Байланысты: Байбархан Гүлімай Құралбайқызы Дене тәрбиесіндегі қимыл қозғалыс әрекеттеріне үйрету әдістері 3
Денсаулықты сақтау. Халық денсаулығы - ол Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі.Бүгін біз медициналық қызметке нәтижелерге бағдарланған қаржыландыру мен ақы төлеу жүйесін енгізуді дайындаудамыз. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тиімді жүйесі үшін барлық қажетті базалық жағдайларды жасадық.Дәрілердің 50%-ы біздің елімізде шығарылатын болады.Білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік кәсіпорындардың қызмет мәселелері жөніндегі республиканың заңнамалық актілеріне түзетулер енгізуді жеделдету қажет.Саламатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігі қағидаты - міне, осылар денсаулық саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс. 2021 жылғы Азия ойындары үшін біз дайындап жатқан спорттық инфрақұрылымдар өңірлерді Астана мен Алматыдан қалып қоймауға итермелей отырып, бұқаралық дене шынықтыру-спорттық қозғалысын дамыту үшін қажетті алғышарттар жасайтын болады.Туризм және спорт министрлігі әкімдермен бірге елде бұқаралық спортты дамыту үшін бірлескен іс-шараларды анықтап, оларды нақты іске айналдыруы тиіс.30%-ға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы керек.Осындай жағдайда ғана біз дамуды көре аламыз.Бұл бүкіл Үкіметтің міндеті де [28]. Денсаулық сақтау нысандарын салу және жабдықтау, кадрларды даярлау, саламатты өмір салты жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені 2025 жылға қарай ана мен бала өлімін екі есе төмендетіп, жалпы өлімді 30%-ға азайтып, туберкулезбен ауруды 20%-ға қысқартуы тиіс. Бұл ретте өмір сүрудің күтілетін ұзақтығы 72 жасқа дейін ұлғаяды. Осынау құрғақ сандардың артында біздің азаматтарымыздың аман алып қалынған мыңдаған өмірлері тұр. Бұл өте маңызды мақсат. Біз оған міндетті түрде қол жеткізуіміз керек!
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет басшысы мен үкімет бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың денсаулығына, дене мәдениетінің қалыптасуына, дене сапаларының үнемі дамытуға дене мәдениетінен білім алуды одан әрі жетілдіруге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үгіт насихат жұмыстарын жүргізу арқылы көңіл бөле бастады. Соған орай мемлекетте дене мәдениеті және спортты дамытуға және жетілдіруге байланысты бірнеше Қаулылар, Жарлықтар, Заңдар, нұсқаулар қабылданды. Соның бір айғағы ретінде Президенттік тест нормативтерін атап көрсетуге болады.
Біздің тәжірибелік-эксперименттік зерттеу жұмысымызды жүргізген аймақ Оңтүстік өңірі болғандықтан, осы өңірдегі жалпы білім беретін мектептердегі оқушыларда дене мәдениетін қалыптастырудың қал-жағдайын зерделеуді жөн санадық.
Оңтүстік Қазақстан өңірі жағдайында тұратын мектеп оқушыларына дене мәдениетінен білім берудің теориялық және ғылыми-әдістемелік негізі, жүйелілік принципіне тоқталайық. Оңтүстік Қазақстан өңірінің апатты жағдайында тұратын мектеп оқушыларына дене мәдениетінен білім берудің үйлесімді үлгілерін өңдеп, дайындау типтік бағдарлама талаптарымен Президент тесті кепілдемелері есепке алынып іске асырылуда. Үлгінің негізінде құрылымы, мазмұны және технологиялары жағынан сипатталатын қызмет алгоритмі қаланған. Сонымен бірге, дене мәдениетінен білім беру үрдісін жетілдіруге әсерін тигізетін аймақтық компонент міндетті түрде ескеріледі.
Бастапқы сатысында Оңтүстік Қазақстан өңірінің аймақтық ерекшеліктері ескерілетін оқу бағдарламасы жасалынды:
температураның және ауа қысымының кенеттен құлдилауы;
жарық режимінің ерекшеліктері;
қалалық мектеп оқушылары үшін гиподинамия және гипокинезия;
табиғи орта әсеріне мектеп оқушылары ағзасының функционалдық қызметіндегі ұзақ уақытқа созылған өзгерістері.
Бұл бағдарламаның мазмұнын іске асыру үшін біздердің өңдеп дайындаған технологиямыз мыналарға негізделген:
а) оқу үдерісінің биоырғақтылығын есепке алу (маусымдық биоырғақтылық, жарықтық режімнің ерекшеліктері);
б) дене мәдениетінен білім беру деңгейін интегративті бағалау;
в) қозғалыс белсенділігін арттыру және аурудан сақтандырудың ұйымдастыру-әдістемелік тәсілдері (гиподинамия, гипокинез және Оңтүстік Қазақстан өңірі үшін тән, созылмалы аурулар).
Осындай бейнеде өңдеп дайындалған педагогикалық технология Оңтүстік Қазақстан аймағы үшін бейімделген, жалпы орта мектеп оқушыларында дене мәдениетін қалыптастыруға, жетілдіруге бейімделіп бағытталған. Бұл концепция аймақтық бағдарламаның және авторлық технологияның мазмұнының іске асырылуын біріктіреді, соңғы қорытындыда Оңтүстік Қазақстан өңірі жалпы орта мектеп оқушыларының дене мәдениетін нығайтуға және жетілдіруге мүмкіндік туғызуға бағытталған дене мәдениетінен білім беруді жетілдіру тетігін (механизмін) ашады.
Қазақстанның оңтүстік өңірі жалпы орта мектеп оқушыларына дене мәдениетінен білім берудің педагогикалық үлгісін жүзеге асырудың алгоритмі өзіне мына төмендегі бірнеше жүйелі сатыларын ендіреді:
1. Дайындық сатысы – Қазақстанның оңтүстік өңірінде жалпы орта мектеп оқушыларына дене мәдениетінен білім берудің аймақтық оқу бағдарламасын өңдеп дайындау [29].
Бағдарламаның мазмұны келесі ұстанымдары ескеріліп анықталды: аймақтық, биоритмологиялық және валеологиялық.
Қоршаған орта температурасының ерекшелігіне, сонымен бірге осы себептерге байланысты барлық оқу жылы барысында жеңіл атлетикадан немесе мысалы, қысқы айларда (мезгілдерде) шаңғы спортынан сабақ өткізуді жоспарлауға мүмкіндіктердің бола бермеуіне байланысты гипокинезия (табиғи қозғалыстың жетіспеуі) жиі байқалады.
Қозғалыстың биологиялық қажеттілігін орнына толтыру үшін Оңтүстік өңірдің жалпы орта мектеп оқушыларының аймақтық бағдарламасының мазмұнына келесі оқу материалдары кіргізіледі: бастауыш сыныптары оқушылары үшін - 90%, негізгі мектеп оқушылары үшін - 60% қозғалыс-қимыл және спорттық ойындар, кешенді эстафеталар мен жеңіл атлетикалық жаттығулары. Аймақтық бағдарламаның теориялық мазмұнына Оңтүстік Қазақстан өңірінің ауа райы географиялық жағдайындағы қолайлы тіршілік әрекеті үшін мектеп оқушыларының жеке валеологиялық бейнесін қалыптастыру, шамадан артық жүктеме жағдайында балалардың психолгиялық орнықтылығын сүйемелдеумен байланысты білім мен біліктілік кіргізілген.
Оқушыларға дене мәдениетінен білім берілуін ұйымдастыру түрлері дәстүрлі болды, яғни сыныптық-сабақтық, сыныптан тыс (спорттық секциялар, спорттық-көпшілік және сауықтыру шаралары), туристік жорықтар, үй тапсырмалары, жеке және топпен өткізілетін дене тәрбиесі сабақтары. Біздің дайындаған бағдарламадағы тәрбие үрдісінің маңызды элементі өзін-өзі тәрбиелеу болып табылады, яғни соның есебінен оқушыларда дене мәдениетінен өзіне-өзі білім беру арқылы өзінің жеке дене дайындығы деңгейін жетілдіру үшін саналы түрде ұғыну және мақсатқа жетуге бағытталған еңбегі жүреді.
2.Қайта құру сатысы оқу үдерісін биологиялық ырғаққа келтіру (биоритмизация) сипатына негізделген, мазмұнына педагогикалық технология кірген аймақтық оқу бағдарламасын мақұлдап қабылдаумен тұжырымдалады. Оңтүстік өлкенің биоырғақтылығы ескеріліп, сонымен бірге жазғы демалыстан қайтқан мектеп оқушыларының ағзаларының бейімделу үдерістеріне байланысты оқу тоқсандары кезеңдерге қатысты белгіленген оқу үдерісінің құрылымы жасалған:
1-ші тоқсан - “алдын-ала тексерілетін”
2-ші тоқсан - “негізгі”
3-ші тоқсан - “нығайтатын”
4-ші тоқсан - “қорытынды” кезеңдері.
Биоырғақтылық кезеңдерінің мазмұны келесі міндеттермен анықталған:
1-ші тоқсан – мектеп оқушылары ағзасының жазғы демалыстан қайтуы бойынша қайта бейімделуі (балалар басқа өмір бейнесін бастан өткізген, қалалықтар ауылдық жерлерге, жазғы саябақтарға, демалыс лагерлеріне барады, ауыл балалары қалаларда тұратын туыстарын аралайды);
2-ші тоқсан – оқушылардың қозғалыс көрсеткіштерінің қалыпты деңгейіне “тартылуы” (жазғы демалыстан келгеннен кейін оқушылардың дене дайындығы көрсеткіштерінің төмендеуі немесе елеусіз өскені байқалады);
3-ші тоқсан – яғни, қысқы мезгіл айларында мектеп оқушыларының дене дайындығы жағдайын сүйемелдеу (қозғалыс-қимыл көрсеткіштерінің төмендеуі байқалады);
4-ші тоқсан – қозғалыс қабілеттері көрсеткіштерін арттыру.
Оқу үдерісінің нәтижелерін бақылау сабақтары барысында (ағымдағы), сызықтық айлар (сызықтық бағытымен), тоқсандық (шекаралық) және оқу жылы (қорытынды) бойынша жүзеге асырылып отырылады.