Қоғамдық қатынастар жүйесіндегі діннің рөлі мен орны
Жоспар
Кіріспе
Негізгі бөлім
1) Діннің басты мақсаты
2) Дін әлеуметтік-мәдени байланыстардың бір буыны
3) Діннің рөлі
4) Бүгінде адамға ең қажетті нәрсе
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе
Адамзат санасының ерекше бір түрі ретінде дін қоғамның саяси жүйесінің сипатына байланысты бірде жуандап, бірде жіңішкеріп, кейде кемерінен шығып, кейде жуасып талай ғасырды артқа тастады. Жер бетінде пенденің барында әлі талай асулардан өтері сөзсіз. Өйткені адам дінсіз өмір сүре алмаса, дінге де адамсыз өмір жоқ. Мемлекетке қатысты да осыны айтуға болады. Қудалауға түсіп,атеистік (құдайға сенбеушілік) идеология,«дін халыққа апиын» деген тұжырым үстемдікетті. Жер-жерде «құдайсыздар қоғамы» (общество безбожников) құрылды. Бұл кейін белсенді атеистік ұйымдарға айналып, дінге қарсы үгітнасихат майданы ашылып, мыңдаған дәрістер оқылып, кинофильмдер көрсетілді. Талай дін иелері қудалауға түсіп, айдалып, атылды. Тіпті, бір заманда ата-бабасы дін ұстағандар жаппай қудаланды. Талай мешіттер құлатылып, кейбірі мәдени ескерткіштің озық үлгісі болғанына қарамай басқа мақсаттарға , тіпті, мал қора етілді. Мұның барлығы адамның өзіне деген сенімін жоғалтты.
Ғасырлар күткен тәуелсіздік қана қоғамымызда діннің қайта жаңаруы мен жаңғыруына жол ашты. Еліміздің ең алғашқы құжаты –«Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда республика территориясында тұратын азаматтардың діни нанымына, діни ұйымдардың мемлекет және қоғам өміріне қатысуы үшін тең құқыққа ие болуға кепілдік берілді. 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабының бірінші тармағындағы «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар» деп тайға таңба басқандай айқын жазылды.
Мұның барлығы тәуелсіз мемлекетіміздің дін саласындағы бетбұрысын айқындаған, еліміздегі діни кеңістіктің оңалуына игі әсер еткен алғашқы құқықтық қағидалар еді. Бұл әркімнің өзінің дінге көзқарасын дербес айқындауға, ұстануға немесе ұстанбауға еркіндік берді. Дінге сенушілер көбейіп, діни бірлестіктердің саны артты. Сан жағынан көбейе түскен мешіттер имандылық пен ізгіліктің орнына айналды.
Діннің басты мақсаты - адамның рухани жетілуі және оның жаратушы Құдайға сенімі.Дін - әлемдік өркениеттегі барлық қоғамдық құрылыстарға тән тарихи, саяси-әлеуметтік, дүниетанымдық және психологиялық құбылыс. Ол ықылым замандардан бері адамзатпен бірге жасасып келеді. Оны ең тұжырымды түрде Құдай мен адамның арақатынасы, адамның танымынан тыс күштердің барлығын мойындау және соған илану деп анықтауға болады.
Дін - қоғамдық құбылыстардың ішіндегі ең күрделісі. Діннің мән-мағынасын қаншама ғұламалар ашып көрсетуге талпынған болатын. Дін жөнінде жазылған мақалалар, ғылыми еңбектер саны некен-саяқ. Дегенмен діннің бастауы мен тұңғиық терең мәні ел көзінен тасада қалып қойды. Қорқыныш - үрей де, сүйіспеншілік те, ата-бабаларды қастерлеу де және т.е.с. да діни сенімнің өз алдына жеке тұрған бастауы бола алмасы анық. Дінге нақты және бір мағыналы анықтама берем деу өте қиын. Егер религия -- (дін) терминіне келер болсақ, латын тілінен дәлме-дәл аударғанда байлау, екінші қайта оралу дегенді білдіретін көрінеді.
Дін - Алла Тағаланың пендесіне берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Дінді тану - бір Жаратушының бар екенін тану. Таныған жаратушымыз кім десек, ол - күллі ғаламның, барлық жаратылыстың иесі болған Алла тағала. Мейірімі шексіз Жаратқан иеміз адамзат баласын махаббатпен жаратты, басқа жан иелерінен артық етіп ақыл берді. Сондықтан ислам діні кейбір замандастарымыздың санасында қалыптасқандай дінтанушы-молдалардың ғана ісі емес, Алла тағаланың пендесіне берген, ақ пен қараны ажыратып, ақиқаттың жолына салатын ғажайып сыйы. Қараханид дәуірінде қанатын кеңге жайып, қазақ даласына енген Ислам діні салт-дәстүр, таным-түсінігімізбен біте қайнасып, болмысымызға етене жақын болды. Сондықтан кеңінен насихатталып, бірден тарады. Осылайша, кешегі он екі ғасырдан аса уақыт ішінде Ислам мұсылмандығымыздың мызғымас діңгегіне айналды.
Дін өзінің ақиқат болмысымен жақсылық жөніндегі шым- шытырық түсініктерді бір ізге салып, оны бірден-бір тура жолға айналдыратын кемел ілімге айналса, ақиқат өзінің дін ретіндегі көрінісімен адам жанына кір шалдырмай, оны үздіксіз тазартып отыратын, оның мәңгілік табиғатын жалғандық қоспалардан аршып, оны нұрландыратын нақты амалға айналады.
Дін - адамзатпен бірге жасасып келе жатқан түрлі тарихи кезеңдер мен қоғамда өзін әртүрлі пішінде көрсетті. Адамзаттың рухани сұраныстарының түрлілігіне байланысты діндер де әртүрлі аталды. Дүниедегі халықтар, мемелекеттер өз тарихын зерттегенде діни, рухани үдерістерді негізге алады. Адамзат баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша жаратылыстың қожасы екенін, бірақ сол үшін осы әлемнің иесі алдында жауапты екендігін сезіндіретін нәрсе - дін. Бұл кез-келген халықтың тарихи тағдырында діннің маңызды рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын негізгі фактор екендігін көрсетеді.
Дін қоғамда әлеуметтік организм өмірінің бір көрінісі ретінде өмір сүреді. Дін мен қоғам арасындағы байланысы екі дербес шамалардың әрекеттесуі ретінде қарастырылуы дұрыс болмаған еді. Дін - одан оқшаулана алмайтын қоғамдық өмідің бір бөлігі, ол қоғам өміріне соншалықты сіңісіп кеткен. Солай бола тұра, қоғам мен діннің мұндай байланысының сипаты мен дәрежесі оның дамуының әр түрлі кезеңінде біркелкі болмайды. Әлеуметтік жіктелудің күшеюімен қатар қоғамдық өмірдің әр түрлі салаларының тәуелсіздігі арта түседі. Қоғам, мамандану және жіктелу жолымен жылжи отырып, онда әлі оның өмір саласын құрайтын бөліктері бір жерде топтасып, оларды айыру мүмкін болмайтын тұтастық жағдайынан көп бейнеліктің бірлігін білдіретін жалпыламалыққа бірте-бірте өзгереді.
Бұл діннің атқарып отырған қызметтерін егер мәселе дамыған қоғам жайында болса, олардың қоғамда қызмет атқарушы басқа да әлеуметтік жүйелер мен институттармен етене араласуы тұрғысынан қарастыру керек, ал егер дамушы қоғамда болса ортағасыр кезіндегідей діннің жаппай билеп-төстеуі сияқты емес, сәйкес немесе ұқсас жолдары бойынша қарастыру керек екендігін білдіреді.
Бұндай көзқарас былай деп ұйғарады: біріншіден діннің қызметі кез келген әлеуметтік әрекет белгілі бір құндылықтарға бағыт ұстанған субъективті ойдан өткізетін әрекет болып табылады деген негізгі фактілермен арақатынасы белгіленуі керек. "Қоғам" ұғымы қатаң социологиялық мағынада топ мүшелері мен топтар арасындағы көп бейнелі әлеуметтік қатынастардың етене араласып кеткенін білдіреді. Бұл қатынастардың күрделілігі дін мен мәдениеттің әрекеттесуінде көрінеді. Егер Вебермен келісе отырып қоғамды индивидтердің әлеуметтік әрекеті ретінде қарастыратын болсақ, онда ол олардың әрекетінің аумағы мен өнімі ретінде елестетіледі. Индивид әрекетті бастама ретінде көреді, әрекеттілік оның тарапынан келіп шығады. Мәдениет болса, мәжбүрлі түрде әрекет етушіні реттеу нормалары ретінде өмір саласының қалыптасып қалған амалдарын белгілейді, ол индивидке сырттан берілгендей болады. Осы тұрғыда дін, адамның әрекеті және әлеуметтік феномен болады. Яғни, қоғамның өмірлік әрекетінің туындысы, одан кейін адамға сырттан берілген және міндетті түрдегі қарсы тұратын секілді. Дін бұл тұрғыда мәдениет түсінігімен арақатынасын белгілейді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде "дін және қоғам" мәселесі көбінесе "дін мен мәдениеттің"бір бөлігі болып табылады.
Дін әлеуметтік-мәдени байланыстардың бір буыны, оның қызмет етуі олардың құрылымын және пайда болуын түсінуге мүмкіндік береді. Дін әлеуметтік қатынастардың пайда болуының және қалыптасуының факторы ретінде көрінеді, біріншіден, қандай да бір әлеуметтік қатынастардың белгілі бір формаларын заңдастыру факторы ретінде, екіншіден, дін қоғамның тұрақтылығын ұстап тұруға мүмкіндік беретін және оның өзгерісін ынталандырушы фактор ретінде қарастырылуы шарт.
Дін адамдарға біздің әлемімізде өмір сүретін басқа адамдар арасынан оның құрамына енетін топтың мәнін көрсете отырып, өздерінің кім екенін түсінуге көмектеседі. Діннің осы біріктіруші және адамның өзін-өзі анықтауға мүмкіндік беретін қызметі индустриалдыққа дейінгі қоғамдарда ерекше күшті әрекет етті. Мысалы, американдық дінтанушы-социологтар плюралистік американдық қоғамда бірде-бір дәстүрлі діндер бұл мақсатты орындай алмай отырғанын айтады. Әлеуметтің сипатымен бірге өзгеруінен дін де өзінің қызметімен өзгеруде. Сондықтан діннің біріктіруші қызметі қазіргі қоғамда ең бір маңызды болып сақталуда, бірақ ол өзінің іске асыру амалдары мен формаларын өзгертуде.
Дін қоғамның нормалары мен құндылықтарын насихаттай отырып, онымен бірге оның тұрақтылығына мүмкіндік жасайды. Дін сол әлеуметтік құрылымға пайдалы нормаларды орнықтыра отырып, тұрақтандырушы функция атқарады және адамның моралдық міндеттерді орындау үшін алғышарттар жасайды. Адамдардың осы тиым салынғандарды бұзу оқиғалары орын алғандықтан көпшілік діндер қайта орнына келу және міндеттемелерді орындау үшін талпыныстарды қолдайтын амалдарға ие - тазалану және кінәсін жуу ырымдары, олар күнә сезімін бәсендеуі немесе оны артуы мүмкін.
Дінді бұлай түсіну Р.Беллдің жоғарыда келтірілген анықтамасында көрініс береді. Ол анықтама бойынша дін тұтас әлемді қабылдау үшін символикалық жүйесі және индивид пен әлемнің ортақ тұтастығы ретінде байланысын қамтамасыз етеді, ол жерде өмір және әрекет белгілі бір соңы мағынасына ие болады. Қазіргі заманғы көрнекті социолог П.Бергердің сөзімен айтсақ, діни символдар мен түсініктер, белгілі бір мағына бере отырып, адамның өмір сүруінің тұрақтылығы мен мықтылығын қамтамасыз етеді.
Дін – ерте замандардан бері-ақ адамзат баласымен бірге жасасып келеді. Түрлі ерекшеліктерге байланысты адамдар арасында түрлі наным-сенім формаларының туындауы және олардың әр жерде әртүрлі деңгейде пісіп-жетіле отырып, дін ретінде қалыптасуы да өмір заңдылығы немесе рухани қажеттілігі еді. Адамзат тарихында бастан кешкен түрлі формациялар мен кезеңдерде діннің де формалары өзгеріп, халыққа қызмет етудегі рөлін жоғалтпай сақтап отырды. Адамзат баласы – ақыл-парасаттың, ғұлама ойдың және өзге де игіліктердің иесі. Ал, осы игіліктерге ие етіп тұрған – Жаратушы күштің барын адам ешқашан есінен шығарған емес. Осылайша, діннің қоғам өмірімен байланыстылығы өзгермей тұрмайтын құбылыс болғанымен, адам санасына әсер ететін, наным-сенім қалыптастыратын ерекше күш екендігі мойындалды.
Діннің рөлі.Қоғам дегеніміз – әлеумет, яғни, адамдардың іс-әрекеттері мен бірігу формаларының жиынтығы. Міне, осы қоғамның және ондағы әлеуметтің дамуында діннің де атқарар рөлі зор. «Әлеуметтану» жайлы ой қозғаған Огюст Конт та кезінде дін мәселесін айналып өте алмаған. Оның пікірінше, қоғамның әлеуметтік қайта құрылуы тек қана ағарту ісінің көмегімен іске аса алмайды. Ол іске асу үшін әлеуметтік байланыстардың қандай да бір рухани тірегі болуы керек. Мұндай тіректі ол «оң діннен», яғни, бұрын өмір сүрген, қазір өмір сүріп жатқан адамдардың және болашақ ұрпақтың орасан зор әлеуметтік ағзасының біртұтас ұлы тіршілік иесі сияқты адамзатқа табынуынан көре білді. О.Конт (1798-1857) діннің рөлі және әлеуметтік тәртіптің негізінде не нәрсе жатыр деген сұраққа «тарихтың үш сатысы» жайлы заңында: Бірінші саты – діни немесе «теологиялық жағдай», онда адам санасында дәлелсіз ойға негізделген оқиғалар, субъективтік негізсіздіктер үстем етеді. Екіншісі – философиялық «метафизикалық жағдай», онда абстракция, дөрекі дерексіздер шынайылық ретінде қабылданады. Үшінші – позитивті, ол жерде ғылымның көмегімен қолда бар жағдайларға дұрыс баға беруге қол жеткізіледі. Осы үш «сана жағдайының» әрбірі бүкіл әлеуметтік ұйымдастырудың негізін қалайды–деп жауап береді.Діни функциялардың қоғаммен, оның ішінде әлеуметпен арадағы қарым-қатынастарын тарихи үдеріссіз, әлеуметтік-қоғамдық өзгерістерсіз бөлектеп қарауға болмайды. Өйткені, дін кез-келген мемлекеттің пайда болу кезеңінен бастап, қалыптасу кезеңдерінде, даму үдерістерінде, сол мемлекетте өмір сүріп жатқан ұлттардың ұйысуына оң ықпал етумен қатар, діндер арасында немесе қандай да бір діни ағымдар әсерімен тыныштық пен бейбітшілікті бұзып, тұрақтылықтан ауытқытып жіберу мүмкіншілігі де жоқ емес.Негізінен, әлемдегі адамзат мойындаған дәстүрлі діндер мен конфессиялар адамгершілік пен руханият құндылықтарына жетелейді. Адамдардың бойына, жүрегіне жылылық пен сүйіспеншілік ұялатады. Бұл ретте, дін кез келген ұлттың салт-дәстүрлерін де жоққа шығармайды. Қайта олармен үндесіп, тонның ішкі бауындай жарасымды түрде қоғам дамуына жетелейді. Сондықтан, дін – қазіргі кезеңде қоғамның әлеуметтік және рухани дамуының маңызды құралы болып табылады. Дін арқылы адамдар өздерінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жалғастырып, жаңғыртуда. Бұл орайда, қоғамдағы түрлі саяси-әлеуметтік құбылыстармен қатар, мәдени-рухани даму үшін де діннің атқарар қызметі зор екенін айта кеткен жөн. Мәдениет саласында да оның ішіндегі діни наным-сенімдерге қатысты мәселелерді көңілден тыс, көзден таса қалдыруға болмайды. Мысалы, Қазақстан қаншама экономикалық және саяси жағынан дамыған мемлекетке айналып жатса да, мәдениетін өркендетуді доғарса, ол ешқашан өркениетті елдер қатарына қосыла алмас еді. Өйткені, қоғамда мәдениет пен адамгершіліктің ауылы алыстап, рухани жағынан кедей, жауапкершіліксіз, сүйіспеншілік сезімдерден ада адамдар қалыптасады да, даму үрдісі артқа кетер еді. Сондықтан да, дін мен салт-сананың бірлігі, тіпті, саясаттың да бірлігі кез-келген мемлекет үшін, қоғам дамуы үшін таптырмас қажеттілік болып саналады. Яғни, дін – әлеуметтік-мәдени байланыстардың ажырамас бір буыны іспетті.
Бүгінде адамға ең қажетті нәрсе – тәрбие. Әсіресе, бұл қазіргі жастарға өмірдегі шынайы құндылықтарды ұғынуы үшін өмірде өз орнын табуы мен жалпы тіршілік жөніндегі дүниетанымын кеңейту үшін қажет. Тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмеушілік қоғам тарапынан жастар тәрбиесіне салғырт және немкетті қарау, кейбір шектен шыққан әдепсіздік пен арсыздықтың көрініс беруіне алып келіп отырғаны шынайылық. Жастардың ұлттық тәрбиеге қырын қарауы, бұл батыстық тұтыну мәдениетіне еліктеушіліктен туындап отыр. Сондықтан, жастарға имандылықты, ұлттық дәстүрлерді насихаттап, сөзден іске көшу керек. Салт-санамыздағы тәрбиелік мәні бар құндылықтарды жастар арасында насихаттау үшін сөз бен іс-әрекеттеріміздің арасындағы сәйкестілік болу керек. Ұлттық рухтың уызын ұлттық құндылықтар құрайды. Ұлтына деген сүйіспеншілік тарихыңды, тіліңді, әдет-ғұрпыңды, дініңді білуден басталады. Қазақстан – 2050 Стратегиясында «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін-ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» – көрсетілген. Әрине, ұлттық дәстүрден және ата-баба дінінен хабары бар жас өзінің ұлттық болмысы мен рухани дүниесінен, ата дәстүрімен, ана сүтімен сіңген тәлім-тәрбиені өмір бойы ұстанады. Ата-баба өсиеттері, адамды тәрбиелілікке шақырып, оны игі істерге жетелейтіні белгілі. Ұлттық тәрбиенің бір негізі діни мәдениетімізде және өнегелі тәлім-тәрбиемізде жатыр. Адамзат пайғамбары: «Мен жақсы істерді жалғастыру үшін келдім», – деген.
Вебер, Дюркгейм және қазіргі заманғы көптеген әлеуметтанушылардың пікірінше, діннің негізгі қызметіне – «мағыналық пайымдау» қызметі жатады. Яғни, адам өз өмірінің мағынасын толық дәрежеде түсініп және түйсініп өмір сүруі шарт. Дін қоғамның нормалары мен құндылықтарын насихаттай отырып, тұрақтылыққа негіз жасайды, яғни, әлеуметтік құрылымға пайдалы нормаларды орнықтырумен қатар, тұрақтандырушы функцияны да атқарады. Және адамның моральдық міндеттерді орындаудағы алғышарттарын қалыптастырады.
Діннің міндеті – қандай да бір нормалы заңдастыру емес, нормативтік тәртіптің өзін қабылдау. Сондай-ақ, бүгінде діннің кері интеграциялануы деген мәселені көтерушілер бар. Мысалы, экономика саласында, еңбекті ұйымдастырудың қазіргі заманғы әдістерін енгізуде кедергі келтіруі мүмкін. Яғни, діннің қандай түрі болса да атқаратын қызметтері қоғам үшін жағымды да, жағымсыз да сипатта мәнге ие болуы мүмкін. Дін интеграция мен тұрақтылық әкелуші ғана емес, кейтұстардағы кертартпа, дін бұзушы ағымдар арқылы қиратушы, жанжал әкелуші фактор ретінде де қарастырылады. Осыған байланысты дін әлеуметтануы харизмалық жетекшілердің рөлі жайлы мәселеге ерекше назар аударады. Вебер харизмадан әлеуметтік тұрақтылықтың іргелі қарсы әсерін және өзгерістердің маңызды бастамасын көрді Дін қоғам тұрақтылығының факторы ғана емес, кейтұстардағы кертартпа, дін бұзушы ағымдар арқылы, сонымен қатар, әлеуметтік өзгерістердің қайнар көзі ретінде де қызмет етеді. Мысалы, Вебер протестанттық реформацияның шешуші рөлін «капитализм рухын» жасауда кальвинизмнің ерекшеліктеріне негіздеді. Нәтижесінде, Еуропа тарихында жаңа дәуір мен индустриалдық өркениеттің дамуына қарай тарихи алға басушылық байқалады. Сонымен қатар, қазіргі таңда дін батыс қоғамында өзінің позициясын жоғалту үстінде: адамдар шіркеуге жиі бармай, діни рәсімдер де жиі сақталмай жатыр. Көбісі өздерін агностиктер немесе атеисттер қатарына жатқызады. Тіпті, дінге сенетін адамдардың өздері де дінді басты орынға қоймайды. Мемлекеттің экономикалық даму қарқыны жоғары болған сайын, елде діни адамдардың саны аз болатындығы байқалады. Осыдан келе, дін және қоғам өзара тығыз байланысты болғанымен, бұз өзгермелі үдеріс екенін байқаймыз.
Қорытынды
Абай атамыз айтқандай: «Адамды – адам ететін де иман, Сұлтан ететін де иман», «Рухани байлық – бақытқа жеткізеді» – демекші, дін ойлауды, іздестіруді және үйренуді бұйырады. Жұмыс істеп, табысқа қол жеткізуді бұйырады. Басқарудың халық еншісіндегі нәрсе екендігіне сүйенеді, ал үкімет халық егемендігінің өкілі болып саналады. Бұл тұрғыдан алғанда заңдар барлығы үшін бірдей тең түрде жүзеге асырылады. Қоғамдық өмірде көмек беруге және қолдау көрсетуге, әділеттілікке және кеңес беруге мән беріледі.
Енді, ХХ-шы ғасыр жөнінде айтатын болсақ, ХХ-шы ғасырда дінсіз қоғам құруға тырысқан мемлекеттердің қандай халге ұшырағанын өзіңіз көріп тұрсыз. Мысалға, Кеңестер одағын айтуға болады. Оның соңынан келген Қытай мемлекеті бір кезде дінге әдет-ғұрыптарға қатты тыйым салып, кейін 1980-ші жылдан бастап олардың өздері дінге еркіндік беруге мәжбүр болды. Батыс мемлекеттері өнеркәсіп пен ақпараттың ең дамыған жері. Осы мемлекеттерде дін қайта күшейіп келе жатқан сияқты. Заман өзгереді, адамзаттың құқықтық талаптары өзгереді. Экономикалық, рухани талаптары өзгереді. Міне, осы талаптардың бәрін белгілі қағидалар шеңберінде бүкіл адамзатқа тән және ортақ деңгейде реттеп тұратын жүйе керек. Яғни, дін адамзаттың қоғамдағы өмірін, азамат ретіндегі өмірін, жанұядағы өмірін және бұл дүниеден кейінгі ахиреттегі өмірін реттейді, Мен кіммін, қайдан келдім, қайда барамын, бұл жаратылыс қалай болды, өмір қалай пайда болды, бұл әлемді, бұл космосты жаратқан қандай күш деген сұрақтар бұдан мың жылдан кейін де адамзатта бола береді. Осындай сұраныстар, қажеттіліктер болғандықтан, адамзат өмірінде дін әрқашанда болады.
Қазақстандағы діни көріністі былай деп түсіндіруге болады. Сіз сұрап отырған дүниетанымдық және реттегіш функция екеуі де бізде қазір жоқ. Діннің ең үлкен күші - халықты ұйымдастыру қабілеті. Пайғамбарымыз (с.а.у.) көшіп жүрген арабтарды ислам діні арқылы ұйымдастырды. Соның арқасында ислам өркениеті пайда болды. Қазіргі кездегі мұсылмандардың ислам жөніндегі түсініктері, Құран түскен ғасырдан кейінгі ғасырларда әр түрлі діндер мен нанымдардың ортасы болған көне Жібек жолында қалыптаскан діни синкретизм мен тұрмыстық дүниетанымнан аса алмай жатыр. Сондықтан, біз тәуелсіз мемлекетімізді нығайту үшін, Қазақстан халқының басын қосу, оның ішіңде қазақ деген халықтың басын қосып, халықты кереметтей ұйымдастыру үшін Құран мен адамдардың арасындағы кедергілерді алып тастауымыз ләзім. Мұсылмандар ең алдымен Құранды дұрыс түсінуі керек. Құранды зерттеу керек. Құранмен қарама-қайшылыққа келетін исламға жат, нахақ сенімдерді ислами емес деп тануымыз керек. Ол, мүмкін әдет болар, салт болар, Кеңес дәуірінде келіп қосылған болар. Оларды тарихымызда орын алған шындықтар деп мойындайық. Мәдениет эволюциясы ішінде өз орнын алып тұрған ұрпақ ретінде мәселелерді ақылға салуымыз керек.
Ислам рух дене арқылы жетілген, көзі ашық, саналы, адамгершілікті және тәрбиелі қоғамның қалыптасуын қалайды. Ал осындай бір қоғамның бұл дүниеде және ақыретте бақытты болуын қамтамасыз ететін болса, оның соңғы мақсаты.Ислам жеке тұлға және қоғамның құтқарушы хабары болып табылады. Ақыл-ес және аңыздық дәлелдерге негізделген иман, кең пейілді Аллаға жасалған ғибадаттар арқылы адам жүрегін және ойларын жамандықтардан тазартып, қоғамға да бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүру мүмкіндігін ұсынады.Ислам ойлауды, іздестіруді және үйренуді бұйырады. Ақыл мен ғылым негіздеріне сүйенеді. Ислам – жүйелі және әлемдік өркениет діні. Жұмыс істеп, табысқа қол жеткізуді бұйырады. Басқарудың халық еншісіндегі нәрсе екендігіне сүйенеді, ал үкімет халық егемендігінің өкілі болып саналады. Бұл тұрғыдан алғанда заңдар барлығы үшін бірдей тең түрде жүзеге асырылады. Қоғамдық өмірде көмек беруге және қолдау көрсетуге, әділеттілікке және кеңес беруге мән беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |