамыр-тынымсыз «насос»

Тамыр ылғалды топырақтың өте терең қабатынан сорып алады. Күн аса ысыған кезде, жапырақтар суды неғұрлым көп буландырса, тамырдың жұмысы да соғұрлым күшейеді. Суға жету үшін тереңге еніп, таралып, жан-жағына жайылады. Кейде топыраққа ылғал жетіспейді, ал су өте суық болса, тамыр оны сора алмайды.


Жапырақтың суды буландыруы мен тамырдың топырақтан суды сорып алу шамасы ылғи да тең түсуі керек, егер бірінің жұмысы бәсеңдеп кетсе, екіншісінің да жұмысы бәсеңдейді, осы кезде жапырақтар мерзімінен бұрын сарғайып түсе бастайды. Мұндай жағдай көбінесе жапырақта кездеседі, себебі жапырақтар суды пайдаланады, ал тамыр насостың қызметін атқарып, суды жеткізіп отырады. Жапырақ пен тамыр жұмысының сәйкес келмей қалуы өнімді төмендетеді. (110 сөз)

Атамекен

Түн. Мен далада сәкі үстінде жатырмын. Аспанда жұлдыздар жымыңдайды. Жұлдыздар арасында Ай. Дала сүттей жарық. Тау жақтан салқын леп соғады. Жым-жырт тыныштық. Мен ояу жатырмын. Ұйқым келер емес. Қандай сүйкімді көрініс. Табиғат бір мезгіл тыныс алғандай. Тілмен айтып жеткізудің өзі қиын. Тіпті суретшілер де дәл осындай көріністі көз алдында келтіре алмас. Тек табиғаттың ғана қолынан келетіндей.


Аулыңнан алыс жаққа шықсаң, қайтып келуге асығасың. Келсең, таныс көшелер, үйлер, адамдар – бәрі көзіңе оттай басылады. Тіпті басқа жердің балаларымен қосыла қалсаң, арасына аздап өтірік қосып аулыңды мақтап жібересің. Осының соншалықты қымбат, сүйкімді болуының сыры неде? Өйткені сенің туған жерің - балалық бал дәуренің өткен жер. Сондықтан бұл саған соншалықты ыстық, соншалықты қымбат, соншалықты сүйкімді. (109 сөз)

Жолда

Ауылдан ұзап, ат-арба жүретін шаңдақ жолға түсті. Жол әрі шаң, әрі кедір-бұдыр екен. Машина шаңды тоңазытып, ырғалаң-ырғалаң етеді. Нұрмолданың да ойы быт-шыт боп, ырғалаңдап келеді. Жан-жаққа, әр нәрсеге бір ауытқыған бас-аяғы жоқ келтең ғана ой емес, оған қосылған аздап ыза бар сияқты. Ыза! Кәдімгі адамды алқымнан ап, әй-шайға қарамай буындыра бастайтын ыза. Мұндай ыза өзіңнен әлдеқайда биік келіп, әй-шайға қарамай алқымнан ала түскенде мүлде жаман. Ол алғашқы кезде күш ап кетеді. Билеп алады. Мұның үстіне қулық-сұмдығы мүлде жоқ, әшейін халық арасынан шыққан аңқау, ақкөңіл адамға арыздың ызасы, әділетсіздік ызасы қатты тиеді. Өз ісінде адал адам қашанда аңқау, аңғал келеді. Ондай адам төтеннен киліккен соққыға әзір тұрмайды да, бірден құлап кетеді. (120 сөз)

(Сәуірбек Бақбергенов. «Адам және көлеңке»)


Ауылда

Ауылға тартып кеттік. Өзеннің бойында көгал жерге қатарластыра тігілген жеті-сегіз киіз үй. Бір үлкен үйге келіп түстік. Ауылдың бар адамы, бала-шағаларына дейін жиналған, сыймағандары есік алдында, басқаларының шыққанын күтіп тұр. Бір-екі адам шықса, даладағылардың бір-екеуі таласа-тармаса ішке кіріп, төрге қарай ұмтыла келіп қолымды алады. Бес-алты ер, қыз балалар ересектердің ара-арасымен өтіп келіп, алды-артымды орай отырып алды. Әуелі жай қарап отырғандарымен де, аздап бойы үйренгеннен кейін таң көріп менің киімімді, қолымды, шашымды, құлағымдағы сырғамды, мойнымдағы моншағымды ұстап көріп, бірдеңе деп өзара былдырлайды. Оған түсініп жатқан мен жоқ. Олар түгіл, үлкендердің ішінде де бір-екі адам ғана, олар да еркектер, орысша біледі екен. Әсіресе ат жақтылау келген, өте сыпайы біреу орысшаны ана тіліндей сөйлейді. Сол кісі менің әкемнің ең жақын туыстарының бірі болып шықты. (125 сөз)

(Ғ.Ахмедов)

Қарашолақ

Ертістің сол қабағында Қарашолақ ауылы бар. Қарашолақтың алпысқа тарта үйі бар. Қарашолақтың халқы қазақ болмаса, әжептәуір қаласымақ болар еді. Не бір көше жоқ, не бір үй сияқты үй жоқ. Боқтықтан, көңнен, күлден, көз жылтыраған, жалпиған, үйме-жүйме бірдеңе. Бір кездегі ауқатты үйлердің қора-мүлкі қиқайып-сиқайып қалыпты.


Отырған жерінің шөбі арғы беттегі қазақ-орыс қаласынікі. Солардан жалдап шабады. Қарашолақтың кедейлері отын, шөп сатады. Тәуірлеуі алыпсатарлық қылады. Еті тірі Әсембай дейтін бетке шығары қазақ оқығандарымен танысып, земстводан пұл алып, енді ауылын ағартуды ниет қылады екен. Мұғалім сұраған соң, азаматтар Қартқожаны берген екен.
Қарашолақ бала оқытуды жаңа ойлады деп ұқпаңыздар. Қарашолақ өзінше мәдениет ошағы болған. Төрт бөлмелі ағаш үй салынып, ауылнай үшкөл ашылған. Бергі заманда үшкөл тағдырдың кермесіне кездесіп, ағашы, тақтайы Қарашолақтың пештеріне жағылып, күлдері күлтөбеден бір шыққан. (133 сөз)

(Ж.Аймауытов)


Туған өлкем

Менің туған өлкем - кең байтақ Қазақстан. Оның асқар таулары мен айдын көлдері, жайқалған орманы мен жасыл жайлауы - менің ақ бесігім! Сондықтан да мен оны анамдай ардақтаймын. Шексіз сүйемін. Әрқашан аялап қорғап жүремін.

Көгіңде күн нұрын төккен,

Жерінде гүл жұпар сепкен.

Алтын дәнді даласы бар,

Ақ күмістей қаласы бар.

Түлегі өскен алуан-алуан,

Төс алқабы малға толған.

Неткен сұлу, неткен көркем,

Осы менің туған өлкем!

Қазақ даласының ең көркем, сұлу жерінің бірі - Бурабай. Оның әсем табиғи, мөлдір көлі, жұпар ауасы адам денсаулығы үшін өте пайдалы.
Бурабайдың басында атақты Абылай алаңы бар. Аты аңызға айналған. Оқжетпес пен Жұмбақтас та осында. Олар халқымыздың табиғат сыйлаған баға жетпес байлығы. (103 сөз)


Абайды тану

Мен өзім он бес жылдан бері еліміздің іргелі білім ошақтарының бірі - Алматы университетіне «Абайтану» курсын оқып келемін. Абай тану - сахарада бір жағы көшіп-қонып, бір жағы қала салып, сеңдей тоғысып, сабылып өткен бейнетқор қазақты танумен пара-пар: өз ұлтына, дүниелік сөз өнерінде Данте, Шекспир, Монтель, Толстой секілді із қалдырды десем, көтере айтқаным емес.


Өлерінің алдында сол Толстой өмір бойы өзін түсінбеген, мойын байлаған зіл батпан тастай сезілген үй ішінен, өнерді өзімшілдікпен өлтірген Софья Андреевнадан алаңсыз қашып шықпап па еді, тынысын тарылтқан қараңғы қапас мещандыққа, дүниеқоңыздыққа лағнет айтпап па еді, аяулы Абай да өз өлерінен үш жыл бұрын маңайын қоршаған аяусыз, арсыз, қайырымсыз, қадірсіз топтан мойнына бұршақ салып қашып шықпап па еді. Бұл туралы мен университетте оқып білген едім. (116 сөз)

Оқырманың мол, ұлағатың зор болсын, «Ұлан»!

«Ұлан» газетінің қалың оқырмандары мен жас тілшілері газеттің мерейлі мерекесін қарсы алды.


Газет шыға бастаған күннен бері жас буынның өмірдегі бағыт сілтер кеңесшісі, қол ұшын берер кеңесшісі, ой бөлісер сырласы болып келеді.
Талай-талай атақты еңбек адамдары, мәдениет пен өнер қайраткерлері, озық ойлы саясаткер мен ғалымдар осы газет арқылы дүние танып, қанаттанды.
С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезовтен бастап, бүгінге дейінгі барлық атақты жазушыларымыз, Қ.Сәтбаев пен Ө.Марғұланнан бастап, бүгінге дейін барлық көрнекті ғалымдарымыз осы газет бетінде балаларға арналған көркем дүниелер, мақалалар жазды.
Газеттің бүгінгі жауапкершілігі мен парызы бұрынғыдан әлдеқайда зор. Ол білімді, іскер, қайратты ізбасарлар тәрбиелеуге көмектесуі шарт. «Ұланның» жас ұрпақтың алдынан кең, кемел көкжиектер ашатынына, олардың бойына өмір сырына, білім, ғылым, техника сырына қанығуға деген құштарлық сезімін оятатынына сенім мол. (119 сөз)

(Ә.Кекілбаев)



Күй құдіреті

Енді күй өз тізгінін өзі алып кетті. Қара шанақтың көмейінен лықылдап төгілген майда әуезге өзі де құлақ түріп, еліге тыңдап отыр. Пәлен уақыттан бері ішқұса боп келгендегі айтайын дегені де осы емес пе? Ешкімге жалынып-жалбарынбай, зекіп-жекірмей тап осылай баппен байыптап сыр шерткісі келіп еді ғой. Сырттағы қыбыр-қимыл да тынған. Бағанадан бері еңсесін түсірмей сексиіп-сексиіп тұрған сеңсең бөріктердің де бір қатары жығылыпты. Ақсақалдар жағы бастарын көкірегіне алып мүлгіп кеткен. Есіктің алдындағы еңгезердей күзетшілер де қаһарынан айырылып, қажыған қалып танытады. Қамшыларының сабына сүйеніп, пәлен күннен бері өздері күзетіп келген тұтқынның саусағынан өріп жатқан майда қоңыр әуезге елтіпті. Оң жақта соңғы шапқынға барып қайтқан сарбаздар да салбырап отыр. (110 сөз)

(Ә.Кекілбаев)

Құдық басында
Еңсеп тастарды көріп шыққан соң, құдықтың түбінен алынған көк қиыршықтың үстіне құйрығын басып жүрелеп отырды. Мойнына күміс шынжырлап тағып қойған ақ мүйіз шақшасын алып, бас бармағының басына насыбай үйді. Сосын екі танауына кезек-кезек тосып еді, ащы көк бұйра кеңсірігін дуылдатып, таңқ-таңқ түшкіріп жіберді. Күшті насыбайдан көзіне ыршып шыққан жасты жалаңаш білегімен сүйкеп тастады да, астындағы көк қиыршықтың бір уысын көсіп алып, алақанына жазып қарады. Құдық түбінен бұдан шай ішім бұрын шыққан көк қиыршық тас мынандай шыжып тұрған талма түсте түгел кеуіп үлгермепті, әлі дымқыл. Жалаңаш иығын күн шағып барады. Құдықтан екі аттам жердегі киіз үйден гу-гу дыбыс шығады. (102 сөз)

(Ә.Кекілбаев «Шыңырау» шығармасынан үзінді)


Сүйген жер
Қарлығаш ұясын қыстаудағы қоралардың аша ағашының басына салады да, балапандары құлап кетпеуі үшін, ұшуға жараған шағына дейін, аяғынан ұяға қылмен байлап қояды...
Әке-шешемнің қамқорлығы қарлығаштай болғанмен, аяғымды алып-талып басқан соң-ақ, кебежеге қамалуға көнбей, талай рет бақырғаным, соныма қарамай еріксіз байлағаны, - өңім мен түсімдей есімде. Үш-төрт жасқа кеп есімді біле бастаған соң, ол қорлыққа көнбей, бір сәтте, байлауымды білдірмей шешіп, жүріп келе жатқан нар түйенің үстінен жерге құлағаным бар. Сол арада аузым көпіріп талып қалыппын да, есімді бірер күнде әрең жинаппын, одан кейін мені кебежеге еріксіз қамауды қойып, өз бетіммен жүруге жарағанша, түйе үстіне орнатқан шаңыраққа мінетін әжем қасына бос алып отыратын бопты. (101 сөз)


Қыс

Желтоқсан жұлдызы. Қар көптен жауып, нағыз қыс болды. Күн әбден қысқарған. Күннің көзі көрінсе де жылынбайды.


Өзенді, көлді мұз қаптап, жұрт үстімен жүре бастады. Қалың қардан шөптің басы көрінбейді. Қысты күні аяз күшті болып, үскірік борандар да аз емес. Орман қарайған, ішінде құстарды көре алмайсың, қоян күндіз жасырынып, түнде ғана жүгіріп, жас ағаштарды кеміріп жүр. Иелері жылы қораға шөп салып бағып-қақса да, қысты күні үй жануарларына да қиын. Адамның өзі де суықтан қорғанып, жылы киім киіп, үйлеріне от жағып, дайын жұмыстарынан қала алмайды. Қыстыгүні суық борандарда күні-түні далада жүргені, қасқырдан бір қорқып, бораннан екі қорқып, бейшараларда тіпті рақат жоқ. Жалтаң аяз көбінің беттерін қарыған. (110 сөз)

(М.Дулатов)



Су - тіршілік көзі

Сарыарқаның қыр арқасынан теріскейдегі ылдиға жөңкілетін онша ұзын емес өзендердің бәрі көктемде күркірегендерімен, күн ысығанда үзіліп-үзіліп қарасу болып қалады. Бұл қарасулардың мөлдірлігі соншалық - құмы-меруерт, маржан. «Алтынқұм» деген ат осындай құмнан туған шығар. Мүмкін, маржан құм ішінде алтын түйірлер бар шығар? Қарасудың түбіндегі тастар түп-түгел көрінеді. Қыздардың сырғасы, сақинасы түсіп кетсе, тауып алады.


Нұраның жолы да, жөні де басқа. Оның мінезі өзгеше. Ол Қарқаралы, Бұғылы, Тағылы тауларынан басталады. Нұра болмаса, Қарағанды қаласы салынбас еді. Сұрапыл соғыс жылдарында Теміртау тумас еді. Болат қорытылмас еді.
Нұраның тағы бір кереметі: ол - Қорғалжынның ащы емес, тұщы көлдеріне келіп жетеді. Қатты шаршаса да, әйтеуір, жетіп жығылады.
Қорғалжын ауданында үлкен-кішілі жүз отыз бір көл бар. (113 сөз)

«Қыз Жібек» операсы

Менің ең бір сүйікті түгел жатқа білетін операм – «Қыз Жібек». Мен «Қыз Жібекті» тыңдағанда, қазақ халқының қаншалық ән-күй сүйгенін, ән-күйге бай халық екенін жаңа аңғарғандай боламын. Сол үшін мен Ғабитті, сол үшін мен Брусиловскийді, сол үшін мен «Қыз Жібекті» қатты қастерлеймін.


Мен қуана қалсам, аузыма «Қыз Жібектен» ария түседі. Қайғырсам да, соның музыкасын ыңылдап айтамын.
Егер «Қыз Жібек» жазылмаса, қайтер едік, оны кім біліпті. Сірә, мүлде басқа адам болып өсер ме едім деп ойлаймын.
«Қыз Жібекті» мен ғана емес, халық қастерлейді. Әсіресе, әріптестер қауымының қастерлеуі ерекше.
Ғабиттің 70 жылдық тойында өзі 70-ке жақындап қалған Құрманбек Бекежанның ариясын қандай шырқады. Өз басым Ғабитті құттықтағандардың ішінде одан артық құттықтау болған жоқ деп білемін. (111 сөз)

(Қ.Байсейітов)


Адамгершілік - асыл қасиет

Адам жанының рухани тазалығы, оның қоғамдағы жеке адамдар арасындағы игі істері мен бауырмалдық, туысқандық, жанашырлық, сыпайылық, әдептілік, сый құрметтілік сезімдерінің бәрі де адамгершіліктің ұшқыны.


Адамдарды қызметіне, жағдайына, киіміне, сырт көрінісіне қарап бағалау дұрыс емес. Қызмет те, орта да, киім де уақытқа байланысты өзгеретін нәрсе, өзгермейтін тек жан сұлулығы мен жүрек жылуы болуға тиіс.
Адамның адамгершілік қасиеті - әрқашан биіктен ізеттілікпен көріну. Мәселен, ер адамдар әйелдерге, жасы кішілер өзінен үлкенге, сау адамдар кемтар, ауру адамдарға жол беріп, ізет көрсетеді. Адамгершілік адамның жүріс-тұрысы мен отырысынан да көрініп тұрады.
Ел басына күн туған қатерлі жылдары жанын шүберекке түйіп, Отанын, туған жерін, болашағын қорғаған абзал ата-әкелерді, еңбек ардагерлерін, үлкенді сыйлау, құрметтеу, кішілерге қамқоршы болу - біздердің абыройлы борышымыз.
Адамгершілік қасиеттерімізге кір келтірмейік. (115 сөз)


Күйші қарт

Арындаған асау күй екпіндеп соққан дауылмен дүниені шарлап бақты. Халық қарияның маңына шоғырлана түсті. Күйші қарт домбырасын бұрынғыдан да гөрі екпіндете шертті. Қос ішекті безілдетіп қаққан сайын, қарияның құлағына орап тастаған ұзын мұрты дауылпаздың қанатындай желпілдеді де тұрды. Төсін жапқан ақ сақалы саусағына келіп оралады. Қария сақалын екі айырып, иықтан асыра артына қарап серпіп тастады да, домбырасын жаңадан шерте бастады.


Қолына кішкене ғана домбыра ұстаған жас өспірім қыз бала қарияның жанына келіп отыра кетті. Қария ерекше өнерлі, жас гүлге көз тікті. Тек осыны ғана күтіп отырғандай, жас қызғалдақ қарияның әлгі күйін ала жөнелді. Оның перне басқан сәби саусақтарына көз ілеспейді. Ол қуанғаннан көз жасы моншақтап, жас баланы мейірімді аталық құшағына қысып, оттай жайнаған қарашықтарын кезек-кезек сүйді. (119 сөз)

(Ә.Сәрсенбаев)




Июнь жарлығы

1916 жылдың жазы еді. Қарқара жәрмеңкесінің қызған шағы. Патша жарлығы шықты. Майданның қара жұмысына қазақтан әскер алуға бұйрық келді. Оны сол күні-ақ бүкіл жұрт естіп болды. Ел іші ұлардай шулады. Өйткені бұны жұрт азамат басына төнген қара түн деп білді. Жәрмеңке жайына қалды. Бүкіл ел Жәмеңдей қария, Ұзақтай батырының аузына қарады. Солардан жауап күтті. Көп кеңестен соң, азамат бермеуге тоқтады. Жігіттер түгелдей атқа қонды. Қолдарына қару алды. Бәрі де бұрын істеп көрмеген үлкен әрекетке бел байлады. Бұл оқиға жәрмеңке ұлығын сескендірмей қалмады. Сондықтан ол Қарақолдағы батырынан жәрдем сұрап, арнайы кісі жіберді.


Қайтсе де бір істің басталатын кезі жетіп келеді. Жайлаудағы елдің жігіттері аттарын күндіз-түні қолда ұстады. Белдеуден найза, белден қылыш сабы сияқты қаруын кетірмеді. Мылтық, алты атар тауып алғандары да бар-ды. (123 сөз)

(М.Әуезов)




Мырза бала

Әз Жәнібек жаяу мал қарап жүрген балаға кез келеді.

- Шырағым, елсіз жерде неғып жүрсің? - деп сұрайды.

Жалғыз түйемнен көз жазып қалып, соны іздеп жүр едім, - деп жауап береді бала.

- Түйені тұсап қойсаң болмай ма?

- Түйемнің тұсауы өліп қалып еді, - дейді бала. Ол әкем өліп қалып еді деген сөзі екен.

- Балам, біз қай үйге қонамыз?

- Бір қой жеймін десеңіздер, қай үй болса да қона беріңіздер. Екі қой жеймін десеңіздер, біздің үйге қоныңыздар, - дейді бала.

Ханның қасындағылары:

- Мынау біз мырза бала екен, осының үйіне қонайық, -дейді

Келген соң, бала бір буаз саулықты жетектеп келіп. «илаһи амин» дегенде:

- Шырағым, бойдақ қой жоқ па? - деп ескертеді хан.

- Мен бойдақ қойдың жоқтығын мана далада айтпап па едім. Екі қой жейсіздер, біздің үйге қон дегенім осы емес пе? - дейді бала. Қонақтар оның жауабына қайран қалады. (117 сөз)

(«Шешендік шиырлары»)



Жекпе-жек

Жекпе-жекке шыққан мұғалім қарулыны қолға түсірді. «Жауды» жеңіп, масайрап, Байқұлақ «жасағымен» мектепке қайтты. Мұратты Садық саптың соңына таман оқшау айдап келеді. Құндағының сынығы бар ұзын көне винтовканы парадтағы солдаттай кезеп ұстап алған. Мұрат өжеттік көрсетіп:


  • Тарт алға! Кезенбей жөніңмен жүр, - дейді. Садықтың бірақ тілге келер түрі жоқ. Қабаған итше арс ете қалады.


  • Сөйлеме! Жолдас Айманбеков.


Көшеден бейсауыт өтіп бара жатқан адамдар «бұнысы несі» дегендей, айдалып келе жатқан адамға қарайды. Мектепке келгеннен кейін Байқұлақ бір баланы жіберіп, Сәйбектен отын қоймасының кілтін алдырды. Сөйтті де, Мұратты сонда апарып қамап қойды. Оқушыны мұғалімнің қоймаға жабуы бұрын бұл көз көріп, құлақ естімеген жай. Окушылар үшін бұл таң-тамаша оқиға болды. Қару алып берекесіз жүруге болмайтынын түсінді. (160 сөз)

(Б.Соқпақбаев)


Көрініс

Қаланы қапталдай орап, мұнартып тұратын көк зеңгір қалың орман астан-кестен. Шашын жайып жіберген ақ қайыңдар жазықсыз қираған қарағай бауырын жоқтап, ақырын ғана сыңсып, жылап тұрғандай. Қалың орманның өрт шалған тұстары түскен тістің орнындай кетіліп қалыпты да, қап-қара болып опырайып тұр.

Ну орманның қала жақ беті қысқы көрпесін қалың жамылған жазық дала бүгін бетіне қорасан шыққандай шұп-шұбар. Ол шұбартып жатқан қопарылған жер, бүктетіліп жатқан өлік денелері. Әр жерде намазға жиналғандай топ құзғындар отыр да, қуанғаннан құйрығына дейін қыпық қағып сауысқандар жүр.

Қаланың оң бүйірінде күміс теңгедей болып жарқырап жататын сұлу көлге төніп тұратын бақшаның да дал-далы шығыпты. Ерсілі-қарсылы көсіле құлаған ақ теректердің күміс жапырақтары әлі дір қағып жатыр. Жайған алақандай жалпақ жапырақтарымен уыс-уыс қар уыстаған бір шоқ емен ағаштар нәрлі қабағын кешпес кек, қайтпас ызғармен түйіп алыпты. (126 сөз)

(Ғ.Мүсірепов, «Ер ана»)

Тұрар

Мұрнына қарағай шайырының иісі келді. Мұрны әлі де иіс сезеді екен. Адамның қара тастан айырмашылығы сезімталдығында ғой. Ал, түрме бастықтары тұтқынды сол сезімнен айыруға неге сонша жанын салады. Сезімнен айырса - илеуге оңай. Айтқанына көндіре береді. Ал, Рысқұлов ойлайды: ақырғы мақсаты ату болса, жанды қинамай-ақ атып тастай салмай ма? Кім көріп жатыр? Кім араша түсіп жатыр? Ойбай, Рысқұловты тұтқындап, азаптап жатыр екен деп шырылдап, іздеу салған, сұрау салған бір жан бар ма? Бар болса бар шығар, бірақ оны Рысқұлов білмейді. Қаншама жанға жақсылық жасады, біреуі алдынан шығып, араша түспегені ме? Мен мынаған қол ұшын бердім, мынаны қатерден құтқарып қалдым, мынаған жәрдемдестім деп Рысқұлов өзі айтпайды, осыдан осы жолы өле кетсе, соңынан ешкім де айтпайды.

Кімдерге жақсылық қылмады. Кәне, сонда көрген жақсылығы? (121 сөз)


Ғасырға бергісіз он тоғыз
Әлия!...
Оның есімі екінші дүниежүзілік соғыстың ерекше қаһарманы, аяулы тағдыр ұғымдарынан асып, қазақ дейтін ұлттың мәңгілік тарихына сақ қызы Томирис деңгейінде аталатын ұлы рух болып еніп бара жатыр.
Мұны бүгінгі қазақ қана емес, тағдырлас болған өзге ұлттарға да ұқтырып жатудың қажеті аз. Ұлы Отан соғысы туралы әңгіме қозғалғанда қазақ тарапынан еске алдымен санаулы тұлғалар түседі: Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов, Нұркен Әбдіров... Оның аяулы бейнесі, ғасырға бергісіз бір сәттік өмірі - ұлттың мақтанышы, есімі-ұлттық сананың асыл жәдігері.
Әлия бар болғаны 19 жыл өмір сүрді. Оның жауынгерлік жолы да тым қысқа. Батырдың ғұмыры қысқа, даңқы ұзақ. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда ел сүйсінерлік ерлік жасап, артына аңыз қалдырды. Әлияның бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады. (117 сөз)

(«Алтын Орда» газетінен)



Мамандық таңдау

Мамандық таңдау - әрбір мектеп бітіруші түлектің мақсаты. «Армансыз адам, қанатсыз құспен тең», - дейді халық. Барлық адам баласының арманы болады. Арманшыл адам болашақта дегеніне жете алады. Мамандық пен өнерді адам өз жүрегінің қалауымен, өз қабілетіне қарай таңдап алады. Мамандықтың түрі көп. Халық алдына шығып ән салатын әнші болу. Адам өмірінің арашасы болатын ақ халатты дәрігер болу. Шәкірттерді білімге жетелейтін ұстаз болу. Сөзбен өрнек салатын жазушы болу. Адам жас кезінен бастап өзінің жүрегі қалаған мамандығына қарай бейімделе бастайды. Терең білім алуға талпынады. Өз бетінше ғалымдардың өмірімен танысады. Сондықтан да бала шақ пен болашақ әрқашан үндесіп жатады. Болашаққа апаратын тура жол бала шақтан басталады. (101 сөз)




Жақсы әдет

Әдет-ғұрып - әр халықтың қанына сіңген нәрсе. Ол барлық халықта бар. Әдет-ғұрыптардың қайсы бір түрі тым әріден, діннен де бұрын шығып, өте көне замандарда қалыптасқан. Ал қайсы бір түрлері тікелей дін қағидаларынан туындап, адамның бүкіл өмірінің бір кезеңдерінде пайда болған.


Қазақтың ағайын, тума-туысқанды, жалпы елді сыйлауға байланысты жақсы әдет-ғұрыптары бар. Мәселен, қазақ халқы жер ыңғайына, ауа-райына қарай көшіп-қонуды әдетке айналдырған. Күннің қапырық, ыссы мезгілдерінде ауылдан өтіп көшіп бара жатқандарға елдің қыз-келіншектері қымыз, шұбат, айран, шалап сияқты бар сусындарын алып шыққан. Көшіп келе жатқандар тоқтап, көлік суытып, қарсы алғандардың сусынын ішіп, дем алып, жол-жөнекей осындай құрмет көріп, рақметін айтып, ілгері жылжи береді екен. Жалпы, ауыл үстінен өткендерге дәм татқызу - қазақтың ата ғұрпы. (120 сөз)

(«Ата мұраң - асыл қазына»)




«Көкейкесті» романынан үзінді

Дала! Шетсіз-шексіз ұшан дала! Таусылар емес. Жүйрік болсаң жетіп көр дейтіндей. Құс қанатын талдырып, тұлпардың тұяғын тоздырған байтақ өлке жылдамдық атаулымен егеске түскендей таңдана керіліп жатыр. «Мен осындай кеңмін, байтақпын. Тапшылық, таршылық дегендерің маған жат. Мен осындай молшылық үшін, қысылмай-қымтырылмай өмір сүру үшін жаралғанмын», -дейтін тәрізді.


Жәнібек көкірегін керіп, терең бір тыныс алды. Туған даланың кеңдігіне, ұлылығына көзі бүгін жеткендей балаша қызығып отыр. «Дүние қандай кең, қандай әсем!» - деп таңданады. Көгі енді жетіліп келе жатқан жап-жасыл өлкеден көзін алмайды. Осынау далаға, мәңгілік Жер-анаға қарағанда, адам өмірі қандай болымсыз, қандай қысқа?
Соны ойлайды. Әсіресе мына бір көктем кезі, жер-дүниенің қайта жасарып, күн екеш күннің де бар мейір шапағатын аямай төгіп тұрған шағы неткен ғажап! Осы жарық күннің астында бір мезет болса да өмір кешудің өзі неге тұрады! Өмір қандай тамаша! (135 сөз)


Құл өлімі

Алқа егде тартқан кісі. Өңі сіріңке қара. Мінез жағынан да ерекше қуаныш минуты болмаса, қабағын ашып, ыржиып күлген емес. Бөтен қатындардай не болса соны сөйлеп, өсек-аяңға үйір болмай, тиісті кезекте ғана сөйлейтін. Егер бір сөйлесе, тізбегін әдемілеп, ұзақ-ұзақ сөйлеп кетуші еді. Сөзінің көбі өз басының мұңы болатын. Мұның атының Алқа екенін біздей үйі аралас кісі білмесе, сырт ел «Сандыбайдың күңі» дейтін.

Алқа өзінің байы Қырықбайдан 35 жасында жесір қалып, бір жасында Қасені, үш жасында Маржаны жетім қалған.

Қырықбай Сандыбайдың қара табан құлы еді. Алқа күңі еді. Сандыбайдың қорасын сағалап жұмыс қылып, малын бағып, отын жағып, күнелтіп келе жатқан. Бұлардың еңбек-бейнеті жалғыз-ақ ішкен тамақ, ескі-қысқы киім ғана, бөлек үйлері де жоқ. Жаз болса қораның төрі, көгеннің басы, қыс болса шошала, қора сияқты орындармен тіршілік қылып келіп еді. Сүйтіп бұлар екі баланың ата-анасы болғанда, 50-де Қырықбай дүние салған еді. Құл өлімі Алқаға үлкен қиындық әкелді. (150 сөз)

(I.Жансүгіров)

Батыр қыз

Жауды қырудың қызығына түсіп оқталған ленталарды шетінен суырып ала берген Мәншүк, қасына қатар қойған жәшікке қолын сұғып еді, бұдырмақ оқтардың орнына теп-тегіс тақтай білінді. «Мұнысы калай?» деген қауіппен, әлі де бет бұрмай, қолымен жәшіктің ішін шарлай сипап еді, майда тақтайдан басқа түк сезілмеді. Жер бауырлай жүгірісіп келе жатқан жаудан көзін бұра алмаған Мәншүк, жәшікті ернеуінен ұстай алдына көтеріп ап қараса, ішінде дәнеңе жоқ, артына қараса, өрімнің таспаларындай шұбатыла жатқан бос ленталар. Айналасына құлақ түрсе, алыстан естілген тарсылдар ғана болмаса, нақ осы тар қылда біздің жақтан атылған мылтық дауысы естілмейді. Шамасы бұл жарты аралда ол жалғыз қалған сияқты. Жаудың ентелеуі басым және жау жақ бұйраттан, осы биікке төккен ұлылы-кішілі құралдардан жауған жуанды - жіңішкелі оқтардың нөсері әлі толастар емес.

Жұлқына ұмтылған жау мың ба, миллион ба, кім білсін - әйтеуір құжынаған құмырысқадай сансыз бірдеңе. (133 сөз)

(С.Мұқанов)



Қажымұқан

Біздің бір туысымыз, - қазақтың әдетінде, "жиендік" деген тіленшілігі бар ғой, - сол әдетпен, қартайған нағашысына келіп, үш-төрт күн қонып, жүрерінде үмітті жағдайын айтыпты. Қарт ыңырана отырып тыңдап, жинала бастаған жиеніне:

- Шырағым, жиенім, бәріне де түсініп отырмын. Бүгін-ертең аттанғалы отырған маған, кетіп қалмай кездесіп қалғаның жақсы болды. Сенен аяйын деген еш нәрсем жоқ. Бұл үйде астыма мінген бір ат, жаз саумалын ішкен бір құлынды бие бар, міне, аламын десең ал... Ал енді мына сандықтан, шешеңе көйлек болғандай, бес аршын сиса тұр, соны қоржыныңа сал! - деген екен. Сондай-ақ, бұрын есік көрмеген жігіттер едіңдер. Қолымда ешнәрсе жоқ. Екеуің екі шапан киіп кет, - деп, үстеріне шапан жапты. Осындай шексіз жомарттық Қажымұқанды көп ойлантты. (120 сөз)
(Қ.Әбдіқадыров)

Ел қасиеті - ер қасиеті
Адамға деген қалтқысыз сүйіспеншілік оның бітім-болмысымен біте қайнасқан айрықша қасиеті болатын. Ұрыстың қайнаған ортасына, жанған оттың ішіне көзжұмбайлықпен қойып кетіп жүруінің өзінде оның қарауындағы жауынгерлік риясыз жақсы көрген жүрек-сезімі, отаншылдық сезімі жататын. Біз Баукеңнің үлкен әдебиетке келуінен де сол өз солдаттарына деген сүйіспеншілігін көреміз. Шынында да Баукең жазушылық ерлігін Отан үшін опат болған өз солдаттары, майдандас жауынгер достары үшін атқарып шыққан еді.
Тумысынан асқан дарынды бұл адам, қырық алты жасында қалыптасқан тірлік дағдысын күрт өзгертіп, мүлде соны соқпаққа, азапты тірлікке бет қойды. Бұл жолда да оның талай тамаша табыс тапқаны бар.
"Өз басыңнан өзің ырғи алмайсың" - дейді халық. Жазушы да өзінде бардан асып, ештеңе айта алмайды, ол шығармашылығында өзінің адамгершілік, азаматтық тұлғасын бар мүмкіндігінше беруге ұмтылады. Момышұлы шығармаларында да сол Момышұлы күйінде көріне білді. Шығармалары бастан-аяқ тек тамаша бір қасиетке, шындық атты ұлы сөзге тіреліп жатады. (139 сөз)

(Т.Ахтанов)



Шоқанға хат
Мен онымен жете жақындасып кеттім. Сізге көп нәрсе айтуға болар еді, хатқа жазу мүмкін емес. Алайда бір уақытта кейбір жайттарды есітіп білерсіз, ал тап қазір дүниедегі ең қымбаттым туралы үрей, қайғы мен қамқорлық жүрегіме кенет толған шақта, жападан-жалғыз қалған кезімде - Сізге ең негізі мақсат-мұратымды, екі жыл бойы жанымды езген жағдаяттарды толық ашып айтпағаныма өкінемін. Ашып айтқаным жақсы болар еді. Аяулы досым, сүйікті Шоқан Шыңғысұлы, мен сөзімді жұмбақтап кеттім білем. Бірақ оны шешемін демей-ақ қойыңыз, тек маған табыс тілеңіз. Мүмкін барша жайды көп ұзамай өзімнен естірсіз. Қолыңыз тисе, бізге тезірек келе көріңіз, әйтеуір, сәуірден қалмаңыз. Айнып қалып жүрмеңіз. Сізді сондай көргім келеді. Келсеңіз Сіз де зерікпес едіңіз. Омбыдан зерігіп кеттім – депсіз, өйтпегенде қайтесіз! Кеңес беруді өтініпсіз. Қызметіңіздің жайын, сосын жалпы жағдайды, не істеу керектігін сұрапсыз. Менің ойымша былай: еңбектенуді қоймаңыз. Сіздің материалдарыңыз бай. Дала жөнінде мақала жазыңыз. Ол жұрт қызығатындай жаңалық саналар еді. (142 сөз)

(С.Бегалин)



Ыбырай жөніндегі әңгімелер

Қасында жастау жігіт, жалғыз жолдасы бар Ыбырай бір байдың үйіне келіп түсіпті. Сый-құрмет қонақасы үстінде әлгі бай Ыбырайға қарап:

- Ыбырай-ау, атақ-даңқың жер-көкке тарады. Бар ел сені ардақтайды. Осыған орай қасыңа қалың жұрттан таңдап, балуан жігіт, сері, әнші-күйші топ ертіп жүру басыңа лайық еді ғой, мұның қалай, жалғыз бала ертіп, салтаң жүргенің? - депті.

Сонда Ыбырай:

- Байеке, жүздің ісін бір адам тындырса, амалымыз қайсы? Сіз айтып отырған қасиеттер осы баладан табылмасына кім кепіл. Тегінде, өнер егіз туа берсе керек, ел туғыза берсе керек, - депті.

Бұл сөзге бай қайтып жауап қатпапты.

Сондағы ертіп жүрген бала кейін қазақтың белгілі ақыны болған Нұржан Наушабаев екен. Нұржан ақындығының үстіне әрі домбырашы, әрі әнші, әрі балуан, сері болған кісі екен.

"Халық деген маржаны көп қасиетті дария ғой, тек іздеуші табылсын" - деген сөзін де Ыбырай осы жолы айтса керек. (132 сөз)

("Сөз тапқанға қолқа жоқ" кітабынан)
Әнші
Білетін жұрт менің шешемді әнші де, жыршы да болған деседі. Ондай қасиетін балалық шағымда өзім де көрдім. Жаздыгүні ауылдың қыз-келіншектері алтыбақан тебуге шыққанда, қой күзетуді сылтау ғып, кейбір түнде шешем де шығатын. Оның әнші екенін білетін қыз-келіншектер: "Ән айт!" - деп жалынса, әуелі: "Қатын басыммен ұят қой" - деп пәлденіп, артынан "Айтсам, айтайын, бірақ маған қосылыңдар, үйде жатқан жұрт дауысымды білмейтін болсын!" - деп келісетін. Қыз-келіншектер қосылғанмен, олардың дауысын шешемнің биік даусы басып, қияға өрлеген қырандай шырқап кететін еді. Нелер тамаша әндерді білетін еді ол! Әнші шешем ертерек кезде жыршы да болған. Бұндай қасиеті әкесі Дәуіт өлген шақта көрінген. Сол кезде бойжетіп отырған шешем бір жылдай басына қара салып, әкесін жоқтап жылаған екен. Жырын Торғайдың атақты ақыны Қарпық шығарып берген. Жұрт шешемнің биік және әдемі дауысына қайран қалып, ат жетер жердегі елден тыңдауға келеді екен. (126 сөз)
Жер атауы
Қазақ жерге ат қояды. Одан соң оның ерекше бір қасиеті көрініп тұрады.

Шопан қонысы үлкен таудың етегінде екен. Солтүстігі - жақпар тасты Қаратау. Шығысында көлденең түсіп аласа қоңыр жон жатыр. Мұны "Айғыржал" дейді. Айтса, айтқандай, зер сала қарасаң, төрт аяғын шығысқа созып, таудың етегін жастанып жусап жатқан жылқыға ұқсайды. Есік алдында қасқайып тұрған "Бөрі ойнақ" аталатын шоқы, оның шоқтығы секілді. Сол айғырдың танауына ұқсаған өзекшеден Талдысу бұлағы басталады.


Беті жап-жалпақ, қақтаған мыс секілді. Қызылтас өңіріне барғанда оған "Егізқар" жылғасы құяды.
Ал енді осынау жер-су аттарының шығу тарихы, қойылу себебіне келсек, ол бір өзінше қызық хикая.
Өзінің құрылғанына 70 жыл толу қарсаңында - бұрынғы ҚСРО өмір сүруін тоқтатты. Оның орнында бірнеше жаңа мемлекет дүниеге келді. Солардың бірі - біздің Қазақстан Республикасы. ҚР-өз билігі өзіндегі тәуелсіз мемлекет. (127-сөз)


Колониядан қашқан бала
Таң алдында Жаманқаладан шыққан қызыл автобус күн сәскеден ауғанда Ақжардың тұсына таяп келе жатты. Күпәйкелі бала орнынан тұрып, жүргізушіге қарай жүрді. Алыстан көгілдір теңіздей бұлдырап көрінген көкжиекті қуып, ұзыннан-ұзақ созылған тақтайдай тегіс асфальт жолдың бір қалыпты ырғағына бойлары үйреніп, қалғып-шұлғи бастаған жолаушылардың біразына бұл түс елсіз құла түздей сезіліп еді.
Олар мына күпәйкелі баланың айдаладан түсіп қалмақ болғанына іштей таңырқаған. Бірақ жүргізуші кішкентай жолаушының ниетін іштей түсінгендей, ләм-мим үн қатпастан автобусты тоқтатты да, оны жол жиегіне түсіріп кетті.
Қоңыр күздің ауылы әлі алыс екендігіне қарамастан, әлгі бала қалың киініп алыпты. Басында ескілеу әрі арзанқол малақай, үстінде көнетоз күпәйке, ал аяғында әкесінікіндей қолпылдаған керзі етік. Қалай десеңіз де тап қазір бұлай киініп жүретін баланы жайшылықта көшеден кездестіре қоймайсыз. Мынау сірә кішкентайынан шаруаға бейім пысық, не болмаса еш нәрсенің парқын білмейтін бозымбай болар. Бірақ, автобустағы жолаушылар көп ұзамай-ақ оны ұмытып, жайлы орындарында шалқая отырған күйі қайтадан қалғып-мүлгуге кірісті. (147 сөз)
(Н.Оразов)

Тору
Күн бұл кезде едәуір көтеріліп қалып еді. Тарғыл тастардың арасынан балапандарын іздеген кекілік қақылықтады. Сонда барып қашқынның әбден қарны ашқаны есіне түсті. Қайнар көздің бас жағындағы жалбызды аршып-аршып, әрірек өтіп, пісігі өтіп кеткен, бір шоқ бүлдірген тауып алды. Бірақ ол ауқат болмады. Енді тас-тастың қуысыңда қақылықтап жүгіріп жүрген кекілік көңілін алаңдатты. Баяғы Ақсу-Жабағылының қына қал басқан тастарынан қыл-тұзақ қойып, кекілікті талай ұстаған тау қыран қазір мына жабайы тауықты қалай қармарын білмей, айла ойлады.
Тастан - тасқа жер бауырлап, өрмелеп шығып, бір қияқтың тасасына тырп етпестен сұлқ түсіп жатып қалды. Бұл түлкінің амалы еді. Кекілікті түлкі сұм осылай ұстайтынын аңшы біледі.
Кекілік қияқ тастың ұшына дейін жорғалап келіп, жоғарыдан төмен баспалап қарап, балапандарын іздеген. Төменде не тасқа ұқсамас, не адамға, не аңға ұқсамас бірдеңені көріп, кекілік қақылықтағанын қоя қойған. Тағы шіркін табиғи сезім күшімен бұл жатқанның қауіпті екенін өзінше шамалаған. (139 сөз)(Ш.Мұртаза)

Асанқайғы
Асанқайғы Сәбитұлы - 1361-1469 жылдар аралығында ғұмыр кешкен, қазақтың данышпан ақылгөй жырауы, өз дәуірінің абызы, бас биі. Үйсін Майқы бидің алтыншы ұрпағы. Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша, қазақ халқының қамын, болашағын ойлаған, "дала философы". Осындай ойшыл ел қамын жеп, қайғы-қасірет кешкен. Асан атына кейін "қайғы" сөзі қосылып аңыздалып кеткен. Шежіре-аңыздардың айтуынша, Асанның әкесі, Сәбит ұзақ жасаған, он сегіз мың ғаламның, құстың, жан-жануардың тілін білетін, өзі көріпкел әулие, атақты саясатшы болса керек. Ол баласы Асанды ес білгеннен осындай қасиеттерге баулып өсіреді.
Сондай өнегелі, ұлағатты тәрбие көрген Асан жас кезінен-ақ туған халқының қамын, оның келешекте ірі де, іргелі ел болу жағын ойластыра бастайды. Сондықтан да ол жас болса да хан, сұлтан, би, бектермен бірге жүріп, олар ақыл қосысады.
Ой-пікір жарыстырып, тайталасып ер жетеді. Бозбала кезінен-ақ ол ақындық-жыраулық, шешендік, тапқырлық өнерді жете меңгереді. (135 сөз)

Қыр суреттері

Айналасында қарауытқан малы, қыбырлаған жан иесі жоқ. Ызғарлы аяз жан иесінің бәрін де жауратып, жүдеу тарттырып, жылы жайды іздеткендей. Айналадағы жансыздық, өлім ызғары ауылға да өзінің таңбасын басқандай. Күн екіндіден асып, батуға тақаған. Салбыраған табиғат күннің жансыз жарығынан қажығандай болып, түн тыныштығына қарай ерте бастан бой ұрғандай. Күн батпаса да, аспан қоңырқай тарып қараңғыланып, тау түнеріп сұрлана бастап, бейуақтың мезгілінде бұлттың түсіне қосылғандай. Жер мен көк жапырақ сұрғылт түске боялып тұтасқандай болды.


Кеш батқаннан бері күншығыстан азырақ жел тұрып, қатаңдап, жаңадан жауған күпсек қарды сырғанатып, жаяу борасындап тұр.
Ауылдан күншығысқа шығатын жалғыз аяқ соқыр жолда ақырын ілбіп келе жатқан жалғыз жіңішке қарайған көрінеді. Қалың қар жүрісіне бөгет болып, қозғалысын өндірмейді.
Келе жатқан қарайған - жаяу екен. Түн жақындағандықтан жүрісін тездетсе де, қалың қарға қайта-қайта омбылап, малтығып келеді.
Жетімсіреген елсіз далада жалғыз келе жатқан жаяу зұлымдық, зорлықтан қашқан жас келіншек – Рәбиға. Бұдан бір жыл бұрын Рәбиғаның күйеуі өлген. Жас келіншек қосағынан айрылған соң, жылау мен қайғыда қаралы жылын өткізген. Күйеуінен қалған жақын туысқан жоқ болатын. Жақында жылын берген соң бұлардың жамағайыны Жақай Рәбиғаны алмақшы болған. Әмеңгершілік жолымен, жасы алпысқа келген кәрі шал болса да, Жақай Рәбиғаның иесі болып шыққан. (188 сөз)(М.Әуезов)

Асанқайғының жерге айтқан сындары
Асанқайғы желмая мініп желдіртіп, Сарыарқаны аралап жүргенде, әр жерге айтқан сындары мынау екен. Ұзын аққан Ертісті көргенде: "Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарыным ашты - деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен," - депті.
Түндікті өзенін көргенде:"Он екі қозылық ой түндік,
Маңырап жатқан қой түндік"
Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен, - деп тастап кетуге қимай, артына үш қараған екен. Сонан таудың аты "Үш қара" атанған екен.
"Қызылтау" деген жерге келгенде: "Тау-тасы кеш болғанда қой болып, ыңыранып жатады екен. Тоқты қысыр қалмайтын жер екен, - депті.
Баянауыл тауын көргенде: "Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар екен, тұзы ауыр екен, бір түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен", - депті.
Ащы бойына келгенде, артына қарап: "А, Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау, ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен", - депті. (175 сөз)("Шешендік сөздер" кітабынан)

(М.Әуезов)



Бала Абай
Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді. Денесі де бір аралық кейіпте. Бойы өскен, қолы-аяғы ұзарып қалыпты. Бұрын мұрны шолақтау болушы еді, биыл біраз ұзарған. Бет бейнесі баладан гөрі ірілеңкіреп, бала бозбалалық қалпына бейімденген. Бірақ, әлі сол мүсінде үлкендік жоқ. Толық, балғын емес. Сидиып, арықтап, құр созылған сияқты. Күн көрмей өскен, реңі солғын, бойшаң ғана өсімдік бейнелес.
Бұрын қара болушы еді, бетінің қызылы да бар еді. Қазір қаладан қайтқандық және ауру қосылғандық бар ма, әйтеуір бозғылданған, сұйықтау қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қалыңданып көрінеді. Ол да ауырғандық пен күн көзінде болмағандықтың белгісі. Абайдың осы сияқты қалпына ендігі мінез машығы да бір алуан боп өзінше үйлесті.
Ол атқа мініп жүруге жарағанымен, үйден кеп шықпайды. Өзге баладан гөрі басқа бір ермек, бөлек, бір дос тапты. Онысы, әсіресе әжесі. Одан қала берсе шешесі.
Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әуелі Абай ауыра бастағанда бір күні кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен әңгіме айтуды сұрады.
Сонда ол ойланып отырып:
- Е-е... Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? - деп, кішкене тақпақтап бастап еді, Абай соны ұғып қапты. Келесі жолы әңгіме сұрағанда, әжесін тізесінен ақырын қағып:
-Е-е... Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? - деп, тағы да әңгіме тілегенін білдіруші еді. (202 сөз)

Аңшылық
Көл-көсір сары даланы сахна еткен ата-бабамыз тек қана малдың тісіне ерумен ғұмыр кешкен жоқ. Көңіл құмарын қандырарлық талай-талай қызықты да таба білген. Сол қызықтың бір ұшығы аңшылыққа да байланысты. Жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр қаршыға, құмай тазы, айлалы сұңқар, болат қақпан, түзу мылтық сияқтылардың қай-қайсысы да өзіндік сырға толы тамашасынан әркімді-ақ еліктіре берген. Жай еліктіру емес, жаны сергек ер жігіттің сенімді серігі, қиындыққа тағы өмірлерінің бір мезгілдік арашасындай да болды. Сондықтан да қазақтың тіршілік салтында қысқа күнде қырық алып қоржын толтырып, "үйірімен үш тоғыз" олжа байландырар, ең сүйікті кәсібі осы - аңшылық.
Сонымен бірге аңшылық, саятшылықтың өзгеше жақсылығы бар. Ол - кімді болса да салқын сабырға, жан семіртер көңілділікке баулып, ерік күші мен дене күшінің үндестік табуына ықпал етеді. Бұл ретте атамыз қазақ аңшылықты кәсіп емес, өнер санауында да үлкен мән бар.
Қазақ арасында аңшылықтың кең тараған түрі - аңды бүркітпен аулау, бүркіт ұстап саятшы болу, аңшылыққа ден қойып, салбурынға шығу.
Қазақ арасында жыртқыш құстардың әр түрін қолға үйрету дәстүрі болған. Солардың ішінде ең бір қасиет тұтатын қыраны - бүркіт.
"Бүркіт" - деп қазақ аңшылары жыртқыш құстардың ішіндегі аса тектісін, адам қолына тез үйренгіш естісін атаған. (185 сөз)

Диктанттар жинағы



5-8 сынып
Каталог: uploads -> doc -> 0a2d
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
0a2d -> Сабақтың мақсаты: Білімділігі
0a2d -> Дөң орта мектебі 2007 – 2008 оқу жылы
0a2d -> «Мамандықтың бәрі жақсы…» атты студенттермен кездесу кеші Қопа орта мектебі 2016-2017 оқу жылы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет