Диплом жұмысы тақырыбы: «Ұлы Жібек жолындағы ортағасырлық қалалар»


Ұлы Жібек жолымен таратылған діни сенімдер мен дін жолдары



бет6/13
Дата28.11.2023
өлшемі321,5 Kb.
#193956
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
Байланысты:
Дип.-Ұлы-Жібек-жолындағы-ортағасырлық-қалалар 2

1.4. Ұлы Жібек жолымен таратылған діни сенімдер мен дін жолдары
Жібек жолымен діни сенімдер де таратылды, ал әр алуан дін уағызшылары /миссионерлер/ өздерінің діндерін теңіздің арғы бетіндегі елдерге де «ала барды». Үндіден Орта Азия мен Шығыс Түркістан арқылы будда діні, ал Сырдариядан, Иран мен Арабтан әуелі христиан діні, артынша ислам діні таратылды.
Зерттеушілердің пікірлеріне қарағанда, будда діні Қытайға Үндіден Орта Азия арқылы енген. Бұл діни ағым біздің дәуірімізге дейінгі 1 ғасырдың орта шенінде тараған. Шығыс Түркістан мен Қытайда будда дінінің таралуында орта азиялық діни хадисшылар мен дін уағыздаушылары, әсіресе соғдылар мен парфяндар, қаңлылар маңызды роль атқарды. Шамасы Шығыстағы Қушан мемлекетінің саяси мақсаттары әсер еткен болуы керек, будда діні біздің дәуіріміздің ІІ-ІІІ ғасырларында өте белсенді түрде таралды.
Ерте орта ғасыр дәуірінде будда дінін тарату міндетін негізінен соғдалық діни уағыздаушылар атқарды. Будда дінінің Орта Азияға таралуында да, тұтастай алғанда: осы соғдылықтар маңызды жұмыстар жүргізді. «Бодисатва» сөзі орта парсы, ұйғыр, қытай тілдеріне соғды тілінен енді. Шығыс Түркістанның будда дініндегі түркі сөз тіркестеріндегі терминдерге талдау жасап көргенде, олардың соғдылардың аралық дәнекерлігі арқылы алыс-берістен туған сөздер екені көрінеді. Жапонның Нара астанасындағы будда шіркеуі Кареджиден соғда жазуы табылған. Будда ескерткіштері Жібек жолының Орта Азияның қиып өтетін күретамырларында тұрған қалалардың көпшілігінен табылған. Қаратөбедегі Термезден І-ІІІ ғасырларда салынған будда сопыханасы /монастырь/ көп жылдан бері қазылып жатыр. Соғдының Санзар алқабында жеке басқа /дінге/ табыну ғимараты болған. Мервтегі ескі қираған Гуяр-қаладан да будда ескерткіштері ашылды. Будда мозалының төбесі тегіс жабылған. Оның шығыс жағындағы қақпа бетіне тұрғын және шаруашылық жайлары орналасқан. Олардың құрамында төрт бұрышты жобамен салынған шағын шіркеу бар. Дәліздің ұзына бойы қабырғасына орнатылған тас-табандар мен суфаларға монументті мүсін салынған. Ғимаратқа кіреберістің екі жағында қосқатар баспалдақты тұғыр-тастар болғанға, ал олардың үстінде аяғын еденге түсіріп жіберіп отырған Будда мүсіндері болғанға ұқсайды. Ғибадатхананың еденінен Будданың суреті бейнеленген, алтын жалатқан икон жапсырмасы табылды.
Төрт бұрышты үлгімен (38х38м) салынған Ақ-бешім ғибатаханасының есігі солтүстік жаққа қаратылған. Крест тәрізді үлгімен салынған целланың (10х10м) екі жағынан ұзынша дәліздер /коридорлар/ таратылып, олар төртбұрышты шағын аулаға шығарылған. Ғибадатхананың және дәліздерінің қабырғаларында мүсіндерге арналған кертпе қуыстар бар, ал қабырғалардың бәрі ою-өрнекті жазулармен безендірілген. Қыш мүрделері, оның ішінде будда, Бодисатва, Докшита бейнелері бейнеленген.
Уақыты ІХ-Х ғасырларды көрсететін бірнеше Краснореченск шіркеуі Ақ-бешімнен біршама өзгешелеу. Оның орта құжырасы /целласы/ зал мен екі жағын орап өтетін ұзынша дәліздерден тұрады, есігі оңтүстік-шығысқа қаратылған. Орталық ғибадатхананың көлемі онша үлкен емес (3,2х3,2м). Оның қабырғаларында ақ сылақтың үстіне көк, қызыл, қоңыр және қызыл бояулармен жазылған ою-өрнектер аздап сақталған. Өрнектердің бірінің астына қара «сиямен» жазылған жазу бар, бірақ бұл нашар сақталғандықтан оқуға келмеді.
Сырттан белдеулеп жатқан галерея ғибадатхананы үш жағынан орап жатыр, дәліздерінің ені 2,3-тен 2,7 м-ге жетеді. Шіркеу кешені құрамында ғибадатхананың екі қапталынан жапсарластыра салынған, аула жақтары ашық екі жай бар.
Екінші Красноречинск шіркеуі құрылысы жағынан бірінші Ақ-бешім ғибадатханасына ұқсас. Ғибадатхана қабырғасы ашық, оның қарсы бетінде шағын аула, екі орама дәліздері бар. Орталық құжыра төрт бұрышты (6х6м), төбесі күмбезделіп жабылған күмбез төбенің астыңғы жағынан бұрын арқа (ойық қақпа) болғаны аңғарылады. Ғибадатхананың қабырғаларын ағаш бағандар мен тіреуіштердің көмегімен кірпіштен бірге өріп жасалған күрделі мүсіндер кешені безендіріп тұр. Осы бір кейін қосып салынған ірі мүсінді уақыт бізге дейін сақтай алмаған, дегенмен құлаған ғимарат үйінділері астынан негізгі мүсіндер өрнегімен үйлесімді майда оюлы сынақ тақталар қалдығы көп табылды. Екі қыш мүсін қалдықтар орталық құжыраға кіреберістен көтеріп алынды. Олардың екеуі де екі жақтаудағы тас-тұғырдан тұрған, олардың жекелеген бүйір сынықтары мен бас пішіндеріне қарағанда қалпына келтірілетін биіктіктері біржарым адамның бойындай. Мүсін сонау ежелгі заманда-ақ қираған.
Орама дәліздерінің ұзындығы 1м болған. Қабырғаларда құрылысты қайта салу кезеңдерінің бірінде сары сазға түсірілген көркемсуретті өрнектердің қалдықтары сақталған.
Батыс беттегі дәлізде «Нирвандағы будда» атты мүсін болған /басы мен бүйірінің бір бөлігі сақталмаған/. Оның ұзындығы 8м, тұлғасының ені 1,5м. Мүсін қызыл түске боялған тас-тұғырда, оң жақ жамбасымен жатты. Будданың киімі қыртыс-қатпар салынып, ол да қызыл түске боялған. Жетісудағы будда қауымының мүсіндік таңбасында дәстүрге айналдырылған табынушылық белгілері басым келеді. Будданың жүзі жалпақ, екі бетінде жұмсақ шұңқыры бар, қабағы жартылай төмен қарай жабылған, құлақтарының ұшы кейін тартылған, көзінің қиығы ұзынша, жұмық. Краснореченскідегі сазға салынған мүсінде көздің жоғарғы аласы, мұрнының қыр үсті, ернінің езу тұстары қызылмен сызылған, көздері шекеге дейін жететін қара бояумен әдіптелген. Қос доғасы мен шаштың ірі бұйрасы көк және қара түспен ап-анық сызылған, шеке тұсында әшекей ретінде жапсырып жасалған, жарты шар тәрізді қоңыраушалар, омырау әшекейлері, қолының қос басында білезіктер бар. Кездейсоқ табылған олжалар ішінде үнді заттары аса көп кездеседі. Бұлар – будданың, буддашылардың алтын жалатып, құнды тастармен безендірілген мүсіншілер, қола таңбалар мен жапсырмалар, бір кезде будда шіркеулері мен софыханаларының /монастырь/ табынатын тұлғасы және қасиетті әшекейлер санатын құраған майда тастар мен металл қоспаларынан жасалған көрнекті де бедерлі бұйымдар. Әсіресе Краснореченскідегі шіркеу кешенінен табылған будда құдайнамасының мазмұны бойынша әшекейленген гранит стелла ерекше назар аударады. Металл құймасының ұзындығы 60см, ені 35- 32см, ал тақтаның қалыңдығы 14см. Тақтаның беткі жағы суреті үш бөлікке бөлінген. Ғимараттың сыртқы қабырғасының жоғарғы жағына әміршілер үштігі – көпжылдық өсімдік сабағы үстінде отырған Будда мен оның екі жағында тұрған буддиставтар /пайғамбарлар/ бейнеленген. Олардың беттері бүлінген. Орталық белдеуде екі қиял-ғажайып хайуандар екі жақта отыр, төменгі белдеуде осы шіркеуді салушылар бейнеленіпті. Жақтаудағы бөліктерінде асқан шеберлікпен оюлап салынған гүл өрім-өрнектермен үнді сағанасының құдіретті қасиеті паш етілген. Құйманың сыртқы бетінде үнді жазуының іздері безерленген. Сондай-ақ сырттан әкелінген бұйымдардың қатарына Аджант өнері үлгісінен көшіріп жасалған көрініс кішкене ғана тастан қашалған бедерлі өрнек те жатады. Мұның атауы: «Будда әлемге».
Арехологтардың соңғы табыстары қатарына орта ғасырдағы атақты қалалардың бірі Испиджаб-Сайрам үйіндісіне жақын жерден табылған жерасты софыханасы жатады.
Тау бөктеріндегі сары топырақты обалар бірнеше ұзынша, жіңішке жайлар табу мүмкіндігіне қол жетті. Олардың күмбез төбелері ҮІ-ҮІІІ ғасырларға тән тік бұрышы қам кірпіштерден өріліп жабылған. Сол кездегі жер үсті құрылыстарына тән қабырғалардың әр жеріне қойылған қыш тіреулер қара бояулар сырланған.
Жерасты софыханалары мен шіркеулер кешені будда дінінің әр түрлі аудандарға кең тарағанын паш етеді. Мұндай ғимараттар құрылысы Шығыс Түркістанда, әсіресе оның солтүстік жартысында-батысында Қашқардан Хамиге, шығысында Қытайға, Дунхуанға дейінгі аралықта өте көп табылды. Міне, енді солардың аралық бір буындары Оңтүстік Қазақстаннан табылып отыр. Үңгір софыханалары кешендерінің осыған ұқсас түрлерін Муарь дәуіріндегі, Магадха мен оған таяу жерде /Осы күнгі Бихарда/ үңгірлік сәулет өнері дамыған Үндіден іздеген жөн. Ертедегі Батыс үнді жеріндегі үңгірлік ғимараттар софыханалар болды. Әрбір софыхана бір немесе бірнеше чатьялерден – ғибадатханалардан және бірнеше вихаралардан – софылар тұратын жайлардан тұрған.
Испиджаб маңынан табылған жай да вихара болуы мүмкін.
Жібек жолымен буддизмнен қатар Батыстан Шығысқа қарай христиан діні де таралып жатты. Ү ғасырдың алғашқы жартысында Шығыс Рим империясына «шерік қатушылар» сектасы, яғни әулие Несторийді пір тұтушылар сектасы келіп енді. Бұл соңғы діни ағым қасиетті Мария құдайды туған жоқ, адам туды, сөйтіп Христос тек қасиетті рух иесі, «құдай өкілі» ғана деп уағыздады. Несторийдің пікірінше қасиетті Мария құдай туған жоқ, Христы туды, яғни «Мария құдай-тағаланы емес, адам – Христосты туды». Дәл осы күтпеген күрт жаңалық бұхараның толқуын туғызды. Мұның өзі 325 жылы Никей соборында Христостың ұласқан ұлы құдіретін-адам мен құдайдың ажырамас біртұтас бейнесі құдайдан бөліп қарауға болмайтын қасиетті рух екендігіне сәйкес дін символы ретінде қабылданған сенімге қайшы келетін күпірлік деп таныды алған бетінен қайтпайтын шіркеудің әулие әкесі. Нестория ілімі 431 жылы Эфесс соборында қатты сынға ұшырап, несторияшылар қатты қуғын-сүргінге салынды. Сөйтіп, олар оның нәтижесінде Иранға қашып кетуге мәжбүр болды. Несторияның жақтастары Персияда, шекаралық күштер басын біріктіретін мектеп ашты, Константинопльдегі сауда орталығынан айырылған сириялық бай көпестер мен қол-өнершілер Шығысқа қарай ағылды.
Бір таңғаларлығы, сонау бір қияндағы Азия аймақтарының сириялықтарымен тығыз байланыста болғандығы. Олардың отарлары мен өз иелігіндегі сауда орталықтары Жерорта теңізінен сонау «Аспан империясына» дейін қанат жайып жатыр еді. Таулы аймақтар мен көгал ойпаттарды басып өтетін осы жолдың өн-бойынан тамаша мәдениет ескерткіштері табылды. Осы жолдың бойына әлі де тіршілік тынысы мен өнердің, түрлі діндерге және христиан дініне тән құмға көміліп қалған ескерткіштері табылуда. Және осы жолдың басынан аяғына дейін тұс-тұсқа таралуы өте ерте дәуірде басталған сириялық жазу мәдениетінің, сириялық християн дінінің айғақ заттары табылады да жатады. Сириялықтардың көпғасырлық экономикалық байланыстары олардың араб түбегінде де, Үндіге де, иран мен түркі тілдеріне сирия тілінің белгілі бір дәрежеде әсері болған Орта Азияға да өзінің мәдениеті ықпалын тигізбей қоймайды. Христиан дінінің метрополийдегі және отарлардағы сияқты соғдаларға да таралуы соғдылардың Сирия жазуымен танысуына мүмкіндік берді. Сирия жазуы соғды-христиандар арқылы ұйғырлардың қабылдауымен ежелгі түркі тайпаларына да таралды: «сириялықтар дүниежүзілік ғылым мен мәдениетке аса зор үлес қосты. Олар Шығысты антикалық ең ежелгі заманнан бастау алған дүние жүзілік мәдениеттің даму сатысына көтерді».
Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларында ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда несторияндық діни ілім кең етек алды.
Көптеген қалаларда христиан шіркеулері болды. Шамасы, христиан дінін түрік патриархы Тимофей кезінде сірә қарлұқ жабғысы арқылы қабылдаған болса керек. Өйткені ІХ-Х ғасырлар қарсаңында қарлұқтар айрықша көп аймақтарды өз билігіне қаратып, Тараз бен Меркеде христиан шіркеулері жұмыс істеді, Сырдария бойындағы қалаларда да християндар тұрды.
Іле алқабындағы Қаялықта өздерінің шіркеуі, сондай-ақ өз қонысы болған христиандар жайлы Вильгельм Рубрук хабарлайды. ХІҮ ғасырда Ыстық көл жағасында әулие Матфейдің денесі шірімей сақталған христиан софыханасы болғаны мәлім.
Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан қалаларынан несториандарға байланысты табылған олжалар жазба ескерткіштердегі мәліметтердің анықтығын жеткілікті түрде айқындай түседі. Бұған ескі Ақ-Бешім қаласы жұртынан аршып алынған христиан шіркеуінің қалдықтары жатады. Оның құрылысы тең төрт бұрышты жобамен салынып, төбесі күмбезбен жабылған, тік бұрышты ауласы бар.
Жамукат және Навакат қалаларындағы мазарлар кешенін қазған кезде күміс, қола крестерімен қоса жерлеген христиандар бейіттері табылды. Ал Красная Речка атты ескі қала жұртынан кездей-соқ нефрит кресі табылғаны да белгілі. Қираған ескі Төрткөл қаласынан табылып, Шараб қаласында жасалған деп ұйғаруға келетін тас келі Шымкент қаласы музейінде сақтаулы тұр. Онда христиан таңбалары – крест пен көгершін бейнеленген.
Тараз қаласы жұртын қазғанда ҮІ-ҮІІІ ғасырларға жататын топырақ қабатынан бүйірінде «Петр және Гавриил» деген сириялық жазуы бар қыш күрешке табылды. Ертедегі христиан икконамасы аңызының желісімен өрнектеліп, Анаковтық және Григорьевтік деген атақпен мәшпүр болған екі күміс ыдыстарды да несториан қолөнершілерінің қолынан шыққан бұйымдарға жатқызуға болады. Григорьевтің күміс ыдыстағы (ІХ-Хғғ) бейнелер тегіс өрнек түрінде қосымша оймышталып салынған. Ыдыстың жалпы көрінісі мен жекелеген бөліктеріне алтын жалатылған. Бір-бірімен шеңберлесе айқасып жатқан үш алқа үш түрлі аталған: «Мадақтау», «Табыт басындағы әйел», «Қол-аяғы керіп тасталған Иса», олардың ара-арасында «Арыстан орындағы Даниил», «Петрдің безінуі және «Қожайын табытының күзетшісі» делінген.
Бұл өлкелерде христиан діні пайда болған ХІҮ ғасырдың аяқ шеніне дейінгі кезеңде ортаазиялық түркі ұлтты христиандардың «діни өнер мен діни мәнді айшықтарының» озық үлгілеріне қайрақтастар – несториандық жазулары мен айшықты таңбалары бар құлпытастар болды. Олардың негізгі көпшілігі Жетісу мен Шығыс Түркістанда ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде табылды, рас ондай олжалар қазір де ұшырасып қалады. Мәселен, ескі Краснореченск /Қызыл өзен жағасындағы/ қаласын қазғанда ХІ-ХІІ ғасырда салынған құрылыстың іргетасынан сириялық жазулары бар ескі қайрақтас табылды. Олар екінші қайтара пайдаланылған. Қайрақтастың бірінде 789 жыл таңбаланса, екіншісі 909 жылды көрсетеді. Біріншісінде «Иал-анч бикештің» аты жазылған. Мұның өзі өте ертеде сириялық құлпытастарға жазылатын қабірнамаға Ү-ҮІ ғасырларда Сириядан табылған қайрақтастардың осыған ұқсас үлгілерінің аралық буынына жатады, ал ХІІ-ХІҮ ғасырлардағы қайрақтастар, жоғары айтқанымыздай, Жетісу мен Шығыс Түркістаннан табылды.
Навакетте христиан қауымы өмір сүргенін қабірлер құлпытастарындағы сириялық жазулар ғана емес, сонымен бірге қыштарға, шарап құятын үлкен қыш көзелердің гүлтәж өрнектеріне түсірілген соғды жазулары да айғақтай түседі. Солардың бірінде былай деп жазылған: «Бұл көзе Иарук-Тегін ұстазға /арналды/. Шебер – Пастун ылайым ол /көзе/ әрқашан толы болсын, әумин, әумиін». Бұл жазуға «ұстаз» сөзі түрік- соғды құлпытаснамаларында кездесетін «ұстаз-тәлімгер» сөздерімен мағыналас. Соңғы «аминь» /әумиін/ сөзі Иарук-Тегіннің христиан қауымының билеушісі болғанына күмән қалдырмайды. Өзге біреуінде мынадай өте қысқа сөз жазылған: «Бұл көзенің шебері - Пастун». Ал Навакеттің батыс бетіндегі ескі Пакровка қаласы жұртынан табылған тағы бір ыдыста екі жол соғды жазуы бар, тәжімалағанда былай болып шығады: «Бұл ыдыс – Пакап қауымының сыйы. Бұл шарапты қуаныш үстінде ішкейсіз, тақсырым... Құдайдың қайырымына бөленген Әли-Білге тақсыр әменда бақыт-берекетке кенелсін. «Тараздан табылған көзе жақтауында «Әмірші Ильтаг» деген сөздер ойып жазылса, ескі Қасымшы қаласындық көзенің гүлтәжі өрнегінде «Епископ Ширфон» деген жазу бар. Сипатына қарағанда бұл полеографияның уақыты ІХ-Х ғасырларға немесе тіпті ХІ ғасырдың бас кезіне жатады.
Бұл жазулардың бәрі шарап ыдыстарына жазылғанына қарап, өздерінің салт-дәстүрінде маңызды роль атқарған шарапты Жетісуда шығару билігі христиандардың қолында болған деп жорамалдауға болады. Мұндай пікірдің дұрыстығын Степнинскідегі ескі Ақтөбе қаласы жұртынан археологтар тапқан Х-ІХ ғасырға жататын шарап жасау орыны да дәлелдей түседі. Оның түбі крест таңбасы сызылып, күйдірілген кірпіштермен қапталған.
Сөйтіп, археологиялық және эпиграфиялық олжа заттар орта ғасырлық жазба деректермен астата отырып, христиан дінінің таралу жолдарын көрсетіп береді.
Жібек жолымен тараған тағы бір дін – манихей /рух мен материяны шендестіруге ұмтылыс/ діні. Ол Иранда ІІІ ғасырда пайда болып, тез қарқынмен Италиядан Қытайға дейінгі аралықта көптеген өз жолын ұстаушылар ықыласын жаулап алды. Оның өзі зороастризм мен христиан діндерінің тұтас бір синтезін құрайтын еді. Сөйтіп, манихей діні христиан дінінен осы дінді уағыздап таратушылық әдісін, ол зороастризмнен – жақсылық пен жамандық, жарық пен түнек күресі идеясын алды.
Манихей дінін таратуда, сондай-ақ, соғдылар да жетекші роль атқарды. ҮІІІ ғасырдың бас кезінде манихейшілерді басқарушының ресми орыны Самархандта болды. Манихей діні Орта Азияда ұзақ уақыт бойы өмір сүрді және буддизм манихей дінінің сағаналарына, терминологиясына, тіпті оның негізгі көзқарасы жүйесіне де қатты әсерін тигізді.
Манихей діні Жетісу мен Қазақстанның оңтүстігінде, ең алдымен, отырықшы жұртшылық арасында өзінің жолын қуушылар тапты. Турфан алқабынан табылған «Қасиетті екі негіз кітабы» атты манихей шығармасының ежелгі ұйғырша қолжазбасында бұл кітаптың «он оқ елінің /дени/ сенімін ояту үшін», «Аргу-Талас» қаласында жазылғаны жөнінде айтылады. Бұл жерде әйгілі Тараз қаласы сөз болып отыр. Сондай-ақ, манихей тұрғындары Жетісудың басқа да бір қатар қалаларында – Баласағұнда, Шігілбалықта тұрғаны мәлім.
Таразды қазу кезінде табылған манихей дінінің жұлдыз құдай айшығы болып саналатын жарты ай мен әйел жүзі бейнеленген қол алқаны да манихейлік қасиетті заттар қатарына жатқызуға болатын шығар.
Қазақстанның орта ғасырлық қалаларының бірқатар тұрғындары ежелгі Иран жерінде біздің дәуірімізге дейінгі ҮІІ-ҮІ ғасырларда өмірге келген тағы бір дүниежүзілік діннің зороастризмінің өкілдері болғаны хақ. Бұл діннің іс жүзіндегі салт-дәстүрі сипатына тән нәрселер-Әлемнің төрт элементін – суды, отты, жерді, ауаны қастерлеу. Зороастризмнің бұл элементтерін Орта Азиядан, Соғдыдан, Сырдария қалаларынан және Жетісудан аңғаруға болады. Оттың шалқи, сүйірлене көтерілген жалыны тәрізді сүйір күмбезді мұнара құрылыстарының қалдықтары осыны еске салады. Олар ескі Қостөбе және Қызылөзен қалаларының жұртында сақталған. Дегенмен Орта Азия мен Қазақстанда зороастризмнің каконикалық түріне ұқсамайтын, айрықша бір түрі ғана кең таралады. Оның өзі жергілікті пұтқа табынушылықпен, оның ішінде отқа, ру, ата-баба аруағына, тіпті қой, жылқы, түйе тәрізді жануарларға табынушылықтармен тығыз астаса сіңісіп кетті.
Бұл дінге байланысты ескерткіш деректер оссуарлық жерлеу түрінде – сүйектер салынатын саз жәшіктер, хумдық жерлеу түрінде, жерден қазылған сағана-лахаттарға өліктің қойылуы, өлік сүйектерін жинап жерлеу түрінде кездеседі.
Зороастра діні Қазақстан қалаларына ҮІ-ҮІІ ғасырларда соғдылар арқылы енді, алайда оның элементтері Оңтүстік Қазақстанда бұдан көп бұрын сақ-массагет тайпалары кезінде-ақ қалыптаса бастаған болатын.
Осы таяуда ғана Сырдария қалаларынан Соғдыға байланысты айқын деректі ескерткіштер табылды.
Отырар алқабындағы ескі Құйрықтөбе қаласының қамалын қазып ашқанда ортасында аумағы 157,5 шаршы метрге тең салтанат залы бар сарай кешені аршылды. Құрылыс кешені қатты өрт шығуы нәтижесінде күйреген. Құлаған сарай төбесін, оның ішінде төбе астындағы оймыштап өрнектелген әшекейдің сынық қалдықтарын салтанат залының күйреп түскен қаңылтыр жабындысы ұзақ уақыт сүрлеп сақтаған. Өрт қалдықтары қабатынан табылған қыштан, күйдірген саздан жасалған бұйымдар, екі түрлі теңге табылды. Теңгелердің бір бетінде салынған жүріп келе жатқан арыстан, екінші бетіндегі «НУШ» немесе «АТ» деген руналық монограммалар өртенген құрылыстың көкжиегін ҮІІ ғасыр мен ІХ ғасырдың алғашқы жартысынан көрсетеді.
Қабырғаның жоғарғы бөлігінде өрнекті жолақтың сақталып, тазартылған тақтайларына бір кезде әлде бір көркем-ойлы идеялық сюжетке байланысты салынған құдайлар мен тіршілік қаракеттер көрінісі бейнеленген. Тақтайлардың бірінде көлемі (122х25см) аң бейнеленді тақта отырған қос құдай жұбы суреттелген. Еркек құдай басына тарам тісті тәж киіп, бастарын бір-біріне бұрып жатқан қанатты қос түйе түріндегі тақ үстінде отыр. Құдай кеудесі тұсына кесе ұстаған, оң қолына ұшында иілген үш айрық тармағы бар асатаяқ ұстаған. Ал кілеммен жабылған аң бейнелі тақтың алдында тізелерін бүгіп тұрған екі адам бейнеленген көрініс осы өрнекті тақтайдың астыңғы бөлігі болса керек. Құдай сол жақ қолына тостаған, әлде жиегі кертпешті құрбандық кесесін ұстаған. Әйел құдай мүйіздері артына доғалана иіліп жатқан екі қой кейпіндегі тақта отыр. Әйел құдайдың басына ортасы бантталып, маңдайында түсіре байланған жемелік, оның екі ұшы иретіле желбіреп тұр. Шынтағы сәл бүгілген оң қолында үш бұрышты бір зат бар.
Құдайлардың осыларға ұқсас бейнелері Педжикент әшекейлерінде және оңтүстік Соғдыдағы осы маңдық Сиваз қышлағынан табылған оссуарий көріністерінде де кездеседі.
Орта Азия мен Қазақстан қалаларында ислам діні таралған кезеңде пайда болған құрылыстар қатарына көпшілік моншалар да жатады.
Өлікті жерлеу рәсімі ІХ ғасырдың екінші жартысы мен Х ғасырда өзгереді. Ол мұсылманға тән сипатта және белгілі бір қағидаларға сәйкес жүргізілді: өлік жерден қазылған шұңқырларға, шикі кірпіштен қаланған сағаналарға қойылды. Өлік басын солтүстік-батысқа беріп, бетін оңтүстікке бұрып жатты. Қабірлерде құрал саймандар жоқ. Ең ертеректегі мұсылман мазарларының кешендері Отырар алқабынан табылды, олар ІХ-Х ғасырларға жатады. Соның бірі – Х ғасырлық ескі Боран қаласындағы мазарлар кешені.
ХІ-ХІІ ғасырлардағы зираттар кешендерінде зәулім де сәулетті мазарлар құрылысы бой көтерді. Мұсылман мазарларының ертеректегі бір тобы ескі Боран қаласы жұртынан аршылды.
Тараздың шығыс бетіндегі 18 шақырым жерде Головочевка селосы маңында екі мазар – мавзолей сақталған. Солардың бірі – Бабаджи-хатун-ою-өрнекті қасбеті жоқ және Х ғасырға жататын мавзолей. Екіншісі Айша-бибі мазары. Оның әсемдік бедерлері мен геометриялық ою-өрнектерге толы жапқан жұқа кірпіштерді пайдалана отырып, сыртқы тегіс бетіне бай әшекейлер салынған батыс беттегі қабырғасы ғана сақталған. Бұл мавзолей ХІ-ХІІІ ғасырларға жатады.
Сырдарияның төменгі ағысындағы Сырлытам мазары – ХІІ ғасырлық мавзолей. Оның күйдіріліп, оймышталған сары саз тақталармен безендірілген биік қасбеті бар, ХІ-ХІІ ғасырларда салынған.
Жылтыр сыр жалатылған, ою тәрізді арап әріптерімен әшекейленген ыдыстардың көпшілігі қыштан жасалған. Мұндай жазулардың бір бөлігі жазу деуден гөрі әшекейге көп келеді, оқылмайды, дегенмен бірқатарында әр алуан діни мазмұнды оң тілектестіктер мен өсиет сөздер жазылған.
Сәндік үлгілердің таратушысына айналған мыстан, қоладан жасалған металл бұйымдарға да әлгіндей тілектестік және діни мазмұнды сөздер жазылып, әшекейленген.
Осы бір дүниежүзілік өркениеттің айшықты да айрықша куәсі - «Жібек жолы» проблемаларына қысқаша шолуды тұйықтай келсем, ұлан – ғайыр қазақ даласы сахараларын, биік таулар мен етектегі құнарлы алқаптарды кәсіп етіп, Европадан Азияға дейін және оған керісінше бағытта созылып жатқан сауда жолдарына сипаттама бере отырып, сондай-ақ сол жолдармен ағылған сан-алуан таңсық тауарлар, ежелгі өнер мен дін жолдары туралы әңгімелей келіп, орта ғасырлық тарих пен рухани өмірдің аса күрделі болғанын атап айтпасақа болмайды. Шығыс пен Батыс, Азия мен Европа тоғысқан Қазақстан қалаларында бір-біріне мүлде ұқсамайтын мәдениеттердің өзара кірігіп, бір-бірін байыта түсулеріне аса қолайлы жағдай, ахуал туды. Өзара қарым-қатынас жасау нәтижесінде отырықшы қалалықтар мен көшпенді тайпалар адамзаттың ежелгі мәдениеті алқасында маржандай жарқыраған таңғаларлық мәдениет жасай алады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет