Дипломдық ЖҰмыс тақырыбы: Қылмыстық процестегі жедел-іздестіру әрекеттері орындаған: құқық қорғау органдары факультетінің


§2. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ ЖЕДЕЛ-ІЗДЕСТІРУ ӘРЕКЕТТЕРІНІҢ ЖАРИЯ ЖӘНЕ ЖАСЫРЫН ЖЕДЕЛ-ІЗДЕСТІРУ ӘРЕКЕТТЕРІНЕ ЖІКТЕЛУІ



бет2/5
Дата04.03.2020
өлшемі0,5 Mb.
#59589
түріДиплом
1   2   3   4   5
Байланысты:
Дип.-ҚЫЛМЫСТЫҚ-ПРОЦЕСТЕГІ-ЖЕДЕЛ-ІЗДЕСТІРУ-ӘРЕКЕТТЕРІ

§2. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ ЖЕДЕЛ-ІЗДЕСТІРУ ӘРЕКЕТТЕРІНІҢ ЖАРИЯ ЖӘНЕ ЖАСЫРЫН ЖЕДЕЛ-ІЗДЕСТІРУ ӘРЕКЕТТЕРІНЕ ЖІКТЕЛУІ
«Жедел-іздестіру әрекеттері» ұғымының анықтамасын анықтадық, енді осы анықтамадан шыға отырып, құқықтық әдебиеттерде берілген әр түрлі авторлардың көзқарастарын ескере отырып, «жария жедел-іздестіру әрекеттері» және «жасырын жедел-іздестіру әрекеттері» ұғымдарын анықтайық.

Жария және жасырын жедел-іздестіру әрекеттеріне заң шығарушы Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңында анықтама бермеген, бірақ бұл ұғымдарды қолданған. Мысалы, мұны жедел-іздестіру қызметіне анықтама беру кезінде Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңның 1 бабында қолданған: «Жедел-іздестіру қызметі – азаматтардың өмірін, денсаулығын, құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, меншікті қорғау, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың арнаулы қызметтерінің қылмысты қол сұғуынан, сондай-ақ барлау-бүлдіру әрекетінен қоғам мен мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы уәкілдік берілген мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Конституциясына, Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңына, Қазақстан Республикасының басқа да заңдары мен қалыптық құжаттарына сәйкес жүзеге асыратын жария және жасырын жедел-іздестіру, ұйымдық және басқару әрекеттерінің ғылыми негізделген жүйесі».

Құқықтық әдебиеттерде жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізілу нысанына байланысты бір авторлар жария және жасырын жедел-іздестіру әрекеттеріне жіктесе, өзге авторлар жария, жасырын және шифрланған жедел-іздестіру әрекеттеріне жіктей отырып, оларға анықтама береді.

В. Плетнев жедел-іздестіру әрекеттерінің жария да, жасырын да және шифрланып жүргізілуі мүмкін дей отырып, оларға анықтама береді:

«Жария әрекеттер – ашық жүргізілетін, азаматтарға түсінікті және қоғамдық танысу үшін қол жеткізерліктей жедел-іздестіру сипатындағы әрекеттер. Мысалы, жедел-тергеу тобы қылмыс жасалу жеріне жеткен кезде қызметтік-іздеу итімен инспектор-кинолог болады, жедел уәкілді қызметкер жәбірленушілерге, көргендерге, өзге куәларға сұрақ-сауал қояды және т.б. Бұл іс-әрекеттердің барлығы ашық сипатта болады, жиналған және осыны бақылаған азаматтарға түсінікті, әрі танысу үшін қол жетерлік.

Жасырын әрекеттер – мүдделі тұлғаларға, объектілерге, оқиғалар мен мән-жайларға қатысты құпия, жасырын жүргізілетін және ол туралы жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың, өзге органдардың лауазымды тұлғаларының тар шеңбері білетін жедел-іздестіру сипатындағы әрекеттер. Мысалы, жедел қызметкер кәсіпорын кадрлар бөлімі бастығынан осы ұйымның назар аударылып отырған қызметкері туралы мәліметтер алады. Осындай ақпараттың алынуының жасырындығын қамтамасыз ету үшін жедел уәкілетті қызметкер алдын ала мәлімет берушіден мұны құпияда сақтауды өтінеді.

Жедел-іздестіру әрекеттерін шифрлау – тексерілушіден және өзге тұлғалардан жеке жедел-тактикалық міндеттерді шешу мақсатында жүргізіліп жатқан әрекеттердің шынайы сипатын құпияда сақтауға бағытталған жедел қызметкерлердің іс-әрекеттері. Ұйымда жұмыс істеп жатқан адам туралы мәліметтерді (алдыңғы мысал) жедел уәкілді қызметкер барлық қызметкерлер картотекеасын қарап жатқандықты желеу қылып алуы мүмкін және қарау нәтижесінде ол өзіне қажетті адам туралы қажетті мәліметтерді ешкімге білдірмей алады».17

Ал, ресейлік О.А. Вагин мен А.П. Исиченко жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізілу нысаны бойынша жария жедел-іздестіру әрекеттеріне және аралас (жария-жасырын) жедел-іздестіру әрекеттеріне жіктейді, ал шифрланған жедел-іздестіру әрекеттерін жария-жасырын жедел-іздестіру әрекеттерінің түрі деп көрсетеді. Олар жедел-іздестіру әрекеттерінің нысаны бойынша жіктелуін өз еңбектерінде төмендегідей сипаттайды:

«Жедел-іздестіру әрекеттері жария да, жасырын да жүзеге асырылады. Жедел-іздестіру әрекеттерінің жасырын түрде жүзеге асыру жүргізіліп жатқан жедел-іздестіру әрекеттерінің оларға қатыспайтын адамдардан, сондай-ақ жедел-іздестіру органдарының қызметкерлерінен де, бірақ бәрінен бұрын - өздеріне қатысты жедел-іздестіру әрекеттері жүргізіліп жатқан объектілерден ешкім білмейтіндікті, ешкім көрмейтіндікті, анық еместікті білдіреді. Бұл жедел-іздестіру әрекеттерінің объектілері тарапынан қарсылық көрсету мүмкіндігін басып тастауға, жедел-іздестіру әрекеттері қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың нәтижелі болуын, жедел-іздестіру әрекеттерінің жүргізілу фактісін және қолданылған құралдар мен әдістерді құпияда сақтауға мүмкіндік береді.

Жасырындық тәжірибелік мақсаттылығымен де, жекелеген жедел-іздестіру әрекеттерін жария жүргізу құралдары мен әдістерін не болмаса жедел-іздестіру әрекеттерінің жекелеген қатысушыларын ашық пайдалануға мүмкін еместігімен де сипатталуы мүмкін. Жасырын болып тек қызметкерлерді қылмысты ортаға енгізу, бақылау үшін сатып алу, байланыстың техникалық арналарынан, компьютер жүйелерінен, сондай-ақ техникалық құралдардан хабарламалар алып тастау сияқты жедел-іздестіру әрекеттері болуы мүмкін.

Жариялылық деп жедел-іздестіру әрекеттерінің мазмұны, мақсаты, қатысушылары қоршағандардан да, олардың жүргізілу объектілерінен де жасырылмайтын жедел-іздестіру әрекеттерінің жүргізілуінің ашықтығын түсінген жөн.

Жедел-іздестіру әрекеттері аралас, яғни жария-жасырын сипатта болуы мүмкін. Мысалы, мүдделі тұлғалардың арызымен немесе келісімімен жүргізіліп жатқан телефон сөйлесулерін тыңдау арыз берушінің абонентіне қатысты ғана жасырын болып табылады. Жария-жасырын жедел-іздестіру әрекеттерінің ерекше түрі ретінде шынайы мақсаты мүдделі тұлғалардан сипаты мен мазмұны жағынан алаңдату болып табылатын іс-әрекеттерімен бүркемеленетін шифрланған жедел-іздестіру әрекеттерін атауға болады».18

Тағы бір ресейлік ғалым В.Г. Бобровтың пікірі бойынша, «жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу нысанына байланысты олар жария да, жасырын да, олардың мақсатын бүркемелеу (шифрлау) арқылы да және олсыз да жүзеге асырылуы мүмкін. Мұндай жедел-іздестіру әрекеттерін жария түрде жүргізу кезінде, әдетте, олардың жүргізілу фактісі жасырылмайды.

Жедел-іздестіру әрекеттерін жасырын түрде жүргізу оларды өзге тұлғалардан құпия жүзеге асыруды талап етеді, ең алдыменен тексеріліп жатқан, іске тартылып жатқан адамдардан, айыптаушылардан, олардың байланыстарынан және т.б. Мұндай жедел-іздестіру әрекеттерінің жасырындығы шартты. Ол абсолютті де және қатысты да болуы мүмкін. Абсолютті жасырындықта жедел-іздестіру әрекеттерінің жүргізілуі туралы тек олардың жүргізуші жедел-іздестіру қызметкерлері, сондай-ақ олардың тапсырмасымен әрекет ететін және тікелей осы әрекеттерді жүргізуші тұлғалар (конфиденттер, арнайы техникалық шаралар бөлімшелерінің, жедел-іздестіру құрылымдарының қызметкерлері) біледі. Жедел-іздестіру әрекеттерінің қатысты жасырындығында олардың жүргізілуі туралы тек өзіне қатысты жүргізіліп жатқан азаматтар білмейді, ал олардың мүдделі тұлғалардан құпия алынған нәтижелері болашақта жариялануы мүмкін. Мысалы, азаматтардың қатысуымен және кино-, фототүсірілімдер немесе бейнежазуларды, арнаулы химиялық, сондай-ақ өзге техникалық және өзге құралдарды қолдана отырып, алдын ала жедел тексеру немесе жедел іске тарту шегінде жасырын жүргізілген байқау қылмыстық іс жүргізуде қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.

В.Г. Бобров жедел-іздестіру әрекеттерін олардың жүргізілуінің жариялылығы белгісі бойынша шартты түрде екі негізгі топқа топтастырады:

а) жария да, жасырын да жүргізілуі мүмкін жедел-іздестіру әрекеттері: сауал-сұрақ қою, анықтамалар жүргізу, салыстырмалы зерттеулер үшін үлгілер алу, заттар мен құжаттарды зерттеу, бақылау үшін сатып алу, байқау, жеке адамдарды ұқсастыру, тұрғын-жайларды, ғимараттарды, құрылыстарды, жер учаскелері мен көлік құралдарын тексеру;

б) тексеріліп жатқан, іске асырылып жатқан және өзіне қатысты жүргізіліп жатқан өзге адамдардан тек құпия (жасырын) жүргізілетін жедел-іздестіру әрекеттері: пошта жөнелтілімдерін, телеграф және өзге хабарламаларды бақылау, телефон сөйлесулерін тыңдау, байланыстың арналарынан ақпаратты алу, қызметкерлерді қылмысты ортаға енгізу, берілетін өнімдерге бақылауды жүзеге асыру, жедел эксперимент».19

Менің жеке өз басым В. Плетневтің жария және жасырын жедел-іздестіру әрекеттеріне берген анықтамаларымен келісемін, бірақ шифрланған жедел-іздестіру әрекеттерін жасырын жедел-іздестіру әрекеттерінің бір түрі ретінде қарастырғанды жөн көрмеймін, өйткені шифрланған жедел-іздестіру әрекеттерінде жасырындық элементі бар, сондықтан да оны жедел-іздестіру әрекетінің үшінші бір түрі ретінде қарастырудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

В.Г. Бобровтың жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізілу нысанына байланысты жіктеу кезінде «жариялылық» белгісі дұрыс қолданған. Осы белгі арқылы жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органның жүргізіп жатқан әрекеттерінің қайсысы жария, қайсысы жасырын жедел-іздестіру әрекеттері екенін анықтай аламыз.

Сонымен бірге, В.Г. Бобровтың осы «жариялылық» белгісін басшылыққа ала отырып, жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізілу нысанына байланысты жария да, жасырын да жүргізілетін жедел-іздестіру әрекеттеріне және тек жасырын жүргізілетін жедел-іздестіру әрекеттеріне жіктеп, кейбір жедел-іздестіру әрекеттерінің жария да, жасырын да бола алатынын дұрыс ескерткен. Оның жоғарыда аталған жедел-іздестіру әрекеттерін топтастыруында Ресей Федерациясының жедел-іздестіру қызметі туралы заңнамасында берілген жедел-іздестіру әрекеттерінің атаулары қолданғанмен, олардың мазмұны Қазақстан Республикасының «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңында берілген жедел-іздестіру әрекеттерінің мазмұнымен сайма-сай келеді.

Сонымен, жоғарыда айтылған көзқарастарға сүйене отырып, қарастырылып отырған мәселе бойынша келесідей қорытындыға келуге болады:

Жария жедел-іздестіру әрекеттері – ашық жүргізілетін, азаматтарға түсінікті және қоғамдық танысу үшін қол жетерліктей жедел-іздестіру сипатындағы жедел-іздестіру әрекеттері.

Жасырын жедел-іздестіру әрекеттері – мүдделі тұлғаларға, объектілерге, оқиғалар мен мән-жайларға қатысты құпия, жасырын жүргізілетін және ол туралы жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың, өзге органдардың лауазымды тұлғаларының тар шеңбері ғана білетін жедел-іздестіру әрекеттері.

В.Г. Бобровтың берген жедел-іздестіру әрекеттерін топтастыруына сүйене отырып, Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңының 11 бабының 2, 3 тармақтарында берілген жедел-іздестіру әрекеттерін тәжірибелік жағынан келесідей топтастыруға болады:



Жария да, жасырын да бола алатын жедел-іздестіру әрекеттері:

  • азаматтарға, лауазымды адамдарға сауал-сұрақ қою, олардан хабарламалар алу;

  • азаматтармен жария және жасырын қатынастар орнату, оларды жедел-іздестіру қызметіне пайдалану;

  • арнаулы техникалық құралдарды қолдану;

  • мекемелердің, кәсіпорындардың және ұйымдардың (олардың бағыныстылығына және меншік нысандарына қарамастан) есептері бойынша анықтамалар мен тексерулер жүргізу;

  • зерттеу үшін сынамалар мен үлгілер іріктеп алу;

  • бақылау үшін сатып алу;

  • іздеу-қызмет иттерін пайдалану;

  • белгілері бойынша жеке адамды іздеу және ұқсастыру;

  • ақпаратты заңсыз алып тастау қондырғыларын іздеу;

  • құқыққа қарсы әрекеттер іздерін табу, жасырын анықтау және алу, оларды алдын ала зерттеу;

  • қылмыс жасаушы немесе жасаған адамның ізіне түсу және оны ұстау;

  • ұсталған адамдарды жеке тексеруді, қылмысты іс-әрекетке қатысты болуы мүмкін заттар мен құжаттарды қарауды және алуды, сондай-ақ тұрғын-жайларды, жұмыс орындары мен өзге де орындарды тексеруді, көлік құралдарын тексеруді жүзеге асыру;

  • қарулы қылмыскерлерді қолға түсіру жөнінде операциялар жүргізу;

  • жедел, қылмыстар есептері және қылмыстық тіркеу жүйелері бойынша тексеру.

Тек жасырын бола алатын жедел-іздестіру әрекеттері:

  • қызметкерлерді қылмысты ортаға енгізу;

  • қылмысты іс-әрекетке еліктеу мінез-құлық үлгісін қолдану;

  • астыртын кәсіпорындар мен ұйымдар құру;

  • берілетін өнімдерге жедел бақылауды жүзеге асыру;

  • сотталғандардың хат-хабарларын цензуралау;

  • пошта жөнелтілімдерін бақылау;

  • байланыс желілеріндегі жедел іздеу;

  • телефонмен және өзге де сөйлесулерді тыңдау;

  • байланыстың техникалық арналарынан, компьютер жүйелерінен және өзге техникалық құралдардан хабарламалар алып тастау;

  • соның ішінде арнаулы техникалық құралдарды (дыбыс-, бейнежазбаларды, кино-, суреттүсірілімдерін және басқа да техникалық құралдарды), жеке адамның өміріне, денсаулығына және айналадағы ортаға зиянын тигізбейтін заттарды және материалдарды пайдалана отырып байқау;

  • тұрғын және басқа жайларға, үйлерге, ғимараттарға, жер учаскелеріне, көлік және өзге де техникалық құралдарға кіру және оларды тексеру.

ІІ-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ ЖАРИЯ ЖӘНЕ ЖАСЫРЫН ЖЕДЕЛ-ІЗДЕСТІРУ ӘРЕКЕТТЕРІН ЖҮРГІЗУ
§3. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ ЖЕДЕЛ-ІЗДЕСТІРУ ӘРЕКЕТТЕРІН ЖҮРГІЗУ НЕГІЗДЕРІ
Заң шығарушы жария да, жасырын да жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін негіз болатын Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңында жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізудің негіздерін белгілеген. Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңның 10 бабына сәйкес жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу негіздері келесідей:

А) қозғалған қылмыстық істің болуы;

Б) жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдарға келіп түскен:

- әзірленіп жатқан, жасалып жатқан және жасалған құқық бұзушылық;

- анықтама, тергеу және сот органдарынан жасырынып немесе қылмыстық жазадан жалтарып жүрген адамдар;

- азаматтардың хабарсыз кетуі және танылмаған мәйіттердің табылуы;

- шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың арнайы қызметтерінің барлау-бүлдіру әрекеттері туралы хабарламалары;

В) өздерінің қарауындағы қылмыстық істер бойынша тергеушінің жазбаша тапсырмалары және прокурордың нұсқаулары, сондай-ақ соттың ұйғарымдары, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарларының, облыс прокурорларының және оларға теңестірілген прокурорлардың қаулылары;

Г) құқықтық көмек туралы шартқа (келісімге) сәйкес халықаралық құқық қорғау ұйымдарының және шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарының сауал салулары;

Д) қоғам, мемлекет мүддесі мен оның экономикалық және қорғаныс әлеуетін нығайту мүддесіне орай барлау ақпараттарын алу қажеттігі жөніндегі хабарламалар.

Осылардан басқа жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдар өз құзыреті шегінде өзінің не өзге мемлекеттік органдардың бастамасы бойынша азаматтардың жеке басын сипаттайтын және шешімдер қабылдау үшін қажетті мынадай деректер жинауға құқылы:


  • ішкі істер, Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі, ұлттық қауіпсіздік, әскери барлау, қаржы полициясы, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметіне жұмысқа және қызметке қабылдау туралы;

  • жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде;

  • мемлекеттік құпия болып табылатын мағлұматтарға немесе тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін апат немесе экологиялық қауіпті аса жоғары объектілер мен ғимараттарды пайдалануға байланысты жұмыстарға рұқсат беру туралы;

  • жедел-іздестіру қызметіне қатысуға рұқсат беру немесе оны жүзеге асыру нәтижесінде алынған материалдарды пайдалануға рұқсат беру туралы;

  • жеке детективтік және күзет қызметімен айналысуға рұқсат берілгені туралы.

Көрсетілген негіздер түпкілікті болып табылады және тек заңмен ғана толықтырылуы немесе өзгертілуі мүмкін.

Қозғалған қылмыстық істің болуы жалпы негіз болып табылады. Қылмыстық іс қозғау фактісі оны қорғау үшін және сәйкесінше алдын ала тергеуді бастау үшін жеткілікті деректердің анықталғаны туралы дәлелдейді, ол қылмыстық іс қозғау туралы қаулыда іс жүргізушілік көрініс табады. Әйтпесе, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданады. Бірақ қылмыстық іс қозғаудан бас тарту фактісі жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін өзге негіздерді жоққа шығармайды, керісінше тек нақты жағдай бойынша іс жүргізушілік шешімі болып табылады.

«Қылмыстық іс қозғау» ұғымы қылмыстық сот өндірісінің бастапқы сатысы да, осы сатыны аяқтайтын шешімдердің бірін білдіреді.

Бұл жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдарды қылмыстарды және оларды жасаған адамдарды анықтауға, қылмыстарды тез және толық ашуға, кінәлілерді әшкерелеуге, қылмыс оқиғаларын және қылмыстық іс бойынша дәлелденуге қажет өзге мән-жайларды анықтауға бағытталған түпкілікті әрекеттерді қолдануға міндеттейді. Берілген міндет қылмыстық істі анықтама немесе алдын ала тергеу органының қозғағанына байланысты өзгермейді.

Хабарламалар жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін негіз ретінде олардың нәтижесінде жедел назар аударарлық оқиғалар, іс-әрекеттер, адамдар және (немесе) фактілер туралы, білімдер, болжамдар, елестер, қалыптасқан мәліметтер, хабарламалар немесе өзге ақпараттарды білдіреді.

Мұндай мәліметтер, егер олар жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдарға мәлім болғанда, сондай-ақ олар Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңның 10 бабының 1 тармағының б) тармақшасында берілген адамдар, белгілер, оқиғалар немесе іс-әрекеттер туралы тиісті ақпараттарға ие болса негіз болып табылады.

Мысалы, азаматтардың арыздары мен хаттарында мәліметтер қылмыстық іс қозғауға тек қана белгілі бір қылмыстың белгілеріне ие әрекетті жасауға нұсқайтын ақпаратқа ие болса, себеп болады. Егер мұндай арыздар қылмыс белгілеріне нұсқайтын жеткілікті деректерге ие болмаса, онда қылмыстық іс қозғау үшін негіздер болмауы мүмкін, бірақ ол жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін негіздерді жоққа шығармайды.

Әзірленіп жатқан, жасалып жатқан немесе жасалған құқық бұзушылық туралы хабарламалар егер қылмыстық іс қозғау туралы мәселені шешу үшін жеткілікті деректер болмаса, мысалы, қылмыстық іс қозғау немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдау үшін қажетті қосымша іс жүзіндегі деректер жинау талап етілсе, жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін негіз болып табылады. Мұндай жағдайда қылмыстық іс қозғау туралы мәселені шешу үшін бар деректер жеткіліксіз (қылмыс ққиғасы анықталмаған, жекелеген белгілер, олар бойынша қылмыстың бар екендігін не болмаса жоқ екендігін тең дәрежеде болжауға болады, адамның бастапқы мінез-құлқы оның іс-әрекеттерін қылмысты деп бағалауға мүмкіндік бермейді, бірақ олар сондайға ауысуы мүмкін және т.б.).

Анықтама, тергеу және сот органдарынан жасырынып немесе қылмыстық жазадан жалтарып жүрген адамдар туралы хабарламаларды жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін негіз ретінде мынадай мағынада қарастыру керек: жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органға нақ бір тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны, оның құқық қорғау органдарынан жасырынғаны немесе жазадан жалтарғаны, адамды іздеу жүргізу туралы тиісті тапсырма бар екендігі, өйткені ондай тапсырма қылмыс жасалу жері бойынша аумақтық органға келіп түседі. Оған қарамастан өзге жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдар болмаса да, аталған адамдарды анықтау бойынша жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуге және жедел-іздестіру әрекеттерінен қылмыс жасауға қатыстылық пәніне тиісті ақпарат алған жағдайда да, сондай-ақ жазадан жалтару немесе анықтама, тергеу және сот органдарынана жасырыну фактісін анықтауға құқылы және міндетті.

Жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешумен байланысты емес іздеуді жариялау жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуге негіз болып табылмайды.



Хабарсыз кеткен азаматтар бойынша жедел-іздестіру әрекеттері, әдеттегідей, туысқандар, таныстар немесе лауазымды адамдардың арызы бойынша жүргізіледі. Осындай арыздарда бар ақпарат адамның жоғалу фактісі туралы болжауға мүмкіндік беретін жеткілікті негіз болып табылады.

Танылмаған мәйіттердің табылуы жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін негіз ретінде егер мәйіттің табылған жерінде суымаған іздер бойынша жұмыстар кезінде, тікелей, сондай-ақ жеке басы анықталмағандықтан жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізбей мүмкін емес мәйіттің табылу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаудан (тоқтатудан) бас тарту жағдайларында жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу қажет болса, қылмыстық іс қозғау туралы мәселені шешкенге дейін бола алады.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың арнайы қызметтерінің барлау-бүлдіру әрекеттері туралы хабарламалары жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдарына, оларға жәрдемдесуші органдардан, адамдардан ауызша немесе жазбаша хабарламалар келіп түскен кезде негіз бола алады.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың арнайы қызметтерінің барлау-бүлдіру әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексімен көзделген конституциялық құрылысты бұзуға, елдің қорғаныс және экономикалық әлеуетін бұзуға бағытталған қылмыстар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бұл қылмыстардың алдын алу немесе кесу мақсатында шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың арнайы қызметтерінің қызметкерлерін, диверсанттарын, шпиондарын ұстауға бағытталған әрекеттер жүзеге асырылады.



Өздерінің қарауындағы қылмыстық істер бойынша тергеушінің жазбаша тапсырмалары және прокурордың нұсқаулары, сондай-ақ соттың ұйғарымдары жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін негіз ретінде орын алуын төмендегідей сипаттаймыз:

ҚР ҚІЖК-нің 64 бабы тергеушінің жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін орындауға міндетті жазбаша тапсырмалар беру құқығын, сондай-ақ прокурорға істі талдағаннан кейін анықтау органы бойынша жедел-іздестіру әрекеттерін тек қана тергеушінің тапсырмасымен жүргізе алатынын бекіткен. Егер қылмыс жасаған адам анықталса, анықтама органы қылмыс жасаған адамды табу үшін іздеу және жедел-іздестіру әрекеттерін тергеушіге хабарлай отырып қолдануға міндетті.

Бұл мән-жай олардың құқықтарын шектесе де, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың бастамасына кедергі бола алмайды, өйткені оның ішінде нақты адамдарға, яғни қылмыс жасауға сезікті немесе айыпталушыға қатысты жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу тергеліп отырған іс шегінен шығуы мүмкін және ол тек жедел жолмен анықталуы мүмкін, яғни бұрын белгілі емес қылмыстарды анықтауға немесе жаңа қылмыстарды жасауға бағытталған іс-әрекеттерді анықтауға, мысалы, лауазымды тұлғаларды сатып алу, куәларды қорқыту және т.б. мән-жайларға қатысты болуы мүмкін. Бұл жағдайда жедел-іздестіру қызметінің қылмыстарды анықтау сияқты міндетін жүзеге асыру туралы сөз болып отыр, ол қылмыстық іс жүргізудің ағымдағы міндеттерінен немесе тергеушінің шешімдерінен тәуелсіз.

Қылмыс жасаған адамдарды анықтау бойынша жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу кезінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдарға тергеуді жедел-іздестіру әрекеттерінің нәтижелерінен алғандығы туралы хабарлау міндетін жүктейді, бірақ әрбір жүргізілген жедел-іздестіру әрекеттері туралы емес.

Қозғалған қылмыстық істің болуы жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу негізі бола отырып, оларды жүргізуде шектеу болып табылмайды. ҚР ҚІЖК-нің талаптарын орындау жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдар үшін де міндетті екені сөзсіз, бірақ жедел-іздестіру қызметіне және қылмыстық іс қозғалған факті бойынша жедел жолмен анықталуы қажет барлық өзге мән-жайларды қоспағанда, бұл ұйғарымдар тергеуге қатысты. Мұнда тергеу іс-әрекеттерін алмастыратын жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуге жол берілмейтіндігі туралы әңгіме болып отыр.

Аталған органдар (тергеуші, прокурор) жедел-іздестіру әрекеттеріне мазмұны бойынша ұқсас жекелеген тергеу іс-әрекеттерін жүргізуге қатысты тапсырмалар мен нұсқаулар жолдауға құқылы болғандықтан, берілген негіз дербес ретінде бөлінген (көбінесе, сөйлесулерді тыңдау және жазу).

Тергеуші, прокурор мен соттың тапсырмасы бойынша жүргізілетін жедел-іздестіру әрекеттерінің түрі мен тактикасын тек жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органның лауазымды тұлғасы анықтайды. Тергеуші тек міндет қоюға, тапсырмаларды орындау мерзімдерін белгілеуге құқылы, бірақ тапсырманы орындау кезінде жүргізіліп жатқан жедел-іздестіру әрекеттерінің сипаты, ұйымдастыру мен тактикасы туралы нұсқаулар беруге құқылы емес.

Тапсырма деп жедел-іздестіру әрекеттері немесе тергеу іс-әрекеттерін жүргізу туралы тиісті лауазымды адамның шығаратын жазбаша құжатты қарастырған жөн. Тапсырма анықтаушының, тергеушінің, прокурордың қаулысымен (нұсқауымен) немесе сот ұйғарымымен рәсімделеді, онда істің мәні, анықталуға қажет мән-жайлар, іздестірілуі тапсырылып жатқан немесе оларға қатысты жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу қажет адамдар туралы деректер және т.б. қысқаша баяндалады.

Тергеушінің, прокурордың ауызша нұсқауы (тапсырмасы) жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін негіз болып табылады.

Құқықтық көмек туралы шартқа (келісімге) сәйкес халықаралық құқық қорғау ұйымдарының және шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарының сауал салулары бойынша жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша жүзеге асырылады. Жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуге Қазақстан Республикасының жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдарының шет мемлекеттердің осындай субъектілерімен жасаған шарттарына (келісімдеріне) сәйкес жол беріледі.

Мұндай сауал салулар жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін негіз болып табылады, өйткені оларда мәлімделген тарап нақты қылмыстық фактілерге, оларды жасаған, іздестіріліп жатқан және хабар-ошарсыз кеткен адамдарға қатысты.

Халықаралық сауал салуларына тиісті санкциялар бар қаулыларға тіркелуі мүмкін. Сұраушы жақтың мұндай құжат материалдары Қазақстан Республикасының жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдарының қызметіне таралмайды. Олар жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізудің негізделгенін дәлелдейді.

Қоғам, мемлекет мүддесі мен оның экономикалық және қорғаныс әлеуетін нығайту мүддесіне орай барлау ақпараттарын алу қажеттігі жөніндегі хабарламалар жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін негіз ретінде қылмыстық сипатқа ие емес, бірақ болжамдық жағынан ұлттық қауіпсіздікке қауіп тудыратын оқиғалар немесе іс-әрекеттер туралы ақпаратқа ие болуы мүмкін.

Оқиғалар деп ұлттық қауіпсіздіктің тиісті түріне зиян келтіруі мүмкін немесе қауіпті шақыруы мүмкін, шын болып жатқан немесе бұрын орын алған фактілер, мән-жайлар, құбылыстар қарастырылуы мүмкін. Оқиғаларды адамдар мінез-құлқымен туғызылған мән-жайлар ретінде қарастырып қана қоймай, сондай-ақ олардың еркінен тыс болып жатқан, бірақ кейін қауіпсіздікке зиян келтіруі мүмкін процестер ретінде де қарастырылуы мүмкін.

Көбінесе, қауіпсіздікке қауіпті басқарылмайтын технологиялық процестер (мысалы, ядролық реактор жұмысындағы келеңсіздіктер) не болмаса дербес алғанда қауіпті туғызбайтын, өзге іс-әрекеттермен немесе оқиғалармен жиынтықта оны шақыруы мүмкін іс-әрекеттер туғызуы мүмкін. Бұл, мысалы, электроэнергияны тоқтаусыз технологиялық циклді қондырғылар, өндірістер, цехтардан, химиялық сала немесе ядролық материалдарды, шығындарды, тазалау объектілерді және құрылыстарды, сондай-ақ т.б. пайдаланумен, сақтаумен байланысты объектілерден айыру.

Ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатер – ұлттық мүдделерді іске асыруға кедергі жасайтын немесе оларға қауіп төндіретін, жағдайлардың, процестер мен факторлардың жиынтығы (1998 жылғы 26 маусымдағы №233-І «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» ҚР Заңының 1 бабы). Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі – елдің ұлттық мүдделерінің нақты және ықтимал қауіп-қатерден қорғалуының жай-күйі (1998 жылғы 26 маусымдағы №233-І «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» ҚР Заңының 1 бабы).

Жедел-іздестіру әрекеттерін жүзеге асыру қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең бір тиімді және қосалқы құралдары ретінде пайдаланылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентін, Парламенті мен Үкіметін оларға саясат, экономика, қорғаныс, ғылыми-техникалық және экология салаларында шешімдер қабылдау үшін қажетті барлау ақпаратымен қамтамасыз ету; қауіпсіздік саласындағы Қазақстан Республикасының саясатын жақсы жүзеге асыруға ықпал ететін жағдайларды қамтамасыз ету; елдің экономикалық дамуына, ғылыми-техникалық прогресіне және қауіпсіздігін әскери-техникалық қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсаттарына қызмет етеді.

Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңның 10 бабының 2 тармағы жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың азаматтардың жеке басын сипаттайтын және шешімдер қабылдау үшін қажетті деректер жинауға құқығын белгілеген. Бұл құқық жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың өкілеттіктерінің шегімен шектелген.



Ішкі істер, Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі, ұлттық қауіпсіздік, әскери барлау, қаржы полициясы, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметіне жұмысқа және қызметке қабылдау туралы шешімді осы органдардың басшылары қабылдайды, тиісінше осындай шешімді қабылдау үшін қажетті деректерді осы органдардың жедел бөлімшелері жүзеге асырады.

Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрбір жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың өкілеттігі, сондықтан бұл жөнінде деректер жинау сол органдардың жедел бөлімшелерімен жүзеге асырылады. Мұнда жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы орган тек өзінің ғана емес өзге де жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде деректер жинауға құқылы.

Мемлекеттік құпия болып табылатын мағлұматтарға немесе тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін апат немесе экологиялық қауіпті аса жоғары объектілер мен ғимараттарды пайдалануға байланысты жұмыстарға рұқсат беру туралы шешім қабылдау ҚР ҰҚК-мен қабылданады, тиісінше шешім қабылдау үшін қажетті деректерді жинау бойынша жедел-іздестіру әрекеттері осы органдардың жедел аппараттарымен жүзеге асырылады.

Жедел-іздестіру қызметіне қатысуға рұқсат беру немесе оны жүзеге асыру нәтижесінде алынған материалдарды пайдалануға рұқсат беру жедел-іздестіру әрекеттерін жүзеге асырған жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың құқығы, сондықтан оны тиісінше олардың жедел бөлімшелері жүзеге асырады.

Жеке детективтік және күзет қызметімен айналысуға рұқсат беру тиісінше тексеру әрекеттерін жүргізу ішкі істер органдарының лицензиялық-рұқсат беру қызметі бөлімдерінің құзыретінде. Өйткені осы бөлімшелер жедел-іздестіру қызметінің субъектілері болып табылмайды, қажетті ақпаратты жинау мақсатында жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу ішкі істер органдарының жедел бөлімшелерімен жүзеге асырылады. Лицензиялық-рұқсат беру қызметі бөлімшелерінің қызметкерлерімен әкімшілік-тексеру жұмысын жүзеге асыру берілген негіздер бойынша жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуге ұқсас емес. Жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуге негіз әкімшілік тексеру нәтижелері, көрінеу жалған мәләметтер берілгендігі, жалған құжаттар және т.б. туралы дәлелдейтін деректер бола алады.

«Заңмен бекітілген құқықтың орын алуы өздігінен жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін тиісті негіздерді туғызбайды, себебі жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдары ие жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу құқығы оларды жүргізу негіздері бола алар еді. Жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін негіз болып тиісті тұлғаларды мемлекеттік, қызметтік, кәсіби мүдделерге қайшы іс-әрекет жасаудың болжамды мүмкіндігі болып отыр. Ол тиісті жұмыстарға, мәліметтерге, материалдарға немесе белгілі қызметке қатысуға рұқсат беріліп отырған адамдарға жоғары талаптарды қоюды, сондай-ақ рұқсат беруді рәсімдеуді, жұмысқа алуға, қызметтестік қатынастар орнату және ұстау, лицензия беру жол берілетіндігіне күмән туғызатын мәліметтер талап етеді.

Өздеріне қатысты шешімдер қабылданып жатқан тұлғалар жүргізілетін тексеру туралы біледі және оның жүргізілуіне алдын ала келісім береді, көбінесе, мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтерге жедел-іздестіру қызметіне қатысуға, объектілерді пайдаланумен байланысты жұмыстарға және т.б. рұқсат беруді рәсімдеу кезінде. Осыдан шыға отырып, жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізудің тұлғаның тағы бір іс жүзіндегі негізі ретінде жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуге тұлғаның жеке келісімі бола алады».20

Тексеру жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін негіздер болып тиісті тексеруді талап ететін, іс жүзіндегі деректер қылмыс белгілеріне ие әрекеттің жасалуы туралы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік, әскери, экономикалық немесе экологиялық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін не болмаса оқиғалар немесе іс-әрекеттер туралы болжамдар болып табылмайды, керісінше тексеріліп отырған адамдардың сенімділігін, олардың жеке қасиеттерінің қойылған талаптарға сәйкестігін дәлелдеу, тиісті шешімдерді қабылдауға жол берілетіндігін және мақсаттылығын негіздейтін деректер алу қажеттігі. Осыған байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, мүмкін құқыққа қайшы мінез-құлықтың алдын алудың әрекеттері жасалады.

Тиісті шешімдерді қабылдау қажеттігі барлық жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуге негіз бола алмайды, керісінше тек жедел-іздестіру әрекеттерінің шектеулі тізіміне ғана тиісті шарттар сақталған жағдайда ғана орын алады.

Тексеру жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу – ішкі істер, Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі, ұлттық қауіпсіздік, әскери барлау, қаржы полициясы, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметіне жұмысқа және қызметке қабылдау; жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету; мемлекеттік құпия болып табылатын мағлұматтарға немесе тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін апат немесе экологиялық қауіпті аса жоғары объектілер мен ғимараттарды пайдалануға байланысты жұмыстарға рұқсат беру; жедел-іздестіру қызметіне қатысуға рұқсат беру немесе оны жүзеге асыру нәтижесінде алынған материалдарды пайдалануға рұқсат беру; жеке детективтік және күзет қызметімен айналысуға рұқсат беру үшін негіз бола алатын мән-жайларды анықтау. Бұл мақсат жеке болып табылады және жедел-іздестіру қызметінің қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қылмыстық қол сұғудан қамтамасыз етуден тұратын ортақ мақсатына сәйкес келеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет