Туып-өскен жері — қазіргі Қостанай облысының Таран ауданы. Бір жасқа толмай жатып әкесінен, алтыға шығарда шешесінен айрылған. Жетімдік зардабын шегіп, байларға жалданады.Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан.
1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда оқып білім алған.
1916-1919 жылдары мұғалім болады, жазушылықпен шұғылдана бастайды. «Қазақ», «Ауыл» газеттері мен «Айқап», «Садақ» ( Садақ журналы ) журналдарына жазып тұрады. Бейімбет Майлин «Еңбекшіл қазаққа» «Еңбек туы» болып тұрған кезде-ақ атсалыса бастаған. Алғаш мақалаларымен қатысқан ол әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, хатшысы да болған, редакторлыққа дейін өскен. Бірақ көп істемеген.
1920-1922 жылдары газетті жасауға алғаш шығарушылар алқасы басшылық жасап, кейін жекелеген тұлғалар келе бастаған тұста басылымға Бейімбет Майлин секілді жеті-сегіз адам жетекшілік еткені мәлім.Содан соң, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп (1922-1923), Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетінде шығарды (1925). 1925-1928 жылдары қайтадан «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатысты (1928-1932). Мұнан кейінгі 30-шы жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Ауыл тілі», «Қазақ әдебиеті» басылымдарының бас редакторы болып істейді.[2]
1938 жылы жазықсыз тұтқындалып, қызыл қырғын саяси репрессияның құрбаны болды.Бейімбет поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Ол «Садақ» қолжазба журналында (1913), «Айқап» журналында (1914), «Қазақ» газетінде (1915) жарияланған алғашқы өлеңдеріне ден қояды. Сахара жұртының мұң мұқтажын, арман аңсарын, әсіресе азаттық теңдік тақырыбын тілге тиек етеді. Бейімбеттің поэзиялық шығармаларындағы Мырқымбай типтік кейіпкер деңгейіне көтерілген жиынтық бейне. Мырқымбай бейнесі арқылы Бейімбет сол кездегі қазақ кедейлерінің болмыс бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік тынысын суреткерлік шыншылдықпен бедерлей алған.
Бейімбет қазақ поэзиясында поэма жанрының өрісін ұзартып, өресін биіктетуге қомақты үлес қосқан. Оның «Байдың қызы», «Рәзия қызы», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Хан күйеуі» «Кемпірдің ертегісі», «Бөліс», «Мырқымбай» поэмалары тақырыбының әр алуандығымен, оқиғалық тартымдылығымен, өзіндік тіл стилімен қазақ поэзиясының көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады.
Бейімбет Майлы дарыны оның прозалық шығармаларында айрықша жарқырап көрінген. Әсіресе, қазақ прозасында әңгіме жанры Бейімбет шығармалары арқылы кемелдене түсті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер.
Бейімбет он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматович» атты роман жазған қаламгер. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол ірілі ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы.
Бейімбет Майлиннің шығармалары қазақ әдебиетін барлық салада байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасайтын болады.[3]
Ілияс Жансүгіров «Ағыңды менің ақсуым», «Жетісу суреттері»өлеңдері «Құлагер» поэмасы
Қазақ әдебиетін қалаушылардың бірі, сөз зергері Ілияс Жансүгіров 1894 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында, қазіргі Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келді.
Сен туғанда жасарды кәрі жасым,
Өсті өркенім, теңіздей ықыласым.
Ай ма екен, жұлдыз ба екен, әлде күн бе,
Құз қабақ жота мұрын – Ілиясым,- деп әжесі Тоқтық пен атасы Берсүгір басқа балалардан бөлек, өзі бір төбе болып тұрған ақынды еркелете тербетеді екен. Шешесінен жастай жетім қалған ақын әке бауырында өседі. Атасы Берсүгір де өлеңді ойдан төгетін болған. Әкесі Жансүгір сауатты, кітап жинаған, жыр-дастандарды, арғы-бергіні жақсы білетін білімдар адам болған.
Ақын дүниеге келмей тұрып әкесі Жансүгір ақсақал замандасы Молықбай атаға: «Құрдас-ай, менің дүниеге келгелі жатқан тұңғышымның қуанышына ортақ бол. Сен сияқты халқым деп аңырар ма екен!»-деген екен. Сонда қобызшы ата ұл болса атын Ілияс қой! Қыдыр Ілияс пірім сақтап, қолдай жүрер деген екен.
«...Қажыған көңіл қамын, жүрек жанын,
Қозғаған қобыздағы қоңыр сарын.
Әлемнің әуеніне бермес ем-ау,
Қазақтың мұны тартқан күйші шалын», - деп ақын өзі жырлағандай, «Күйші» поэмасының тууына арқау болған қобызшы Молықбай ақсақал ақынның болашағын тура болжаған екен.
Қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық әкелген Ілияс Жансүгіров әкесінің үйретуімен әріп танып, ауыл молдасының алдын көріп, Қарағаш ауылында мектепке барып, жәдитше сауат ашқан. Алғашқы өлеңін 1912 жылы жазады. 26 жасында Алматыға келіп мұғалімдік курсты бітіреді, 1920 жылы Ташкент қаласындағы қысқа мерзімді курста оқиды, 1925-28жж. Мәскеуде Коммунистік журналистика институтында оқып, бітіреді, 1928-1932 ж. «Еңбекші қазақ» газетінің қызметкері, 1932-34жж. Қазақстан жазушылар одағының ұйымдастыру комиссиясының төрағасы,1934 жылы Қазақстан жазушылар одағының төрағасы болып сайланады. Жас әдебиетімізді қалыптастыру С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов, І.Жансүгіров сынды қайраткерлердің үлесіне тиді. Осы жолда еңбектеніп, әдебиет дамытуға бар ынта-ықыласымен берілген ақын әдебиеттің барлық жанрларына қалам тартты. Орта мектепке оқулық жазу, ауыз әдебиетін жинақтап шығару, көркем аударма, әдеби сын, сатира, драмаға да ат салысты. Ұлы Абайды үлгі тұтқан ақын өз поэзиясында өзекті мәселелерді көтере білді.
Ақынның алғашқы баспа бетін көрген туындылары «Сарыарқаға», «Тілек» өлеңдері, 1923 жылы «Сана» журналында «Мерген Бөкен» әңгімесі жарияланады, осыдан кейін ақынның қаламы ұшталып, әдебиетке жай келсе
де терең мағыналы дүниелері бірінен соң бірі келе береді. «Сағанақ» атты алғашқы жинағы 1928 жылы жарық көрді.
Тарихи тақырыпта «Кек» (1931), «Түрксиб», «Исатай-Махамбет» (1936) атты драмалық шығармалар жазды, «Жолдастар» романы (1935) жарық көрді.
Әдеби сын мен аударма саласында да өз еңбегін сіңірді. А.С.Пушкиннің көптеген өлеңдерін, «Евгений Онегинді» қазақ тіліне алғаш толық аударды. (1937), М.Ю.Лермонтовтың «Ақынның өлімі», «Тұтқын», «Қанжар», Н.А.Некрасовтың «Темір жол», М.Горькийдің «Дауылпаз», В.В.Маяковскийдің «Лениншілер» сияқты туындыларын аударды. Он беске жуық поэма жазды. «Рүстем қырғыны» (1926), «Байкал» (1937), «Мақпал», «Исатай» (1937), «Кәмпеске» (1928), «Мәйек» (1929), «Жаңа туған» (1933), «Жорық» (1934) поэмаларында тың тақырыптарды көтерді.
№«Күй» (1929), «Дала» (1930), «Күйші» (1934), «Құлагер» (1937) атты поэмалары да ақындығын танытқан шығармалары.
1928 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке тұрады. Жансүгіров шығармалық жұмыспен қатар Қазақстан жазушылар одағының ұйымдастыру ісіне де белсене қатысқан. 1932 жылы Жазушылар одағын ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып сайланып, 1934 жылы өткен 1-съезге дейін қызмет істейді. Съезде Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы төрағасы болып сайланады. 1934-1937 жылдары Қазақ саяси баспасының редакторы болды. 1937 жылы жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы ату жазасына кесілген. 1958 жылы ақталды.
Талдықорған қаласындағы жоғары оқу орнына ақынның аты беріліп, мұражайы ашылған.
Қазақ поэзиясында бүгінге дейін өнер жайында көп жазған және көркемдіктің шыңына жеткізе жазған І.Жансүгіров пен теңдесер қаламгер жоқ.
М. Әуезов. «Еңлік Кебек», «Қаракөз»
драмалары
Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1897 жылы қыркүйектің 28-інде Семей облысы, Абай ауданында туған. Оның атасы Әуез де, әкесі Омархан да оқыған, сауатты, білімді кісілер екен. Мұхтарды жасынан ауыл мектебіне беріп оқытады. Атасы Әуез Абаймен құрбы, дос екен. Ата тәрбиесінде өскен Мұхтар ата нұсқауымен бала күнінен бастап Абай өлеңдерін, Абай аудармаларын оқитын болған. 1908 жылы Семейдегі орыс мектебіне түсіп, одан кейін бес жыл қалалық училищеде, төрт жыл мұғалімдік семинарияда оқуы Мұхтардың орыс және Батыс Еуропа әдебиетімен кең танысып, жазушылық ынта – ықыласының, үміт – сенімінің арта түсуіне себеп болады.
Мұхтардың тұңғыш туындысы – 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде жазған “Еңлік – Кебек” драмасы.
Мұхтардың Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде және Санк – Петербург университетінде оқуы, жазушылық-ғалымдық өресінің өсуіне әсері көп болды. Жазушы сол кездерде “Қараш-Қараш оқиғасын “Қаралы сұлуды”, “Көксерек”, әңгімесін және “Қилы заман” хикаятын жазды.
“Абай жолы” роман – эпопеясы арқылы Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетін әлемге әйгілі етті.
Даңқы әлемді шарлап кеткен ұлы суреткер М.Әуезовтың “Абай жолы” эпопеясы өзінің ғажайып көркемдігімен қазақ әдебиеті тарихында да алда оқшау тұрған ғажайып туынды. Онда ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ елінің бар шындығынан айтылмай қалған ақиқат, ескерілмей қалған елеулі мәселе жоқ десе де болады. Қазақтың оқырман қауымы бұрын сандаған кітаптан, толып жатқан шежіреден, қыруар зерттеулерден таппаған құнды деректер, маңызды мәліметтерді осы эпопеядан тапқан болатын.
Әдебиет тілінің, яғни әдеби тілдің қоры мәңгі бақи бір қалыпта тұра бермейді. Ол да қоғаммен бірге өсіп, жаңа сипаттарға ие болады. Әдеби тілдің баюына қаламгерлердің тигізер пайдасы өте зор. Мұның растығын әдебиет танытушылар: М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, С. Мұқановтардың әдеби тілімізге қосқан орасан үлестерінен айқын байқаймыз. Сол сияқты кейінгі буын жазушылары мен әдебиетшілері де әдеби тілімізді көркейте түсуде. Бала күнінен Абай нәрінен, тағылымынан нәр алып өскен Мұхтар ұлы ақын шығармасымен сауат ашып, хат таниды. Оны бұл дәстүрде тәрбиелеген-өсірген атасы Әуез еді. Он бір жасында әкесі қайтыс болып, Мұхтар ағасы Қасымбектің тәрбиесіне көшеді.
Семейдегі орыс гимназиясында бес жыл, мұғалімдер семинариясында төрт жыл оқиды. Ол өте зерделі, алғыр, ынталы шәкірт болады. Семинариядан соң қаламгерлік еңбекпен қатар, Кеңес өкіметінде бірнеше1 ресми қызметтер атқарады. 1922 жылы Ташкент мемлекеттік университетіне түсіп, кейін Санкт-Петербург университетінің филология факультетіне ауысып, оны 1928 жылы бітіреді. Орта Азия университетінің аспирантурасын аяқтап, жиырма шақты жылға созылған көл-көсір білім алады.
Ол тұңғыш әңгімесін 21 жасында жариялады. Алғашқы әңгімесі - "Қорғансыздың күні" - сыншыл реализм үлгісінде жазылды. Бұдан кейін жиырма жыл бойы шағын прозалық шығармалар жазды. Алғашқы әңгімелері драматизмге, терең психологизмге құрылған, дараланған адам характерін даму, өрбу үстінде суреттеп шыңдалған суреткер әлемге әйгілі "Абай жолы" роман-эпопеясын жазып шығарды.
1942-1947 жылдары жазылып, "Қазақ өмірінің энциклопедиясы" аталған бұл роман қазақ тілінің ішкі мүмкіндігін әлемге паш етті. "Абай жолы" әлемнің 30 шақты тіліне аударылды. 1959 жылы Лениндік сыйлықа ие болды.
Сонымен қатар М.Әуезов Абайтануды жүйелі ғылым саласына -айналдырды. Ол - Абай өлеңдерін жинаушы, зерттеуші, жариялаушы болды. Ұлы ғалым фольклор, әдебиет тарихына байланысты да көп зерттеулер жүргізді. , М.Әуезов драматургия саласында да көп еңбек етті. Алғаш қазақ театр өнерінің шымылдығын Ойқұдықта, киіз үйде ашқан М.Әуезов қаламынан 30-дан аса драмалық шығармалар туды. Жазушылық, ғалымдыққа қоса, Мұхтар Омарханұлы жоғарғы. оқу орындарында ұстаздық етіп, дәріс оқыды. 1961 жылы, 27 маусымда ұлы жазушының жүрегі соғуын тоқтатты.
Мұхтар Әуезовтың әйгілі «Еңлік-Кебек» пьесасындағы Еңлік пен Кебектің жасырынған Үй тасы
«Еңлік-Кебек» - 1917 жылы мамыр айында, жайлауда Абайдың жары Әйгерім үйінде алғаш қойылған қазақ елі тарихындағы бірінші пьеса.
1917 жылы мамыр айында Ойқұдық жайлауында Абайдың аяулы жары Әйгерімнің сегіз қанат үйінде «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылған.
«Абай жолы» романы эпопеясынан үзінді
Қазақ әдебиетінің тарихындағы дала тағдырын мұхит тектес тереңдікпен толғаған "Абай жолы” роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің көпке дейін, дәлірек айтқанда, қырықтың үстіне шыққанша, ұлы ақынның өмірі, туған-өскен ортасы туралы шығарма жазу жоспары болмағанын ескерткені бар. Абай өлеңдерін бастыру, ғұмырбаянын жасау, зерттеу еңбектер жариялауды романға барар жол деп санамаған екен. Сондықтан үлкен шығарма идеясы әбден піскен кезде, қажетті уақытты өткізіп алғанына бармақты шайнаған. Дегенмен, ескі жұртта әлі де көп естелік бар-ды. Абай заманының сан-салалы сырларын, дәуірдің қат-қабат тартыстарын, дәлді оқиғалар, аңыз-әңгімелерді даланың жезтаңдай, ескі көз, құйма құлақ адамдары кейде саф таза күйінде, кейде мың құбылтып жеткізген. Абайдың мінезіне қанықтырған қасындағы жары – Әйгерім, ұлы – Тұрағұл, інісі – Шәкәрім, шәкірттері – Көкбай, Қатпа, Баймағамбеттер. Көп нәрсенің түбіне, түкпірлі табанына үңілу керек болған. Ел аузы Қамқа мен Қодар нәпсі үшін қылмысқа барған деседі. Абай үш әйел алған кісі: Ділда, Әйгерім, Еркежан. Дәрмен деген ақын болмаған. Жазушылық мақсатқа орай автор өмірлік дәлді деректерді қажет жерінде өзгерткен, керекті орайда жаңа кейіпкерлер, оқиғалар ойлап тапқан.
Төрт томды эпопеялық көлемді роман қазақ қоғамының жарты ғасырлық әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық, ғұмырын мейлінше дәл, айқын, адал бейнелейді. Оқиғалар жыл маусымдарының төрт мезгіліне бірдей, тәуліктің әртүрлі сәттерінде, күн демей, түн демей, толассыз өтіп жатады. Аталар буыны Құнанбайлар өмірінің соңғы кезеңі, орта буын Абайлар өмірі түгелдейдерлік, жаңа буын Әзімбайлар өмірінің тал түсі, жас төл Рахымдар өмірінің басы – бірімен-бірі жалғас, үзілмейтін тіршілік көшінің керуені іспеттес, бірін-бірі қуалай жосыған дария толқындары секілді сабақтас, жалғас қалпында көрініс табады. Бұл бір мәңгілік толас таппас жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, әділет пен зұлымдық шайқасы ретінде бейнеленеді.
Романдағы негізгі соқталы оқиға, бас майдан өтетін орта – тобықты рулары мекендеген Шыңғыстау аймағы. Көршілес елдер қаракесек, уақ, керей, матай авторлық баяндау барысында, кейбір тартыс, дау-дамай кезінде ғана айтылып отырады. Шыңғыстаудың айналасы, іші-сырты, Хан, Орда, Машан, Доғалаң, Семейтау секілді әйгілі биіктер, Шаған, Ащысу, Қарауыл, Бақанас, Ертіс өзендері, белгілі күзеу, көктеу, жайлау, қыстаулар, толып жатқан адыр, шоқы, бел, асу, төбе, құдық, бастау-бұлақ, көл, ши, қорық, зират, қорым, шатқал, сай, аңғар, тоғай, үңгір, сүрлеу-соқпақ, жолдар алақанға салғандай ап-айқын көркем суретке айналған.
Бір рулы ел жайлағанмен, жалпы көлемі отырықшы шағын мемлекет сыйып кететін аймақтың негізгі қатынас-құралы – ат. Шығарма кейіпкерлерін көп ретте ат үстінен көреміз. Ат пен адам бір тұлға іспеттес. Жалғыз жолаушы сирек. Қатал далада топтасып жүрмесе болмайды. Көшпелі елдің перзенті көбіне ат үстінде. Аттың жасы, түсі, жүрісі, ер-тұрманы, мінез-машығы, аяңдау, желу, жорту, жорғалау, шабу – осының бәрін автор әр ситуацияға орай дөп басып, баяндап отырады.
Көшпелі өмірдің көбесі сөгіліп, қазақ елі патша өкіметінің отарлық табанына түскеннен кейін, бекіністер, қалалар салынып, ендігі биліктің түп қазығы сол шаһарларда қағылған. Сондықтан қырда басталған дау-шар, бітімсіз күрес, лап еткен өрт түптің түбінде ұлық кеңсесіне тұмсық тірейді. Соңғы шешім сол жерде. Сол себептен романдағы бірқыдыру оқиға Қарқаралы, Семей, Алматы қалаларында өтеді. Әсіресе, Абайдың бала кезінде оқыған, кейін білім қуған, әділет іздеген, достар тапқан күндерінің куәсі – Семей. Кейіпкерлердің қазіргі өміріне тікелей қатысы жоқ, бұрын өткен бірен-саран оқиғалар ғана еске түсіру арқылы белгілі болады. Жарты ғасыр уақытты қамтитын кең тынысты, сан арналы ұлы шығарманың барлық тарау, бөлімдерінде көшпелі қазақ тұрмысына етене көрініс, сурет, тартыстармен астарлас жалпы адам баласына тән қайшылық күрес, қасиеттер мол қамтылып, кең көлемде терең де сенімді бейнеленген.
Роман бірінші бетінен бастап соңғы жолына дейін сұсты өмірдің қатал шындығына суарылған. Әдемі, таза шаһарда үлкен ұстаздардан білім алып жатқан он үш жасар шәкірттің оқуын еріксіз үзіп, қырдағы күрес майданына салмақшы әке әрекеті зорлық емей немене? Ауылға деген сағыныш тағы бар. Қодар-Қамқа трагедиясының үстінен шыққан соң, екіұдай көңілдегі Абайдың мұрттай ұшуы тән жарасы ғана емес, жан жарасы болып бейнеленеді.
Кейіпкерлерін бір жақсылық, бір жаманшылықта сынау – Әуезов поэтикасындағы ерекше шебер қолданылатын өнімді көркемдік тәсілдердің бірі екенін, әсіресе, Абай характерін сомдау принципінен көреміз. Қараңыз: жылы сөз айтып, маңдайдан бір иіскемейтін қатал әке, мейір-шафқат төгіп, елжіреп, еміреніп отырған әже мен ана, жаттан бетер жауығып кеткен туған аға, қоң етін кесіп берсе, қыңқ етпейтін туған іні, ата дәстүрімен қосылып, балаларына ана болып отырған құшағы суық әйелі. Бұл бір шаңырақ астындағы кереғар жәйттер. Ал енді бұдан сыртқа шығып көріңіз.
1.Абайдың образы
Эпопеяның бас кейіпкері – Абай. Алғашқы кітап оқудан келе жатқан он үш жасар шәкірттің көтеріңкі көңілін, оның үй іші, өскен ортасымен қуанышты қауышу сәттерін суреттеуден бастала келе, бірсыпыра өмір сабағын түйген жас жігіт, Абайдың топ алдында әкемен байыпты пікір таластырған эпизодпен аяқталады. Екі оқиға аралығындағы жылдар – Абай үшін өмір мектебі ретінде аса маңызды кезең.
Әкімдікке бейімделген әке шешіміне сәйкес Абай ел басқару ісіне араласуға мәжбүр болады. Ел ішіндегі түрлі дау-дамайларға қатысу, сүйгенінен айырылу, жатақтар өмірімен танысу, тағы басқа жайлар Абайдың әке мен оның төңірегіндегілердің кім екенін, араларындағы таусылмас кикілжіңлігінің сырын аңғаруға, сөйтіп, оның өмір танымының молайып, ерте есеюіне себепші болады.
Құнанбай Абайға «жайдақ су сияқтысың», «орысшылсың», «дос пен қасты сараптамайсың» деп мін тағады. Бірақ әке байқаған бұл сипаттар Абайдың міні емес, қайта оның бойында келер күндерде көктеп-көгерер ізгілік, ақыл-парасат, азаматтық секілді халықтық қасиеттердің белгілері еді.
Екінші кітапта Абайдың азаматтық тұлғасы оның халықпен байланысының күшеюі, ой-толғаныстары, әділсіздікке қарсы ашық, батыл әрекеттері арқылы айқындала, биіктей түседі. Білім іздеген, ақындық жолға ден қойған Абай ел ішіндегі ірі-ірі әлеуметтік істерге араласып, әділет жоқшысы, халық қамқоры ретінде көрінеді.
Абай халық сөзін сөйлеймін деп әкеден де, озбыр, қатігез туыстардан да іргесін аулақтап, ұлықтармен айтысып, түрлі қиындық-шырғалаңдар ортасында көріне, оның осындай әділет үшін айтқан сөзі мен жасаған әрбір ісі халық жүрегінен қызу қолдау тауып отырады. Абай қиын шақта халық қысылған жерден табылса, халық та Абайдың адамгершілік ісін жоғары бағалап, оған қорған бола алатынын көрсетеді.
Абай, жазушы суреттеуінде өз заманының қандай даулы іс, оқиғалары, қиындықтары болмасын, халық алдында үлкен сыннан өтіп, адамгершілік биігінен көрініп отырады. Жазушы мақсаты да әділдік үшін күресуші осындай азамат, ақын, дана Абайдың көрсету болатын.
Эпопея соңында ұлы ақын, ойшыл азамат Абай қайтыс болады. Бірақ ізгілік, әділет жолы-Абай жолы халықпен бірге жасай бермек.
Құнанбайдың образы
Құнанбай – өзінің мінезі, оқшау әрекеттерімен айрықша көзге түседі. Ол – аға сұлтан, «айттым – бітті, кестім - үзілді» деп өзіндейлерге де, қарапайым халыққа да өктемдігін жүргізген шексіз билік иесі, ескі салт-сананың айбарлы қорғаушысы. Жазушы оны: «Онда өктемдік бар, әрі қолы ұзын, малды, сөзге жүйрік мінез бен іске де алғыр, бетті, қырыс... адам» деп мінездейді. Құнанбай өз мақсаты немесе ру мүддесі үшін күрескенде жадағай мінез, жалаң әрекетімен емес, жантүршігерлік ірі, кесек қимылымен, найза бойламайтын қулығыменен, ақылды, табандығылығыменен, көпті ұйымтар шешендігіменен жан-жақты дараланып көрінеді. Құнанбай дәуірінің шындығына арналғандықтан, оның аршынды әрекеттері мен мінез-болмысын суреттеуге жазушы көп көңіл бөлген. Алайда, сол кездегі саясаттың салдарынан романда Құнанбай бейнесі қайырымсыз, қатыгез болып көрінеді. Роман дүниеге келген Кеңес дәуірінде тарихта болған байлар мен билер, ел басқарған хандар көркем әдебиетте жағымсыз кейіпкер ретінде берілгені белгілі. Дегенмен М.Әуезов Құнанбайды елге қаһарын төккен қатыгез етіп суреттегеніменен, романның кейбір жерлерінде оны ақтап алып отырады. Әкесінің қаталдығын бетіне басқан Абайға Құнанбайдың «Мықты болсаң, Абайдай ұл тудырып көр» деген жауабы жазущының Құнанбайды ақтауы.
Сәбит Мұқанов «Сұлушаш» поэмасы, «Аққан жұлдыз» романынан үзінді
Сәбит Мұқанов – Қазан төңкерісінен кейінгі жаңа дәуір әдебиетінің идеялық-көркемдік бағытын айқындаған талантты да кесек туындылар берген майталман жазушы. Ол да өзінің әмбебап дарынды қаламдастары тәрізді, поэзия, проза, драматургия және әдеби сын-зерттеу салаларында өнімді еңбектеніп, артына аса мол құнды мұра қалдырды. Үстіміздегі ғасырдың 20-70-жылдар арасын тұтастырып жатқан тарихи кезеңде қоғамдық белсенділігі күшті қайраткер жазушы Қазақстанның әдеби, мәдени өміріндегі үлкен істерге ұйытқы, көшбасшы тұлға болды.
Болашақ қаламгер 1900 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Преснев ауданында кедей шаруаның отбасында туған. Көзін тырнап ашқаннан жетімдік пен жоқшылық тауқыметіне тап болған бала Сәбит ауқатты ағайындарының үйінде, отымен кіріп, күлімен шығып дегендей, жалшылық жұмыста болады. Бірақ бейнетқор, сергек сезімді бала тұрмыс ауыртпалығының астында бастырылып қалмаған. Өз бетімен талпынып, ауыл молдасынан хат таниды. Ол кезде тасқа басылып, қолдан көшіріліп, көптеп тарай бастаған жыр-дастандар мен қиссаларды, әдеби кітаптарды құмарта оқиды. Бірталайын жаттап алады. Ересек тартқан кезінде қожасының делбесін ұстанған ол ел көріп, жер таниды, жыр-дастан, қиссарларды оқып беріп, көп назарына ілігеді. Құйма құлақ, аңғарымды, зерек жас өспірімнің әдебиет пен өнерге құштарлығы артады. Ой-санасы едәуір өсіп, айналасын парақтай бастайды. Сол кезде қолына екі бірдей ұлы адамның – Абай мен татар ақыны Тоқайдың өлең кітаптары түседі. Бұл талапты жастың ой-сезімін дүр сілкіндіріп, ақындық жайындағы түсінігін түбегейлі өзгертеді. Көңіліндегі өлең жазып, ақын болу тілегі оянады.
20-жылдардың екінші жартысында Сәбит Мұқановтың шығармашылығында сан және сапа жағынан үлкен ілгерілеу болды.
Әйгілі “Cұлушаш’’ (1928) дастаны мен одақтық сынның назарына іліккен белгілі “Адасқандар’’ (1931) романын жариялады. 30-жылдары қазақ поэзиясында түр жағынан тың ізденістер әкелген өлеңдер, соның ішінде белгілі “Майға сәлем!’’ өлеңін жазды. Көп жылдар әдебиетіміздің үлкен табысы саналған “Колхозды ауыл осындай’’ деп аталатын поэмасы да сол кезеңнің жемісі. Шығарма көркем, бейнелі тілмен жазылған, алайда ақын колхоздың экономикалық, мәдени табыстарын жер-көкке сыйғызбай бір жақты дәріптеп, жалғандыққа ұрынды. “Теміртас’’, “Есіл’’ романдарынан кейін жазушы жеке өзінің ғана емес, сол кездегі қазақ әдебиетінің табысы саналған кезеңдік туынды- “Ботагөз’’ романын берді. Онда 1910-20-жылдар аралығындағы күрделі кезең, аласапыран оқиғалар суреттелген. Роман бұрынғы КСРО мен басқа да бірқатар шетел тілдеріне аударылды.
Атақты жазушы- Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың мерейгері. Оның көптеген іргелі туындылары бұрынғы КСРО халықтары мен басқа да шетел тілдеріне аударылған.
С.Мұқанов- белгілі қоғам қайраткері. 1947 жылдан 1963 жылға дейін Жоғарғы Кеңестің депутаты болды.
Әдебиетті дамытудағы қажырлы еңбегі үшін С.Мұқанов екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, 1960 жылы 60 жасқа толуына байланысты Ленин орденімен наградталған.
Ғабит Мүсірепов «Қазақ солдаты» романынан үзінді, «Ақан сері – Ақтоқты » трагедиясы
Мүсірепов Ғабит Махмұтұлы (1902-1985) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері.
Туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы.
Алғашқыда ауыл молдасынан арабша хат таныған Ғабит жастайынан әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебін, кейін төрт жылдық жоғары басқыш орыс мектебін бітіріп, Қазан төңкерісінен кейін үстемдік алған Кеңес өкіметінің жұмысына әжептеуір орысша сауаты бар адам ретінде араласып, түрлі қызмет атқарады.
Орыс мектебінде жүргенде орыстың атақты ақын жазушыларының шығармаларын оқып білуі, ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтың әсер ықпалы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді. Орынбордағы рабфакта оқып жүргенде ол әдеби білімін, эстетикалық сезімін одан сайын жетілдіре түседі. Осы кезде өзінің тырнақалды туындысы «Тулаған толқында» повесін жазады. Содан былай қарай баспа орындарында, партия, кеңес мекемелерінде жауапты қызмет атқара жүріп, шығармашылық жұмысын толассыз дамыта береді. Соның нәтижесіндей болып, «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Шұғыла», «Талпақ танау» әңгімелері мен « Бір адым кейін, екі адым ілгері» повесі жыл аралатып барып, бірінен кейін бірі жарық көреді. Оның бұл шығармалары қазақ әдебиетіне жазу стилі қалыптасқан, көркемдік шеберлігі ерекше жаңа суреткердің келгенін жария еткен еді. Шығармашылық жолының бір белесін аналар туралы әңгімелер топтамасымен түйіндеген жазушы енді кең тынысты туынды жазуға кіріседі. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғын ала ол өзінің тұлғалы туындысы «Қазақ солдаты» романын жазады. Роман тың тақырыбымен, образдарының көркем бейнеленуімен, сюжет құру шеберлігімен, тартымды тамаша тілімен таңдаулы қазақ романдарының қатарына қосылады. Бұдан кейін ол араға біраз уақыт салып барып, өзінің ең ірі салалы да салиқалы шығармасы «Оянған өлке» романын жариялайды.
Қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы саналған осы романынан кейін жазушы қайтадан шағын жанрға ойысады. Сөйтіп әңгіме жанрында зергер суреткерлігімен танылған ізденімпаз жазушы, көркемдік шеберлігін барған сайын шыңдап, әр әңгіме, повесі сайын жаңа бір белеске көтеріліп отырады. 1968 жылы «Кездеспей кеткен бір бейне» кітабы үшін Абай атындағы республикалық сыйлық алады. Араға бес алты жыл салып барып, прозадағы соңғы елеулі туындыларының бірі «Ұлпан» повесін жариялайды. Сонау отызыншы жылдарда ақ үлкен драматург екенін танытып, «Қыз Жібек» операсының либреттосын, «Қозы Көрпеш Баян сұлу» пьесасын берген Ғ.Мүсірепов кейінгі жылдарда да бүкіл қазақ драматургиясының тамаша туындысы болып табылған «Амангелді», «Ақан сері Ақтоқты» пьесаларын жазады. Оның шығармаларының негізінде кинофильмдер түсіріледі.
Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді.
Ғ. Мүсірепов шығармаларының көркемдік ерекшеліктері. Ғ. Мүсірепов кейіпкерлері ұлттық ерекшеліктерімен көрініп, іс-әрекетімен, мінез-кұлқымен, өмірге деген өзіндік көзқарасымен дараланып берілген. Ол жасаған образдар ерекше типтік дәрежеге көтеріліп, оқушының жадында ұзақ сақталып қалады. Сол себепті де оқушы қауым оның шығармаларын сүйсіне оқып, келешек туындыларын асыға күткен.
Жазушы шығармаларының тілдік ерекшелігі — аз сөзге көп мағына сыйғыза білуінде, ащы сарказм, юморды жиі қолдануында болып келеді.
Мүсірепов әр сөзді орын-орнына қолдана білетін, жеке сөйлемдерге, синтаксистік сөз тіркестеріне аса зор жауапкершілікпен қарайтын суреткер, нәзік сезімді сөз зергері, нағыз стилист жазушы. Жазушыны өзгеден ажыратар, өзіндік қолтаңбасын, өзіндік бет-бедерін айқындайтын осындай қасиеті оның өзіндік стилі болып саналады.
Стиль — өте кең ұғым. Ол жазушының тақырып таңдауынан бастап, шығарманың идеялық мазмұны, жанры, композициясы, образ жасау, сөз қолданысы, поэтикалық, тілдік көркемдігі, т.б, толып жатқан компоненттерді түгел қамтиды. Осы стиль ерекшелігімен ерекше көзге түсетін шебер жазушылардың бірі және бірегейі — Ғабит Мүсірепов.
Қ.Аманжолов «Ұлы Отан соғысы туралы жыр», «Байкал», «Орал», «Елге хат» өлеңдері, «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы
Қасым Аманжолов — қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, халқымыздың дарынды ақыны, атақ-даңқы кең жайылған Қасым Аманжолов (1911-1955) ұлттық әдебиетіміздің заңғар аспанындағы жарық жұлдызы, мәңгі сөнбес шамшырағы еді. Өмірден ерте кеткенмен, ол болашақ ұрпаққа мол мұра қалдырды. Бейбіт өмірді, қан майданды, туған жер мен ата-ананы, достық пен махаббатты, көңіл күйі мен табиғатты биік парасаттылықпен, шынайы сезіммен, зор тебіреніспен жырлады.[1]
Қасым Аманжолов – қазақтың аса ірі ақындарының бірі. Оның көркемдік-эстетикалық деңгейі жоғары, қазақ әдебиеті тарихында айтулы орынға ие шығармашылығы, негізінен, поэзиялық туындылардан тұрады. Ақынның әдеби мол мұрасын 7-8 поэмасы мен алуан тақырыптағы лирикалары құрайды.
Қасым Аманжолов – көркем аударма өнерінің де үздік шебері. Ол орыс, Батыс пен Шығыс поэзиясының классикалық туындыларын: лирикалық өлеңдер мен поэма-дастандарын қазақ тіліне зор шабытпен аударды.
Қ.Аманжолов – өзінің батыл ойлы, шыншыл да терең сырлы, дауылды поэзиясымен әр буын оқырмандар сүйіспеншілігіне ие болып, жас таланттарға өте күшті әсер етіп келе жатқан біртуар дарын.
Қасым Аманжолов қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыл деген жерде 1911 жылы дүниеге келеді. Майданнан өлеңмен жазған "Ағайыма" деген хатындағы: "Қыс. Қыстау. Атамекен Қызылдағы" дегендегі Қызыл – сол туған жері. Әкесі де сонда қайтыс болады. Жас болса да Қасым соның бәрін есінде жақсы сақтап қалған. Әке-шешеден жастай жетім қалған, ол біраз жыл ағасының қолында өседі. Алғашында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. Кейін, 1924 жылы, ағасы Қасымды Семей қаласындағы интернатқа орналастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленеді. Одан әрі қарай үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жазады. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт "Лениншіл жас" газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында "Екпінді құрылыс" газетіне қызметке орналасады. Жас ақынның көптеген өлеңдері осы газетте жарық көреді. Әншілік, әртістік өнерге бейім, домбыра, мандолина бастаған бірсыпыра музыкалық аспаптарда еркін ойнайтын ақ көңіл, жайсаң жанды "ерке Қасымның" Оралда болған, әсіресе 1935-1936 жылдары Оралдағы қазақ театрындағы қызмет еткен кезі өміріндегі ең бір қызықты, қымбат шағы болып қалады. Оның бойындағы туа бітті зор таланты да осында белгі беріп, ақындық жолына біржолата бет бұрады. 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы "Өмір сыры" деген атпен жарық көреді. Жинаққа енген өлеңдерден болашақтағы кемелденген ақын поэзиясының отты, лепті, сыршыл мінезі танылатын жекелеген жол, шумақтар табылғанымен, тұтастай алғанда, жинақ ақынның әлі де үйрену, еліктеу үстінде екенін көрсететін еді. Әсіресе көзге ауыз әдебиетінің 7-8 буынды терме, толғау үлгілеріне бой ұруы жиі шалынатын. Өлеңіне арқау етіп алған өмір құбылыстарын сырттай таңырқап, тамашалауға, көрген-білгенін тәптіштеп, тізбелеп суреттеуге әуестік байқалатын.
Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы
Қ.Аманжоловтың ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының поэма жанрындағы үздік жетістігі болып табылатын бұл туындыға жас ақын Абдолла Жұмағалиевтің майданда көрсеткен ерлігі арқау болған.Ақындық дарыны үлкен үміт күттірген Абдолла намысқор, отаншыл, қайсар жігіт екен.Майданда соғысып жүріп, оның бөлімшесі немістердің қоршауына түседі.Бір үйдің шатырын паналап, ұрыс жүргізеді.Жолдастары түгел оққа ұшады.Абдолла жалғыз өзі автоматтан оқ жаудырып, немістің рота әскерін үйге жолатпайды, көптеген солдатын қырғынға ұшыратады.Жау Абдоллаға «Беріл, кінәңді кешеміз»деп хабарлайды. Абдолла берілмей, соғыса береді, ақыры немістер үйді өртейді.Әдетте, отқа адам төзе алмай, қашады екен.Бірақ Абдолла тапжылмай, үймен бірге өртеніп кеткенше қарсылық көрсетумен болады.
Ол туралы Абдолланың бөлім командирі В.Григорев: «Жау қоршауында жалғыз қалып, арыстандай алысқан айбатты ақынның ерлігі бізге батырлықтың асқар шыңындай сезіледі.Ол жан алқымға келгенде, соңғы гранатасын немістерге лақтырады да, ақтық оғы қалғанша автоматты жау өңменінен айырмайды»,- деп жазды.
Поэма Абдолла өмірінің осы бір соңғы кезеңін суреттеуге құрылады.Ақын образды жау қоршауында, от ортасында қалған батырдың бір сәттегі ерлік ісін көрсету арқылы ашады.Туған елінің ерлік дәстүрі мен жауынгерлік антына берік азамат кейпі санада туған жалынды толғаныс арқылы да толыға түседі.
Поэма аз сөзбен берілген соғыстың сұрапыл суретінен басталады.
Өмір гүлін жаншып, тастап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерімізде жындай қаптап,
Найзаға іліп ар-ұятты
Келе жатты сұм жендеттер.
Олардан жиіркеніп жиырылған жер, жауға тамшы татырмай, суын алып қашқан өзендер, жауды бетке ұрып сабалап жел, дұшпан аяғына бастырғысы келмей, аспанға ұшқан тастар- барлығы да жаудың зұлымдығын көрсетіп, оған деген кекті, ызаны өршітер суреттер.
Орман етегінде сатыр-сұтыр жаланған от та жаудың жауыздығын бейнелейді.Қоршаудағы солдат кеудесіне сол оттан кек ұшқыны түскендей әсер қалдырады.Ол Отан жерінде зұлымдық отын жағып отырған жауларына кектенеді.
Қаһарманның ішкі толғанысы ширыға келе, қаһарлы кекке, жан ашуына айналады. «Намысты ұлан аласұрып» жау тобына автоматтан оқ жаудырады.Екі жақ та өшіге өршеленеді.Осы бір өлім мен өмірдің күресін ақын зор ақындық буырқаныспен суреттейді:
Қара толқын орман шашын
Жұлды талдап снарядтар.
Мәңгі мекен көл жағасын
Тастап, суға сүңгіді жар.
Өртеніп, жалынға айналып барып,күрт құлаған Абдолла бейнесінен иілмейтін, шорт сынатын қайсар мінез танылады.Ол жауын мазақтап, өлім қойнына өлеңдете кіреді.Ақын кейіпкерін өрт ұстаған Прометейге ұқсата отырып, оның өлімін романтикалық аңызға айналдырады.Ақтық минуттағы соңғы сөзін батыр Отанына, еліне арнайды.Бұл трагедиялық ақын өлімінің өзінде де үлкен өмір сүйгіштік күш барын танытады.Соғыстың қызып тұрған кезінде жазылған бұл поэма (1943) сол кездің өзінде-ақ жұртшылық назарын бірден өзіне аударды.Ол жөнінде алғаш пікір айтқан Ғабит Мүсірепов: «Қасым ақын жанының бар толғауын кек күшін, сезім тереңін түгел бере алған.Жалынды сөзбен жауға аттандырар, жан сезімімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін, жүрегін тербей шыққан.Қасым поэмасы майданнан соққан соққан жаңа леп сияқты», - деп жазды.
Ақын өлімі туралы аңыз
Майдан етіп дүние төрін,
Темір гүрзі қақтап отқа,
Жекпе-жек кеп Өмір,өлім,
Соққыласып жатқан жоқпа..
Арқалап сол майдан жүгін,
Қалың жаудың ортасында,
Көкірегінің кекті зілін,
Қоса түйіп қорғасынға,
Қанды қырғын, қапылыста,
Айырылып бар жолдасынан,
Жараланған жолбарыстай
Өрт жанарлы бір жас ұлан,
Ырғып бұлттан түсер жайдай,
Өзі оқ боп атылғандай,
Ерегіске жанын тігіп,
Күтті жауын тас бекініп.
Өмір гүлін жаншып таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерімізде жындай қаптап,
Найзаға іліп ар-ұятты,
Келе жатты сұм-жендеттер.
Жиіркеніп,жыйрылды жер,
Жауға тамшы татырмастай
Суын алып қашты өзендер,
Жел қанатын жайып қарсы,
Сабалады жауды бетке.
Сол айлақтын әрбір тасы,
Ұшқандай ед құс боп көкке…
Қанды көбік қара топан
Ортасында бейне шын тас,
Өр кеудесін етіп қалқан,
Сол баяғы жатыр бір жас.
Қойып айды қарауылға,
Күп де шомды ұлы ұйқыға,
Қонды орманға қорғасын бұлт.
Жат дыбысқа құлағын сап.
Тың тыңдаған адамға ұсап,
Айнала аймақ тұрды жым-жырт,
Ойшыл орман мүлгіп-қалғып,
Төңіректің сырын аңдып,
Ақырын ғана тартып сырнай,
Сыр шертеді ну қарағай.
Сонау орман етегінде
Жаланған от сатыр-сұтыр,
Қанды ізін қара түнге
Көме тастап жаулар отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |