Мың қол, мың аяқтың әр аттағаны, әр қимылы бұның көзінен таса, ал бұның әр қимыл, әр аттағаны мыңның көзінде («Аңыздың ақыры»,177- бет).
Былтыр бадырақ көз бас уәзірден тапсырма алды да, кірісіп кетті («Аңыздың ақыры»,205- бет).
Бір уақыттарда шалғы түскен ұүрақтай жағалай жапырылып жатқан ала тақиялар, сеңсең бөріктер, тығырық бөріктер, жалбағайлар, ақ сәлделер де таусылды («Аңыздың ақыры»,160- бет).
Қорыта келгенде айтарымыз Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» шығармасын талдау барысында 6 метонимия, 6 синекдоха табылды.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ тіл білімінде өзекті мәселелерді зерделеу, қазақтың рухани мұраларын танымдық деңгейде сипаттау, ұлттық мәдениетпен байланыстыра қарастыру сияқты міндеттер қойылды. Әрбір халықтың рухани мұрасының құндылығы сол ұлттың эстетикалық, көркемдік деңгейімен өлшенбек. Ә.Кекілбаев шығармашылығын арнайы сөз еткенде, осынау тау тұлғаның сөз шеберлігін оқырманға таныту арқылы бүкіл қазақ халқының танымын, ұлттық болмысын, мәдениетін, тілі мен әдебиетін терең түйсінуге, жанжақты тануға мүмкіндік аламыз. Көркем ойлау қабілеті жоғары, өзіндік қолтаңбасы, дискурсы қалыптасқан, әдеби тіл тарихында өзіндік орны бар тіл иесіне тілдік тұлға мәртебесін беру лайықты деп есептейміз. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», сөз құдіретін түсінген тіл тұтынушысы ғана Тілдік тұлға феноменіне айнала алады.
Ұлттық мүддеге, өз халқының саяси-экономикалық және мәдени өрлеуіне қалтқысыз қызмет еткен ұлттың зиялы қауым өкілі – Әбіш
Кекілбаев.
Ә.Кекілбаев – «әдеби тілдің барлық мүмкіндіктерін еркін пайдалана алатын, сонымен қатар тілді қолдануға шығармашылық тұрғыдан келетін, тіл мәдениетінің барлық нормаларын игерген» элиталық тұлға.
Осы орайда жазушының тілдік тұлғасын айқындайтын негізгі көрсеткіш – көркем мәтіндегі авторға тән қолданыстарды оның шеберлігі арқылы пайда болған тілдік бірліктер ретінде талдап-таразылау қажеттігі даусыз. Автордың өзіндік «тілмен» өзгеше өңдеуден өткен тілдік бірліктерінің бірі – индивидуалды авторлық қолданыстар. Ақиқат дүниенің тілдік болмысын танытуда Ә.Кекілбаевтың шығармашылығы негізінде жазушының тілдік тұлғасын сипаттайтын соны қолданыстарға арнайы тоқталдық.Мұндай окказионалдық бірліктер жаңа концептуалды мазмұнда өзіндік түр-сипатымен, тың бояуымен өзгешеленеді, ұлт болмысының ерекшеліктерін ажарландыра түседі.
Ғалымдардың пікірлерін саралай келіп, авторлық қолданыстардың мынадай ерекшеліктерін көрсетуге болады:
− жеке авторға тән болуы;
− мәнмәтінге байланыстылығы;
− мәнмәтінде белгілі бір қызмет атқарады;
− түсіндірме сөздіктерде кездеспейді;
− тіл заңдылықтарына үйлесіп те, үйлеспей де келеді;
− тілге ену қабілеті шектеулі;
− жаңашылдығы;
− белгілі бір әдеби-эстетикалық, идеялық мақсатты көздеуден туған стильдік құбылыс.
Сонымен, жоғарыда берілген ерекшеліктерді негізге ала отырып, авторлық қолданыстар дегеніміз – стильдік мақсатпен туындайтын, әдеби тілімізге кіру қабілеті шектеулі, мағынасы жағынан мәнмәтінге байлаулы, жасалуы жағынан тіл заңдылықтарына үйлесе де, үйлеспей де келетін, үнемі жаңашылдығымен ерекшеленетін, белгілі бір әдеби-эстетикалық, идеялық мақсатты көздеуден туған авторлық қолданыстар.
Жазушы шығармасындағы авторлық қолданыстардың әр алуандығы жұмыстың барысында нақты деректер мен мысалдар арқылы талданды. Қаламгердің қаламынан шыққан аворлық қолданыстарды, өзіндік ерекшелігін айқындау арқылы ана тіліміздің де қаншалықты байи түсетіндігіне көз жеткізуге болады. Жазушының қазақ тілінің байлығын ұтымды пайдаланудағы, байыта түсудегі, окказионал сөздердің қолдану аясын, оның стильдік қызметін кеңейтудегі еңбегі орасан зор.
Ә.Кекілбаевтың өзге қаламгерлерден ерекшелігі – тамыры терең тілдік қабаттар мен өзіндік жеке қолданыстар арқылы белгілі бір ұғымға немесе түсінікке атау берумен қатар мәнмәтін арқылы кез келген құбылысты әсерлі суреттей білуі.
Ә.Кекілбаев шығармаларындағы авторлық қолданыстардың тілдік табиғаты мен стильдік қызметіне талдау жасай отырып, тіліміздің баюына окказионализмдердің де септігі бар екенін дәлелдеуге тырыстық.
Суреткер халықтың салт-санасын, әдет-ғұрпын, дәстүрін өз туындыларында айшықты тіл бедерімен бейнелеген. Оның өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, әдеби тілді байытудағы қызметі айрықша. Ә.Кекілбаевтың кез келген туындысы қоғамның, өмірдің қам-қарекетін айқын суреттейді, сол үшін авторлық қолданыстардың мағыналық қырларын, стильдік қызметін арттыра түскендігі байқалды.
Жазушы туындыларында окказионализмдер мәнмәтінде жаңа ұғым немесе атау болғанымен, оқырман қауымға беретін әсері мол. Себебі, авторлық ерекшеліктер жазушының шеберлігімен эмоционалды-экспрессивті негізде жасалған деген түйін жасадық.
Авторлық қолданыстар мәнмәтінге тәуелділігімен қатар, тілдік нормадан ауытқу салдарынан құралғанымен, стилистикалық норманың талаптарына жауап береді және көркем әдебиетке қатысты ғылымитеориялық негіздерді қалыптастыруға ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, Әбіш Кекілбаев тілдік тұлғасының ерекшелігі индивидуалды дүние бейнесін айшықтайтын жеке авторлық қолданыстардың танымдық мәні мен лингвомәдени сипаты ашып көрсетілді, сондай-ақ поэтикалық ойлау жүйесін сипаттайтын көріктеу құралдарының вербалдысемантикалық деңгейде қызмет ету ерекшеліктері де дәйектелді.
Авторлық қолданыстар – жеке автордың таным-түсінігімен тікелей байланысты пайда болып, сол қаламгердің өзіндік жазу мәнерін, дискурстық әлеуетін танытатын тілдік ерекшеліктер.
Ә.Кекілбаев тілдік тұлғасының табиғатын ашып, қаламгерлік қабілетін, тілдік шеберлігін танытатын оның рухани мұрасының ұлттық мазмұны мен көркем де бай тілі. Оның арқауы – тың сөз қолданыстары, көріктеу құралдары, этномәдени лексика, фразеологиялық тіркестер, афоризмдік сөз үлгілері, т.т.