2.2. Қазақ халқының дәстүрлі қолөнерінің киіз бұйымдары, киіз басу өнері.
Қазақ халқының қолөнері деп халық тұрмысында жиі қолданылатын өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты шығармашылық өнер жиынтығын айтады. Шын мәнінде қолөнер түрлерінің әрқайсысының талай ғасырлық тарихы бар. Қазақ халқы өзінің күн көріс тіршілігіне қажетті үй – жай салуды, киім – кешек тігуді, азық – түлік өндіруді өзінің тұрмыстық кәсібі етіп, оларды күнбе – күнгі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән – салтанат та құра білді. Бұдан біз халық творчествосының қандай түрі болса да, халық өмірімен, сол халықтың қоғамдық тарихымен, күн көрісімен, кәсібімен тығыз байланысты екенін көреміз. Халықтың қолөнеріне әдет – ғұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал – жабдықтар да кіреді. Киіз үйдің сүйегі, ағаш керует, кебеже, сандық жасап, кілем, сырмақ, алаша, ши, түрлі бау – басқұр тоқып, арқан, жіп есіп, көннен және илеулі теріден қайыс, таспа тіліп, өрім өріп қолдан әр алуан ыдыс – аяқ, адалбақан, асадал, бесік, және т.б. көптеген заттарды халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасап, түрлі нақыштарымен әшекейлейтін болды. Қолөнерінде көңілге қонымды мәнерлер мен ондаған қолданылған әдістер архитектурада кеңінен қолданылып келеді. Ертеден біздің заманымызға дейін сақталған мазарлар мен ескерткіштердегі, діни әр түрлі құрылыстардың қабырғалары мен мұнараларындағы сәнді ою-өрнектер, ағаштан қиюлап, тастан қашалып жасалған діңгектер – халық қолөнерінің тамаша туындылары. Саз балшықтарды күйдіріп, ағашты майлап кептіру, шақпаққа қу жасап, оны тұтанғыш ету, бейіт, қорған, мешіт және т.б. салуда қолданылған балшықты қыл, жүн, шөп – шалам араластырып илеу тәсілдері де өте ертеден-ақ халықтың іздену талабынан, қоғам дамуы процесінен туған айла – тәсілдер. Батырлық пен саятшылыққа қажетті садақ пен жебе, айбалта мен шоқпар, сойыл мен босмойын, аңшылыққа қажетті құстың тұғыры мен томағасы, балдағы мен аяқ бауы сияқты көптеген жабдықтар да қазақ халқының тұрмыс салтына, кәсібіне байланысты туғандығы сөзсіз. Мал шаруашылығына қажетті желі, шалбыр, ноқта, бұршақ, жүген, құрық, бұғалық, тұсамыс, өре, шідер, кісен, қада, ер –тұрмандарды да халық даналығы ойлап тапты. Зергерлік, кестешілік және оюшылық өнерді дамытты. Халық өнерпаздары құмнан, тастан, саздан құмыра, ыдыс – аяқтар, мүйізден, сүйектен, мал мен аң терілерінен әшекейленген нақышты мүліктер жасаған. Халықтың қолөнеріндегі мүліктердің бір тобы үй іші жабдықтары болса, екінші тобы – қайыс өру,қару–жарақ, көшу-қону, жол – жорық жабдықтары еді. XIX ғасырда және XX ғасырдың бас кезінде қазақ халқының қолөнері ішінде киіз үйдің сүйегін, ағаш төсек жасау, ағаш өрнектеу, кесте тігу, өрмек тоқу, киіз басу кең өріс алды. Бұл кезде жастарға арнап ер – тұрман мен белдік, қыз – келіншектерге арнап сәукеле, шашбау, білезік, сырға жасап, оларды түрлі түсті өрнектермен әшекейлеу өнері де өрістей түсті. Бертін келе, адамзат қоғамы дамыған сайын қолөнердің біразы жаңа әдіс тауып, жаңа түрге ие болды, кейбіреулері тұрмыс қажетіне жарамсыз болғандықтан тіпті қолданылмады. Халықтың мәдени дәрежесі өскен сайын тұтыну бұйымдары мен жабдықтардың сапасына қатты талап қойып, олардың әрі ұнамды, әрі сәнді болуын қалады. Еңбек үстіндегі творчествалық ізденудің нәтижесінде тұрмысқа керекті заттардың жаңа алуан түрлері жасалып отырды. Сонымен қатар жиһаздардың ою-өрнектері де талғамға қарай жаңа мәнер, жақсы әшекейлермен безендірілу және жиһаз - мүліктердің жаңа түрлерін шығару талабы да арта түсті. Техникамен жақсы жабдықталған фабрикалар мен кәсіпшілік артельдерінде кілем тоқылды, тігу ісі мен кестелеу өнері де машинамен орындалды. Бұл айтылғандардан қолөнер халық тұрмысында ежелгі маңызын жойды, ендігі жерде онымен шұғылданудың керегі жоқ деген ұғым әсте тумайды. Қайта халық қолөнерінің бай мұраларын жинап, сұрыптай отырып, заманымызға лайықты сапа, түр беру әдісімен оларды ілгері дамыта беру керек. Осыған байланысты қазақтың халықтық қолөнері саласының біраз түрлеріне тоқталып өтуді жөн көрдім. Олар: ою-өрнектердің түрлері, олардың атаулары мен қолданылатын орындары. Өрнектердің түрленіп даму тарихы мен кейбір өрнек элементтерінің үлгісі. Бірнеше рет тоғытылып, кірінен, шайырынан тазартылып қырқылған қойдың күзем жүнінен киіз басылады. Киіз басылатын жүнді шаң-тозаңнан, шөп-шөгірден тазартып, жүннің біртеленіп, ұйысқанын жазу үшін сабаумен сабайды. Жүн сабау ісіне әйелдер мен бірге еркектер де қатысады. Жүн сабау маусымды және көпке ортақ жұмыс болып саналады. Жүн сабау жұмысы қазақ ғұрпында ойын-сауықпен көңілді өткен. Жүн сабалып болған соң «тулақ шашу» деген ырым бойынша жастар жиналып тамақ ішеді, ойын кешін өткізген. Жүн сабау жұмысына керекті заттар – сабау мен тулақ. Сабауды бұтақсыз түзу талдан, қара мойылдан, майысқақ теректен, жыңғылдан июнь-июль айларында дайындап, қабығын алып кептіреді. Ұзындығын 1 метр 20 сантиметрдей етіп, екі ұшын тегістеп, тұжырады. Оның диаметрі 2 сантиметрдей, бас аяғы бірдей. Сабау жүн сабаушылардың санына қарай әр кісіде екі-екіден болады. Жүнді екі сабаумен қос қолдап сабайды. Сабайтан жүннің астына тулақ төселеді. Ал тулақ деп әдетте өгіздің, сиырдың керіп кептірген шикі терісін айтады. Жүн сабау алдында тулақты аздап сүт бүркіп, шөптесінге төсеп жібітеді. Олай істемесе, кеуіп тұрған тулақ сабауға шыдамай сынып кетуі мүмкін. Киізді осы сабалған дайын жүннен басады. Ол үшін оралмаған ақ ши, ыстық су, шелек, шөміш қажет. 4 қанат шиді екі қатар жарастыра көктейді немесе шидің шет бауырларын байланыстырып қояды да үстіне екі қабат жүннен беттестіріле киіз төселеді. Киіздің екі бетін киіздің асты мен үсті немесе киіздің өңі мен теріскейі дейді. Әуелі шидің үстіне арналған жүн шабақталады, яғни бұрын сабалған үлпілдек жүнді шиге салып, екі адам шыбықпен көпсіте шабақтайды. ( шабақтау – шыбықпен жаймалау деген сөз). Мұны жабдықтау да дейді. Осыдан кейін бет тартылады, яғни киіздің өң жағына арналған неғұрлым таза, әдемі жүнді сол қолымен уыстап алып, әлгі шабақталған жүннің үстіне салып отырып, оң қолдың қырымен басып қалып үзіп қалдырады. Үзілген жүн бірімен бірі жалғаса, бір тегіс болып төселе береді. Бұл істі бұрыннан бет тартып машықталған, жүн тартудың шебері деп танылған бір адам ғана орындайды. Себебі екі-үш адам болса, жүн ала-құла тартылады да киіз біркелкі шықпайды. Ал әбден машықтанған адам киіздің я қалың, я жұқа екенін бір қолымен-ақ сезіп отырады. Мұны халық «жүн тартушының қолының көзі бар» деп дәріптейді. Егер басқалы отырған киіз сырмаққа арналса, онда оның астыңғы бетіне бозғылт, қызыл түсті жүндер шабақталады, бетіне ең әдемі жүн тартылады. Сырмаққа арналған киіз жұқа басылады, егер қалың басылса, сырмақ астарланып сырыла келе өте ауырлап, ыңғайсызданып кетуі мүмкін. Сөйтіп киіздің үстіңгі беті тартылған соң, жүннің біркелкілігін байқау үшін тағы да бір-бір рет жүріп өтіп, киізді алақанмен басып көреді. Жұқа жеріне жүн қосады, қалың жерін жаймалап жұқартады. Содан кейін қайнап тұрған ыстық суды шелекпен әкеліп, сүзгімен немесе шөміштің сырт жағымен шашыратып шидің бір жақ шетінен бастап себелеп құяды. Жоғарыдан шашырап құйылған су өз салмағымен жүнді басып, шабақталған жүн мен тартылған жүнді біріне-бірін қосып жабыстырады. Ыстық су жүннің талшықтарын буландырып жібітеді де, оның өзар кірігіп, тез киізденуіне жағдай жасайды. Су себіле бастасымен қатар отырған 3-4 әйел басылып жатқан жүнді қабаттай шиыршықтап, ескен тәріздендіріп , жинап отырады. Шиді ширатып орап жинаған сайын әлсін-әлсін ыстық су құйылады. Осы тәртіппен жүн тартылған ши түгел жиналған соң, оны сыртынан жіппен шандып, жұмырлап байлайды да, ортан белінен бір жерінен немесе екі жерінен арқанды өткізіп алып, екі басын тұйықтап бос салып қояды. Бұл шиыршықталып жатқан шиді домалатып сүйрету үшін қажет. Осыдан соң бүктеліп әзір жатқан шидің өн бойын бойлай 10-12 адам қатар жүріп келе жатып шиге ораулы киізді аяқтарымен теуіп отырады. Бұларға қарама-қарсы бір адам тұрады, оны қой бастар дейді. Ол бүктеліп әзір жатқан киізді алға қарай (өзіне қарай) домалата сүйрейді. Үнемі домалатып жылжып бара жатқан киіз тепкіленіп әбден төселеді. Мұндағы бір шартты нәрсе – киіз бойында тепкі тимеген жер қалмауы тиіс. Әйтпесе киіздің бір жері кірігіп, бір жері кірікпей босап, жүн қалпында қалып қоюы мүмкін. Ондай жер кейін тесік боп шығады. Киізге ою салынған болса, яғни текемет болса 1 сағат тепкеннен кейін шиді тарқатып, киіз бетіндегі өрнекті түзетіп алып, оны қайта орап, тағы да тебеді. Жалпы киізді тебу уақыты 2 сағаттан 3 сағатқа дейін созылады. Киіз неғұрлым көп тебілсе, соғұрлым шымыр, тегіс, әдемі шығады да, ондай киіз көп уақытқа дейін қопсып, түтеленбейді. Қазақ ғұрпында киіз тебу бір ауылға түгел ортақ көпшіліктің ісі саналған. Сондықтан киіз тебушілер домалатқан киіздерін қадірлес отаулардың сыртына апарып «қой басты, қой басты» деп әзілдейді. Үй иесі, қой сойып, не қымыз сапырып, не болмаса құрт-май алып шығып, киіз тебушілерді қонақ етеді. Мұндай әзіл, еркелік үнемі ән, би, ойын-сауықтармен өтеді және өте жарасымды базына боп кеткен. Киіздің тебуі жетті-ау деген кезде, шидің шандуларын шешіп, шиыршықталған киізді жазып босатады. Содан кейін киіздің асты-үстін ауыстырып отырып, 3-4 рет шиыршықтап, бүктейді де, екі басын түйістіріп шұжыққа ұқсатып көктеп алып, тағы да ыстық су құйып сығымдап, үстін күпімен,тонмен жылылап жауып тастап булайды. Мұны булау немесе кірлеу дейді. Бұл әдіс арқылы кіріккен киіз буланып, бөрттірген дән сияқты біраз ісінеді. Солай жабулы бетінде бір, бір жарым сағат жатады. Бұл уақытта киізшілер дем алып тамақтанады. Болашақ киіздің сапасы туралы әркім өз байқағанын ортаға салады, киіз иесіне жақсы сөз, жылы лептер айтылады. Ыстық буымен балбырап жатқан киізді мөлшерлі уақыт өткен соң шешіп алып, қайыра ширатып, тағы да жіппен шандып байлайды. Қатарласа отырған киізшілер шидің үстінде көлденең жатқан киізді өздеріне қарай жұла тартып алып, тізесіне соғады, білегімен ұрып басады. Мұны білектеу немесе киіз басу дейді. Киізді әрлі-берлі домалатып білектегенде үнемі бір жердегі жіптен ұстай бермей, ауыстырып отырып білектейді. Осы тәртіппен 3-4 рет ауыстырып білектеп болған соң, оны шандуынан жазып алып, әрі-бері созғылайды да, қарпуға кіріседі. Білектеліп болған киізді ұзынынан екі қабаттап бүктеп, оның екі басын бір-біріне түйістіре шуда жіппен көктейді. Киіздің шет-шетін жымқыра ұзына бойын да көктейді. Сонда киіз шұжық сияқты қалыпқа түседі. Киіз басушылар осы дөңгелек киізді ақ шидің үстіне салып, айнала отырады. Қусырылған киіздің әр жерінен қамти ұстап , оңды-солды қарпиды. Яғни киізді алдымен бірыңғай оңға қарай жұла серпіп, екінші кезекте солға қарай серпиді. Қарпу үстінде киіздің шетін қымтап ұстап отырғандардың қолдары оңнан солға қарай жылжи береді. Қарпылған киіздің шет-шеті жиналып тегістеледі де, екі жақ бетіндегі кірікпей қалған бос қылшықтары түседі. Білектеу мен қарпудан кейін кірігіп, ширай түскен киіз біраз қуырылғандай болып көлемі шағындалады. Енді оны ұзындау қажет. Киізді ұзындау білектеуге ұқсас, бірақ оны жіппен шандымайды, тек ұзынын шығара созғылай есіп шиыршықтайды да әуелі бір жақ шетін жұмырлай білектеп есе отырып екінші басына жеткізеді. Одан кейін екінші басын тағы да соза білектей отырып бірінші басына дейін апарады. Сонда киіз молығып, созыла түседі. Бұл жұмыс барлығы 10-20 минутқа созылады. Киізді білектегенде және ұзындағанда оның екі жақ басына жуан ағаш, жинаулы ши сияқты нәрселерден тиянақ қойып отырады. Сонда киіздің ұзына бойының екі жақ шеті олпы-солпы болмай, тегістеліп шығады. Ұзындаудан кейін киіз басу ісі бітті деп саналады да, оны желге қойып кептіреді. Кепкен киізді тобылғы, қараған сияқты бұталардан буылған сыпыртқымен соғып, сыпырып, бос жүрген қыл – қыбырынан арылтады. Осыдан кейін киізді тұрмыс қажетіне тұтына береді. Киізді кейде пісіреді, яғни пысықтайды. Бос басылған немесе бірсыпыра уақыт кесек киіз күйінде пайдалануда болып созылған киізді үйге жабарда, одан аяққап, киіз есік, сырмақ жасарда шидің үстіне салады да, ыстық су құйып білектейді. Бұл уақытта киіз кірігіп, шымырлана түседі. Киіз басудағы жұмыстың бұл жүйесін «киіз пісіру» деп атайды. Аттың кежіміндегі, сондай-ақ қалпақ, кебенек, жайнамаз сияқты жұқалаң келетін киіздерді, әр түрлі өрнек жасау үшін кейін қайшымен оюлап кесілетіндей етіп жасайды, мұны талдырма дейді. Ондай арнаулы киіздерді бір бет етіп жұқалап асады, яғни тек ши бетіне шыбықпен шабақтап алады да, ыстық су құйып басады. Киіздің ақ, қара, бозғылт, кейде қызғылт түсті болып шығуы әдейі таңдап алып, бөлек сабалған қой жүндерінің түсіне байланысты. Дайын болған киізді өзінің арналып басылуына қарай өре киіз, кесек киіз, текемет киіз, сырмақ киіз, талдырма, сатымсақ киіз, қозы жүнді киіз деп бірнеше түрге бөліп атайды. Қой қырқу, жүн сабау, киіз басу сияқты жұмыстар жылына бір-ақ рет келетін науқанды жұмыс саналған. Сондықтан ауыл жастары мұндай жұмыстарға ерікті түрде араласуды, көмектесуді өздерінің міндеті деп біліп, оған бар ынтасымен қатысады. Жүн сабау, киіз басу жұмыстары жастардың бас қосып, әзіл-оспақ айтысатын өте көңілді сауық-сайран орны болған. Қазақтың «киіз басу» биі, «қойбасты» ойыны, жас балаға бір шүйке жүн беріп жіберіп, құрт-май және басқа да дәмді ас алдырып жеу дағдысы да, еңбектің өзіне тән ерекшелігіне байланысты өз кезінде туған салт-дәстүрлер еді. Халық арасында киізді қалыпқа салып басып шығару әдісі де ерте заманнан бар. Бұл әдіспен көбінесе киіз етік, ұйық ( пима ), қалпақ, байпақ сияқты заттар жасалған. Олар әрі жылы, әрі жеңіл, әрі әдемі келеді. Республикамызда киіз басу ісінің мұндай түрлерін дамытып жүрген колхоз-совхоз шеберлері аз емес. Олардың еңбегін бағалап, әр шебердің іс үлгісін көпке ортақ ету бұдан былай да назардан тыс қалмауға тиіс. Енді киізді қалыпқа салып басып шығарудың кейбір үлгілеріне де тоқталып өтейік. Киіз етік. Киіз етіктің басы мен қонышын бөлек, екі бет етіп пішіп алып, тігістеріне былғарыдан немесе жақсы иленген қайыстан сыздық салып отырып қусырып тігеді. Қонышты жұқа былғарымен оюлап көмкереді. Өкшелігіне сірі салып, әдемі былғарымен қаптап, оның сыртын өрнектеп қояды. Киіз етіктің де басын былғарымен жұлықтайды. Басына қалып салып отырып, табандығын бүрмелеп, былғары ұлтарақша салып, ұлтан, өкше қағады. Киіз етік аяз тартпайды, өзі әрі жұмсақ, әрі жеңіл, әрі сәнді. Оны ауылдық жерлерде қазір «боти» деп те атап жүр. Пима басу. Пима қойдың күзем жүнінен, қозы жүнінен басылады. Оның да басылу процесі киіз басу сияқты. Әуелі шабақтап алып, бетінен қолмен тарту арқылы орындалады. Бірақ мұның астына ши орнына кенеп төселеді. Ұйықтық киізді кенептің үстіне шабақтап басуға әзірлегенде оны аяқтың үлкен-кішілігіне қарай бейімдеп, екі бет етіп нобайлап төсейді. Осындай етік басының нобайы екі бөлек жасалып алынған соң, оның шет-шетін қаусырмалап қайырып ( ішіне кенеп салып отырып ) бірін–біріне беттестіреді де, жылы су себелеп, қолмен қусырады, талдырма етік бейнесіне келе бастайды. Содан кейін оның басын желкелігінен асыра тағы да қабаттап, әдемі жүнмен орайды. Осындай орау өкшелікке де бастырылады. Пиманың табанын қалыңдату үшін, жұлықтан асыра үшінші рет жүн басылады. Осылай әзірленіп алған талдырманы арасына кенеп салып, сыртын кенеппен орап, ыстық су құйып отырып білектейді. Талдырма киізденіп, рабайсыз үлкен жұқа байпақ тәрізденіп шығады. Содан кейін қайнап жатқан суға салып, 30-40 минут қайнатады да, дөңгелекке немесе қалың тақтайға салып ( бұл кезде пиманың іші-сыртындағы кенеп алынып, оған бас қалып салынады), қашан киіз кірігіп, қалыңдап, кішірейіп қалыпқа түскенше (2 сағат, кейде одан да көп уақыт) тоқпақталады. Тоқпақтау үстінде оны біресе ұзынынан, біресе көлденеңінен, біресе қонышымен басын қоса жымырып отырып ұрғылайды. Қайнап тұрған суға салып ұрғылаған сайын киіз қалыңдай түсіп, кірігеді, шымырланады, көлемі кішірейіп, бұралған жеңдей құрысып қалады. Содан кейін оны тағы да бірер сағат қайнатып алады да, ыстық күйінде қалып соғады. Ең алдымен бас қалып пен өкшелік салынып, біраз соғылады. Одан кейін желкелік салынып тағы соғылады. Бас пен өкше бейнеленіп шыққан соң, оны дөңбекке салып отырып алқымынан, желкесінен тағы тоқпақтайды. Бір жағынан пиманың басын, алқымын, желкесін арнаулы шарыққа, бұжыр темірге, кедір-бұдыр ағашқа үйкелеп, сүргілеп отырады. Сонда пима сыптығырланып әдемілене түседі. Пима әбден шымырланып жетті-ау дегенде, оның үлкен-кішілігіне қарай, желкелік пен өкшеліктің арасына қағылады. Содан кейін біраз тоқпақталған соң қалыпты суырып, пиманың іші-сыртын қарап көреді де, қайтадан қалыпқа салып пиманы ыстық пештің ішіне кептіруге тастайды. Кепкен пиманы түрпімен егеп, кейде сырт қылшықтарын жалынға үйітіп әдемілейді. Егер ақ жүннен басылған пиманы қарайту қажет болса, оны қара бояуға салып қайнатып бояйды. Пиманы өте қатты шымыр етіп басу үшін оны қайнатқанда белгілі мөлшерде түрлі қышқылдар қосылып отырады.