1.2.Батыс пен шығысты байланыстырудағы Ұлы Жібек Жолының рөлі Жібек жолы ІІ-Ү ғасырларда, егер Шығыстан бастасақ Чаньниден басталып, Ланчжоу ауданындағы Хуанхэ өткеліне беттейді, одан әрі Нан-Шаньның солтүстік сілемдерін қуалай Ұлы Қытай қорғанының батыс беткейіне және «Яшмо қақпалары заставасына» жетеді. Ол жерде жалғыз жол Такла-Макан шөлін солтүстігі мен оңтүстігінен орап өтіп, үшке айрылады. Солтүстік тармағы Хами, Турфан, Бесбалық, Шихо алқаптары арқылы Іле өзені бойына жетеді, ортаңғы жол тармағы Чаочаннан Қарашәрге, Ақсуға және Ыстық көлдің оңтүстік жағалауына жетеді, оңтүстіктегі тармағы Дунхан, Хотон, Яркент арқылы Бактрияға, Үнді мен, Жерорта теңізіне жетіп, «Оңтүстік жолы» аталады. «Солтүстік жолы» Қашқардан Ферғанаға, ал одан әрі Самарқан, Бұхара, Мерв арқылы Хамадан Сирияға жетеді. [2]
Қытайдан Батысқа Ферғананың үстінен өтіп баратын бұрынғы қысқа да қолайлы жолға қарағанда Жетісу мен оңтүстік Қазақстан арқылы өтетін жаңа жол ҮІ-ҮІІ ғасырларда барынша жандана түсті.
Біріншіден, Жетісуда Орта Азия арқылы өтетін сауда жолдарын қадағалап отыратын түрік қағандары отырды. Екіншіден, Ферғанадан өтетін жол ҮІІ ғасырдағы өзара қырқысулар салдарынан қауіпті жолға айналды. [3] Үшіншіден, түріктің ауқатты қағандары мен олардың жанпеліндегілер теңіздің арғы бетінен әкелінетін тауарларға құштар ірі тұтынушыларға айналды.
Сөйтіп бұл жол бас жолға айналды да ҮІІ-ХІҮ ғасырлардағы елшілер мен сауда керуендері негізінен осы жолмен ғана өтіп жүрді. Алайда Жібек жолының бұл бағыты да толық өзгеріссіз қала алмады. Жүздеген жылдар көлемінде оның анау, не мынау бөлігі, не жекелеген тармақтары жанданып, жоғарырақ мәнге ие болды. Ал кейбіреулері, керісінше, мәнін жойып, жоғалып кетті де олардың бойындағы қалалар мен сауда бекеттері құлдырай бастады. Сөйтіп, ҮІ-ҮІІІ ғасырларда негізгі жол сорабы Сирия – Иран – Орта Азия – Оңтүстік Қазақстан – Талас алқабы – ШУ алқабы - Ыстықкөл қазан-шұңқыры-Шығыс Түркістан арқылы таратылды. Бұл жолдың тармақталған бір бұтағы, дәлірек айтқанда тағы бір жол Византиядан Дербент арқылы шығып, Каспий жағалауын – Маңғыстауды – Арал жағалауын – Оңтүстік Қазақстанды кесіп өтіп, жоғары аталған негізгі жолға келіп қосылды.
Батыс Түркі қағанаты Византиямен сауда-дипломатиялық одақ келісім жасасқан кезде бұл жол олардың қарсыласы Сасанидтік Иранды айналып өтті. Дегенмен ІХ-ХІІ ғасырларда Орта Азия, Орта және Таяу Шығыс, Кіші Азия арқылы Сирияға, Египет пен Византияға баратын жолға қарағанда бұл жол тиімсіздеу пайдаланылды.
Жібек жолы шеңберіне ену қарсаңында Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу қандай жағдайда еді дегенге келсек: Бұл жерде көшпелі түрік тайпалары мен отырықшы халықтар ежелден қалыптастырған төл мәдениет өркендеген болатын. Оның үстіне этникалық жағынан алғанда көшпенділер де, отырықшы тұрғындар да туыстас немесе біркелкі этникалық саяси қауымға бірлескен тайпалар еді. Отырықшылар (жатақтар) мен көшпенділердің өз мәдениеттерінің бір-біріне өзара әсер етуі мен байытып отыруы дүниежүзілік өркениеттің қызыл арқау-күретамыры болды. Қазақстан мен Орта Азия халықтарының бір-біріне осылайша кірігуі, сондай-ақ олардың жерінде тұратын халықтардың дәстүр-салтының үйлесімділігі өркениеттік көп жетістіктердің бастауы болды. Мәселен, біздің дәуірімізге дейінгі ҮІ-ІІІ ғасырларда бұл жерлерді көшпелі және жартылай сақтар мекендеді, ал көптеген қорғандарды қабірлерден, оның ішінде Бесшатыр, Есік, Түгіскен, Үйгәрәк қабірлерінен табылған қазбалар бойынша олардың мәдениеті жоғары болғаны баршаға мәлім. Сол кездің өзінде-ақ сақтардың Қытаймен, Үндімен, Таяу және Орта Шығыспен байланысы болған. Бұған сақ шонжарларының қабірлерінен табылған қытай айналары, Орта Азия мен Ираннан әкелінен аса көркем безендірілген шетелдік бұйымдарда куә бола алады.
ҮІ ғасырдың екінші жартысында Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан Кореядан Қара теңізге дейінгі ұлан – ғайыр алқапты алып жатқан ірі көшпелілер мемлекеті – Түрік қағанаты құрамына кірді.
Жібек жолы осы кезде жанданып, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан қалаларындағы феодалдық мәдениеттің өркендеуінде маңызды роль атқарды. Жетісуда ол талай қалалардың орталық негізгі қалануына мұрындық болып, Қазақстанның оңтүстігінде тікелей осы жолдың ұзынна-бойында тұрған немесе онымен сауда сораптарымен байланысып жатқан қалалардың тез өсіп, өркендеуіне септігін тигізді.
Өзара талас-тартыстар мен жортауыл-жорықтар, сондай-ақ Қытайда теңіз жолдарының игерілуі бұл жердегі қалалық мәдениетті титықтатып, күйдіруге жеткізгенге дейін, яғни ХІҮ ғасырға дейін Орта Азия, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін Жібек Жолынан кереуен арылған жоқ.
Батыстан Шығысқа қарай қозғалсақ, Жібек жолының қазақстандық бөлігінің сыр-сипаты, міне, мынадай еді. Жол Шаштан /Ташкенттен/ Турбат асуы арқылы Испиджабқа өтетін. Бұған дейін айтқанымыздай, Қытай сапарнамасында Испиджаб «Ақ өзендегі қала» аталды, ал ХІ ғасырда Махмуд Қашғаридің түсініктемесі бойынша «Испиджап деп аталған Ақ қаланың (Ал-мединат ал Байда) шын атауы-Сайрам». Оны Сарьям деп те атайды. Ежелгі қаланың осы атауы күні бүгінге дейін сақталып келеді. Шымкент іргесіндегі орта ғасырлық ірі қаланың қалдықтары қалған қалашық та /поселка/ осылай аталады. Оның орнында бұрын Жібек жолындағы ірі орталықтардың бірі болған. Түрлі елдердің саудагерлері осы жерге тоқтайтын, өйткені бұл қалада Бұхара, Самарқанд көпестерінің сауда құрылыстары /базарлар/ мен керуен – сарайлары болды, ал Испиджаб көпестері Мерв Балх, Бұхара мен Хорезм көпестерімен бірге Бағдаттағы Харб ибн Абдаллақ ал Балх рабадында өздерінің сауда-саттық орындарын ұстады. Испиджабтан сыртқа құлдар мен ақ маталар, қару-жарақ, қылыштар, мыс пен темір сатылатын.