Құдайға орынбасар боп?! (Дүние ғапыл, 95-96 бб.). деген өлең жолдарында Құдай, жаратушыконцептісі – «орынбасар» сөзімен байланысу арқылы окказионализм болып тұр. Қаламгер танымы негізінде адамның санасы, ақыл-ойы арқылы танылатын тылсым, құдіретті күштің орынбасары болатынын осы өлең жолдарынан аталмыш автордың суреттеуі арқылы беріледі.
Жеке адамның шығармашылық санасы арқылы танылған эстетикалық форманың тілдік көрінісі күрделі біртұтас құрылым болып табылады. Дүниенің тілдік моделін бейнелейтін тілдік ақпарат жүйесінде дара тұлғаның ақиқат дүниеге қарым-қатынасы танылады. Тіл мен жеке адамның ойсанасының байланысы арқылы осындай окказионализмдер пайда болады.
Когнитивті лингвистиканың ең құнды бірлігінің бірі – фрейм. Фрейм арқылы адам жадындағы ақпарат ассоциацияланады. Ассоциацияланған ақпараттар тілдік бірліктер арқылы ғана көрінеді, адам санасындағы әлемнің тілдік бейнесін бейнелейді.
Адам белгілі бір жаңа затқа атау беруде өз жадындағы сол затқа қатысты нақты бейнелердің ерекшеліктерін, қасиеттерін, ерекше сипаттарын еске түсіре бастайды. Затқа немесе құбылысқа берілген атау адам санасындағы ақпараттар нәтижесінде жүзеге асады. Сол себепті фреймдер ақпараттар шоғырланған ұяшықтардан тұрады.
Шетелдік ғалымдардың пікірінше, «фреймдер – белгілі бір концепт төңірегінде ұйымдасқан бірліктер» [20.155 б].
Фреймдер, оның құрылымдық сипаты қазіргі таңда әр түрлі бағытта қарастырылып жүр. Когнитивті тұрғыдан фреймдер адам санасындағы деректерді жинақтайтын, реттеп отыратын құрылым ретінде қарастырылады.
Мысалы: «Е, жоғалған пышақтың сабы алтын...». (Үркер. 32-б.).
Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде (І.Кеңесбаев. Алматы,1977) пышақтың сабы алтын тіркесін кездестірмедік. Пышақ сөзін пайдалана отырып, жасалынған тіркестер бар. Мысалы: пышақ кескендей, пышаққа жарайтыны, пышаққа түскір, пышақ қыры т.с.с. Пышақтың сабы алтын тіркесі абстракты ұғымымен ұқсастық нәтижесінде негізгі фреймге ауысып отыр. Негізгі фрейм – жаңа нысан болып табылады.
Біздің пайымдауымызша, мәнмәтіндегі тіркес автордың шеберлігімен туындаған тіркес. Мәтіндегі мағынасын талдайтын болсақ, өкіну, өкініш әрекетіндегі ақпарат беру негізінде туған тіркес. Өткен өмірді аңсау, яғни адам іс-әрекетінің негізінде шығарманың кейіпкерлерін сөйлету мақсатында туған тіркес.
Жазушының таным ерекшелігі мен болмысын ішкі көркемдік әлемін бейнелейтін окказионализмдерден байқауымызға болады. Мысалы: Құр-бедеу қу мойнақ мініп құтырғаны, Жаз шықты-ақ жауға айбар шекті жытырымдағы. Ұтам деп ұтылып қапты ұпайлы тұста, Билігі бір Алланың ұтырындағы (Дүние ғапыл, 108 б.) Қаламгер бұл өлең шумақтарында кездесетін Алланың ұтыры окказионал қолданысы арқылы діни дәстүрдің сабақтастығын оқырман қауымға әсерлі етіп жеткізіп отыр. Мұндағы окказионализмнен халық пен бағзы заманнан жасасып келе жатқан мәдениеттің бастамасын көруімізге болады. Яғни адамзаттың тіршілігі бір Алланың бұйрығымен болатынын окказионалдық қолданыс арқылы бейнелеп отыр. Мәнмәтіндегі окказионал қолданыста Алланың бұйрығы, соған көну, оны тағдыр деп қабылдау адам баласының ісі екені айтылған. Ә.Кекілбаевтың жеке қолданысындағы Алланың ұтырындағы тіркесі мақсат фрейм болып табылады. Мақсат фреймге Аллаға ұтырмен байланысты санадағы нысанның көркемдік бейнесі ақпараты алланың құдыретін бейнелеу үшін ауысып отыр. Бұл жеке қолданыстағы тіркес арқылы халық болмысын, санасын, тарих жадында сақталып, атадан балаға дарып келе жатқан рухани-мәдени мұрасын автордың танымы арқылы көріп отырмыз.
Қай халықтың болмасын дүниетаным болмысында діни сенімнің алатын орны айрықша екені мәлім. Сондықтан тіл мен дін өзара тығыз байланыста. Діни факторлардың халықтың діні мен мінез-құлқына тигізген әсер-ықпалы өте зор. Ал бұл құбылыстар өз кезегінде тілден көрініс табады. Өзге тілдер сияқты қазақ тілінің де лексикалық қорын байытуға осындай окказионал сөздердің ықпалы бар деп білеміз.
Ғалымдардың көрсетуінше, синтаксистік фрейм «атау+етістік» құрылымына негізделеді.
Мысалы: Күн көзі қазір мейірлі. Қарашаның қара суығының алдында аз күн күле қарап иман жимақ [21, 6 т., 629 б].
Жазушы есім сөз бен етістікті байланыстыра отырып, бір ұғымға атау берген. Тыныштық сақтау, сабырлыққа келу ұғымына жазушы синтаксистік фреймде өзіндік атау берген. Бұл қолданыс сөйлемде баяндауыш қызметін атқарып тұр деп түсінеміз.
Тақырыптық фрейм қоршаған ортаның белгілі бір әрекетпен және портреттік бейнесімен байланысуы арқылы да көрініс табады.
Ә.Кекілбаев өз шығармаларына тақырып беруде де өзіндік танымдық тұрғыдан келген. Мәселен, аңшылар жайлы әңгіменің тақырыбы – Жүндібарақ.