§4. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ ЖЕДЕЛ-ІЗДЕСТІРУ ӘРЕКЕТТЕРІН ЖҮРГІЗУДІҢ ШАРТТАРЫ
Жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу шарттары – жедел-іздестіру әрекеттерін бұлтартпай орындау заң шығарушы нақ бір жедел-іздестіру әрекетін әзірлеуге және жүзеге асыруға жағдай жасайды, олар жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу кезінде олардың тиімділігін арттыруға және жедел-іздестіру қызметі қағидаларының сақталуын кепілдеуге шақырылған жедел-іздестіру заңдарымен белгіленген арнайы ережелер. Бұл шарттар жеке адамның мүдделерін қылмыстылыққа тиімді қарсылық көрсетуге мүдделі қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктерімен теңестіруге бағытталған.
Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңның 12 бабына сәйкес жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу шарттары келесідей:
адамдардың азаматтығы, жынысы, ұлты, тұрғылықты жері, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, қандай қоғамдық бірлестіктерге жататындығы, дінге қатынасы мен саяси сенімі, егер заңмен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының аумағында оларға қатысты жедел-іздестіру әрекетерін жүргізуге кедергі бола алмайды;
жалпы жедел-іздестіру әрекеттерін өздеріне жүктелген міндеттерге сәйкес жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдар жүргізеді және бұл шаралар олардың құзыреті шегінде шектеледі. Ішкі істер органдары жалпы жедел-іздестіру әрекеттерін Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде, қылмыстық-атқару жүйесі уәкілетті органының немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімі бойынша жүзеге асыруға құқылы;
арнаулы жедел-іздестіру әрекеттері олар көбінесе жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қозғайтын болғандықтан, түрлері, көлемі және субъектілері бойынша шектеліп отырып жүзеге асырылады. Атап айтсақ:
- жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың барлығы арнаулы жедел-іздестіру әрекеттерін толық көлемде жүзеге асырмайды:
а) ішкі істер, Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі және қаржы полициясы – сотталғандардың хат-хабарларын цензуралау; посылка және бандероль түрінде пошта жөнелтілімдеріне бақылау жасау; бейне-, аудиотехниканы немесе өзге де арнаулы техникалық құралдарды пайдалана отырып, сөздерді жасырын тыңдау және жазып алу, телефондар және басқа да сөйлесу құрылғылары арқылы жүргізілетін сөлесулерді тыңдау және жазып алу, сондай-ақ телефон арқылы жүргізілетін сөйлесулер туралы мәліметтер алу; компьютер жүйелерінен және өзге техникалық құралдардан хабарламалар алып тастау; байқау, соның ішінде арнаулы техникалық құралдарды (дыбыс-, бейнежазбаларды, кино-, суреттүсірілімдерін және басқа техникалық құралдарды), жеке адамның өміріне, денсаулығына және айналадағы ортаға зиянын тигізбейтін заттарды және материалдарды пайдалана отырып байқау; тұрғын және басқа жайларға, үйлерге, ғимараттарға, жер учаскелеріне, көлік және өзге техникалық құралдарға кіру және оларды тексеру;
б) ұлттық қауіпсіздік органдары - пошта жөнелтілімдерін бақылау; байланыс желілеріндегі жедел іздеу; бейне-, аудиотехниканы немесе өзге де арнаулы техникалық құралдарды пайдалана отырып, сөздерді жасырын тыңдау және жазып алу, телефондар және басқа да сөйлесу құрылғылары арқылы жүргізілетін сөлесулерді тыңдау және жазып алу, сондай-ақ телефон арқылы жүргізілетін сөйлесулер туралы мәліметтер алу; байланыстың техникалық арналарынан, компьютер жүйелерінен және өзге техникалық құралдардан хабарламалар алып тастау; байқау, соның ішінде арнаулы техникалық құралдарды (дыбыс-, бейнежазбаларды, кино-, суреттүсірілімдерін және басқа техникалық құралдарды), жеке адамның өміріне, денсаулығына және айналадағы ортаға зиянын тигізбейтін заттарды және материалдарды пайдалана отырып байқау; тұрғын және басқа жайларға, үйлерге, ғимараттарға, жер учаскелеріне, көлік және өзге техникалық құралдарға кіру және оларды тексеру;
в) жедел қаматамасыз ету объектілерінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлауы мен Президентінің Күзет қызметі - байқау, соның ішінде арнаулы техникалық құралдарды (дыбыс-, бейнежазбаларды, кино-, суреттүсірілімдерін және басқа техникалық құралдарды), жеке адамның өміріне, денсаулығына және айналадағы ортаға зиянын тигізбейтін заттарды және материалдарды пайдалана отырып байқау; тұрғын және басқа жайларға, үйлерге, ғимараттарға, жер учаскелеріне, көлік және өзге техникалық құралдарға кіру және оларды тексеру жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізеді; бейне-, аудиотехниканы немесе өзге де арнаулы техникалық құралдарды пайдалана отырып, сөздерді жасырын тыңдау және жазып алу, телефондар және басқа да сөйлесу құрылғылары арқылы жүргізілетін сөлесулерді тыңдау және жазып алу, сондай-ақ телефон арқылы жүргізілетін сөйлесулер туралы мәліметтер алу; байланыстың техникалық арналарынан, компьютер жүйелерінен және өзге техникалық құралдардан хабарламалар алып тастау ісін жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының ішкі істер, Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі, Ұлттық қауіпсіздік органдары, Қорғаныс министрлігінің әскери барлау, қаржы полициясы мен Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі қажет болған жағдайда арнаулы жедел-іздестіру әрекеттерін ұйымдастыру мен жүргізуде өзара жәрдемдесуге міндетті.
Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың міндеттерді шешу мүддесіне орай телекоммуникациялар желілері мен байланыстың пошта арналарын пайдалануына орай арнаулы жедел-іздестіру әрекеттерін техникалық жағынан Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік органдары жүзеге асырады, бұл үшін оларға қажетті күштер мен қаржы бөлінеді.
Заңмен қорғалатын жеке өмірге тиіспеушілік, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, телеграф хабарлары мен пошта жөнелтілімдері құпиясын, сондай-ақ тұрғын үйді қол сұғудан қорғау құқығын қозғайтын арнайы жедел-іздестіру әрекеттері тек ауыр және аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ қылмысты топтар әзірлеп жатқан және жасаған қылмыстарды анықтау, алдын алу және ашу үшін прокурордың рұқсатымен ғана жүзеге асырылады. Мұндай әрекеттерді жүргезуге рұқсатты жедел-іздестіру қызметін жүргізуші органдардың қаулысы бойынша Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары, республикалық әскери прокуроры, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар береді. Бұл жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуге рұқсат алу кезінде прокурорға жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдармен құпия негізде қызмет жасаушы немесе қызмет жасаған азаматтардың жеке басы туралы мағлұматтар құпиясын ашуға мүмкіндік бермейтін нысанда және мазмұнда оларды жүргізуге негіздеме материалдар тапсырылады.
Жоғарыда аталған арнаулы жедел-іздестіру әрекеттерін жүзеге асырудың ерекше жағдайлары көзделген:
а) Бас Прокурормен келісілген тәртіпте;
б) жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізгеннен кейін 24 сағат ішінде міндетті түрде прокурорды хабардар ете отырып;
в) прокурорды хабардар ете отырып және оларды жүзеге асырғаннан соң 24 сағат ішінде рұқсат алумен.
Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шет мемлекеттер мен шетел ұйымдарының арнаулы қызметтерінің, сондай-ақ терроризмнің барлау-бүлдіру мақсатында қол сұғушылықтарын анықтау, алдын алу және болдырмау мақсатында тек қана барлау хабарламасын алу үшін заңмен қорғалатын жеке өмірге тиіспеушілік, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, телеграф хабарлары мен пошта жөнелтілімдері құпиясын, сондай-ақ тұрғын үйді қол сұғудан қорғау құқығын қозғайтын арнайы жедел-іздестіру әрекеттері Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісілген тәртіппен жүзеге асыруы мүмкін.
Жекелеген адамдардың өміріне, денсаулығына, меншігіне қауіп төнген жағдайда олардың өтініші немесе жазбаша келісімі бойынша жедел-іздестіру қызметін жүргізуші орган басшысы бекіткен қаулы негізінде, 24 сағаттың ішінде міндетті түрде прокурорды хабардар ете отырып, олардың телефондарынан немесе басқа да сөйлесу құрылғыларынан жүргізілгенсөйлесулерді тыңдауға және жазып алуға рұқсат етіледі.
Кейінге қалдыруға болмайтын және террористік әрекет бүлдіру және басқа да ауыр қылмыстар жасауға әкеліп соғуы мүмкін жағдайларда жедел-іздестіру қызметін жүргізуші тиісті орган басшылары бірінің дәлелді қаулысы негізінде прокурорды хабардар ету және соңынан 24 сағат ішінде рұқсат алу арқылы заңмен қорғалатын жеке өмірге тиіспеушілік, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, телеграф хабарлары мен пошта жөнелтілімдері құпиясын, сондай-ақ тұрғын үйді қол сұғудан қорғау құқығын қозғайтын арнайы жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуге жол беріледі.
Заң шығарушы өзге шарттарды қарастырмайды, сондықтан келтірілген шарттар тізімі түпкілікті болып келеді.
Жасырын жедел-іздестіру әрекеттерін ұйымдастыру және оларды жүргізу тактикасы 1995 жылғы 15 наурыздағы «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы негізінде Қазақсатн Республикасының Үкіметі бекітетін құпияландыруға жататын мағлұматтар тізбесіне сәйкес қызметтік, әскери және мемлекеттік құпияны құрауы мүмкін. Мемлекеттік құпия дегеніміз тиімді әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, сыртқы саяси, барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру және өзге қызметті жүзеге асыру мақсатында таратылуы мемлекетпен шектелген, мемлекеттік және қызметтік құпияны құрайтын, жалпы танылған халықаралық құқық нормаларына қайшы келмейтін мемлекетпен қорғалатын мәліметтер (1999 жылғы 15 наурыздағы №349-I «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 1 бабы).
§5. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ ЖАРИЯ ЖӘНЕ ЖАСЫРЫН ЖЕДЕЛ-ІЗДЕСТІРУ ӘРЕКЕТТЕРІН ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында қоғамның экономикалық және әлеуметтік дамуындағы, халықтың өмір сүру деңгейін көтерудегі міндеттері белсенді түрде шешілуде, құқықтық тәртіпті қорғау, соның ішінде түрлі құқықбұзушылықтармен және қылмыстармен күресу саласындағы саясат орнығу үстінде. Осы міндетерді шешу үшін заңшығарушы, атқарушы және сот органдары тарапынан ұйымдастырушылық, әлеуметтік-экономикалық, тәрбиелік, құқықтық сипаттағы әрекеттер кешені жүзеге асырылады.
В. Плетневтің айтуынша, «құқық қорғау органы – Жедел-іздестіру қызметінің субъектілерінің құзырына жатқызылған тәртіп, қоғамдық қауіпсіздікті қорғауды және қылмыстылықпен күресті қамтамасыз етудің жалпы мәселелерін шеше отырып, маңызды міндеттердің қатарынан түрлі құқықбұзушылықтардың, соның ішінде криминалдық сипаттағы құқықбұзушылықтардың алдын алу бірінші орынға жылжиды».21
Жедел-іздестіру органдары қызметкерлерінің қылмыстардың алдын алуға байланысты міндеттерін шешу мақсатында мынадай негізгі бағыттарда жүзеге асырылады:
тиісті құрылымдық бөлімшелерді анықтау және құру, оларды өкілеттіктермен қамтамасыз ету. Мысалы, қазіргі кезде ауылдық жерлерде мал ұрлау көбейіп кеткен. Бұл криминалдық әрекеттермен күрес үшін аумақтарда арнайы жедел-іздестіруші топтар жергілікті халықтың көмегімен жағымды нәтижелер алған;
территорияларды, аумақтарды, объектілерді, қызметтің жеке салаларын, жолдарын жедел қамтамасыз етілуін рационалды түрде ұйымдастыру;
жедел-іздестіру қызметінің жария және жасырын қайнар көздерін, күштерін, құралдарын, әдістерін, нысандары мен жолдарын қолдану арқылы жедел ақпараттарды іздестіруді тиімді ұйымдастыру; оны сапалы тексеру және негізді шешімдер қабылдау;
қылмыс жасауға әсер ететін мән-жайларды анықтау және жою;
құқыққа қайшы қылықтарға жақын келетін тұлғаларды анықтау және олармен жеке тәрбиелік жұмыстар жүргізу;
қылмыс жасауға дайындалып жатқан тұлғаларды анықтау, қылмыстардың алдын алуға шаралар қабылдау және т.б.22
Жария және жасырын жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуді қарастыруда біз жоғарыда аталған жария және жасырын жедел-іздестіру әрекеттерінің барлығын қарастырмаймыз. Оның ішіндегі кең танымал жедел-іздестіру әрекеттерін қарастырамыз. Алдымен жария да, жасырын да жедел-іздестіру әрекеттері бола алатын жедел-іздестіру әрекеттерін қарастырайық. Олардың ішінде азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алу; мекемелердің, кәсіпорындардың және ұйымдардың (олардың бағыныстылығына және меншік нысандарына қарамастан) есептері бойынша анықтамалар мен тексерулер жүргізу; зерттеу үшін үлгілер мен сынамаларды іріктеп алу; бақылау үшін сатып алу.
Азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алу. Азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алу – жедел уәкілдінің немесе оның тапсырмасымен өзге тұлғаның жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар адамдар, фактілер және мән-жайлар туралы мәлім болуы мүмкін адаммен тікелей сұхбаттасу кезінде ақпарат жинаудан (табудан) тұратын жедел-іздестіру әрекеті.
Бұл жедел-іздестіру әрекеті іздеу, барлау сипатына ие және жедел уәкілдінің алдына қойылған міндеттерді шешу үшін маңызы бар жасырылған немесе жасырын ақпаратты табуға бағытталған.
Сұхбаттасу нысаны ретінде азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алу құпия да, ашық та сұралып жатқан мен сұрап жатқанды тікелей көріп қабылдау арқылы да, олсыз да – техникалық құралдарды (мысалы, телефон байланысы немесе Интернет) пайдалану арқылы да жүргізілуі мүмкін.
Азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алу әрекетін жүргізу кезінде техникалық құралдарды қолдану, жеке тұлғаларды қатыстыру сұхбаттасудың жанама нысанын құрамайды. Азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алудың ажырамас өзіндік белгісі болып субъект ретінде – жедел уәкілдінің өзі немесе оның тапсырмасымен өзге тұлғаның қатысуына қарамастан субъектінің объектімен тікелей қатынасуы табылады.
Азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алуды өз жеке басын, өзі іс жүзінде болып табылатын тұлға екенін, мәртебесін не болмаса оның сұхбатқа қатысуын шифрлау шараларын пайдалану арқылы жүргізуге жол беріледі. Бұл жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың өкілеттіктерімен жағдайланған. Әсіресе, өздеріне жәрдемдесіп жатқан лауазымды адамдар мен азаматтардың жеке басын шифрлайтын құпиялау мақсатында пайдалану құқығы арнайы құжатта белгіленген жалған адамдар ретінде және олардың атынан қатысуға мүмкіндік береді.
Азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алу кезінде аудио-, бейнежазу және өзге ақпаратты жазатын аппараттарды ашық та, сұралушыдан құпия да пайдаланылуы мүмкін, аппаратураны пайдалану азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алудың мәнін сипаттамайды, керісінше тек ақпаратты бейнелейтін құрал болып табылады, яғни оны пайдалануға келісімнің қажеті жоқ. Мұнда полиграфты пайдалану ерекше жағдайды құрайды, өйткені оны пайдалану кезінде сұралушының жазбаша келісімі қажет.
Азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алуды жедел-іздестіру әрекеті ретінде жүргізу кезінде заң шығарушы оны жүзеге асыруға ешқандай талаптар қоймайды және шектеулер белгілемейді. Одан шыға отырып сұралушының жасы, жынысы, дене бітімі және психикалық жай-күйі азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алуды жүргізуге кедергі болмайды, ол тек тәжірибелік мақсатқа сайлылығымен талап етіледі және тек этика мен мораль нормаларымен шектелуі мүмкін.
Азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алуды жүргізу уақыты, орны, нақты мән-жайларға байланысты – ол жедел-іздестіру органдарының қызметтік бөлмесінде де, сұралушы адам орналасқан кез-келген өзге жерде де (көшеде, көлікте, жұмыс орнында немесе тұратын жерінде, оқиға болған жерде) жүргізілуі мүмкін. Азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алуды жүргізу үшін адамдарды мәжбүрлеп әкелуге жалпы тәртіпке сәйкес жол берілмейді. Оған қылмыс жасады деп сезік келтірілген адамдарды ұстаудың алдында болған жағдайлар қосылмайды.
Қамауда отырған сезіктіге қатысты азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алу жүргізуге өндірісте қылмыстық іс бар анықтаушының, тергеушінің, прокурордың немесе соттың рұқсатымен жол беріледі.
Азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алу нақ бір жағдайға байланысты алдын ала дайындалған немесе дайындалған болуы мүмкін.
Бірінші жағдайда сұхбаттасу қажет адамның жеке басы, оның қызығушылықтары, зерттелуші оқиғаға қатынасы, әлсіз және күшті жақтары және т.б. зерттеледі. Осы мән-жайлар туралы ақпарат алужария немесе жасырын жолмен болуы мүмкін. Жария жолды пайдалана отырып, қызметтік мінездемелер, еңбек кітапшасындағы жазулар, ауру тарихы, бұрынғы сотталғандары бойынша үкімдері, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың жеке істері және т.б. зерттеледі. Жасырын жол заңды әдістермен алынған деректерді байқау, телефон сөйлесулерін тыңдау және т.б. көмегімен қайта тексеруге мүмкіндік береді.
Азаматтарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алуды тек ерікті келісімімен ғана жол беріледі. Жедел уәкілді азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алуды өзі жеке, тікелей жүргізуі немесе оны жүргізуге аталған қызметкердің тапсырмасымен әрекет етуші жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың өзге лауазымды адамына тапсырылуы мүмкін. Сұралушы адамның өтінуімен жедел бөлімше қызметкері азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алудың құпиялылығын қамтамасыз етуі тиіс.бірақ мұндай әңгімелесу кезінде жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін қажет мәліметтерді білетін, бірақ жедел бөлімше қызметкеріне бергісі келмейтін адамдардан ақпарат алу мақсатында құпиялау әрекеттері пайдалануы мүмкін. Тактикалық тұрғыдан азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алудың шын мақсаттары шифрлануы мүмкін немесе сұраушы өзінің кәсібін жасыруы мүмкін. Сұраушыдан хабарланатын мәліметтердің құпиялық сипаты туралы өтініш түскен жағдайда, ол туралы деректер жарияланбайды және бұл тұлғадан кейін куә ретінде алдын ала тергеу немесе сот тергеуі кезінде жауап алынбайды.
Азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алуды жедел-іздестіру әрекеті ретінде қылмыстық іс бойынша жүргізілетін жауап алудан ажырата білу қажет. Жауап алу – тергеушінің немесе анықтаушының ерекше құзыреті. Ол белгіленген нысандағы хаттама жауап алынып отырған куәні немесе жәбірленушіні жалған жауап бергені үшін қылмыстық жауапқа тартылатындығын ескерте отырып міндетті түрде толтырылуымен жүзеге асырылады. Жедел қызметкер жауап алуды тек өндірісінде қылмыстық іс бар лауазымды тұлғаның тапсырмасымен жүргізе алады. Сауал-сұрақ қою жедел уәкілдінің артықшылығы деуге болады.
Осы мәселеге байланысты О.А. Вагин мен А.П. Исиченко сауал-сұрақ нәтижелерін рәсімдеу мәселесіне былай тоқталған: «Сауал-сұрақ қою нәтижелері жедел-іздестіру әрекеті ретінде жедел уәкілдінің анықтамасында көрініс табады. Бұл құжат дербес дәлелдеу мәнге ие болмайды. Анықтама жедел-іздестіру ақпаратының негізі болып табылады, бірақ азаматтарғасауал-сұрақ қою жария сипатқа ие болса да, ол дәлелдеме-құжат бола алмайды. Бұл анықтама тек бағыт-бағдар беруші ретінде ғана қолданылады.
Сонымен, сауал-сұрақ қою нәтижесінде алынған мәліметтер жедел-іздестіру органы қызметкерлерінің анықтамасымен немесе рапортымен, ал сұралушы адамның келісімі болса – оның түсініктемесімен, арызымен, кінәсін мойындап келу хаттамасымен рәсімделеді.
Дәлелдеу процесінде сауал-сұрақ қою нәтижесінде алынған мәліметтерді пайдаланудың екі нұсқасын ұсынуға болады: бірінші жағдайда (түсініктеме, арыз, кінәсін мойындап келу хаттамасын рәсімдеу барысында) құрастырылған құжат қылмыстық іс материалдарымен қоса тігілуі мүмкін және нәтижесінде сұралушы тұлға қылмыстық іс бойынша куә ретінде жауапқа алынады. Екінші жағдайда (сауал-сұрақ қою нәтижелерін жедел уәкілдінің анықтамасы (рапорты) нысанында рәсімдеу барысында) алынған мәліметтер бағыттаушы ақпарат ретінде тергеушінің немесе жедел уәкілдінің тергеу барысында болжамдар мен жоспарлар құруына әсер етеді».23
Мекемелердің, кәсіпорындардың және ұйымдардың (олардың бағыныстылығына және меншік нысандарына қарамастан) есептері бойынша анықтамалар мен тексерулер жүргізу. Мекемелердің, кәсіпорындардың және ұйымдардың (олардың бағыныстылығына және меншік нысандарына қарамастан) есептері бойынша анықтамалар мен тексерулер жүргізу (бұдан әрі қарай – анықтамалар мен тексерулер жүргізу) – жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар жеке тұлғалар, фактілер және мән-жайлар туралы ақпаратты құжаттарды, материалдарды, деректер базасын тікелей зерттеу, аталған ақпаратқа ие немесе ие болуы мүмкін мекемелерге, кәсіпорындарға және ұйымдарға, өзге заңды тұлғаларға сауалнамалар жіберу арқылы алуға бағытталған жедел-іздестіру әрекеті.
Анықтамалар мен тексерулер жүргізу тексеріліп жатқан адамдардың өмірінің әр түрлі жақтары туралы мәліметтерді, сондай-ақ оның өмірбаяны, оның байланыстары, білім, дағдылары, кәсібі, мүліктік жағдайы, тұратын жері, бұрын жасаған әкімшілік құқықбұзушылықтарын және қылмыстарын жасау фактілері туралы және т.б. мәліметтерді жинауды талап етеді. Жедел бөлімшелер үшін қызығушылық туғызатын мәліметтер шексіз болуы мүмкін.
Сұралып отырған материалдарда өзге жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін, жұмыс, жасырынған қылмыскерді немесе хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру, алынған жедел ақпаратты тексеру бағыттарын анықтау үшін түрлі мәліметтер болуы мүмкін. Көп жағдайларда, тұлғаға ресми құжаттардың берілгендігі туралы, көлік құралдардың, қарулардың бар болуы туралы, соттылығы туралы, телефон нөмірінің тиесілігі туралы, бас бостандығынан айыру орындарындағы қатынас шеңбері туралы және өзге де мәліметтер сұратылады.
Анықтамалар мен тексерулер жүргізу үшін ҚР ІІМ-нің және өзге де мемлекеттік органдар мен мекемелердің, ұйымдардың ақпараттық-іздеу жүйелері пайдаланылады. Қажет болған жағдайларда анықтамалар жүргізу мақсаты өзге министрліктер мен ведомстволарға сауалнамалар ретінде рәсімделеді.
Алынған ақпарат ҚР ҚІЖК-нің 116,121,123,130 баптарының талаптары сақталған жағдайда қылмыстық іс материалдарына қоса тіркелуі мүмкін. Алынған ақпаратты дәлелдеменің қайнар көзі ретінде жол беруге талаптардың бірі – құжатты тергеу іс-әрекеттері кезінде немесе сот сараптамасы арқылы тексеру және қайта тексеру.
Анықтамалар мен тексерулер жүргізуді жедел уәкілді қызметкердің өзімен де, оның тапсырмасымен өзге тұлға да жүргізуі мүмкін. Жедел-іздестіру әрекеті ретінде анықтамалар жүргізудің ақпараттар жинауға бағытталған тергеу іс-әрекетінен негізгі айырмашылығы жедел-іздестіру әрекеттерінің шынайы мақсатының жасырылуы, аңыздалуы мүмкін.
О.А. Вагин мен А.П. Исиченко жедел-іздестіру әрекеті ретінде анықтамалар мен тексерулер жүргізу нәтижелеріне дәлелдемелік мән беру мүмкіндігі туралы мәселеге тоқталып, оны сипатына байланысты дәлелдемелік мәнге ие болатындығын айтып өткен. Олардың пайымдауынша, егер мекемелерге, кәсіпорындарға және ұйымдарға анықтамалар мен тексерулер жүргізу сұрау салу сипатында орын алса және жауап жазбаша түрде қайтарылса, онда тергеушіге анықтаманы қылмыстық іске ҚР ҚІЖК-нің 123-бабында көрсетілген өзге құжаттарға дәлелдеме ретінде тіркеуге алынуы мүмкін. Ал, егер анықтамалар мен тексерулер жүргізу нәтижелері жедел уәкілдінің анықтамасында (рапортында) көрініс тапса, алынған мәліметтер бағыттаушы сипатқа ие болады.24
Зерттеу үшін үлгілер мен сынамаларды іріктеп алу. Зерттеу үшін үлгілер мен сынамаларды іріктеп алу – жедел-іздестіру қызметінің нақты міндеттерін шешу мақсатында кейінгі салыстырмалы зерттеулердің объектілері ретінде құқықтық маңызды ақпарат бар материалдық заттарды табу және алудан тұратын жедел-іздестіру әрекеті.
Берілген жедел-іздестіру әрекеті ҚР ҚІЖК-нің 256 бабымен көзделген сараптамалық зерттеу үшін үлгілер алудың жедел-іздестіру қызметі саласындағы аннлогы болып табылады. Зерттеу үшін үлгілер мен сынамаларды іріктеп алу жедел-іздестіру әрекетінің аталған тергеу іс-әрекетінен заттар мен құжаттарды іс жүргізушілік емес жолмен зерттеу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатымен ажыратылады.
Аталған жедел-іздестіру әрекеті жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органның лауазымды тұлғасымен де, оның тапсырмасымен өзге адамдармен де жүргізіледі.
Зерттеу үшін үлгілер мен сынамаларды іріктеп алу шешілетін міндеттерге байланысты жария да, жасырын да жүргізілуі мүмкін.
Үлгілер мен сынамаларды жария алу екі фактордың болуын талап етеді:
қажетті үлгілер мен сынамаларға ие адамның ерікті келісімі;
үлгілер мен сынамаларды заңды жолмен алу мүмкіндігі.
Алынатын үлгілер мен сынамалар заңмен шектелмегендіктен, оларға кез-келген объектілер жатады, соның ішінде микрозаттар, микробөлшектер, адамнан бөлінетін сұйықтықтар, қолжазба, дененің әр түрлі бөліктерінің іздері, жедел уәкілдінің назарын аударатын оқиғаға қатысты болуы мүмкін өзге объектілер мен заттар.
Үлгілер мен сынамаларды алу фактісін қоршаған адамдардан, соның ішінде тексерілетін адамдардан құпияда сақтау қажет болған жағдайда оларды алудың жасырын, шифрланған нысандары қолданылады. Мұнда бүкіл әрекеттің мақсаты да, оны жүргізуші адамның кәсіби маманға жататындығы да не болмаса шифрланады, не болмаса құпия қызметкер көрсетуші адамдарға жүктеледі.
Алынған үлгілер мен сынамалар кейін заттай дәлелдемелердің қайнар көздері ретінде пайдалануы мүмкін болғандықтан, оларды алуға тиісті маманды тартқан жөн. Бұл жағдайда маман нақты объектілерді қандай техникалық құралдардың көмегімен алған дұрыс екенін, олардың тұтастығын, бетіндегі іздерін бұзбау үшін қалай буып-түюін, қандай сараптамалық мекемеге берілген үлгілерді зерттеу үшін жіберуін хабарлай отырып кеңес беру қызметін жүзеге асырады. Мұнда үлгі мен сынаманың дұрыстығы мен сақталуына жедел уәкілді жауапты болады.
Үлгілер мен сынамалар алу кезінде азаматтар денсаулығына қауіп төндіретін, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын, кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің дұрыс қызмет етуіне кедергі жасайтын, сондай-ақ жеке тұлғалардың өмір сүруін бұзатын іс-әрекеттер жасауға тыйым салынады.
Бақылау үшін сатып алу. Бақылау үшін сатып алу – қылмыстарды анықтау мақсатында тауарды арнайы қайтарымды алудан (сатып алу, айырбастау, кепіл, жалдау) немесе заңды-заңсыз айырбастау саласында қызмет алудан тұратын жедел-іздестіру әрекеті.
Бақылау үшін сатып алуды азаматтық айналымда тыйым салынған немесе айналымы шектелген заттар мен тауарлардың (мысалы, есірткі ретінде қатты әсер ететін дәрі-дәрмектер, қару-жарақ және т.б.) айналымын анықтауда қолдану аталған әрекетті жүзеге асырушы жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органның басшысы бекіткен қаулы негізінде жүргізіледі.
Бақылау үшін сатып алуға жедел уәкілдінің тапсырмасы негізінде әрекет етуші өзге адамдар да қатыстырылуы мүмкін.
Бұл әрекеттің ерекшеліктерінің бірі болып оның жүргізілуінің шифрлануында. згеше айтқанда, сатып алу-сату фактісі сатушыға кейін сатып алудың іс жүзіндегі мақсаты туралы түсіндірумен, алынған тауарды бақылау үшін шегу және ол туралы акт толтырумен әдеттегідей процесс ретінде жүргізіледі.
Бақылау үшін сатып алудың жасырын нысаны да сатушыға ол туралы хабарланбайды, оның қатысуынсыз бақылау үшін шегіледі және осы шара нәтижелері бойынша анықтама толтырылады.
Бақылау үшін сатып алу фактісін фото аппарат, магнитофон, бейнетаспа сияқты техникалық құралдардың көмегімен жазып алған жөн. Мұнда ақпаратты жазудың жасалып жатқан жаңа қайнар көздері (фотосуреттер, магниттік заттардағы жазулар) кейде кінәлі тұлғаның құқықққа қайшы қызметін тиімді дәлелдеуге ықпал етеді немесе керісінше тексерілушінің қылмыстық қызметке қатысуы туралы көзқарастың қателігіне көз жеткізеді.
Ал енді тек жасырын жедел-іздестіру әрекеттері бола алатын жедел-іздестіру әрекеттерін қарастыруға көшейік. Олардан біз мыналардың жүргізілуін қарастырамыз: байқау; белгілері бойынша жеке адамды ұқсастыру; тұрғын-жайларды, ғимараттарды, жер учаскелерін және көлік құралдарын тексеру; пошта жөнелтілімдерін бақылау; телефонмен және өзге сөйлесулерді тыңдау; байланыстың техникалық арналарынан, компьютер жүйелерінен және өзге техникалық құралдардан хабарламалар алып тастау; қызметкерлерді қылмысты ортаға енгізу.
Байқау. Байқау – техникалық құралдар көмегімен жеке тұлғаларды не болмаса өзге объектілерді жүргізілу жеріне қарамастан, байқаушылардың берілген жерде заңды болғанда тікелей немесе жанама визуалдық және (немесе) дыбыстық бақылау арқылы жедел-іздестіру немесе өзге құқықтық маңызды ақпаратты алуға бағытталған жедел-іздестіру әрекеті.
Қазіргі кезде байқаудың үш түрі қолданылады:
физиологиялық;
электрондық;
кешенді.
Байқауды жедел-іздестіру қызметіндегі ең бір толық зерделенген әрекет деп тануға болады. Оның аспектілерін ХХ ғасырдың басындағы мамандарды да қызықтырған. Мысалы, И.Н. Якимовтың пікірінше, қылмыскердің жақын достары шеңберіне мәлімдеушіні енгізе отырып, оны байқау үлкен пайда әкеледі.25
Физиологиялық байқау байқаудың визуалдық тәсіліне негізделгендіктен, оған қызметкердің өзімен не болмаса оның тапсырмасымен өзге тұлғалардың жүзеге асырылатын, осындай әдістерге мамандандырылған қызметкерлердің қызметі жатады. Физиологиялық байқау кезінде байқаушы адамның шынайы мезгілде іс-әрекеттерін жазуға мүмкіндік беретін техникалық құралдар – фотоаппараттар, бейнетаспалар қолданылуы мүмкін.
Электрондық байқау арнаулы техникалық құралдарды қолдануға негізделгендіктен,қызығушылық туғызушы адамды тұрғын-жайда, көлік құралында да, ашық жерде де байқау ұйымдастыруға және жүргізуге мүмкіндік береді. Мұнда, әдеттегідей, жедел-техникалық бөлімшелер қызметкерлері тартылады. Байқаудың бұл түріне көбінесе, аудио-, бейнежазба аппараттары тексерілуші адамның сөйлесулерін, іс-әрекеттерін және операцияларын бақылау және жазу мақсатында пайдаланылады.
Кешенді байқау шынайы уақытта тексерілуші адамның бүкіл өмір сүруін берілген әрекет жүргізіліп отырған уақыттар аралығында хронологиялық тәртіпте жазуға мүмкіндік береді.
Байқау шектелген сипаттағы әрекет болғандықтан, оның жай (физиологиялық) нысаны жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың жедел бөлімшесінің басшысының шешімімен ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деп сезік келтірілген адамдарды байқау үшін әдетте қолданылады. Байқаудың электрондық нысаны прокурордың санкциясымен ғана жүргізіледі, өйткені ол азаматтардың тұрғын үйге қол сұғылмаушылық конституциялық құқығын шектеуді талап етеді.
Белгілері бойынша жеке адамды ұқсастыру. Белгілері бойынша жеке адамды ұқсастыру – жеке адамды сыртқы және мінез-құлық белгілері өмір сүрудің қалдырған іздері және азық-түліктер бойынша жасырын танудан және ұқсастығын анықтаудан тұратын жедел-іздестіру әрекеті.
Жеке адамды тану тікелей де, жанама да жүзеге асырылуы мүмкін. Бірінші жағдайда ұқсастыру берілген адамды бұрын тікелей байқаған адамдармен жүзеге асырылады. Мұндай жеке адамды ұқсастырудың негізгі ережелерінің бірі болып оның жүргізілу фактісі, әдеттегідей, тексерілуші адамнан құпияда сақталады.
Ұқсастыру табиғи жағдайларда да (мысалы, жедел топтың жәбірленушімен бірге болжамды қылмыскердің жұмыс орнына баруы), жасанды жағдайларда да (тексерілетін адам көбінесе ішкі істер бөліміне шақырылады) жүргізіледі.
Қызметтік-іздеу итін пайдалану арқылы тану мүмкін. Онда сезіктіге қатысы бар заттар да, субъектінің өзі де танылуы мүмкін.
Тұрғын-жайларды, ғимараттарды, жер учаскелерін және көлік құралдарын тексеру. Тұрғын-жайларды, ғимараттарды, жер учаскелерін және көлік құралдарын тексеру – жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар адамдарды, фактілер мен мән-жайларды анықтау мақсатында берілген объектілерді тікелей немесе жанама (техникалық құралдарды пайдалану арқылы) визуалдық қарау мен зерттеуден тұратын жедел-іздестіру әрекеті.
Тексерудің үш түрі бар: жария, жасырын және шифрланған.
Жария тексеру қаралып жатқан объектінің иесінің келісімі, оның қатысуымен, куәгерлерді тартпай-ақ жүргізілуі мүмкін. Бұл жағдайда иесінің ғимараттың құрылыс жоспары талап етілуі, тиісті өлшеулер жүргізілуі, схемалар, сызбалар құрастырылуы, фото-, бейнетүсірілімдер жүргізілуі мүмкін. Жария тексеру кезінде заттарды, құжаттарды иесінің келісімімен алуға, қатысушы адамдардан уәкілді қызметкердің назар аударған объектілердің табиғаты туралы тиісті түсініктемелер алуға, соның ішінде жазбашаға да жол беріледі.
Шифрланған тексеруде уәкілді қызметкер, әдеттегідей, не болмаса қараудың шынайы мақсатын, не болмаса жедел бөлімшеге қатыстылығын жасырады. Шифрлау тәсілдері әр түрлі болуы мүмкін (пәтер иелері кооперативінің өкілінен бастап қайырымдылық ұйымның өкіліне дейін).тексерудің осы түрі кезінде жағдайды бейнелеуге мүмкіндік беретін жасырын алып жүрілетін техникалық құралдардың мүмкіншіліктері пайдаланылады.
Шифрланып қараудың мақсаты тұрғын-жайда іздеудегі адамдардың тұрып жатқандығы, ұрланған заттардың бар екендігі және т.б. туралы хабарламаларды тексеру болуы мүмкін.
Жасырын тексеру ерекше процедураны талап етеді, себебі ол азаматтардың тұрғын үйге қол сұғылмаушылық конституциялық құқығын шектеумен байланысты. Бұл тексеру түрі прокурордың санкциясының негізінде жүргізіледі.
Тұрғын-жайды жасырын тексеруді жүргізу туралы жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың жедел бөлімшесінің басшысымен бекітілген қаулы шығарылады.
Жасырын тексеруді жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың арнаулы жедел-техникалық бөлімшелері сұрау салу бастамашысының қатысуымен жүзеге асырады. Объектілерді жасырын қарау кезінде табылған заттарды алу немесе ауыстыру ерекше жағдайларда және тек осы әрекетті жүргізу туралы қаулыны бекітетін басшының рұқсатымен жүргізіледі.
Жасырын тексеру кезінде қоршаған орта бұзылмайды және тиісінше ол фиксацияланады (жоспар-схемалар жасалады, фототүсірілімдер, бейнетүсірілімдер жүргізіледі, құжаттар көшірмесі түсіріледі). Қажет болғанда іздердің жасалуы үшін жағдайлар жасалады (химиялық тұзақтар, микробөлшектерді тарататын немесе әсер ету аймағында адамның пайда болуына әсер ететін субъектілер қойылады, т.б.).
Тексерудің кез-келген түріне тиісті іздерді іздеу, қоршаған ортаны фиксациялау, химиялық тұзақтарды, аудио-, бейне бақылау техникалық құралдарын орнату және т.б. дағдыларына ие маманды шақырған дұрыс.
Пошта жөнелтілімдерін бақылау. Пошта жөнелтілімдерін бақылау – прокурор санкциясы негізінде жүзеге асырылатын және пошта, телеграф, телефакс, телефонограмма хабарларын жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар ақпаратты алу мақсатында хабарламаларды жөнелту және қабылдау мекемесінде (кәсіпорнында) жасырын алу және зерттеуден тұратын жедел-іздестіру әрекеті.
Бұл жедел-іздестіру әрекеті азаматтардың хат жазысу, пошта, телеграф және өзге хабарламалар құпиясына конституциялық құқығының аясына араласатын болғандықтан, оны жүргізу тек прокурор санкциясы, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органның бастығының дәлелді қаулысы негізінде жүзеге асырылады.
Бақылауға нақты бір адамға да, одан шығатын да пошта хабарламалары жатады. Қажет болған жағдайда нақты мекен-жайға келген одан шығатын хабарламаларда бақылауға жатады.
Пошта жөнелтілімдерін бақылау бір жолғы сипатта және созылмалы сипатта болуы мүмкін.
Бір жолғы бақылауға келісім қызметкермен дереу қарауды және зерттеуді талап ететін хабарламаның пошта бойынша жіберілгені туралы ақпарат алынғанда рәсімделеді.
Пошта хабарламаларын созылмалы бақылау жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың жедел-техникалық бөлімшелерінің қызметкерлерімен жүзеге асырылады.
Осы жедел-іздестіру әрекетін жүргізу кезінде жедел уәкілді міндетті:
бақылау фактісінің құпияда сақталуын қамтамасыз етуге;
пошта жөнелтілімінің сақталуын қамтамасыз етуге;
пошта жөнелтіліміндегі мәліметтерді құпияда сақтауға.
Телефонмен және өзге сөйлесулерді тыңдау. Телефонмен және өзге сөйлесулерді тыңдау – прокурор санкциясы негізінде арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асырылатын, сондай-ақ есту бақылауынан жеке адамдардың (тексерілуші) байланыстың телефон желілерімен жүргізіліп жатқан сөйлесулерін жазып алудан тұратын жедел-іздестіру әрекеті.
Телефон сөйлесулерін тыңдау, әдетте, ҚР ІІМ-нің немесе ҚР ҰҚК-нің жедел-техникалық бөлімшелерінің арнаулы аппараттарының көмегімен жүргізіледі.
Бұл әрекетті прокурордың санкциясынсыз жүзеге асыруға жол беріледі, егер адамның өз өміріне, денсаулығына немесе меншікке қауіп төну кезінде арызы немесе келісімі болса. Бірақ бұл жағдайды ҚР ІІМ-нің немесе ҚР ҰҚК-нің тиісті басшысымен дәлелді қаулы шығару міндетті және қолданылған іс-әрекеттер туралы 24 сағат ішінде прокурорға хабарланады.
Телефон сөйлесулерін тыңдау тек сезік келтірілген адамдардың байланыс желілерін ғана пайдалану кезінде ғана емес, сонымен бірге радиотелефон арналарын, сондай-ақ ұялы, космостық байланыс арналарын пайдаланғанда да мүмкін. Екі абоненттің сөйлесулеріндегі де, автожауапбергіштегі де хабарламаларды беру де тыңдалуы мүмкін.
Телефон сөйлесулерін тыңдау қажеттігі туындайтын келесідей жағдайларды атап көрсетуге болады:
қылмысты топ мүшелері – қатысушылар арасында сөйлесу болуы мүмкін болғанда;
сезікті өз құрбанына қылмыс алдында немесе оны жасағаннан кейін телефон соққанда;
іздестіруші тұлға өз туысқандарымен, таныстарымен, қылмысқа қатысушылармен байланысқа шыққанда.
Байланыстың техникалық арналарынан, компьютер жүйелерінен және өзге техникалық құралдардан хабарламалар алып тастау. Байланыстың техникалық арналарынан, компьютер жүйелерінен және өзге техникалық құралдардан хабарламалар алып тастау – прокурор санкциясы негізінде арнаулы техникалық құралдарды қолдану арқылы жүзеге асырылатын және тексеріліп жатқан адамдардың байланыстың техникалық арналарымен беріп жатқан ашық ақпаратты жасырын бақылауға және жазуға бағытталған жедел-іздестіру әрекеті.
Ақпаратты компьютерлік жүйелерден, компьютердің қатты дискісінен алып тастау кезінде қауіпсіздікті сақтау және осы әрекеттерді жүргізуге жоғарғы дәрежелі мамандарды қатыстыру қажет, себебі құқық қорғау органдарын қызықтырушы ақпаратқа ие бағдарламалар көбінесе рұқсатсыз кіргенде өзін-өзі жоюға бағытталған. Қолданыстағы қорғау жүйесін уәкілді адамның өзі жеке бұзуы мүмкін емес.
Қызметкерлерді қылмысты ортаға енгізу. Қызметкерлерді қылмысты ортаға енгізу – жедел бөлімшенің штаттық қызметкерін немесе конфидентті қылмысты ортаға немесе тиісті объектілерге құпия енгізуге, жедел маңызды адамдар, фактілер және мән-жайлар туралы мәліметтерді табу, адамдарға ықпал етуге және жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешуге және шешуге мүмкіндік жасауға өзге құпияға қатысуға негізделген жедел-іздестіру әрекеті.
Қызметкерлерді қылмысты ортаға енгізу арқылы ақпаратты алуды қолдануға алғы шарттарды көптеген елдердің жедел-іздестіру заңдары жасауда. Бірақ заң шығарушы әр елде жедел уәкілдіге құқыққа қайшы әрекеттерді қылмысты ортада болуымен жағдайланғанда жасауға рұқсат беріле ме деген сұраққа әр түрлі жауап береді.
Тәжірибе қылмысты орталарға ақпараттың тиісті қайнар көздерін енгізбей қылмысты топтарды әшкерелеу кейде мүмкін еместігін дәлелдейді.
Қызметкерді қылмысты ортаға енгізуде басшылардың шығармашылығы және орындаушылардың артистігі орын алады. Бұл, әрине, олардың өміріне әр қадамында қауіп төндіреді. Сондықтан ол өзін келесідей жағдайларда ақтайды:
- қылмыстық қызмет туралы дәлелдемелер процессуалдық іс-әрекеттер кезінде алу мүмкін болмаса;
- уақыт жетіспеушілік жағдайында, егер қылмыстық іс қозғау туралы, оны тіркеу туралы шешім процедурасы, жедел-тергеу тобын құру, олардың мүшелері арасында функцияларды бөлу және т.б. әзірленіп жатқан қылмыстың алдын-алуға мүмкіндік бермесе немесе қылмысты құрылым қатысушалары сот төрелігінен жасырылуы мүмкін болса.
Қызметкерлерді қылмысты ортаға енгізу, әдетте, аңызбен әрекет ететін жедел уәкілділермен қылмыс жасауда сезіктілермен жүзеге асырылады. Енгізілген адамдар қылмысты қызметті еліктеу мінез-құлқын қолдануға, ауырлығы онша емес қылмыстарды жасауы, өзге адамдардың заңды мүдделеріне қызметтік борышын құқыққа сай орындағанда зиян келтіруі мүмкін. Берілген қызметкерауыр қылмыстар жасауға, азаматтарды өмірінен айыруға және т.б. құқығы жоқ.
Енгізуді жүзеге асыру кезінде жедел қызметкерлер оның құқық қорғау органдарына жататындығын, сондай-ақ жұмысы туралы, пайдалануындағы көлік құралы туралы шифрлайтын құжаттарды пайдалануға құқылы.
Қылмыстық топтардың қызметін әшкерелеу үшін қызметкерлерді енгізу бірнеше айға немесе жылдарға созылған ұзақ болуы мүмкін. Қысқа уақытты енгізу бірнеше сағаттан бастап бірнеше тәулікке дейін созылуы мүмкін.
Қылмысты ортаға енгізіліп жатқан адамдардың құқықтары қосымша қорғалған. Олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияны құрайды және жариялауға тек олардың келісімімен жатады.
Жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу нәтижесінде мыналар жүзеге асырылуы мүмкін:
қылмыстарды анықтау, алдын алу, жолын кесу және ашу, сондай-ақ оларды дайындап жатқан, жасап жатқан және жасаған тұлғаларды анықтау;
анықтау, тергеу және сот органдарынан жасырынған, қылмыстық жауаптылықтан бой тасалап жүрген тұлғаларды, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен тұлғаларды іздестіруді жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік, әскери, экономикалық және экологиялық қауіпсіздікке зиян келтіретін оқиғалар мен әрекеттер туралы мәләметтер жинау.26
Достарыңызбен бөлісу: |