Диплом жұмысы 5В010200 «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі»


ЖАЗУ ЖҰМЫСТАРЫ АРҚЫЛЫ САУАТТЫЛЫҚҚА ҮЙРЕТУ ЖӘНЕ ТІЛ ДАМЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ



бет17/21
Дата21.05.2020
өлшемі129,72 Kb.
#70292
түріДиплом
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21
Байланысты:
готовый

2 ЖАЗУ ЖҰМЫСТАРЫ АРҚЫЛЫ САУАТТЫЛЫҚҚА ҮЙРЕТУ ЖӘНЕ ТІЛ ДАМЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ

2.1. Сауатты жазуға үйрету жолдары, жұмыс түрлері

Сауатты жазуға үйрену жұмысы грамматикаға сүйенеді. Мектепте грамматиканы оқыту неғұрлым жақсы жолға қойылса, оқушылардың сауаттылығы да соғұрлым жоғары болады. Олай болса, белгілі бір жазу ережесіне негіз болатын грамматикалық құбылыстар саналы түрде ұғындырылып, содан кейін қорытынды шығарылуы қажет. Мұнда ережені мәніне түсінбей, құр жаттап алудан сақ болған жөн1.

Мұғалім тіл құбылыстары мен жазу ережелерін анық етіп түсіндіріп, оқушыларға сол ережелерді меңгерту тәсілдерін қарастыруға тиіс. Мысалы, қандай да болмасын сөз немесе оған жалғанған қосымшалар басқаша болмай, неге солай жазылғанына оқушы түсініп және оқыған ережесіне сүйеніп оны дәлелдей алатын болса, оның ережені саналы меңгергені. Ал ережені мүдірместен айтып бергенімен, неге солай жазылып тұрғанын дәлелдей алмаса, оқушы ережені механикалық түрде меңгерген болып шығады да, ол білгендірінің сауатты жазуға пайдасы шамалы болады. Сондықтан балалар мұғалімнің басшылығымен, тіл құбылыстарын, емле ережелерін бақылап, талдауға, оларды бір-бірімен салыстыруға, ой жүгіртуге, сипаттауға, өз беттерімен жазған жазу жұмыстарында қолдануға міндетті.

Грамматиканы оқу барысында оқушылар тіл құбылыстарын саналы түсінумен қатар, тілдің нақты фактілерін де білулері қажет. Мысалы, сөйлемдегі сөздерді жалғаулардың байланыстыратынын балалар есте қалдыра алады; сөйлемдегі сөздердің жалғауларын ажыратып айтып та бере алады. Бірақ өздері сөйлем құруға келгенде оны қолдана алмайды. Егер олар сөйлем құрғанда сөздерді арасындағы байланысты анықтау арқылы, жалғаудың қызметіне көңіл аударып дағдыланса, мұндай

1. Рахметова С. Қазақ тілін оқыту методикасы. А, 1991.

байланысты өздері сөйлем құрғанда да сақтауға тырысады. Бұл үшін сөйлемдегі бір сөзден екінші сөзге сұрақ қойып дағдылану қажет. Мысалы, мен (кім?) мектепке (қайда?) барамын т.б.

Сауатты жазуға үйрену үшін аналогия арқылы жаза білудің де маңызы зор. Ереже, қандай да болмасын, тек жалпы ғана нұсқау немесе түсінік береді. Яғни онда нақты бір сөзді қалай жазу емес, бір топтағы сөздердің жазылуы көрсетіледі. Сондықтан оқушылар бір ережені меңгеру барысында дайын мәтінен ұқсас мысалдарды таба білуге немесе өздері мысал келтіре алуға тиіс. Оқушылар сол ережені оған ұқсас басқа жағдайларда қолдана алатындай дәрежеге жеткенде ғана ақыл-ой дағдысы қалыптасты деп есептеуге болады.

Дұрыс, сауатты жазуға үйрену үшін сөздерді дыбыс құрамына, буын жігіне ажырату жұмысы әріп қалдырып кетпеуге, әріп алмастырып алмауға бірсыпыра көмектеседі. Мұндай жаттығулар III – IV сыныптарда да жүргізіліп отырады.

Тіліміздегі жазылуы айтылуынан өзгеше құлын, жұлын, күрек, басшы т.б.с.с. сөздерді тек есту дағдысына сүйеніп, жазуға болмайды. Көбіне оларды салыстыру жолымен талдаудың жәрдемі тиеді. Сондай-ақ - ма - ме, -ба, -бе, -па, -пе сұраулықтарын етістіктің болымсыз түрімен, мен, бен, пен шылауларын септік жалғаулармен салыстырып байқаудың да маңызы күшті. Сөздердің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін, теріс жазылуынан мағына бұзылатынын, айтайын деген ойдың күңгірт, екі жақты болып шығатынын балаларға ережені түсіндіргенде де, жаттығулар жүргізгенде де, олардың жазуларындағы қателерді түзеткенде де көрсетіп, түсіндіріп отырудың пайдасы көп (Тұзшы – тұщы, барма – бар ма т.б.).

Сөйтіп сауатты жазуға үйрену үшін аналогия, салыстыру, талдау, жинақтау, жалпылау, нақтылау сияқты ой операцияларының іске асуы ең маңызды шарт болып табылады.

Әрине, сауатты жазуға үйренуде қол қозғалысы арқылы қабылдау мен елестетудің алатын орны ерекше екені белгілі. Көп оқитын тіпті ережені тамаша білетін оқушы да қолдың дағдылануынсыз жазуда қатені көп жібереді және жазуының ұсқыны да тартымсыз болады. Сондықтан әсіресе бастауыш сынып балалары үшін танымның есту, айту, тыңдау, көру және қолын қозғау арқылы қалыптасатын функцияларын жүйелі түрде үйреніп, алғашқы кездің өзінде-ақ жақсы естіп, тыңдай алып, дыбыстық құрамға ойша тәртіппен талдау жасай алып, іштерінен қайталау т.б.сияқты тәжірибелер жинақтаудың маңызы орасан зор болатынын естен шығармауға тиіспіз1.

Сөйтіп жоғарыда айтылғандарды қорыта келгенде, оқушыларды сауатты жазуға үйрету үшін ескерілетін жағдайларды топтап көрсететін болсақ, олар төмендегідей:

1. Мұғалім жазылатын сөздің немесе сөйлемнің мағынасын, мәнін оқушының түсінетіндігіне әбден көзі жеткеннен кейін барып жаздыруға тиіс (оқушы кейде мағынасына жете түсінбегендіктен қате жібереді).

2. Сөзді дұрыс айтуға, ұқыпты жазуға, жазғандарына ой жүгіртуге бағыт беріп, қатемен жұмыс ұйымдастырады.

3. Үнемі талдау жасау, түбірлес сөздер табу, сөз тіркестері арқылы сөйлем құрастыру, ұқсастығы мен айырмашылығын салыстыру – мұның барлығы оқушының ойлауын арттырып, материалды меңгеруге жағдай жасайды.

4. Дыбыстық талдау, сөз құрамына жаттығу, сөз табының қызметі, синтаксистік талдаулар іске асырылып, сөйлеуге үйрету жұмыстарымен байланыстырыла жүргізіледі. Арнаулы орфографиялық жаттығулар (көшіру), (диктант) тіл дамыту жаттығуларымен (мазмұндама, шығарма) кезек жүргізіледі.

1. Ысқақ Б. Тіл дамытудың ғылыми негіздері. А, 1992.

5.Сөздік жұмысы үздіксіз жүргізіліп отырылады. Әрбір оқушының жазудан әлсіз жақтары болады (кейбір сөздерден қате жіберу т.б.). Мұғалім ондай балалармен сөздік жұмысын жеке жүргізеді.

6.Сауатты жазу дағдысын қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі – орфографиялық қате, сөйлеу қателерін болдырмау үшін алдын ала синтездеу, алдау жұмысы.

7. Белгілі бір жағдайға дағдылану біраз уақыт жаттығуды қажет ететіні сияқты, сауатты жазуға жаттығу дағдысы да көп қайталауды, жаттығуды талап етеді. Сондықтан өтілгеніне біраз уақыт болған материалдарды жүйелі түрде еске түсіріп отыру пайдалы.

Жазуға үйренуде уақытша нерв байланыстарын шартты рефлекс арқылы емес, операнттық рефлекс арқылы қалыптастырудың мәні ерекше болып табылады. Мұның мәнісі балаға дайын жұмысты орындату арқылы дағдыландырудан гөрі, өздеріне тапқызу, оларды ізденіп, қиналуға мәжбүр ететіндей тапсырмалардың тиімді нәтиже беретіні мәлім. Мұның барлығының да мақсаты қалыптасқан уақытша нерв байланыстарын (дағдыны) сақтау (сауатты жазу дағдысын) екенін жақсы түсініп, білімін жетілдіріп, педагогикалық шеберлігін ұштап отырған мұғалім ғана жұмысын ойдағыдай ұйымдастыра алады1.

Орфографиялық ережені түсіндіруден бұрын балалардың алдына олар шешуге тиісті мәселе қойылуы керек (мысалы, отпен ойнама, от пен судан сақтан мысалдарының арасында қандай айырмашылық бар? «пен» қайсысында бөлек, қайсысында бірге жазылуға тиіс? сияқты). Мұндай жұмыс балалардың зейінін сабаққа жұмылдырып, бұрын оқығандарын еске түсіруге көмектеседі.

Жазуға байланысты жаттығу жұмыстары әр түрлі факторларға негізделеді:


  1. Көру, қимыл факторларына негізделетін көшіріп жазу.

1. Мұқанов М. Жас және педагогикалық психология А, 1982.

  1. Есту арқылы қабылдауына сүйенетін мәтінді жазу (мұғалім оқып берген немесе оқушы оқыған мәтінді жазу. Бұған диктант, мазмұндама жұмыстарын алуға болады).

  2. Орфографиялық тапсырмалар бар жаттығулар: қалдырып кеткен әріптерді тауып жазу немесе түзетіп жазу т.б.

Жазу жұмыстарының бұл көрсетілген түрлері бір-бірімен тығыз байланысты, яғни таза біреуінің қолданылуы мүмкін емес. Мысалы, диктант есту қабілетіне негізделгенімен, көру қимылсыз іске аспайды т.б. Сондықтан, жоғарыдағы сияқты топтау тек шартты түрде, жаттығудың қай түрінде негізгі мәселенің қайсысы екендігіне мұғалімдер көңілін аудару мақсатында ғана көрсетіліп отыр.

Жазу дағдысын нығайта, жетілдіре түсетін, сонымен бірге іс жүзінде сыналған жаттығулардың негізгі түрі мынадай1: грамматикалық – орфографиялық талдау («грамматикалық талдауды» қараңыз). Бұл – оқушыларды грамматикалық және орфографиялық құбылыстардың ара қатынасын түсінуге, орфографиялық қиыншылықтарды таба білуге, басқалардың арасынан оқыған құбылыстарын таба білуге дағдыландырады. Бұл талдау өз алдына жаттығу ретінде бөлек немесе басқа жаттығулардың элементі ретінде де жүргізіледі (мысалы, көшіріп жазуда, диктантта т.б.).

Оқушылардың белсенділігін көтеру мақсатында карточка жүргізіледі. Бұл үшін әр оқушы алдын ала карточка дайындайды. Мысалы, зат есімнің септік жалғауларын талдау барысында мұғалім бір септік жалғауының қалай жазылатынын сұрағанда оқушы тиісті карточканы көрсетеді. Сонан кейін жазады. Бұл мұғалімге оқушылардың білімі жөнінде біраз мәлімет береді.

2)көшіру. Алғашқы, I сыныпта, II сыныпта сөзбе-сөз, механикалық көшіру іске асырылады. Кейін бірте-бірте: деформаланған мәтінді (картинадағы рет бойынша) көшіру, сөз теріп көшіру, қалдырылған сөздерді

1. Рахметова С. Қазақ тілін оқыту методикасы. А., 1991

қойып көшіру, толық көшіру т.с.с. ұйымдастырылады. Көшіру жұмыстарында керекті әріптердің, сөздердің, сөз тіркестерінің астын сызу, сөз табын анықтау, қосымшасын, жағын, шағын анықтау, жақшаға көрсету т.с. белгіленеді.

Балалар көшіру техникасына үйретіледі (әуелі оқып шық, буындап оқы, ойлан, мағынасына түсінесің бе, қалай жазылатынын байқа, есіңде сақта, жазып болған соң тексер т.б.). Жазғандарын түпнұсқамен салыстырып, қатесі болса, түзейді. Көшіруге алынатын материал қызықты, түсінікті болуға тиіс.

Есте ұстау арқылы көшіру. Мұнда тақтаға жазылған мәтін оқылады, талданады, сонан соң жабылады. Оқушы есінде қалғандарын жазады. Кейде мәтін талданғаннан кейін үйге беріледі. Жазып болған соң мұғалім мәтін ашып, жазғандарын салыстырып, тексеруге мүмкіндік береді. Көшіріп жазудың бұл көрсетілген түрі диктант болғандықтан, мұны көру диктанты деп атайды. Бұл әсіресе «қиын» сөздердің жазылуы өткенде пайдалы. Әдетте жазылуы қиын сөздердің тізімі оқулықтардың соңында беріледі. Мұндай сөздердің жазылуын есте қалдыру үшін мұғалім мынадай әдіс-тәсілдер қолданылады: 1) зейін қойып іштерінен және дауыстап оқып шығыңдар; 2) мағынасына көңіл бөліңдер; үй жануарларын білдіретін сөздерді бір топқа тізіңдер, бақша өсімдіктерін білдіретін сөздерді бір топқа тізіңдер; 3) мұқият оқыңдар және жазыңдар; 4)әсіресе, сөздің қай бөлімін есте сақтағыларың келеді, сол бөлімнің астын сызыңдар; 5) жазғандарыңды сөздік бойынша тексеріңдер; 6) сөзді екі-үш рет қайта жазыңдар немесе екі-үш түбірлес сөз ойлап тауып жазыңдар;7) «я» әрпі бар сөздерді топтаңдар т.б.

Жазылуы қиын сөздер жаттығуларға кірістіріледі, бірнеше рет қайталанады. Жаттығулардың ішінде әсіресе сөздік жасауға байланысты жүргізілетін жұмыстар қиын сөздердің орфограммасын есте қалдыруға жақсы жәрдемдеседі (сөздік дәптері бірнеше бөліктерге бөлініп, цифрмен белгіленеді (1, 2, 3, ).Мысалы, оқушылардың дәптерлерінің 5 бетінде «в» әрпі кездесетін сөздер тізіледі.

Еркін көшіру. Балалар әуелі мәтінді оқып шығады, талдайды, сонан соң кітапты жауып қойып, мәтінен есте қалғандарын, қалай ұғынса, солай жазады.

Грамматикалық тапсырмаларға байланысты көшіру. Сөздің немесе сөйлемнің бір бөлігі өзгеріссіз сол қалпында, екінші бір бөлігі өзгертіліп көшіріледі: қалып қойған жерін ойлап тауып немесе қосып, өзгертіп жазады: қалып қойған әріптер мен буындарды тауып қосу, сөздерді тауып қосу немесе сөйлемдерді аяқтау, берілген сөйлемнің немесе сөздің тұлғасын өзгертіп жазу сияқты тапсырмалар орындалады.

Мұнда мәтінді көріп қабылдау жеткіліксіз, сонымен қатар оны ойланып, анализ-синтез жасау керек. Көшірмес бұрын балалар алдарында тұрған міндетпен танысады, мәтінді іштен және дауыстап оқиды, тапсырманы әуелі ауызша шешіп алып, жазуға соңында ғана кіріседі. Жұмыстың бұл түрін кейде бақылап көшіру деп те атайды. Казіргі оқулықтарда жаттығудың бұл түрі кең алынып жүр.

Көшіру жұмыстары тіл дамытумен байланысты, сұрақтарға жауап беру (жазбаша) түрінде де кездеседі. Бұл жұмыс балаларды мазмұндама мен шығарма жазуға дайындау мақсатында қолданылады.

Балалардың орфографммаға үйренген дағдылары мен шеберліктерін байқау мақсатында диктант жаздырылады. Мұнда мұғалім мәтінді, сөйлемдерді немесе жеке сөздерді оқиды, оқушылар оны аяғына дейін тыңдап, естерінде ұстайды, жазады.

Диктанттың бастауыш мектепте жүргізілетін түрлері:

1.Ескерту диктанты. Мұнда мұғалім мәтінді оқып шығады. Балалар жақсылап тыңдап отырады. Сонан кейін түсініксіз деген сөздердің мағынасы түсіндіріледі.Мұғалім әрбір сөйлемді қайта оқып шығады, оқылған сөйлемдер балалардың қатысуымен талданады. Сөйлемді жазбас бұрын мұғалім балалардың зейінін ондағы қиын сөздердің жазылуына, өтіліп отырған ережеге аударады. Оқушылар тиісті дыбыстарды көрсетеді, ережесін айтып береді, олардың қателескен жері болса, түзетіледі. Осындай жұмыстардан кейін ғана балалар сөйлемді жазуға кіріседі. Алғашқы кезде әрбір сөйлем оқылып, талданып барып жазылады. Кейін балалар жұмыстың бұл түріне дағдыланған кезде, бірнеше сөйлем бірден оқылып, олардың ішінен мағынасы түсініксіз сөздер мен жазылуы қиын деген сөздер ғана талданады, ал онан әрі мәтін тұтас оқылады да, сөздер іріктеліп алып талданады, сонан соң мұғалім әр сөйлемді оқып, балалар жазады. Егер балалар белсенділік көрсетіп, сөздердің қалай жазылуын, талдануын сұрап, сөздіктен қарайтын болса, онда ескерту диктантының тиімді болғаны.

2. Іріктеу диктанты. Мұның ескерту диктантынан айырмашылығы – балалар мұғалімнің айтқан сөздерінің барлығын жазып отырмайды, оның ішінен белгілі бір ережеге қажетті сөздерді немесе сөз тіркестерін іріктеп жазады. Диктанттың бұл түрінде уақыт үнемделеді, қажетті сөздер мен сөйлемдер көбірек жазылады, ең бастысы оқушылар мәтінді аса зейін қоя тыңдап отыруға мәжбүр болады.

3.Түсіндіру диктанты. Мұнда мәтін жазылып болғаннан кейін ғана талданады, қателері түзетіледі. Диктанттың бұл түрін жазуға кірісерде қажетті ережелер еске түсіріледі. Мұны ескерту диктантынан бақылау диктантына өткел ретінде жүргізілетін жұмыс деуге де болады. Түсіндіру диктантының бір түрі ретінде сөздік диктантын да жүргізуге болады. Онда сөйлем де, мәтіне емес, жеке сөздер айтылады. Бұған оқушыларға қиындық келтіретін немесе ережеге бағынбайтын сөздер алынады. Сөздік диктант ұзақ болмайды, 5 – 10 минут шамасы, көбінесе сабақтың аяғында жүргізіледі.Мұғалім жеке сөздерді айтады, балалар жазады, жазғандарын сөздіктен қарап түзетеді, үнсіз диктант ұйымдастырылады. Онда мұғалім қажетті суреттер көрсетеді (аю, сиыр, жылқы, қоян, қозы, трактор, комбайн, т.б.), ал балалар бірден жазады немесе керекті әрпі бар карточканы көрсетіп, сонан соң жазады. Сөздік диктант 10 – 15 сөзден аспауға тиіс.

4.Шығармашылық диктант. Мұғалім тақтаға қажетті сөздерді жазады. Кейде сурет немесе бір серия картина беріледі: балалар бір тақырыпқа сөйлемдер құрайды. Шамамен қолданылатын ережелер беріледі (еске түсіріледі). Балалар сөйлемдегі сөздердің дұрыс тұлғада тұрған-тұрмағанын байқайды, қажет болса, өзгертеді. Жұмыстың бұл түрін таза диктант деуге болмайды, сөйлемді балалардың өздері құрастыратын болғандықтан мұны шығарманың кіріспесі деуге де болады.

Шығармашылық диктант балалардың тілін дамыту үшін де өте қолайлы, өйткені оқушылар мәтін құрауға белсенді қатысады, сөздерді де өздері ойлап табады.



  1. Ерікті диктант. Бұл мазмұндама деп те аталады.Бірақ мазмұндамадан сәл оңайлау. Диктант деу себебі – мұғалім мәтінді оқып тұрады, ал ерікті дейтініміз – балалар әдеттегі иктанттай, мәтінді мұғалімнің оқуы бойынша сөзбе –сөз емес, естерінде қалғандарын ғана жазады. Мәтін оқылмас бұрын қажетті ержелер еске түсіріледі. Мұғалім мәтінді әуелі тұтас, сонан соң оның 5 – 6 жолын оқиды. Әрбір оқылған үзінді оқушылар жаттап алатындай, өте қысқа болмауы керек. Оқушылар оқылған үзіндінің естерінде қалғанын ғана жазады. Диктанттың бұл түрі де тіл дамыту жұмысымен ұштасады.

Осы көрсетілген жұмыстардың барлығы орфографиялық дағдыны автоматтандыру мақсатын көздейді.

  1. Бақылау немесе тексеру диктанты. Бұл балалардың алған білімдері мен қалыптасқан дағдыларын тексеру мақсатында жүргізіледі. Мұнда оқушы өзі білетін ережені қолданып, өз күшін өз бетімен байқай алады. Мұғалім қандай да болмасын бір орфографиялық ережені оқушылардың қалай меңгергендері жөнінде мәлімет алады. Қандай ереже қайталану керек, кімге қандай көмек керек – соны анықтайды. Егер диктанттың нәтижесі бүкіл сынып бойынша нашар болса, қайталау диктанты жүргізіледі. Мұндай жағдайда сол мәтіндің өзі қайтадан алынады немесе соған ұқсас мәтін алынып, қайталанады, диктант жаздырылады.

Жұмыстардың жүйесі: Орфографиялық жаттығулардың бірнеше кезеңі бар: а) алғашқы кезеңде әдетте, оқулықтағы немесе тақтаға жазылған дайын материал алынады. Бұл материалдар мұғалімнің көмегімен талданады, оқылған ереже бойынша, жазылған сөздер табылады, нақты үлгі бойынша, балалар ереженің практикада қалай қолданылатынын түсінеді. Мұнда оқылған орфограммаға сай, жеке сөздер, сөз тіркестері немесе сөйлемдер ғана беріледі. Мұны дағдыны бекітудің алғашқы кезеңі деуге де болады.

ә)екінші кезеңде де дайын мәтін: сөз, сөз тіркестері, сөйлемдер беріледі. Мұнда оқылып отырған орфограммаға сай, сөздердің ішінде басқа ережелерге де жататындары болады. Ұсынылған материалдардың ішінен балалар керектісін, оқылып отырған ережеге сай келетіндерін іріктеп, тауып алады; неге ол сөзді алды, ол сөз бұл ережеге сай келе ме – дәлелдейді. Бұған қосымша, балалар сұрақтарға жауап қарастырады, ескерту диктантын жазады.

Бұл кезеңдегі ең көп қолданылатын жаттығулар: көшіріп жазу, үлгі сұрақ бойынша сөзді, сөйлемді аяқтап жазу. Бұл орфограмманы білу кезеңі деп аталады. Балалар ережені қрлданып үйрене бастайды, жазғандарын дәлелдеп, негіздей алады. Сөздердің жазылуын әуелі дәлелдейді, сонан соң ғана жазады.

б)балалар өздіктерінен басқа құбылыстардың ішінен оқылып отырған ереженің объектісін тауып бере алады. Мұнда жеке сөйлемдер де,тұтасмәтін те беріледі. Балалар мәтінді көшіреді: қалдырылып кеткен сөздерді үлгі, сұрақтарсыз өздері тауып жазады;Бұл кезде ескерту, түсіндіру, іріктеу диктанттары жаздырылады. Бұл үйрену кезеңі деп аталады.

в)орфографиялық дағдының автоматтана бастау кезеңі. Мұнда балалар орфография туралы ғана емес, жазу жұмыстарының басқа жақтары (мазмұны, лексика, синтаксис, жоспар) жөнінде де ойланады. Бұл кезеңде балалар грамматикалық – орфографиялық тапсырмаларды орындап, көшіру жұмыстарынан басқа ескерту диктанты, түсіндіру, ерікті, шығармашылық, бақылау диктанттары, түрлі мазмұндама, шығармалар жазады.

г)қалыптасқан дағдыларды жетілдіру кезеңі1.Жазылуы бірыңғай сөздерді байланыстырып, оларға тән ортақ заңдылықты, жалпылықты анықтау;түбірлес сөздерді табу, сөздердің синонимін, антонимін табу, омоним сөздерді табу. Бұл кезеңде диктанттың барлық түрі жазылады, оқыған ережелер бойынша қалыптасқан дағдылар толық автоматтанады, сондықтан мәтінді алдын ала талдаусыз жаздыра беруге болады. Сөздіктен қарауға, мұғалімнен сұрауға рұқсат етіледі.

Жоғарыда көрсетілген жүйені өзгертуге болмайды деп түсінбеу керек. Нақты жағдайларға: балалардың жас ерекшеліктеріне, дайындық дәрежелеріне, алған білімдері мен сөйлеу дағдыларына қарай өзгеріс болуы мүмкін. Алайда, мұғалім осы көрсетілген жұмыстардың жүйесінің толық орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.

Жаттығу жұмыстарының жүйесіне қарай, материалды таңдауға қойылатын талаптар туады. Жаттығуларды жүргізу үшін алынатын материалдар да бірден-бірге лексикалық, синтаксистік жағынан күрделене түсуге тиіс. Материал таңдауда әсіресе мына жағдайлар ескеріледі:



  1. Грамматикалық немесе орфографиялық құбылыстарды түсіндіру кезінде бақылау үші анағұрлым жеңіл, анық материалдар алыну керек. Бұл кезде оқушылардың зейінін оқылып отырған ережеден басқаға алаңдататын нәрселер болмағаны жөн. Оқушылар бақылағандарынан дұрыс қорытынды шығара алатындай болсын.

Жаттығуға арнап материал таңдағанда тіл дамыту мен жазу жан-жақты ескерілуге және бұрын өтілгендерді үздіксіз қайталау есте болуға тиіс.

1. Рахметова С. Қазақ тілін оқыту методикасы, А, 1991.



  1. Жұмыстың әр түрлі кезеңдерінде біртектес (сөздік, фразалар немесе мәтін) материалдарды қайталап отыру дұрыс болмайды. Мысалы, алғашқыда «қала» сөзіне түбірлес сөз тапқанда «қалалар» десе, кейінгіде «қалалы, қалашық, қалашыл т.с.с.» сөздер айтқызылады.

Қазіргі кезде орфографияны меңгеру үшін көру мен есту органының (көшіру мен диктанттың) қайсысы маңыздырақ деген мәселе жөнінде талас жоқ.

Сауаттылыққа үйренуде езім анализаторларының барлығы да: есту де, көру де, қол қозғалысы да қатысуы керектігі зерттеліп анықталды. Оның үстіне көшіру немесе диктант сияқты жазу түрлерінің қазіргі кезде әр түрлі варианттары шыққанын жоғарыда айтылғандардан байқағанбыз.

Мұғалім қандай да болмасын, бір сезім органына жаттығудың қай түрі дұрыс келеді деген мәселеден гөрі, бір жаттығуда таным қызметінің қандай операцияларды орындауы жайлы, олардың комплексті қатысуын қалай қамтамасыз етуге болатыны жайлы көбірек ойлауға тиіс: анализ, синтез, жалпылау, ұқсастық пен айырмашылықты табу, абстракциялау, топтау, жүйелеу т.б.

Сөйтіп, орфографиялық немесе пунктуациялық сауаттылық дағдыларын қалыптастыруда оқушылардың зейінін, ойы-есін, қиялын т.б. таным қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ олардың ауызша, жазбаша тілін дамытуға көп күш салу қажет.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет