Жиналғандардың алдында обкомның бірінші хатшысы Н.Морозов сөз сөйлеп, сол жерде ешкімді қызықтырмайтын халықаралық қағидаға шолу жасады, бұл жылы астықтың мол болатынын хабарлады
Жиналғандардың алдында обкомның бірінші хатшысы Н.Морозов сөз сөйлеп, сол жерде ешкімді қызықтырмайтын халықаралық қағидаға шолу жасады, бұл жылы астықтың мол болатынын хабарлады.
Ал, автономия мәселесі «күн тәртібінде жоқ және болған да емес», одан әрі: «Мен телефон арқылы республика КП ОК-нің бірінші хатшысы Д.Қонаевпен сөйлестім, сол себепті, толық сеніммен айтамын, ешқандай да автономия болмайды!» - деді де сөзінің соңында: «Бізде жұмыс көп, қанеки, тыныштықпен тарайық» - деді.
Социалистік Еңбек Ерлері Яков Яковлевич Геринг, Вильгельм Давыдович Бурбах тәрізді белгілі шаруашылық басшылары автономиялық облыстың құрылуын қолдады.
Кейбіреулер, керісінше, қарсы пікір білдірді. Олар немістерді иен жатқан даланы игеру үшін қайта сарсаңға салуда деген пікірде болды. Бір жағынан солай да болатын. Неміс автономиясының құрамына облыстардың халқы аз, экономикалық әлеуеті өте төмен қиыр аудандары берілген болатын.
Белгілі жазушы, аудармашы, қазақстандық неміс Герольд Бельгер: «Қазақстанда неміс автономиялық облысын құру мәселесі көтерілген сол кезгі немістердің көңіл күйін мен жақсы білемін. Ол шараның артында немістер тұрған жоқ еді. Біздің көбіміз, тіпті, қарсы болдық. Немістерге керегі тек Поволжьедегі өз республикаларын қайта құру еді. Қазақтар өз жерінде неміс автономиясының құрылуына қарсы көтерілгенде өз басым қолдадым. Неліктен? Себебі, біз үшін ауыр жылдары жылы шыраймен қарсы алған қазақ халқына қазақстандық немістердің бәрі разы. Ал, аяқтан тұрып алғаннан кейін қазақтың жеріне талас салу қайырымсыздық болар еді. Бұл әурешілік ГДР және ГФР қысымымен Брежневтің басында туған болатын. Оның іске аспай қалғаны жақсы болды».
Көп уақыт бойы халық целиноградтықтардың «стихиялы жиынының» жасырын ұйымдастырушысы деп республика басшысы Дінмұхамед Қонаевты санап келді. Бірақ, Қонаевтың естеліктерінде ондай әңгіме жоқ.