Диплом жұмысының ғылыми сипаттамасы


– тарау. Т.Әбдікұлының суреткерлік шеберлігі: тіл өрнегі, стиль ерекшелігі



бет3/3
Дата25.11.2019
өлшемі303,5 Kb.
#52412
түріДиплом
1   2   3

3 – тарау.

Т.Әбдікұлының суреткерлік шеберлігі: тіл өрнегі, стиль ерекшелігі

Жалпы әдебиеттану ғылымында әдеби шығармалардың табиғатын түсіну үшін олардың көркемдік ерекшеліктерін зерттеудің маңызы үлкен. Суреткердің шеберлік қырлары, көркем әдебиет туындысының эстетикалық қуаты нақ осыдан – суреткер қаламының көркемдік ерекшеліктерінен, поэтикалық ізденістерінен көрінеді.

Академик С.Қирабаев: “Бүгінгі біздің замандасымыз қандай адам, оны қоршаған ортаның шындығы қандай, осы екеуінің арақатынасы қандай принципке құрылған, адам өз өмірінің қызығын, тіршілігінің мақсатын неде деп түсінеді, нені армандайды, не нәрсе оны ренжітеді ? Бүгінгі күннің әдебиеті күн тәртібіне қойып отырған басты проблеманың бірі - осы” (25,29) дейді.

Бұдан шығатын қорытынды кейіпкер проблемасы екендігі белгілі. Яғни кейіпкердің психологиялық даму эволюциясы, қоршаған ортамен қарым-қатынасы, сайып келгенде оның барша бітім-болмысының типтік характерге дейінгі өсу жолы. Шығарманың адам жанының нәзік иірімдерін қозғап, ойын онға бөліп, санасын сан-саққа бөлуі шығармада суреттелер кейіпкерлердің сәтті бейнеленуінен. Ал шығарманың кейіпкерсіз болмайтыны тағы белгілі.

Өмірдің сапырылысқан сансыз қоғамдық-саяси, тұрмыстық-интимдік ситуацияларынан көркем шығармаға азық болатындай тың тақырыптар мен идеяларды, ұлттық әдебиетке бұл кезге дейін мәлім болмаған жаңа, қызғылықты характерлер мен тосын типтерді көріп, оларды аша білу өте қиын іс. Ал, сол тыңнан табылған тақырыптар мен идеяларды жаңағы қызғылықты характерлер мен типтердің көзқарастарына, мінездеріне, іс-әрекеттеріне көшіру арқылы болашақ шығарманың сюжеттік желісін жасау, оны мінсіз композициялық құрылымдарға ұластыру – одан да қиын. Бұл өте күрделі шығармашылық процесс.

Бұл процесс - творчествоның бұлжымас заңы. Кез келген жазушы бұл процессті бастан кешеді. Жазушының шеберлік қырларының ұшталып, көркемдік стильдің қалыптасып дараланатын жері де – осы процесс.

“Әрбір жазушы – дейді, Қ.Жұмаділов, – егер ол шын суреткер болса, әдебиетке өзінің өмірбаянын, өз тақырыбын ала келетіні белгілі. Жазушының қолтаңбасы, стилі, концепциясы дегендер де осы тақырып ерекшеліктерінен туындайды” (26,138).

Әрине, бұл жерде жазушының мемуарлық шығармалар туралы айтып тұрмағаны белгілі. Сөз жазушының даралық қасиетін танытқан, сол арқылы өзіндік мәнер-машығын тапқан шығармасы туралы. Ендеше Т.Әбдікұлының өз өмірбаянымен өзектес, өз табиғатын ашып, тақырыбын тапқан шығармасы деп қай шығармасын айтамыз ?

Біздіңше, жазушының өз тақырыбын тапқан, стилін ұштаған шығармасы мынау деп, және оны бір ғана шығармаға қатысты үзілді-кесілді баға беру бір жақты пікір. Өйткені жазушы дүниетанымы, парасат-пайымы, идеясы мен авторлық позициясы барлық шығармаларына желі боп тартылады. Тіпті бір шығармасына арқау боп көтерілген келелі бір мәселелер келесі бір туындыларында өзінің шырқау биігіне шығып жатуы мүмкін. Мұның бәрі жазушының әу бастағы ой өзегіне байланысты.

Дегенмен Т.Әбдікұлы шығармаларының көркемдік ерекшеліктері, тақырып таңдау, кейіпкер психологиясын ашу, сөз саптау, сюжет құрау, бір сөзбен жазушылық стилі қандай. Өзге әріптестерінен озған не кемшін түскен тұстары бар ма? деген мәселелерге тоқталмақпыз.

Әдебиеттану ғылымындағы стиль – аса кең мағынадағы ұғым. Көрнекті ғалым З.Қабдолов: “Нағыз пейзаж – поэзия! Характер! Адам! Неге десеңіз, адамның қабылдауынан, сезіну, түйсінулерінен, көңіл-күйінен тыс табиғат суреті – пейзаж жоқ!

Пейзаж жазушының стилін де белгілейді. Ал,стиль – адам” ( 3,92) десе,

Профессор Р.Нұрғалиевтің пікірінше, “...әдеби ұғымдағы стиль ең алдымен, эстетикалық категория ...Стиль жазушының авторлық мұратымен, эстетикалық идеалымен жанды түрде байланысып жатыр. Өйткені, көркемдік процесте механикалық сипат жоқ” (27,204-205).

Егер стиль дегеніміздің өзі кез келген қаламгердің ешкімге ұқсамас даралық қасиеті десек, Т.Әбдікұлына тән стильдік сипаттар қандай?

Ең алдымен жазушы жақсылық пен жамандықты негізгі обьект етіп ала отырып, ішкі сұлулықты, ішкі тереңдікті, рухани құндылықтарды жоғары қойып, дәріптейді. Суреткерге тән негізгі қасиет – шығармаларына психологиялық, лирикалық сарындармен қатар философиялық ой дарыту басым. Сондай-ақ, асқынған драматизм, трагедиялық тағдыр, жаратылысы қызық характерлер ұтымды көрініп отырады.

Мысалы, Төленнің ең алғашқы шығармаларының бірі “Оң қол” әңгімесін алайық. Шығарманың кезінде үлкен жаңалық ретінде қабылданғаны белгілі. Ендеше шығарма құнын асырған қасиеттер қандай десек, ол ең алдымен тақырып тосындығы болса, соған орай жазушы идеясының шығарма сюжетімен табиғи бірлік табуы дер едік. Әрине бұл тек “Оң қол” әңгімесіне ғана қатысты ерекшелік емес, Т.Әбдікұлы шығармаларының барлығына дерлік тән қасиет. Тіпті, Төлен шығармаларының өзін ана тақырып, болмаса мына бір шындық, болмаса шетел тақырыбы деп бөле - жарудың да қажеті жоқ. Өйткені қайсы бір туындысын алмайық өмірдің ең өзекті, аса зәру, аса ділгір мәселелерді көтергені анық. Олар тек жанрлық тұрғыдан, және шығарманың сюжеті мен композициялық құрылымынан ғана бөлек. Ал, автордың философиялық ой түйіні, алдыға қойған ұлы гуманизмі барлық шығармаларының алтын арқауы.

Олай болса; “Әбдіков әуел бастан – алғашқы әңгімесі “Бас сүйектен” бастап соңғы туындысы – “Өліара” романы аралығындағы бүкіл шығармаларын парасаттылықты пайымдап, гуманизмді мадақтауға арнағандығын атап айтуға тиіспіз. Өйткені Төленнің қай жанрда жазылған туындысы да тек осы биік адамгершілік мұраттарды өмірлік өнеге ретінде ұсынуымен ұлағатты” (20) дейді әріптес жазушы Қуанышбай Құрманғалиев.

Біз жоғарыдағы тарауларда суреткердің талант қырларын танытатын компоненттердің біразын сөз еттік. Атап айтқанда әңгімелеріндегі автордың концепциялық тұғырнамасына, повестерінің проблематикасы мен характер мәселелеріне біршама тоқталған болатынбыз. Ендеше оның бәрін қайталап жатпай-ақ, жазушы стилін танытар кейбір жекелеген туындыларының көркемдік ерекшеліктеріне тоқталсақ та жетер.

Әдеби шығарма туралы әңгімені тақырыптан бастаған жөн. “Өйткені – дейді З.Қабдолов, - тақырып - өнер туындысының ірге тасы” (28,160).

Ендеше біз де жазушы шығармаларының тақырыбынан бастағанды жөн көріп отырмыз. Ең алдымен айтар ерекшелік Т.Әбдікұлының тосын тақырыптарға баруы. Жазушының алғашқы әңгімелерінің бірі “Бас сүйектен ” бастап “Оң қол”, “Қыз бәтіш пен Ерсейіт”, “Ақиқат”, “Тозақ оттары жымыңдайды”, “Парасат майданы” т.б. атты тосын тақырыптағы әңгіме, повестері өзінің тосын кейіпкерлерімен жазушының суреткерлік даңқын алысқа жіберді. Мысалы, “Бас сүйектегі” мүсінші – антрополог Хамит, “Оралудағы ” Әбдікәрім, “Қыз Бәтіш пен Ерсейіттегі” Қожабек, “Жат перзенттегі” Кәрім, “Тозақ оттары жымыңдайдыдағы” Бейкер сияқты басты кейіпкерлердің оқыған адамның ойынан шықпайтындығы шындық. Оның себебі, Т.Әбдікұлының қай шығармасы, қайсы бір кейіпкері болмасын әбден сыннан өтіп, суреткер қиялында пісіп, жетілмей тумайтындығы. Содан да болар жазушы өте сирек қалам тербейді. Бірақ толғағы жетіп, дүниеге келген туындыларының елеусіз қалған жері жоқ.

Стиль ұғымының кең екендігін жоғарыда айттық. Ғалым З.Қабдолов: “Сонымен, біз жазушының күллі творчествосының өн бойынан идеялық – көркемдік негіздің (идея – тақырып – тіл ) тек сол жазушыға ғана тән ерекшелігін аңғарамыз... Міне, стиль – әр суреткерге тән осындай творчестволық ерекшелік” (29,331), деп жазады.

Ендеше Т.Әбдікұлын ерекшелеп тұрған негізгі қасиеттер де дәл осы үш негізде анық көрінді дей аламыз. Тақырып, идея мәселелеріне біршама тоқталғандықтан, ендігі сөзді жазушының тіл өрнегі төңірегінде жалғастырсақ.

Тіл - әдебиеттің бас мүшесі (Горький), сөз – шығарманың негізгі материалы (Федин) екенін ескерсек, әдеби шығарманың көркемдік құны оның тілінде екен. Сондай-ақ тіл байлығы шығарма сюжетін баяндаудан ғана емес, кейіпкер психологиясын ашудағы монолог, диалог, ойлау, қиялдау, еске алу т.б. сияқты тәсілдерден де көрінеді.

Ал, 60-70-ші жылдардағы әдеби процессте қаламгерлердің көркемдік ізденістері көбінесе кейіпкердің жан дүниесіндігі тылсым сырлардың сырын ашуға ұмтылыстардан көрінгені белгілі. Ендеше сол ізденістер Төлен шығармаларында да өз жемісін көрсетті. Суреткер сомдаған кейіпкерлердің қай – қайсысы болмасын өзіндік мінез, сөз, ой қайшылықтарымен ерекшеленді. Сонысымен де олар оқыған адамның есінен кетпестей, жатталып қалады. Мысалы жазушының “Парасат майданы” романы адам санасында жүріп жатқан тартыстардың желісіне құрылған. Қоғамдағы сан түрлі тартыстардың сана ағымында үздіксіз тайталасқа түсіп, ой ағымындағы майданды еске түсіреді. Зұлымдық пен ізгіліктің үнемі қарама-қайшылықпен арпалысуы, адам жанын азаптап, сананы сергелдеңге салуының көрінісі. Әдебиетте адамның екіұдай халдегі сезімі, ішкі менмен тартысы М.Әуезовтің психологиялық әңгімелерінде кеңінен суреттелетін. М.Әуезов алып келген әдеби дәстүр қазіргі кезең әдебиетінде өз жалғасын табуда. Жазушы О.Бөкейдің “Мұзтау”, повесіндегі Ақтанның екіге жарылып, диалог түрінде тартысқа түсуі адам табиғатының ішкі тартысына құрылған. Жазушы Т.Әбдік “Парасат майданы” романындағы бір адамның екіге жарылып, екіұдай тартысқа түсуін өзіндік жазушылық жолмен – хат түрінде жүзеге асырған. Тартыстың хат түрінде жүзеге асуы ойдың толық әрі терең, көркем жеткізілуі – жазушы шеберлігінің өзіндік бір қыры.

Хатта француз жазушысы Шарль Бодлердің ойларынан мысал келтіріледі.

Бодлер поэзиясының ең әйгілісі – “Зұлымдық гүлі”. Кейіпкері – ішкі дүниесінің үндестігінен айрылған, көңілсіз, жалғыз адам. “Зұлымдық гүлі” – сұрақтар мен толғаныстар кітабы.

Жазушының “Парасат майданы” романындағы кейіпкері де жалғыз, ішкі дүниесінің қарама-қайшылығы мол, ой арпалысына, ой азабына түскен жан.

Ғалым Г.Пірәиева “Тағы бір тоқталар жай – Т.Әбдіковтің тілі. Оның қай туындысын алмаңыз, артық-ауыз әңгімеге, жалған сезім, жылтырауық теңеуге кездеспейсіз. Немесе, ділмарсыған кейіпкер, не автор жоқ. Мүмкіндігінше аз сөзге көп мағына сыйдыруға және әр сөзінің әйтеуір, бір рөл атқаруына аса жауапкершілікпен қарайтындығы – қаламгердің өзіндік қолтаңбасы, өзіндік әдіс – тәсілі” (5,78) десе, қазақ романдарының стилі мен типологиясын зерттеп, докторлық диссертация қорғаған ғалым М.Хамзин “Асылы, Т.Әбдіковтың барлық ірілі-ұсақты шығармаларында байқалатын жайт – автордың стильдік бедеріндегі салмақтылық, орнықтылық. Көп ретте өзге шығармаларындағы сияқты авторлық баяндау мен кейіпкер монологы жарасымда үйлесім тауып жатады” (30,30) деген пікір ұсынады.

Сөз реті келгенде айта кетер бір жайт, осы тәсіл мәселесі. Алайда біз әдебиеттану ғылымындағы әдіс-тәсілдердің түрлеріне, тіпті оның айналасындағы талас пікірлерді де жіпке тізгелі отырған жоқпыз. Бұл жерде көркем шығарма сюжеті мен кейіпкер психологиясын ашудағы жазушы ізденістеріне қатысты көркемдік ерекшеліктерге тоқталамыз.

Ғалым Г.Пірәлиеваның деректеріне сүйенсек, негізгі психологиялық шығарманың жанрлық, стильдік ерекшелігін ашатын көркемдік бейнелеу құралдарына – ішкі монолог, монолог, ойлау, қиялдау, ой-түйсік, ес, еске алу, елес, елестету, түс-сандырақ, өзін-өзі бақылау мен өзін-өзі талдау т.б. жатқызатынын көреміз.

Ендеше, Т.Әбдікұлы шығармаларында осы тәсілдердің барлығы дерлік, әсіресе монолог, ішкі монолог, ойлау, өзін-өзі бақылау мен өзін-өзі талдау сияқты тәсілдер жиі кездеседі. Мұның мәнісін жазушының өзі былай түсіндіреді.

“ - Меніңше, көп жағдайда тәсілді тақырыптың өзі анықтайды. Мәселен, философиялық шығармаларда оқиға, әрекет көп болмайды, сондықтан ішкі ой мен сезімнің өзінен драма жасауға тура келеді. Ал шынында ойдың драмасы деген ғажап нәрсе“(9).

Т.Әбдікұлы шығармаларының негізгі дені философиялық астарларға бай екенін ескерсек, бұл тәсілдердің шығарма сюжеті мен кейіпкердің жан әлемін ашып көрсетуде шешуші рол атқаратыны түсінікті. Кейіпкерді өткен күндерге, шырғалаңы мол өмір белестеріне қиял көзімен қарату (көбіне өкіну) жазушының “Әке”, “Оралу”, “Қыз Бәтіш пен Ерсейіт” повестерінде негізгі баяндау амалы болған. Соған орай естелік, ойға алу, жадыға түсіру, кешегі тірліктің жаңғырығын тыңдау жазушы қолданған тәсілдердің бірі. Осыған орай оқиға желісі негізінен бірінші жақтан, көбіне бас кейіпкердің сөзімен беріліп отырады. Мәселен “Әкеде” шығарма сюжеті бас кейіпкер Сайлаудың өткен өмір белестерін Әкесінің айтқан әңгімелерін еске түсіріп, жадыны жаңғырту арқылы берсе, “Оралуда” Әбдікәрімнің тікелей өз басынан өткен оқиғалар шығарма желісіне арқау болады. Екі шығармада да біз жоғарыда арнайы сөз еткен ретроспекция тәсілінің жемісін көреміз. Шығармадағы тарихи оқиғалар бір-екі бетте, шығармаға фон беру есебімен шолу түрінде аталып өтсе, шығарманың негізгі тінін құрайтын оқиғалар ұзағырақ, тіпті бүге-шігесіне дейін байыпталады. Мысалы, қазақ ғұрпында өлген адамды ақ жауып, арулап көмудің өзіндік жаралғылары бар. Міне, бұл жазушыға кейіпкерлер психологиясын, қазаққа тән мінез-құлықтарды ашудың обьектісі ретінде де қызмет етіп отыр. Шығарма желісінде анда-санда көрінер кейіпкерлердің де адами пендешілік қырларымен ашылар тұсы осы. Бірақ неге екені, мүмкін сол дәуірге байланысты туған атеистік көзқарасқа қатысты болды ма екен, жазушы торқалы той, топырақты өлімге байланысты туған әдет-ғұрыптарға теріс көзқараста болған. Өлікті жөнелтер алдындағы кейбір үй-ішілік тіршілікке, ислам дінімен келген шариғат заңдарына тіпті наразылық сыңай да байқалатындай. Сөзіміз делелді болуы үшін мысалға жүгінейік.

“ – Апырмай, Сейсен әулие екен, - деді молда шайын ұрттай отырып. – Көз жұмардың алдында бір сағаттай бұрын ғана үй-ішімен арыздасып, мені шақыртқан екен. Мен келген кейін-ақ, күтіп жатқандай төмендей берді.



  • Өле - өлгенше ақылынан, не сөзінен жаңылмады ғой, - деді Смағұл.

- Көзі жұмылғанша бәрімізді танып жатты.

  • Жарықтық-ай !

  • Япырай, ә ! – десті шалдар бас шайқап.

  • Қанша ауырғанда дәрмені қашып, дәреті қинап, берекені алып көрген емес қой, - деп сөзге араласты есін жия бастаған апам.

– Таза кетті ғой...Жоқ, жоқ...

- Қалай болғанда да, әйтеуір кемпірдің алдында кеткені қандай жақсы болды. Келінге қараған күн болса, не болмақшы. Кіріп-шығудың өзі ақирет қой, - деп қауіп білдірді шалдар.

Келінге қараған күннің қиын екенін делелдеу үшін әрқайсысы жеке-жеке мысалдар келтіріп, сондай күйге тап болып отырған кейбір көзі тірі шалдардың халдеріне аяныш білдіріп, оған қарағанда әкемнің мынау өлімі құдайдан тілеп алатын өлім екенін айтып, тап бір әкем өлмей қалғанда жағдайымыз қиындап кететіндей, осының бәрін сәті түскен іске әкеп тіреді”(6,60).

Бұл пікірімізді академик С.Қирабаев та тірілтеді. Ғалым жазушының көркемдік ізденістеріне реалистік тұрғыдан бағалай келіп;

... Т.Әбдіковтың әке өліміне байланысты халықтың өлікті қадірлеу салты жайлы теріс ұғымға келуі де реализмге қайшы. Ол халықтың өлімді қадірлеу салты мен діндарлық ескіліктің шекарасын айыра бермейді” (16,79), деп қорытады.

Қорытынды
Жазушы таланты адам тағдырын танып, білуден, жан сырын, характер құбылысын, талайлы-тағдыр талқысын шеберлікпен бейнелеуден байқалады. Ендеше, қазақ прозасында өзіндік мәнер-машығымен дараланған Төлен Әбдікұлының шығармашылық әлемі міне, осындай туындылардан тұрады.

“Халықпен бірге біте қайнасып тіршілік етсең ғана, адамдардың қайғысына ортақ болсаң ғана, солармен бірге қуансаң ғана жазған кітабың оқушыны толғандырады” – дейді орыстың атақты жазушысы Шолохов. Олай болса, Төленнің қайсы бір шығармасын алмайық өмірдің дәл өзінен ойып алынған шындықтар екенін көреміз.

Біз жоғарыда жазушының кейіпкер психологиясын ашудағы көркемдік ізденістеріне біраз шолу жасадық. Алайда, бұл шолу Т.Әбдікұлы туындылары туралы айтылған ең алғашқы, не болмаса соңғы сөз дегенді білдірмейді. Оның шығармашылық әлемі әлі ғылыми зерттеу нысанасына айналмағандығын жоғарыда айтып өттік.

Төлен Әбдікұлы шығармаларын талдау барысында жинақталған ой-пікірлерді қорытындылағанда мына жайттарды баса көрсетсек дейміз.

Біріншіден, Т.Әбдікұлы шығармаларының негізгі дені философиялық астарларға бай. Бұл тәсілдің шығарма сюжеті мен кейіпкердің жан әлемін ашып көрсетуде шешуші рол атқаратыны түсінікті. Кейіпкерді өткен күндерге, шырғалаңы мол өмір белестеріне қиял көзімен қарату (көбіне өкіну) жазушының “Әке”, “Оралу”, “Қыз Бәтіш пен Ерсейіт” повестерінде негізгі баяндау амалы болған. Соған орай естелік, ойға алу, жадыға түсіру, кешегі тірліктің жаңғырығын тыңдау жазушы қолданған тәсілдердің бірі. Осыған орай оқиға желісі негізінен бірінші жақтан, көбіне бас кейіпкердің сөзімен беріліп отырады. Мәселен “Әкеде” шығарма сюжеті бас кейіпкер Сайлаудың өткен өмір белестерін Әкесінің айтқан әңгімелерін еске түсіріп, жадыны жаңғырту арқылы берсе, “Оралуда” Әбдікәрімнің тікелей өз басынан өткен оқиғалар шығарма желісіне арқау болады. Екі шығармада да біз жоғарыда арнайы сөз еткен ретроспекция тәсілінің жемісін көреміз. Шығармадағы тарихи оқиғалар бір-екі бетте, шығармаға фон беру есебімен шолу түрінде аталып өтсе, шығарманың негізгі тінін құрайтын оқиғалар ұзағырақ, тіпті бүге-шігесіне дейін байпталады.

Жалпы, 60-70-ші жылдардағы әдеби процесте қаламгерлердің ізденістері көбіне ой айту, концепция түюдің түрлі формаларын табуға әкелді. Күре тамыр конфликт тереңдеп адамның жан дүниесіндегі арпалыс сырына үңілу белең алғаны белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, Т.Әбдікұлының авторлық позициясы да айқындала түседі.

Біріншіден, бұл жазушының ұлт тағдырына немқұрайды қарай алмайтынын танытса, соған орай жоғарыда өзіміз сөз еткен “Қонақтардағы” Сапабек сияқты рухани азғындауға түскен шала қазақтарға ой айту жатыр. “Әкедегі” Әке әңгімесін сарабдал ой – санасынан өткізген Сайлаудың өз өмір жолына, тіпті өз ішіне үңіле отырып жасаған топшылауларын кейінгі толқын жастарға үлгі етеді.

Екіншіден, әке әңгімесі арқылы берілетін өмір белестерінде қаншама тарихи оқиғалардың ізі жатыр. Әдебиетімізде кешеге дейін жасампаз қаһарманның жарқын бейнесін жасаймыз деп жалаулатқан, қан-сөлі жоқ жартыкеш геройларға, тіпті, бір-бірінен айнымайтын жадағай жасанды оқиғаларды баяндайтын (суреттейтін емес) кітаптарға құдайдай сеніп, имандай ұйымадық па. Ал, қазақтың талайлы тағдырының шын мәніндегі кескін-келбетін таныту тек талантты жазушының ғана маңдайына бұйыратын бақ. Ендеше, сол өмірлік шындықты өнерлік мұрат деңгейіне көтеру Төлен Әбдікұлының басты мақсатына айналған екен.

Жазушы үлкен ауқымдағы оқиғаларды әсірелеп, әспеттемей-ақ бір сарынмен тігісін жатқызып бере білген. Мәселен, “Әке” шығрмасындағы әрбір оқиға бір-бір тақырып, бірнеше повестің сюжетіне жүк болғандай. Алайда жазушы болған оқиғаның бүге-шүгесіне дейін қазбалап жатпайды. Сөзін шығындап ұзақ сонар баяндауларға да бармайды. Ұрымтал да, ұтқыр детальдармен нағыз өмірдің өзіндік өрнегін салады. Кейіпкерлері де соншалық көп емес. Қайсы бір кейіпкердің жан дүниесіне, тіпті анда-санда бір көрінер образдардың характерлеріне дейін өз бітім-болмысымен ерекшеленіп тұр. Жазушының оқиға желісін баяндауда ретроспекция (шегініс) әдісін шебер пайдаланғанын көреміз. Әрине, бұл әдістің көп жәйттардың бетін ашуға, өткен өмір белестерінің жиынтық образын көз алдыңа келтіріп, сол арқылы жаңаша бір ой түюге септігі аз емес.

Осы бір тәсілдің өзі жазушының көркемдік стилі деп аталатын қасиеттерді анықтайтын көп компонентердің біріне айналғандай. Төленнің бұл тәсілге машықтанып алғаны сондай, тіпті оны жиі, әрі сәтімен пайдаланатыны байқалады.

Белгілі ғалым Т.Есенбеков “Оқиға барысында өткенге қайта оралудың қажеті болады. Оны әдебиеттануда ретроспекция (шегініс) деп атайды. Ол авторлық баяндауды үнемді және шымыр ете алады, сол себепті творчестволық ізденісте жиі қолданылады (оқиғаның тарихы, кейіпкерлер естелігі, түсі, ойлары, автордың өткен оқиғаларға оралуы).

Ретордация (бәсеңдету) – көркем уақыттың ағымын баяулату. Табиғатты тамсана суреттеу, кейіпкер ойы мен қиялының шартараптарын кезіп өту уақытты тоқтата тұру үшін пайдаланылады” дейді (17,61).

Ендеше, осы екі тәсілді де Т.Әбдікұлының повестерінде шығарманың сюжеттік желісін ширатар компоненттердің бірі ретінде шебер пайдаланатынын байқау қиын емес.

Қорыта келгенде Төлен Әбдікұлы шығармалары қазақ әдебиеті қазынасына қосылған қомақты үлес деп білеміз. Төленнің қарымды қаламынан туған туындылары әлі талай ұрпақтың тамсана оқып, таңдай қағар шығармалары қатарында заманаларға ұласа бермек. Біз де өз кезегімізде жазушыға шығармашылық табыс тілеп, шағын зерттеу жұмысымызды тәмәмдаймыз.



Пайдаланылған әдебиеттер
1. Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері (Түс көру, бейвербалды ишараттар,заттық әлем). Алматы: Алаш, 2003.

2. Асылбекұлы С. “Қазіргі қазақ повестеріндегі заман шындығы” (1970-1989-жылдар). ф.ғ.к.ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефараты.Алматы,1997.

3. Қабдолов З. Арна. Алматы: Жазушы, 1988.

4. Ыбырайымов Б. Көркемдік көкжиегі. Алматы: Жазушы, 1981.

5. Пірәлиева Г. Ізденіс өрнектері. Әдеби сын. Зерттеу. Сұхбаттар. Алматы, 2001.

6. Әбдікұлы Т. Оң қол. Алматы: Атамұра, 2002.

7. Дәдебаев Ж. Қазіргі қазақ әдебиеті. Алматы: Қазақ университеті, 2002.

8. Рүстембекова Р. Қазіргі қазақ әңгімелері. Алматы: Жазушы, 1988.

9. Әбдікұлы Т. Рухани кемелдену – адамның өзіне-өзі үңілуінен, өзімен-өзі күресуінен. Әңгімелескен Қ.Жиенбай. Қазақ әдебиеті. 18 ақпан, 2005.

10. Сыздықов К. Ұстаздық ұлағат. Алматы, 2001

11. Әбдіков Т. Айтылмаған ақиқат. Алматы: Жалын, 1979.

12. Айтматов Ш. Ғасырдан да ұзақ күн. Алматы: Атамұра, 2005.

13. Байғұт М. Ақпандағы мысықтар. Алматы: ҚАЗақпарат, 2000.

14. Жұртбай Т. Көркем кеңістік пен уақыт және тарихи дәлел. Кітапта: Әдебиеттанудың өзекті мәселелері. Алматы: Комплекс, 2002.

15. Қирабаев С. Әдебиет дамуының жаңа кезеңі, кітапта: Уақыт және қаламгер. Алматы: Жазушы, 1975.

16. Есенбеков Т. Әдеби талдауға кіріспе. Оқу құралы. ҚарМУ, 1991.

17. 10. Кекілбайұлы Ә. Адамстанға саяхат. Егемен Қазақстан, 4 қыркүйек 2002.

18.Майтанов Б. Қазақ прозасындағы замандас бейнесі. Алматы: Ғылым, 1982.

19. Елеукенов Ш. Лениндік мұра және социалистік реализм мәселелері. Кітапта: Уақыт және қаламгер. Алматы: Жазушы, 1975.

20. Құрманғалиев Қ. Сырбаз суреткер (ЖазушыТ.Әбдіков 50 жаста). Қазақ әдебиеті 4 қыркүйек, 1992.

21. Әшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік. Алматы: Жазушы, 1993.

22. Бейсенбайұлы Ж. Америка үндістері – түрк халықтарының түп туысы. Тіл және қоғам. Альманах № 2. Астана, 2005.

23. Әбдікұлы Т. Жапон болсам жапонияны жазар ем...Т.Әбдікұлы мен сатирик К.Әмір-Бектің сұхбаты. Жас Алаш, 1 қараша, 2003.

24. Мұханбатқалиұлы Қ. Адамзат қайда барасың ? Діл газеті. 7 қараша, 2003.

25. Қирабаев С. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы, 1992.

26. Жұмаділов Қ. Соңғы көштің арқауы. Сөзстан. Алматы: Жалын, 1984.

27. Нұрғалиев Р. Телағыс. Алматы. Жазушы, 1986.

28. Қабдолов З. Әдебиет теориясының негіздері. Алматы: Мектеп, 1970.

29. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы: Қазақ университеті, 1992.

30. Хамзин М. “60-80-інші жылдардағы қазақ романының стилі мен



типологиясы” ф.ғ.д. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның Авторефараты. Алматы, 1997.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет